14.07.2021
  170


Автор: Айтқали Нәріков‎

Жайығым

Ешкімнен жасырмайтын уайымым бұл,
Бетіме бассаң да осы «айыбымды».
Кешірер мейірімі мол кәрі Атырау,
Сағынып жүрсем қазір Жайығымды.
Көктемде бір ерекше қайрат дарып,
Жататын толқындарың Айға «аттанып».
Арнаңнан аңтарылса адуын күш,
He мықтың жатушы еді жайрап қалып.
Жаз бен күз танытып бір сабырлылық,
Маңайды шулатпайсың дабыр қылып.
Айдының баяу ғана тербелетін,
Бір толқын бір толқынды сауырға ұрып.
Қыс келсе, ақ ұлпаға көмілесің,
Кәрілік - бір гұлама өмір иесі.
Сый етіп сағынышыңды жазғытұрым,
Арқырап Атырауға төгілесің.
Көрдім де тасқыныңды талаптандым,
(Жүруші ем мінезіңнің қалап бәрін).
Өзіңдей жомарт бола аламын ба,
Жайқалтқан шексіз егін танаптарын.
Мен үшін ыстықсың да, ұлысың да,
Тұра алман жүрегімнен жыр ұсынбай.
Еліне нәрін берген, барын берген,
Жайықтай болу керек дұрысында!





Пікір жазу