13.07.2021
  164


Айсұлу Рүстемова‎

Тағдыр

Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм, аяулы әкем Аяпберген Әбділдаұлы Рүстем рухына
1.
«Елің қайда?»- деп сөккен мұны.
Ебін таппағанын еткен міні.
Елу бесінші жыл, маусым,
Іздеп келген-ді ол Көктондыны.
Ағайын -алыс, күледі кекеп.
Жүдемес -есі, жүрегі -жетек.
Заузаның мақпал желі еседі алдан,
Түнеріп тұрды, түн еді, бекет.
«Өзбек-ол!» -десіп, күліскен елі.
Ерінің басын күмістемеді.
Арыстай жігіт даланы құшып,
Топырағын ұзақ иіскеледі.
2.
Жоғалыпты шежіресі сан үйдің,
Өткенімді өкініш деп танимын.
«Әжем айтты»,- деп басталар әкемнің
Әңгімесін жадымдағы жанимын.
Көз жанары сағыныштан көкті емді,
Қиялында көріп елін, шектелді.
Қиян-кескі сол заманда, алыста,
Әжем сені армандапты, Көктонды.
«Көз жанары сағыныштан көкті емді,
Қиялында көріп елін, шектелді».
Аманаты жалғыз еді. Арманы
Туған елге жетсе деді, Көктонды.
3.
«Ана таудың арғы жағы арманым»,
Осы сөзің тұндырады жанға мұң.
Өзегіңді талдырғанда өткенің,
Айтатын ең Әмуде әжең қалғанын.
...Бүгін енді керегі жоқ күш-көмек.
Аңсаймын тек ерінімді тістелеп.
Әжем қалды қорымында өзге елдің,
Тағдыр тағы не істемек?..
4.
Арпалыста Берлин барып оралды,
Жастығынан он жетіде тоналды.
Ала қырғын көріп келген сол жігіт
Ел іздеді, атамыздан жол алды.
«Саясат қой, балам, оған бүлінбе,-
дейтін, және құр бояуға жүгірме».
Қоңыр тірлік-иісі тәтті тұрсын деп,
Қойын санап қояр еді іңірде.
...Аштық жалмап ауылдасын, қандасын,
Дүниеде жапа-жалғыз қалғасын,
Сүйді бізді теңдесі жоқ сезіммен.
Сүйді және еш алғаусыз Алласын.
...Арпалыста Берлин барып оралды,
Жастығынан он жетіде тоналды.
Ала қырғын көріп келген сол жігіт
Ел іздеді, атамыздан жол алды.
5.
Тамыздың жетісіне, кешкіғұрым,
Өтті әкем дүниеден, өшті нұрым.
Жаңаша нені білді? Әжесінен
Таныған тәлімі тек ескі ғылым.
Ескі ғылым, көрген көп, көне еді.
Еңселі жайып еді керегені.
Соғыстан келетінін біліп кеткен-
Ұлы анам заманының көрегені...
6.
Тілегін мың тілесе де жалғыз дән,
Өне қоймай запыранға салғызған.
Бала күнде сескенуші ем бейіттен,
Бір салқындық сезінуші ем байғыздан.
Таң атады, кетеді екен шық та өліп,
Тіктелді ол, құлап талай, бүктеліп.
Зар жылатып айырады түбінде,
Бұл фәниден тек тәттіні күтпелік.
Айырады.Қызығы да қоймалжың.
Қоймалжыңнан дәметуді қойғанмын.
Өлгендерге бата оқиды әлінше,
Бағамдасам ісі екен ол да ардың.
Маңдайына жазылмаған ұлылық,
Жан еді әкем жаны таза, түрі -ұлық.
Әке, өзің кеткен күннен бастап мен
Бейіт жақтан сезінемін жылылық...





Пікір жазу