12.07.2021
142
Арулардың ашық болсын қабағы
Анау бетке көшкен екен қауым ел
Зорлықтарға таусылғанда күш амал.
Араласып отыра алмай жауымен
Қызылбаста өлген дейді құсадан.
«Туған жерден дәм татуды нәсіп ет!»
Деп тіледі таң атқанда : «Ұлы таң!»
Ауыз айтып жеткізе алмас қасірет
Шеккен жандар қайтіп оны ұмытар.
...Осы сезім қайдағыны қозғасын,
Қандай белгі қалғанын да білмеймін.
Туылмаған сәбилердің көз жасын
Арқалаған нәлеттерді кім деймін?..
Ат дүбірі толтырсын да даланы,
Ерлерімнің сағы енді сынбасын!
Арулардың ашық болсын қабағы,
Естіп сәби еміренсін іңгәсін.
...Анау бетке көшкен дейді қауым ел.
Зорлықтарға таусылғанда күш амал.
Араласып отыра алмай жауымен
Қызылбаста өлген дейді құсадан.