14.07.2021
  183


Автор: Айтқали Нәріков‎

Ақан сері

Өнерліге кіретұғын есік кең,
Құр қалмайды ол құрметтен де, несіптен.
Бұлбұлы болып жүру үшін халқының,
Ақан сері кетіп қалды мешіттен.
«Тағдыр өзі жасады, - деп, - мезірет,
О бастан-ақ түтіп жеуге әзір ек».
Шырақ алып түсті Ақанның соңына,
Дін тұтқасы «туыс» Науан хазірет.
Міне, осылай қуғын-сүргін басталды,
Аласартпақ болды дұшпан асқарды.
Ақан жүрді әніменен тербетіп,
Өңшең өрім жасыл құрақ, жас талды.
Ай көрікті Ақтоқтыға ғашық боп,
Ән шырқады тay суындай тасып кеп.
Бірақ, бірақ қосылмады екеуі,
Қостырмады тентек төре, пасық бек.
Аяулы адам жала отына күйді шын,
(Елін, жерін одан артық сүйді кім?)
Дұшпандары жасытпақшы болды оны,
Ұрлап алып құсқа салған тұйғынын.
Қалды кейде көмейінен жыр ұшпай,
(Қалай шыдар, кекпен бойы құрыспай).
Жұрт көзінше жарқ-жүрқ етіп жүрді Ақан,
Қынабынан суырылған қылыштай.
Атқа мінді. Сейіл құрды. Желпінді.
Қошаметпен қарсы алды оны ел түрлі.
Атың өшкір Сағынайдың асында,
Батыраштар Құлагерді өлтірді.
Басқа қонған бақыты еді Құлагер,
Құлагердің басын құшып жылады ол:
«Аңырап ем, Ақтоқтыдан айрылып,
Құлагермен көрімді бір қыла гөр».
Бұл сөзімен Сері жұртқа тастады ой,
(Осы астан тартып еді баста бой).
Жылағанмен, жер құшағын ашқан жоқ,
Жаны өзгенің ажалы да басқа ғой.
Жанашырдың кабырғасы қайысты,
(Белгілі боп қалды біраз жай ішкі...)
Аз-ақ күнде аппақ қудай шал болып,
Сынбағанмен, шіркін Сері майысты.
Майысты да, кетті қайта тіктеліп,
(Бар қайғысын әкетті ғой жұрт бөліп).
Алқа топта Ақан тағы шырқады,
Тыңдады жұрт әнін оның құт көріп.
Зұлымдықтан арылмаған босағаң,
О, кер заман, сан сырыңды аша алам.
Тұлпарлардың басын шаба берген-ау,
Қаскүнемдер шыға келіп тасадан.
Халқым барда Ақан әні самғайды,
Бүгінгіні болашаққа жалғайды.
Әр жүректе Ақан аты жатталып,
Батырашты қай ұрпақ та қарғайды!





Пікір жазу