Шығар есікті таппасаң
Ей, көңілім, қайғырма, ағып өткен ай-жылға,
Қашан мұрттай ұшқанша табаныңды тайдырма.
Алма мойын алдында дайын тұрса иіліп,
Қылыш тисе қолына бас алады маймыл да.
Қара дәуді жыққанмен тауды қалай жығасың,
Жүре-жүре опасыз дүние сырын ұғасың.
Темір келі - тіршілік, құрыш келсап - заманың,
Тас болсаң да мап-майда талқан болып шығасың.
Сарай салып берсең де ешкім сені жақтырмас,
Кәрі мыстан қожайын қаптың түбін қақтырмас.
Арман деген қолыңда жылтыраған инедей,
Түссе қорда ішіне қопарсаң да таптырмас.
Алатаудан асқан күн Алматыға тоқтамас,
Жанға қысым келмесе момын мылтық оқтамас.
Төбелеген таяқтан миы аузына түскен жұрт,
Өртке кетсін қара орман есін жиып жоқтамас.
Айыра алмай бұл қазақ түбіт пенен қылшықты,
Иіре алмай сындырды зырылдаған ұршықты.
Атасының көріне қорқау түссін қарамай,
Өзі илеген көңіне өзі барып тұншықты.
Кімге керек сүлдерің қауқары жоқ сабандай,
Етегіңе сүрінсең, қасқыр ит кеп қабардай.
Шығар есік таппасаң құрығаның кор болып,
Қараңғыға қамалып күркіреген қабандай.