13.07.2021
  240


Автор: Сарыбаев Қаныбек

МАХАББАТ МЕЗГІЛДЕРІ

Бүгейін жұрттан несіне,
Бүгемнен түсіп аһ ұрдым.
Дұшпанның несібесіне,
Ду күлкі боп жатырмын.

Қансырап қалды-ау жүрегім,
Қапыда қатты оқ тиіп.
Өртене лаулап жүремін,
Өзегім толы от күйік.

Неліктен қашып жарықтан,
Ақ жүзін бұлтқа батырды Ай.
Ай емес, әлде зарыққан,
Өзім бе екен япырмай!

Айтайын рұқсат етсеңіз,
Бұл түндер менде ұйқы жоқ.
Ішімізде тулап көк теңіз,
Ызқынар ұйқы-тұйқы боп!

Ішімде тулап көк теңіз,
Ішегін тартып бозарған...
Көріксіз түзбін теп-тегіс,
Көрінбес беті тозаңнан.

Кім сенер күлгін далада,
Қызық бір көктем болған деп.
Төсіне оның анада,
Құс келіп сіздей қонған деп!

Бәрі түс, бәрі ертегі
Сияқты қазір шырағым,
Жақын кеп маған сен тегі
Талай-ақ мені сынадың.

Жауап қат енді жасырмай
Базарым едің, думан ең,
Сенделттің неге япырмай
Сен үшін ғана туған ем.

Таңым боп тағы жадыра
Ащы өкпе неге қажет-ті!
Сәулеңді шашып жаныма,
Сығырды мендей мәз етші...

ІІ
Күйіп өлер сөзімнен,
Дұшпан барын ұмыттым.
Өз жырымды өзімнен,
Қызғанғанын ұмыттым,
Бірақ сені ұмытқам жоқ, сүйіктім!

Бір ұйқылы, бір ояу
Жүріппін-ау, жүріппін,
Дүниенің құдай-ау,
Бәрін, бәрін ұмыттым,
Бірақ сені ұмытқам жоқ, сүйіктім.

Дүлей боран, ақ қарда
Дірдек қаққан шыбықпын.
Өзімді ойлар шақтарда
Өзіңді ойлап тұрыппын,
Менің әзиз сүйіктім, уа сүйіктім!

ІІІ
Жастықтың өжет толқыны
Айырды бізді сол күні,
Көзіміз толы махаббат
Көл болып сонда көлкіді.

Мен мұнда, ал сен бір шетте
Торығып ұзақ жүрсек те
Қаншалық Жар салып
Бұл күнді біздер аңсадық.

Өкпелі күндер кәрінен
Өлместен әзер қалып ем,
Көңілдің шаңын шайдық біз
Сағыныш тамшыларымен!
Билеші, жаным күліп бір
Қайғымды менің ұмыттыр.
Мәңгіге
Мәңгіге
Қасымда төрем қал бірге.





Пікір жазу