14.07.2021
174
Кеш біліппін
Шырмалып шылбырына ескіліктің,
Мен сенің қадіріңді кеш біліппін.
Кетті ғой жанарымнан жас та ытып,
Тұрғандай құлағыма естіліп мұң.
Дедім-ау: «Көйлегің көк, тоқ тамағың,
Сондықтан маған қояр жоқ талабың».
Еленбей махаббатың жүрседағы,
Сен бірақ кек қаруын оқтамадың.
Мен кейде кетуші едім "тайып беріп..."
Мұнымды жүрмедің сен айып көріп.
Жұмысың бастан асып жатсадағы,
Сәбидей аялаушы ең бәйек болып.
Мен қалдым, сені алысқа аттандырып,
Атпайды бұрынғыдай ақ таң күліп.
Мен үшін жаралған жан екеніңді,
Отырмын бүгін тағы хаттан біліп.
Қалса да назардан тыс, жасымаған,
Нәрімен махаббаттың асыраған.
Жігіттер, көбіне біз сезбейміз ғой,
Жүргенін жанымызда асыл адам.