Той бастау
Тұсыңа келдім, жараңдар,
Тұрмаймын кейін бой балап.
Халық әдеті болған соң,
Сөйлеймін әуез созбалап.
Тұяғым тайпақ сүргінмін,
Түгескен топты жорғалап.
Дидар болып сөзіме,
Әлеумет тұрсын омбалап.
Сөз әділін табармын,
Жалқаулық етпей қорғалап.
Екпіндесем, кетермін
Ақ бөкендей ормалап.
Мерекеңе кез келдік,
Мен - байрақты жүйрік саңлағың.
Сайқылықпен көп кездім
Әлімұлы. Байұлы.
Тама. Табын. Жеті ру -
Кіші жүздің аймағын.
Сол кезгеннен бері қарай.
Мәжіліс -базар құрылса.
Мереке - сауық ауладым.
Той базарын құруға,
Әлеумет, бізге бұйырдың.
Сіздерден рұқсат болған соң,
Мен - ежелгі бәйгікер,
Байрақты жерде жүгірдім.
Алқа құрып, әлеумет,
Тамашаға жиылдың.
Бүгін емес, қашаннан
Халықтан қалған қағида,
Ерсілігі болар ма
Қанша айтсам да мұнымның.
Тойынды тұрмын бастарға - ай,
Барқадар халше сөйлейін,
Бойымды балап жасқанбай.
Зайықатты баласың
Толықтырып мақтарға - ай.
Қыз-келіншек, кей құда,
Жігіт, бала, қарттарға - ай,
Көрініп топқа естірге,
Қазақшылық дәстүрге,
Кез келген шайыр айтпайды - ай
Шуламай, үгіт етіңіз,
Болған соң сауық кәсібіміз,
Тыңдап алып жасқанбай.
Сынауға тұрған сұрқыл көп,
Келіп тұрған қапталда - ай.
Запызым шырын тапқандай,
Жадағай емес, астарлы - ай.
Несі жүйрік жүйріктің,
Кезіне келсе, бас салмай.
Еңбек етпей оза ма,
Желікпей, арқа қоза ма,
Алқаны көріп шаттанбай.
Кеудеде жанның барында,
Кетпей тұрып жазымға.
Қимылдалық шақ барда - ай.
Айырған алтын реңді,
Күміске меңзер өндерің.
Әдемі, артық баласың,
Майда бір нәзік сөздерің.
Жүз тоқтатып қарасам,
Лағыл, жауһар көздерің.
Текеліктің атындай
Көрінеді сұлу белдерің.
Мойның піскен алмадай.
Бұрымың жібек талмадай,
Тісің меруерт, маржандай.
Қасың бір қиғаш қаламдай,
Деміңді алсаң, білінбес
Майда бір шуақ самалдай.
Бағдаттағы миуасың.
Жапырағың құбылған.
Ауада тұрған мен бұлбұл,
Тұсында сайрап үн ұрған.
Реңіне қарасам,
Құбылып тұрған мақпалдай.
Қолаң шашты, қой көзді,
Тұмар жүзді ақ маңдай.
Кетемін деп, жарқыным,
Уайым етіп өкінбе.
Азалдан бұйрық болған соң,
Әркімдер сендей аттанды - ай.