Құм ішіндегі ән
Нағашым Үкатша Жақыпбайұлына
Елеместе, ортасында көп құмның
Отыратын екі үй және Көктұйғын.
Бозторғайдан сәл мазалы мына мен
Оның үнін өмір үні деп түйдім.
...Киіз үйдің көлеңкесі қысқармай
кетпеуші едім. Мені тартар күш қандай?
«Мылжың қызға дауа жоқ » деп күлер ең,
Басқаша айла- амалың мен іс қалмай.
Сен кеткелі өпті қанша таң самал,
Күндер, жылдар әз ағаны аңсаған.
Маған жауап беруден сен шаршасаң,
Мен өзіңді сағынудан шаршағам.
Анамның да шын қайғысын кеш білгем.
Саған тартқан қыздың үнін естір ма ең?
Төлегеннің төбесінде айналған
Алты қаздың зарын естіп өстім мен.
Құм ішінде ертегі айтып, ән салған
Қалды қанша ақын және қанша арман?
Көкжиекке көз талғанша қараушы ем,
Ақын болып кеттім бе екен аңсаудан?
...Өмір өтті. Сүрмедің бе, сүрдің бе?
Тек елесің меніменен жүр бірге.
Жалын ойнап ғұмыр қалды.Сонан соң
Құм ішінде бір ән қалды. Білдің бе?..