Ақынға арнау
Ей, Қойшыгүл, жастас емес, бастасым,
Бұршы бермен көңіліңнің қақпасын.
Тарпаң тағдыр сені аяусыз сынады,
Айтып қайтем, айтып қайтем басқасын.
Жазып кетсең бір ақындай жазасың,
Алдың талай басшылардың мазасын.
Жар алдында білмеймін мен күнәңді,
Ар алдында сен, әйтеуір, тазасың.
Жүрміз ғой біз қадау-қадау әр жерде,
Сарқыты боп өткендердің нар кеуде.
Күмілжімей, асқақтасын үніміз,
Жарайықшы жалынды ұрпақ бар деуге!
Мұны өзің өте жақсы білесің,
Қомақты ғой қосып жүрген үлесің.
Кеудеңдегі жүрек соғып тұрғанда,
Бітпек емес көлгірсумен күресің.
Қарой жатыр қарауытып ар жақта,
Аруақ жатыр ұрпақтарын салмақтап.
Сарай ақын қаптап кетті бұл күнде,
Қалталының құлы болған заржақтар.
Біреуге атақ, ал біреуге үй керек,
Абай айтқан: «Заманды кім билемек?»
Жақсылар жүр, тапшылар жүр бой сақтап,
Жаман сосын заманға бұл «күйлемек».
Ей, Қойшығұл, ұл боп тудың тұлымды,
Ұрпақтарың жаттап өссін жырыңды.
Қырық жылдай қатар жүрген інімсің,
Саған шақпай, кімге шағам мұңымды.
Ей, Қойшығұл, жастас еді, бастасым,
Бұршы бермен көңіліңнің қақпасын.
Алпысыңда алабұртып тұрсың сен,
Бір жаратқан тіл мен көзден сақтасын!