14.07.2021
  167


Автор: Айтқали Нәріков‎

Інілер

Мереке Хасановқа

Сағынып жүрмін, бағынып жүрмін сезімге,
Жұқарып бара жатқандай берік төзім де.
Інілерімді іздейтін болдым үздігіп,
Бәрі де ыстық, қартайған осы кезімде.
Алдымнан шықса, құшағын жайып, ағалап
Басыма менің қонғандай бейне дара бақ.
Жайқала түсер жапырақтары жанымның,
Жүремін дәйім ілтипаттарын бағалап.
Асығыс жүріс - ауылға барған сапарда,
Тезірек тағы кайтуың керек шаһарға.
Екі тізгінді қолдарына алып інілер,
Келіңдер жайған дастархандарға апарған.
Бір күнге бір күн жатады солай жалғасып,
Уақыт шіркін білдіртпей жылжыр, алға асып.
«Пейілдердің бұл хиуазын қалай қайтарам»,
Осындай ойлар көңілде тұрар арбасып.
Бір ойдан бір ой - жемісін жиі теремін,
Жетпіске жеткен, көп нәрсе көрген көнемін.
Өмір жолымда жүздесіп жүрген, інілер,
Баршаңызды да жүректе сақтап келемін!





Пікір жазу