13.07.2021
151
Достарға наз
Мақтауды да, даттауды да естідім,
Мұның бәрі ескі шаттық, ескі мұң.
Жаным менің жұлмаланып жатқанда,
Қолдың ұшын берген жоқсың ешбірің.
Бірақ, бірақ, өкпелемен сендерге,
Мойымаспын ғайбат айтқан сөздерге.
Мақтағанға тасып және кетпеспін,
Сабырым бар, айналайын, ел берген.
Бір нәрсені бөліп берер заман ба,
(Заман жақсы, болмаса кей адамдар).
Тарыққанда, зарыққанда досты іздеп,
Жөнің бар ғой жан-жағыңа алаңдар...
Мақтауға да, даттауға да үйреніп,
Келемін мен бір ерекше күйге еніп.
Өзімді-өзім сынап және жұбатам,
Өзіме-өзім жанашыр боп, би болып.