14.07.2021
  158


Автор: Айтқали Нәріков‎

Қырық бесінші жыл

Түнеріп сол күндерде тұрды аспаным,
(Таяғы тағдырдың ұрмас бәрін).
Қарсы алдым балалармен қатар барып,
Әкемнің жаудан қайтқан құрдастарын.
Мойнына әкенің ұл асылады,
Әке де бақытына бас ұрады.
Шетте тұр шемен көңіл қара бала,
Саусақпен сүртіп қойып жасын, әне.
Қырық бес! Кетпей қойдың есімнен бір,
(Тaл тұрды: «Жұла бер, - деп, - төсімнен гүл»)
Өшкені талайлардың қайта жанып,
Тілеуі талайлардың кесілген жыл!
Шын жүректен
Кім мені бас пайдаға жетік деген?
Қанағат қолда барға етіп келем.
Мінезім ауылымдай аңғал-саңғал,
Үйлерін есігінің бекітпеген.
Көмейден көңілдегім ақтарылар,
Жан емен қулық қуған, баққа құмар.
Көпсініп қоңыр ғана тірлігімді,
Жігіттің дос деп жүрген сатқаны бар.
Көмейден көңілдегім ақтарылар,
Тұрады шындық атты сапта бұлар.
Бой тартып жүрген кейбір жігіттердің,
Іздеп кеп, менен сүйеу тапқаны бар.
Көмейден көңілдегім ақтарылар,
Ниетім қараға емес, аққа құлар.
Жұқпайды ақ боп жүрсең, жаққан күйе,
Тeк кепіл қаларына сақталып ар.
Кім мені бас пайдаға жетік деген?
«Жетіктер» жүрген жоқ па кетіп төмен.
Пайдасын қара бастың ойламай-ақ,
Алдағы мақсатыма жетіп келем!





Пікір жазу