13.07.2021
  168


Айсұлу Рүстемова‎

Қазықұртқа басыңды сүйедің неге?

1.
...Жерге сенің табаныңды тигізбей,
Жаман, жыртық кигізбей,
Ақша жүзің құм дауылға сүйгізбей,
Бар бейнетін өзі көрген ғұмырдың,
Жатыр Ана, түк үнсіз.
Өмір жаздай шыбынсыз.
Ал секундтар тынымсыз,
Ар алдында жауаптысыз бүгін Сіз.
...Атар атпас ала таң
Қамы үшін жүгіретін балапан.
Саған талай тәтті жасап берген-ді,
Ал бүгін... қимылсыз сол алақан.
Бәрін, бәрін көрді уайым, наланың.
Гүлін терді, суын ішті даланың.
Тәй-тәй басқан кезімді еске аламын.
Жиырма беске толмаған-ең ол кезде.
Алыс кеттім, сені ылғи күттірдім.
Маған қиын болған күні тік тұрдың.
Небір ғажап киім, мүлік тоқыған
Үлбіретіп көйлек тіккен саусағың.
Саусағыңда тұрғандай бір бал шағым,
Нұры кеткен жанарыңды көрем де
Бал шағымды аңсадым.
Сенен бастау алған қаным, қаламым,
Қырағы еді көңілің де, жанарың,
Алты қанат ақ үй тігіп, әрледің,
Ұйқысыз-ақ қарсы алушы-ең таң демін,
Көзіңді ашып қарай алмай
Бүгін, міне, құрып жатыр дәрменің.
...Жерге сенің табаныңды тигізбей,
Жаман, жыртық кигізбей,
Ақша жүзің құм дауылға сүйгізбей,
Бар бейнетін өзі көрген ғұмырдың,
Жатыр Ана, түк үнсіз.
Өмір жаздай шыбынсыз.
Ал секундтар тынымсыз,
Ар алдында жауаптысыз бүгін Сіз.

2.
Жан анам!
Енді қайтып үніңді
Естімеуге енді мен
Қалай ғана көндігем?
Есігімнен кіріп кеп
Қуантпайды дегенге
Өзімді өзім қиыны
Қалай енді сендірем?
Орамадым білемін
Үлде менен бүлдеге.
Жетпейтін де тұратын
Бірде... бірде... бірдеңе.
Жүрегіңді ауыртып
Тамырыңды жұқартып
Мен түбіңе жеттім бе
Жүрегіңе жүк артып.
Өзің айтқан алыс жол
Болды серік өмірде.
Ештеңеге көрмеп ем
Елден ерек құмартып.
Көзің жасын көл жұтып
Таңда және көрді Күн.
Болмысыңда бар еді
Бір ерекше болмыс үн.
Анау жұлдыз аспанда
Жымыңдайды тынымсыз
Болашаққа асыққан
Асыл анам сенбісің?..

3.
Қасиетің қандай еді, жарық Күн!
Жарығыңа жете алмаймын, тарықтым.
Ол өмірді біз бар деп тек сүйетін,
Жан анама шипа бар ма, зарықтым.
Қасиетің қандай еді, жарық Күн!
Қасіретің маған азу салып тұр.
Байлық менде болған екен, дүние-ай,
Сорлы басым, соны білмей қалыппын...
Қасиетің қандай еді, жарық Күн!
Ол сыймайтын ешбіріне қалыптың.
Көкірегі сарай еді саф алтын,
Сынығы еді асыл менен анықтың.
Қасиетің қандай еді жарық Күн!
Маңдайынан сыйпап еді ол ғаріптің.
Он сегіз мың ғалам жайлы айтатын,
Өзі үйреткен қырық екі әріпті.
Қасиетің қандай еді жарық Күн!..
Менің көңілім... қалып тұр.
Жарқылдаған жан анамның дидары
Екі дүние ортасына барып тұр.
Қасиетің қандай еді, жарық Күн!
Мендегі ес жол таба алмай, танып мың.
Қоштасуға... қия алмаймын мен оны,
Дерті меңдеп, құр сүйегі қалыпты.
...Қасиетің қандай еді, жарық Күн!
Жарығыңа жете алмаймын, тарықтым.
Ол өмірді біз бар деп тек сүйетін,
Жан анама шипа бар ма, зарықтым?..

4.
О, Ана, пейілі-дала, жүрегі-Шың!
Өкініп әрнәрсеге, күйеді ішім.
Сендер менің байлығым дейтін едің,
Біз сенің бола алдық па сүйенішің?
Сарықтың мына бізге қуатыңды,
Махаббатыңнан қара тас уатылды.
Жүрегімді қайғы тұр қақ айырып,
Жанымның тереңінен жыр атылды.
О, қайғы, сен анамды сілкіледің.
Күн болып кейде көкте күркіредің.
Айтып-айтып тастайтын Көкжал едің,
Сенен жаман туылып, түртінемін...

5
Күнде көрік жоқ бүгін, Айда да мән.
Дүние-мұз екен ғой, тайғанаған.
Сен алысып жатырсың ажалменен,
Қалай жаным тыншымақ, қайда барам?
Күнде көрік жоқ бүгін, Айда да мән.
Жаныңа қалай жалау жалғай алам?
Біз үшін тауды тауға соққан анам,
Соқпақтың жайлысын да таңдамаған.
Күнде көрік жоқ бүгін, Айда да мән.
Өмірің бір сәт екен, жай қараған.
Сәл ұзартқым келеді жарығыңды-
Оны кімнен сұраймын, қайда барам?..
Күнде көрік жоқ бүгін, Айда да мән.
Дүние-мұз екен ғой, тайғанаған.
Сен алысып жатырсың ажалменен,
Қалай жаным тыншымақ, қайда барам?..

6.
Жаратқан жар бола гөр, анашыма.
Кезіктір емшінің де данасына.
Мен сені арашалап аламын деп
Апардым қаласына, даласына.
Жаратқан жар бола гөр, анашыма.
Мейірім, шапағат бер баласына.
Беркімбай әруағыңа сиынамын,
Дүбір мен Бектұрғандай бабасына.
Жаратқан жар бола көр, анашыма.
Шипа бол, таңылсын нұр жарасына.
Сен менің көздерімде қаласың-ау
Айналып ағы менен қарасына...

7.
Жастығыңның тойлары тойланбады.
Бала - бала болды да, ойланбады.
Алматыны сүйдім деп -алыс кеттім,
Отыз жыл мен жаныңды ойрандадым.
Бұлағы мына өмірдің сарқылғандай,
Дүниенің жанарында жарқыл қалмай,
Тал түс тұр тас төбемде аямайтын,
Ал таңым көкжиекке тартылғандай.
...Мен енді өзгеретін сияқтымын.
Ар қинайды, жанымды ұят буып.
Өкініш пе... жетеді өміріме,
Ал анам анау көкте тұрар күліп...
Сен маған құдіретті сағымдайсың,
Әр күні бақыт тілер таңымдайсың.
Сен менің жүресің ғой жүрегімде,
Ал жүрегім, білесің, бағынбасын...

8.
Сен тілсіз қалды деді, қайран ана!
Жүгіре бергім келді айдалаға!
«Айтан» деген үніңді естімеймін,
Сондай тәтті үн қайда, қайда маған?
Қарайды жансыз бейне - сүгіретің,
Қалмады қолдарыңда қырым етің.
Балалықпен көңіліңді қалдырдым ба?
Білмеппін -ау үніңнің құдіретін!
Шуақ едің жанымды гүлге бөлер.
Әлде Күн деп ойладым күнде көрер
Ана мен бала арасы қасиетті,
Айтылмай қалған сынды бірдеңелер...
Сен тілсіз қалды деді, қайран ана!
Жүгіре бергім келді айдалаға!
«Айтан» деген үніңді естімеймін,
Сондай тәтті үн қайда, қайда маған?..м

9.
Барлық сырды қабақтан-ақ аңдаған,
Жеңіл емес, ауыр жолды таңдаған.
«Қыз Жібекті» жатқа айтатын сүйсініп,
Жан анамдай бар ма адам?
Бала үшін шыбын жанын жалдаған,
Суға кетсе - тереңнен тал қармаған,
Жат босаға аттайды деп аялап,
Қыз әспеттер бар ма адам?
Сен болып сыр шерте ала ма таң маған?
Қиындықта иман- жолдан танбаған.
«Сүйегімді қорлатпаймын» дер бүгін
Жан анамдай бар ма адам?
Қиын күннен мойымаған. Арлы адам.
Ғасырлардан жеткен сыйдай ардақ-ән.
«Атасы бөлек аттан түс...» деп айтатын
Жан анамдай бар ма адам?
Барлық сырды қабақтан-ақ аңдаған,
Жеңіл емес, ауыр жолды таңдаған.
«Қыз Жібекті» жатқа айтатын сүйсініп,
Жан анамдай бар ма адам?





Пікір жазу