13.07.2021
  176


Автор: Айтқали Нәріков‎

Бір сәттік мойындау

Мұрат тұтып қасиетті өнерді,
Ақын достар мол бақытқа кенелді.
Бәзбіреулер маған сұрақ қойып жүр,
«Неге тастап кеттің, - деп, - бұл өлеңді».
Жан емеспін өйтіп-бүйтіп амалдар,
Жалғандықты тез байқайды адамдар.
Жыр алдында көтердім мен ақ жалау,
Қайтем, егер алынбаса қамалдар.
Мына ойды келем әбден пысықтай:
Тек жүрейін, жұрттың ішін пысытпай.
Жалпақ елді жалт қаратар жырым жоқ,
Болмайыншы сүтке тиген мысықтай.
Өлеңшілден өлермендер үмітті,
Жасық жырмен кім биікке шығыпты.
Атам қазақ жазғырмаған, сыйлаған,
Жеңілгенін мойындаған жігітті!





Пікір жазу