13.07.2021
  506


Автор: Сарыбаев Қаныбек

ҚАЗАҚТАР

Жомарт болып жаралған,
Біздің қайсар қазақтарда жоқ арман.
Бұл күндері Бақытыңыз бұлардың
Шалғайына өзі келіп оралған.

Біздің түндей қара көздер тұңғиық,
Күңгірттерге күн шапағын тұр құйып.
Біз сөйлейміз ақылымен Абайдың,
Біз Мұқтар боп ойланамыз, сыр түйіп.

Қызыл тумен безендірген қырқаны,
Біз боламыз Амангелді ұрпағы.
Кеудемізде тұнып біздің бүгін
Коммунизм нұр таңы.

Өте қалсаң біздің ауыл тұсынан,
Саған қарай бақыт құсын ұшырсам.
Қазекемнің балдан тәтті көңілін
Бокалдарға құйып саған ұсынам.

Біз осындай аңқылдаған жомартпыз,
Бір күніміз өтпес сірә қонақсыз.
Жаурап келсең жылытамыз достарым,
Қазақтың от құшағымен орап біз.

Алып домна – қасиетті бай далам,
Ішінде сен метал құж-құж қайнаған.
Космостың көк құстарының ұясы ол
Көгімізде шыркөбелек ойнаған!

Барлық халық бауыр маған, дос маған,
Көңілімде гүлдерім жоқ ашпаған.
Өз бақытым бір басыма жетеді,
Бақыт сұрап көрген емен басқадан.





Пікір жазу