14.07.2021
186
Келші, Көктем!
Далада қар, өзенде мұз сіресіп,
Қыс пен көктем бір-бірімен тіресіп,
Жеңісе алмай, жұлқысуда тынымсыз,
Дара билік құру үшін күресіп.
Солай, солай табиғаттың тылсымы,
Біз білмейтін көп қой оның қыр-сыры.
Өз заңымен айналады ақырын:
Планета - жаратқанның ұршығы.
Ей, алтын Күн, қайда аптап ыстығың?
Атқарсайшы бір ерекше іс бүгін.
Жер бауырлап жатып алған кәрі қыс,
Сезінсінші өз халінің мүшкілін.
Кезің келсе, қарқын алып, өктемдер,
Қайда жүрсің азынауық өкпек жел?
Бір-біріне елшілерін жіберіп,
Хабар күтіп жатыр ма, әлде, көк пен жер.
Біз адамбыз - жылқымінез пендеміз,
Көңіл көкте, ал өзіміз жердеміз.
Қыс қария, жарылқасын алдыңнан,
Көктем жігіт, қош келдіңіз, төрлеңіз.