12.07.2021
  214


Автор: Несіпбек Айтұлы

Кел, Наурыз!

Наурызым, сары уызым,
Жүдеп едім сен кетіп.
Қайта келдің, байтақ елдің,
Қуанышын селдетіп
Дәстүрімнің, жақсы ырымның
Нышанысың жол етер,
Берекелі көже толы
Қазаныңа не жетер...

Құт мерекем, күткен екем,
Сені көптен шын аңсап.
Маздақтарым, боздақтарым,
Бірге оралды ұран сап.
Сөніп барып, өліп-талып,
Жидым, міне, есімді.
Арғымағым, марғұланым,
Қыл бұраудан шешілді.

Еселенсін, өсе берсін,
Туған елдің мерейі.
Іркілмесін, бүлкілдесін
Бұлбұлдардың көмейі.
Мәңгі жанған, таңды жарған,
Ғажап оттар жасасын!
Елім деген, бөлінбеген,
Азаматтар жасасын!





Пікір жазу