14.07.2021
  165


Автор: Айтқали Нәріков‎

Құлан едім...

Құлан едім құлдыраған далада,
Еркіндікке ерке көңіл қана ма?
Аяғыма тұсау түсер деген ой,
Еш уақытта кірген жоқ-ты санама.
Ойын-тойда өлең оқып, ән бастап,
Өзгелерден мерейім де болды асқақ.
Қыз құйған шай үйіретін таңдайды,
Ішкен кезде жатып алып жамбастап.
Сөйтіп жүріп, «нысанаға іліктім»,
Бірі болдым отау құрған жігіттің.
«Батырыңның» екі көзі төрт болды,
He боларын жүрер дейсің біліп кім.
Қош бол енді, бозбала шақ - бұлалық,
Тілегімнің жүрдің бәрін құп алып.
Тұңғыш ұлым дүниеге келді де,
Мойыныма сарт еткізді бұғалық.
Ал қазір де аяғымды басам жай,
(Бұрынғыдай жалт-жұлт етпей, жасанбай).
Қазығыма тура тартып келемін,
Тулап-тулап, басүйренген асаудай.





Пікір жазу