Қаламгермін
Бурыл тартып бара жатыр самайым,
Тыныш тірлік?!.
Оны қайдан табайын.
«Қағаз жазған қиын жұмыс емес қой»,
Деп ойлайтын шығар кейбір ағайын.
Хат келеді жан-жақтардан ағылып,
Біреу жылап, ал біреулер «қағынып».
Біреулер жүр жұрдай болып барынан,
Біреулердің жоғы жатыр табылып.
Әр тағдырдың өзіне тән бар сыры,
Солар мені жалынымен шарпыды.
Жүйке шіркін жұқармасын қалайша,
Өткізген соң бәрін жүрек арқылы.
Сондықтан да үйде қалай жата алам,
Жолға шығам аяздарда қақаған.
Ақиқаттың ала жібін аттамай,
Нысанаға дәл тиеді мақалам.
Біздің жұмыс бағынбайды жоспарға,
Көп толғанам жаңа бір іс бастарда.
Жақсы жазып, үлгі болу керек қой,
Соңымыздан келе жатқан жастарға.
Шаршап шығам кешке қарай кеңседен,
Көппен бірге автобуста теңселем.
Түнде тағы үңілемін қағазға,
Жырымды да жұрт күтеді деп сенем.