Туындылар ✍️
Махаббат мейрамы
БІРІНШІ ТАРАУ
Махаббатқа деген ешбір әлеуметтік қайшылық жоқ біздің заманымызда, Қозы Көрпеш-Баян сұлудың ғашықтығындай, өздерін өлімге қиярлық ғашықтық болуы мүмкін емес.
— Сіз солай ойлайсыз ба?
(Театр фойесінде естіген сөз)
Қала шетіндегі тау етегін жапқан қалың ағаш арасында бір жас жігіт келе жатыр. Бұл -Еркебұлан. Түн көзге түртсе көрінгісіз тастай қараңғы. Жайшылықта бетке барқыттай жұмсақ тиетін түнгі ауа дәл қазір тікенек боп қадала түсетіндей, жігіт екі бетін қолымен жауып, кенет тұра қалады. Әлдекімнің атын атағандай болады. Осылай ол сәл тұрады да, қайтадан жүріп кетеді. Және осы көрдей соқыр түнде Еркебұлан ештеңені көрер емес. Бірақ, ештеңеге де соқтықпайды. Міне, сынған бұтағы кеудесіне қадалғалы тұрған жуан еменге тұп-тура таяп қалды. Бірақ бұтаққа сүйем қарыс жетпей кілт бұрылып кетті. Міне, ол енді табанында тау өзені күркіреген жарқабаққа келіп тоқтады. Енді бір аттаса болғаны, төмен қарай құлдилай жөнеледі. Бірақ Еркебұлан дәл осы сәтте кеудесінен біреу итеріп жібергендей, тағы кілт бұрылып, кейін қарай жөнелді. Қазір жігіттің екі иығында екі періште отырғандай. Сол иығындағы ажал періштесі өлімге қарай сүйресе, он иығындағы өмір періштесі оны өлімнен бөтен жаққа алып қашқандай. Еркебұлан осылай өлім мен өмір таласының арасында ойын добы тәрізді ұзақ жүрді. Өзі де әбден шаршады. Сонда да жүріп келеді. Алдағы арманы, асар белесі - тек жүру тәрізді. Аялдар емес. Сонда осынау қайғыдай қап-қара түнде жас жігітті, қара жыландай қуып келе жатқан қандай үрей? Ол үрей - қасірет және жай қасірет емес, жас көңілдің мөлдір бұлағын суалтқан, жас өмірдің жасыл құрағын қуартқан, ақылынан мүлдем адастыруға аз-ақ қалдырған жан қасіреті, ой қасіреті, ақыл қасіреті еді.
Бірақ ол қасіреттің қандай ауыр қасірет екені тек өзіне ғана аян. Еркебұлан, тек таң елең-алаң біліне бастағанда ғана, қалаға қарай беттеді...
Ал бұл кезде, Алматының орталық ауданындағы қалың ағашты бір көшеде ерсілі-қарсылы тағы бір адам жүрген. Көмескілеу түскен көше шамының жарығы, әжімделіп кеткен мейірбан жүзінің сынық екенін, үлкен қой көздеріне қайғы тұманы ұялағанын көрсетіп тұр. Бір кездегі сұңғақ бойының бүкірейіп, аяғын сылбыр басқанынан, іште жатқан қобалжу, мазасыздану кейпі суығын сыртқа шығарып, оны әлсін-әлсін уһілеткеніне қарағанда, бұның да көңілі налалы, жаны жаралы кісі екені даусыз. Ағараңдап қылау түскен дудардай шашын әлсін-әлсін бес саусағымен тарап қойып, ол үйінің жанындағы тротуарда тұнжырай адымдайды. Кенет тоқтай қалып, көшенің екі жағына әлденеден үміттене, телміріп қарайды. Сосын қабырға сағатынын, тіліндей, тағы ерсілі-қарсылы жүре бастайды. Бұл - Еркебұланның әкесі - ақын Асығат еді. Әйгілі ақын бүгін Тың өлкесінен келген. Түс кезінде баласы Еркебұлан бұны аэропортта күтіп алған. Әкесін үйге әкелгеннен кейін ол: «Қазір келемін»,- деп шығып кеткен. Содан әлі жоқ. Ал сырқат жұбайы жылай отырып, баласынын қандай күтпеген кеселге душар болғанын айтқан. Содан бері әкеден тіпті маза кетті. «Әне келеді, міне келеді»,- деп күн батқанға дейін күтіп отырып, баласы келмеген соң, дәл бір мына түсіп келе жатқан қара көлеңкемен бірге үйіне қара жылан кіретіндей, бұдан әрі шыдап отыра алмай, сыртқа шыққан. Содан бері далада жүр... Әр сағатта үйіне кіріп, сырқат әйелінен: «Телефон соққан жоқ па?»- деп сұрайды да, «Жоқ»,- деген жүдеу үнді естіп, көшеге қайта шығады.
Түн ортасы әлдеқашан ауып кеткен. Күні бойы ағылып жататын машиналар легі де саябырлаған... Алыстан шамы жарқырай көрінген бірен-саран машинаға ол үміттене қарайды, бірақ машина дәл қасынан аққан жұлдыздай зымырап өте шығады. Енді тағы, базарлы байтақ дүниені осынау қараңғы түн жұтқандай, көңілі жасиды. Әлдеқалай соға қалған жел зәулім қарағайлар мен емендердің бастарын шулатады. Және баласын күткен әкенің қобалжыған жүрегі ғана лүп-лүп соғады...
Октябрь революциясымен құрдас Асығат жеті жасында жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген-ді. Лениншіл жастар одағының мүшесі боп, алғашқы бесжылдықтарда зембіл көтеріп, тәшке айдаған құрбыластарымен қатар ұлы құрылыстарда еңбек етті. Университет бітіріп, Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жарақаттанып қайтқан. Ақын дарыны - жер астынан шыққан көз тәрізді. Егер ол кез қуатты болса, қара тасты қақ жарып көкке атылып, жолында қандай бөгет кездессе де, жазық далаға шығып, сел боп тасиды. Ал дәрменсіз жаратылса, ол жырадан жылай ағып, көгал қуып, біраз жерге барады да, ақырында бір ойпатқа кездесіп, сазды топыраққа сіңіп жоқ болады. Асығат заманымен үндес бола білді. Соның арқасында атақ, даңққа жетті. Асығат ұзақ жылдан бері жазып келе жатқан үлкен дастанын әлі бітіре алмай жүрген. Ал жасы болса келіп қалды. Қазір міне алпыстан асып барады. Алпысқа дейін айтайын дегенін айтып үлгіре алмаған ақын, бұ да арманды ақын. Асығат дастанын бітіру үшін биыл жаз шыға бір кезде жас үміті жетем деп алыстағы қиялға қанат қаққан, өзі туған Тың өлкесіне жүріп кеткен. Онда дастанының кейіпкерлерімен кездесті. Тау-тау боп үйілген алтын астықты көріп, дастанын тез бітіруге лепіріп қайтқан Асығаттың көңілі Алматыға жетісімен кенет су сепкендей басылды. Аэропортта күтіп алған Еркебұлан - кеше өзін Тың өлкесіне шығарып салған Еркебұланы емес еді. Қас-қабағы қиылып, адамға тек күлімсіреп қарап тұратын қара торы жүзі енді күн жеген шүберектей боп-боз боп өзгерген. Үлкен, мейірімді, ойлы көз жанарына қайғы ұялағандай тұмандана қалған. Жоқ көзін ой туманы, не қайғы туманы емес, адамның үрейін алатын бір ашу туманы басқандай ма, қалай... Сұңғақ бойы да, екі иығын зіл көтертпей тұрғандай сәл бүкірейе түскен.
Баласының түрін көріп шошып кеткен әкесі, құшақтасып амандасып болғаннан кейін шыдай алмай:
— Қалқам, ауырып жүрген жоқсың ба? — деп сұрады.
— Ауырып жүрмін, — деді баласы әкесіне қарамай теріс бұрылып, самарқау.
— Қай жерің ауырады?
— Жаным...
Баласы қанша тұйық болғанмен, әкесінен сыр жасыра қоймайтын. Бұл жолы да сол әдетімен ашық жауап берген секілді.
Асығат бұдан әрі сұрақ бермеді. Үйге барған соң кең отырып сөйлеспекші болып, күтіп тұрған машинаның арт жағына баласымен қатарласа отырды. Тек отырып жатып, баласының аузынан арақ иісі шығып тұрғанын сезді.
Еркебұлан — Асығаттың жалғыз ұлы. Былтыр ғана Москваның архитектуралық институтын үздік бітіріп келген. Әкесінің осы жалғыз ұлынан үміті зор болатын. Рас, оның жобасымен әзірге бір де бір елеулі үй салынған жоқ, бірақ «Әке балаға сыншы» дегендей. Еркебұланының қабілетті екенін Асығат сезетін. Оның үстіне баласы еңбекқұмар. Сондықтан оның келешегін ойлап бәлендей мазасыздана қоймайтын. Ал қазір жалғызының «жаны ауырып» жүр екен! Және бұрын-соңды істемеген әдетін істеп, әкесін қарсы алғанда, тал түсте арақ ішіп келген. Рас, мас емес, дегенмен баласының бұл қылығы оған ұнамады. Үйге барысымен бәрінің себебін білуге асықты. Бірақ Еркебұланы әкесінің чемоданын үйге кіргізісімен: «Қазір келемін»,- деп кетіп қалды. Сол кеткеннен ол әлі оралмаған-ды.
Баласынын келуін күтпей, Еркебұланы шығып кетісімен Асығат жүрегі ауыратын әйелінен:
— Балаң қашаннан мұндай? Қай жері ауырып жүр? Маған неге хабар бермедің? — деп сұрады. — Өзі тіпті адам шошырлықтай жүдеп кетіпті ғой. Жоқ, жүдегеннен гөрі өзгеріп кеткен бе, қалай...
Әйелі еңіреп қоя берді.
— Оның себебі арақтан, — деді өксігін баса алмай. — Екі айдан асып барады, күнде мас. Саған хабар беруге дәтім бармады. Сенің де жүрегің нашар ғой, тіпті ауырып қалар деп қорықтым.
— Бекер өйткен екенсің, — деді Асығат. — Біздің Еркебұланнан басқа кіміміз бар? Егер бұрынырақ хабар бергенінде...
Әйелі тағы солқ-солқ жылады.
— Жиырма беске келгенінше ондай жаман мінезін бір көрмеген сорлы басым... Әне қояды, міне қояды деп, сеніп келдім ғой... Ақырында мінеки.
— Сонда ол... мас болғанда қалай, өрескел мінездер көрсете ме?- деп сұрады Асығат абыржып.
— Жоқ, — деді әйелі өксігін әзер басып. — Ес-түсінен танып өлердей ішпейді. Үйді тауып келеді. Және мас болып төбелесіп, не өзгелердей өлең айтып көңіл көтеруді де білмейді. Қабағын қарс жауып алып, қайдағы жоқ, өмірден безген үрейлі, өкінішті сөздерді айтады. Кейде оның мұндай күйін көріп күйініп мен жыласам, мені аяп, қоса жылайды. Ондай минуттарында ол: «Енді қоямын», — деп уәдесін де береді. Бірақ ертесіне тағы ішеді. Тағы да түні бойы көше кезіп, үйге тек таң ата ғана келеді. Біреу-міреу түнде қастық істеп жүре ме деп, кейде жібергім келмесе, оған тіпті көнбейді. «Аэропортқа бір қызды шығарып салатын едім»,- деп қайдағы жоқ, өтірік сылтау айтып, тіпті жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде, үйден шығып жүре береді. Тағы таң атқанша келмейді. Ондайда жібермеймін деп есікті кілттеп қойсам, балконнан секіремін деп жұлынады. Қорыққанымнан есікті аша қоямын. Менің ауырып жатқаныма да қарамайды. Жалғыз баланың мұндай болғаны... — Әйелі тағы да жылап жіберді. — Өзің білесің, бұрын қандай еді, бүйтіп біреуіміздің көңілімізді қалдырмақ түгіл... Жоқ, жоқ, жалғызымның мұндай күйге түсуі арақтың ғана әлегі емес. Оның басқа бір себебі бар сияқты.
Асығат әрі-бері теңселіп, ұзақ уақыт үнсіз жүрді.
— Иә, иә,- деді ол әлден уақытта, — сөз жоқ, арақты ішкізіп жүрген де сол себеп, түні бойы көшелерді кездіріп жүрген де сол себеп.
— Және қанша жалынып сұрасаң да, ештеңе айтпайды.
— Айтуға аузы бармайтын шығар, ұяты, намысы жібермейтін шығар.
Кенет Асығаттың бойы тітіркеніп кетті. Өз басынан өткен бір оқиға есіне түсті.
Асығат соғыстан жараланып қайтқаннан кейін бір орталық мекемеге жауапты қызметке орналасқан. Бір күні бұны мемлекеттік қауіпсіздендіру комитетінің қызметкері шақырған. Түсі суық полковник Асығаттың қайда туғанын, қайда оқығанын, әскерде қай полкта қызмет істегенін, қалай соғысқанын, орталық мекемеге қалай орналасқанын, бәрін-бәрін сұрап отырды да:
— Ал енді сіз маған неміс фашистеріне қалай сатылғаныңызды, қалай олардың агенті болғаныңызды айтыңыз, — деді.
Асығат бастапқыда түсінбей қалды. Сөз ызғары санасына жеткенде барып, өне бойы шымырлай жөнелді.
— Сіз ондай сөзді айтпаңыз! — деді кенет даусы дірілдеп кетіп.
— Жә, жетеді! — деді кенет полковник даусын қаттырақ шығарып. — Бізді әуре етпей, одан да шыныңды айт!
Асығат «осы шынын айтып отыр ма?» дегендей полковниктің бетіне таңдана қарады. Жоқ, ол қалжыңдап отырған адам секілді емес, қабағы түйіліп, беті сұрланып кетіпті.
Асығат әзер-әзер сөйледі.
— Сіз маған жала жаппаңыз...
— Жала? Қайдағы жала? Гестапоға мына қолхатты сіз бердіңіз бе, әлде мен бердім бе? − Ол алдындағы папкадан бір қағазды алып Асығаттың алдына қойды. — Балтық теңізінің жағасындағы бір қалаға шабуыл жасағанда латыш партизандары гестапо штабының қағаздарының арасынан тауып алыпты. — Әлде бұл сурет сіздің суретіңіз емес, ал мына жазу сіздің жазуыңыз емес пе? Қол да сіздікі!
Асығат қағазды алды. Бір жапырақ қағаз... Бірақ осы бір жапырақ қағаздың ішінде, дүниенің бір бәлесі тұрғандай жүрегі күні бұрын қобалжи қалды. Қағаздың шетінде фотосурет. Бәлен жылда, бәлен айда неміс басқыншыларының совет жерінде тыңшысы болуға берген Асығаттың қолхаты. Фото суреті де өзінікі. Қолхаттағы жазу да өзінікі. Тіпті қолды да өзі қойған.
Асығаттың маңдайынан мұздай тер бұрқ ете қалған.
— Енді не айтасың? Бәрі де анық емес пе?
— Ештеңе де анық емес! — деді кенет Асығат даусы қатты шығып кетіп, — соғыста мен жүз жиырма екі миллиметрлік корпустың батарея командирі болдым.
— Онда бұл қолхат қайдан келді? Сурет те, жазу да өзіңіздікі екенінен танбайсыз ғой?
— Иә, бәрі менікі. Бірақ мен еш неміспен кездескен, сөйлескен жан емеспін. Рас, соғыс болар жылдың қысында Ригада әскерде жүріп, кемемен Гамбургке неміс мемлекетінің азаматтығындағы адамдарды апарып, ол қаладан біздің адамдарды алып қайтқан әскери конвойда болғаным бар.
Полковник оның сөзін бөліп жіберді.
— Мүмкін, бұл қолхатты сонда берген шығарсың? Жағаға шығып па едіңдер?..
— Иә, жағаға шығып, екі сағаттай қаланы араладық бірақ мен жұрттан бір қадам бөлінген жоқпын...
— Қысқасы былай, — деді полковник, — сенің мынандай қолхатыңды көре тұрып, бізден бөтен адамдар болса, өзіңді әлдеқашан тұтқынға алар еді. Әзірге сенің ешкіммен байланысың жоқ екендігін анықтап отырмыз. Мүмкін бұл қолхатты бермеген боларсың. — Кенет полковник Асығатқа түйіле қарады. — Әлде бердің бе? Біреудің азғыруымен беруін де мүмкін ғой. Әйел, ақша, арақ дегендер бар... Қателесуің мүмкін, тым жассың ғой... Ойлан, қалай болды, сені азғырған кім? Шыныңды айт. Ұсынған басты қылыш кеспейді. Ал егер, шыныңды айтпасаң, бізге өкпелеме! Бәрібір біз анығына жетеміз!
Асығат басына қандай қауіптің төніп тұрғанын енді түсінді. Түсініп, жылап жібере жаздады.
Алға басқан аяғы кейін кетіп, үйіне әзер жетті. Ертеңіне өзімен әріптес және сырлас жолдасына қандай пәлеге ұшырағанын айтты. Анау бұған бірден үрке қарады.
— Онда... Сен біздің аппаратқа қалай кіріп кеттің? — деді Асығатқа сезіктене көз тастап.
Біреу дәл маңдайынан ұрып жібергендей, Асығаттың көзі қарауытып кетті. Әзер құламай қалды.
Бір күні оны белім бастығы шақырды. Бұл бір байсалды, жан дүниесі кіршіксіз, әділетті кісі еді. Оған Асығат жағдайын сектор қызметкері айтты ма, әлде өзімен сөйлескен полковник жеткізді ме, белгісіз, ол әйтеуір мәймөңкелемей негізгі әңгімеге бірден көшті.
— Қалай десе де, сені неміс тыңшысы дегенге мен сенбеймін,- деді бөлім бастығы. — Сондықтан анығына жетпей күні бұрын қызметтен босатуды дұрыс көрмедім. Әлі де тексерсін. Ал сенен бірдеме сұрайын деп едім...
— Сұраңыз.
— Маған партбилетіңді берші, — деді ол сәл кідіріп.
Асығат, жүрегі аттай тулап, тос қалтасынан партбилетін алды да, бөлім бастығына берді.
Бөлім бастығы бірінші беттегі Асығаттың суретіне қарап сәл отырды да, сөзін қайтадан бастады.
— Сен майданда жүргенде жау тылына, не жау шебіне барлауға барып көргенің бар ма?- деді.
— Мен алыстан атылатын зеңбірек батареясында істедім. Барлаушы болған емеспін.
— Анкетаңнан көрдім, партияға соғыс алдында, қырқыншы жылы кірген екенсің... Содан бері партбилетіңді жоғалтқан, әлде біреуге берген кезің болған жоқ па?
— Жоқ, партбилетім үнемі өзіммен бірге... Оны - өмір бойы мына жүрегімнің үстіндегі сол жақ қалтамда сақтап келемін...
— Ғажап екен! — деді ойлана бөлім бастығы. — Соғыста ғой барлауға шығарда, жау тылына барарда, әскери документтерін, партбилетін парткомге тастап кетем емес пе... Ал сен партбилетіңді өмір бойы өзіңмен бірге алып жүріпсің... Сонда ана қолхаттағы сурет қайдан келді? Айнымаған мына партбилетіңді суретін.
Асығат боп-боз боп төмен қарады.
— Білмеймін.
— Осындай сурет бөтен жерде де болуы керек Қой. Мысалы есеп карточкаңда. Бірақ есеп карточкаң тылда қалыпты. Қысқасы, бұл сурет гестапо қолына түсуі мүмкін емес.-Бөлім бастығы кенет басын көтеріп алған. — Сен әскерге қай жылы шақырылдың?
— Қырқыншы жылы.
— Ол кезде, соғыс тұсындағыдай емес, әскерге шақырылған жігіттің киім-кешегі, қағаздары өзі қызмет істеп жүрген полктың қоймасында сақталатын еді ғой, ұмытпасам, және әскерден босанғанда солдат сол өз киімдерін киіп қайтатын. Соғыс басталғанда сен қайда едің?
— Соғыс басталардан үш күн бұрын мен Рига әскери саяси қызметкерлер дайындайтын оқуда едім.
— Заттарың ше?
— Әлі күнге дейін есімде, сол Ригадағы Крише барон көшесі, тоқсан екінші үйдегі әскери қоймада болатын. Керек болып чемоданымнан бір-екі қағазымды алғаным да бар. — Асығат кенет елегізіп. — Бірақ біз соңынан Ригадан шегінгенде, мен қала шетіндегі көпір күзеттерінде болып, ондағы заттарымды, қағаздарымды қайтып ала алмадым, сол қоймада қалып қойды. «Байтал түгіл бас қайғы» дегендей, қоймаға соғуға мүмкіншілік болмады... — Асығат әлденеден үміттенгендей көзінде бір жарық нұр пайда болып ойлана. — Әлде... әлде...
Міне осы оқиға қазір есіне түсті.
Тек артынан барып, совет әскерлері шегініп, Ригаға фашист басқыншылары кіргеннен кейін, сондағы қоймада қалған саяси қызметкерлердің қағаздарының ішінен суреттерін, басқа документтерін тауып алып, «Бұлар біздің тыңшыларымыз» деген жалған қолхаттар және басқа сенім қағаздар жасап, совет жеріне әдейі таратқаны белгілі болды.
Бірақ бұның бәрі соңынан ашылды. Ал жоғарғы жақтан нұсқау келіп, мұндай пәледен ақталғанша, Асығаттың құр шықпаған жаны қалған-ды. Инеліктей боп, жүдеп бітуге айналған. Отаны, халқы үшін жанын қиюға бар адамды сен сатқынсың деп кінәлау кімге болса да жеңіл тимесе керек-ті.
Осы бір жан күйінер оқиға есіне түскен Асығат баласының араққа салынуы осындай бір ауыр күйіктің салдары екеніне шек келтірмеді.
Бірақ Еркебұланын сондай жамандыққа жеткізер ол қандай күйік? Дәл осы кезде Асығаттың ойын әйелі бөліп жіберді.
— Мүмкін, оның мұндай жағдайға жетуі Жұлдыздың кетіп қалуымен байланысты шығар? — деді әйелі.
Күйеуі жалт қарады.
— Қайдағы Жұлдыз?
Әйелі болған хикаяны айтып берді.
Енді Асығат баласын көруге бұрынғысынан да асыға түсті. Еркебұланның басына түскен ауыр кеселдің себебін білу керек. Бірақ Еркебұлан ол күні таң ата келіп, сөйлеспей жатып қалды. Ертеңіне де сөйтті. Әкесі ебін тауып, оның шала мас кезінде сыр тартпақ болса, баласы бұрынғысындай сырын ашпады. Тек «Жаным ауырады» деген бір-ақ сөзбен жауап береді де кетіп қалады. Ал Еркебұланның адам шошынарлық қылықтары күннен-күнге үдей түсті. Әкесі ақырында баласын дәрігерлерге көрсетуге мәжбүр болды.
Еркебұланмен ұзақ сөйлескен екі дәрігер жас жігіттің соңғы кезде айтып жүрген: «Мен секілді құнсыз адамның дүниеде тұруының еш қажеті жоқ, сендерді де, өзімді де әуре етпеймін, қинамаймын, көп кешікпей өлемін», — деген сөзін өз құлақтарымен естіп, екеуі бірдей Асығатқа: «Балаңыз шатыса бастаған, депрессияның бір ауыр түріне ұшыраған. Тезірек жындыханаға жатқызып емдеу керек, әйтпесе өзіне-өзі қол салып жүруі мүмкін», — деді.
Жалғызында ондай аурудың кішкентайынан белгісі жоқ екенін білетін әке:
— Мүмкін, бұның істеп жүргенінің бәрі арақтың салдары болар, бұрын ішіп көрмеген жігіт бірден салынып кеткендіктен, өзін-өзі тоқтата алмай жүрген жоқ па? — дей келіп, дәрігерлерге өтініш жасады. — Алдымен арақтан емдеп көрсеңдер қайтер еді? Арақ ішуден жазылса, ар жағында қандай кеселі барын сосын іздеп көрер едік.
— Жоқ — деген үзілді-кесілді сөйлеп, мұндай сырқаттың маманы саналатын профессор әйел. — Балаңыздың арақ ішуі де сол депрессияның салдары. Ол көңілін, жанын жеп бара жатқан жаман ойлардан, мазасын алып, қорқытатын құбыжық сезімдерден құтылу үшін арақ ішеді. Өзіне жеңілдік іздейді. Әрине, арақ бұған жеңілдік бермейді, әрі-беріден кейін ауруын асқындыра түседі. Содан барып ол: «Өлемін, дүниеде тұрғым келмейді», — деген сөздерді айтады. Дұрысы, балаңызды қазір арақтан емес, негізгі кеселінен емдеу керек. Және тез емдетпесеңіз, өкінішке ұрынып жүруіңіз ақиқат.
Ақырында дәрігерлер Еркебұланды тезірек жындыханаға жатқызу керек деп шешкен.
Жындыханаға жатқызу секілді жан түршігерлік әрекетке әке-шешесі жалғыз ұлдарын қанша қимағанмен, амал жоқ, бөтен лаждары болмай, дәрігерлердің айтқанына көнді.
Міне, осындай шешімге келген Асығат, кеше түс ауа, жердің үстіменен барып, астыменен қайтқандай болып, жалғыз ұлын жындыханаға апарып салған.
Әке-шешеге бұдан артық қасірет болар ма?
Шешесі баласын әкеткенде құлаған, басын қайтадан көтере алмады. Онсыз да жүрегі ауру адам, енді әлсін-әлсін кемсендеп жылап, қайғыдан біржолата жатып қалды.
Ал әкесі көрер таңды көзімен атқызып, түні бойы өз бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Жалғыз баласы қазір жындыханада жатқаны есіне түсіп кетсе болғаны, өкіріп жылап қоя береді. Содан кейін ақырын созыла қайта тұрып, аяғын ілби басқан сынық қанат жаралы құстай «Құлыным-ай, құлыным, қор болдың ғой»,- деп күйіне дауыстап тағы жүріп кетеді.
Бұл түнде Асығат қанша ойласа да баласын мына сұм кеселден қалай құтқарудың жолын таба алмады. Бар болғаны Еркебұланның сәби кезіндегі кейбір тәтті қылықтарын, жаның риза еткен суреттерін есіне түсірумен болды.
Әлі есінде, сол сурет көз алдында тұр: міне, қолына бір шумақ гүл ұстаған, қозыдай монтиған Еркебұланын Асығат алғаш рет мектепке апара жатыр... Құшақтап бетінен сүйіп; «Жолың болсын, құлыным, жақсы оқы»,- дейді әкесі.
«Жақсы оқимын, көке», — дейді Еркебұлан көзі жаутаңдап...
Уәдесінде тұрған баласы мектепті алтын медальмен бітірген күнді қалай ұмытсын?! Үстінде қара костюмі, ақ көйлегі бар уыздай жас өспірім, әкесіне еркелей қарап, алтын медалын көрсетіп тұр. Көзінде күн сәулесіне бергісіз қуаныш...
Тағы бір сурет: былтырғы кездесу. Аэропортқа барған әкесіне самолеттен түсе сала жүгіріп келе жатқан Еркебұланы. «Кім бұны дипломды инженер дер! Бала! Бала!»
Шіркін, дүние-ай, нелер қызық күндерді басынан өткізген екен ғой Асығат! Әсіресе Еркебұланымен байланысты қуаныштарды айтсаңдаршы! Сөйткен жалғыз ұлы... Иә, иә, жалғыз ұлы! Кім ойлаған сол бір күні мұның жалғыз ұлы боларын? Қандай қайғыдан басталып еді, арты қуанышқа айналған сол бір күн? Қандай қайғыдан?!
Тоқал тамның есігінің алдында тұрған бидай өңді, бота көз келіншек қолында ұйықтап кеткен бір жастан асып бара жатқан кішкентай қыз баласын жанындағы шыбықтан тоқыған қорапты қол арбаға салды. Үстіне түйе жүн шәйі көрпені жапты. Сосын балаға қарады. Бала аппақ, әдемі еді. Кішкентай томпақ еріндері сәл-сәл ашылып, пысылдап ұйықтап жатыр. Келіншек ауыр күрсінді. Сөйтті де, кенет мейірі түсіп кетіп, еңкейіп баланың маңдайынан шөп-шөп сүйіп алды. «Қарлығашым - Жұлдызым, енді сен менің қызымсың!» — деді ол насаттана күбірлеп. Бұл келіншек — Асығаттың әйелі Қырмызы еді. Осыдан бір ай бұрын күйеуі поезд қағып, қыршын кеткен көршісі Базаргүлдің өкпесінен суық тиіп, қатты ауырып қалған. Жақында ғана ауылдан көшіп келген жас семьяның бұл арада жан ашыр бөтен ағайын-туыстары болмаған соң шешесі ауруханадан шыққанша қарай тұруға Базаргүлдің кішкентай Қарлығашын Қырмызы алып қалған. Бірақ бес күннен кейін Базаргүл ауруханада жатып дүние салған. Асығатқа қосылғанына жылдан асып кетсе де, әзірге бала көтермеген Қырмызы енді не істерін білмеді. Бір жеті болса да бауырына сап, үйреніп қалған жас әйел сүп-сүйкімді Қарлығашты нәрестелер үйіне беруге қимады. Ал баланы ала қоятын Базаргүлдің бөтен жақындары табылмады, Ақырында аналық сезім жеңді, Қарлығашты енді өз бауырына салмақ болды. Міне, содан бері бір ай өткен. Осы бір айдың ішінде Қырмызы Жұлдызға әбден үйренді. Оның өзінен тумағанын да ұмытып кетті. Егер бұны аламын деген Базаргүлдің жан ашыры табыла қалса да, «Енді ешкімге де бермеймін», — деп, қазір сәбиді айналып-толғанып тұрғаны да содан еді.
Қырмызы ұйықтап жатқан баладан көзін алмай, сүйсіне қарап біраз тұрды. Дәл осы кезде жанындағы қалың ағаш арасындағы жолдан ат дүбірі естілді. Сөйткенше болған жоқ, дәл қасынан бір салт атты кісі өте берді. Кертөбел аттың үстінде оба тастай боп қожбан қара жігіт бір жамбастап отыр. Әйелге қарады. Көзінде ашу, ыза, өкпе. Қырмызы дір ете қалды.
Қырмызының бұл көп жылдан бергі қасы еді. Қаражан бұдан екі жас үлкен болатын. Екеуі бір мектепте оқыған-ды. Қырмызы жаңбыр жуған жас гүлдей қандай әдемі және нәзік болса, Қаражан кескен томардай шомбал денелі, сондай дөрекі мінез, рабансыз еді. «Қырсық қырына алса, қырық қырдың астынан табады», осы Қаражан, тоғызыншы класта оқып жүргенінде Қырмызыға өлердей ғашық болсын. Және құр ғана жақсы көрген жоқ, қыздың дәл бір көлеңкесі тәрізді қыр соңынан қалмай қойды. Ал нәзік ойлы, сұлу Қырмызы Қаражанды сүймек түгіл оны көрсе жүрегі айнып, өзіне ғашық жігіттің жүрген жерінен бойын аулақ салды. Бірақ соғыста әкесі өліп, сырқат шешесі мен үлкен анасының қолында қалған жас өспірім қыз Қаражаннан оңай құтыла алмады. Оған себеп -Қаражанның әкесі колхоз бастығы. Ал Қырмызының жездесі сол колхоздың бас бухгалтері. Оған бастығының ықпалы өктем. Оның үстіне «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым деп сүйеді» дегендей, әкесі сотқар баласының айтқанын екі етпейді. Ал Қырмызының жездесі бір шырпыны екі бөліп от жағатын пайдақор кісі болатын. Қысқасы, бұл екеуі жең астынан жалғасып, құда болды. Бірақ бұл кезде колхоз бастығының баласы өзімен бірге оқып жүрген бір бала жігітті пышақтап, екі жылға сотталып кетті. Қаражан мезгілін өтеп, абақтыдан қайтқанша, Қырмызы Алматыдағы университетке түсті. Содан екі жылдай өз колхозына келмей қойды. Бұл кезде шешесі мен жездесі бірдей өліп, екі баласымен жесір қалған апасы сиыр фермасында сауыншы болып жұмыс істеп жүрген. Оның күйеуінен қалған мал-мүліктің біразын колхоз бастығы сіңліңе берген қалың малымның тәуі деп, ебін тауып қайтарып алды. Бірақ бұл дүние оған да оңа бермеді. Көз бояп, колхоздың жылдан-жылға жоспарын орындаған боп, күрке тауықтай күмпиіп жүрген колхоз бастығының көп кешікпей сыры ашылды. Толып жатқан озбырлық, жемқорлық қылмыстары айқындалып, орнынан түсті. Әне-міне сотталады деп жүрген кезінде, о да кенет дүние салды. Әке арқасында ойына келгенін істеп өскен сотқар Қаражанға амал жоқ өз күнін өзі көруге тура келді. Бірақ қандай жұмысты міндетіне алмасын, шын көңілімен істей алмады. Осындай мінезінің арқасында тамағы сау, қара тасты қақ жарардай қарулы жігіт, шөре-шөре боп, ауыл арасындағы жұртқа жексұрын көріне бастады. Өстіп жүргенде шешесі өлді. Жалғыз қалған Қаражан бұрынғыдан бетер бүліне түсті.
Арақ ішіп, төбелес шығаратын болды. Міне, осындай бір жылы колхозға Қырмызы келді. Тал шыбықтай бұралған, қос бұрымы жерге түскен, жігіт біткен қызығып тамсанарлықтай сұлу қыз. Әсіресе Қаражан іші күйіп, өртеніп өле жаздады. Кешегі қалың малы төленіп, бүгін-ертең алам деп жүрген Қырмызысы, міне, енді Қаражанға көзінің қырын да салар емес. Кенет осы бір қызға деген өшпенділік оның бойын билей бастады. Қаражан сонау он жылдықты бітірген сауық кеште бірге оқып жүрген жолдасына Қырмызы үшін пышақ салған. Қырмызы сол кеште колхоз мұғалімінің баласы Мұқашпен билеп жүрген-ді. Қаражан бала жігітті былай шығарып алып: «Сен менің қалыңдығыммен билеуіңді қой»,-деп қалш-қалш етті. Оған Мұқаш: «Қызық екенсің, кімнің кіммен билегісі келсе, сонымен билеуге еркі емес пе? - деді. Дөрекі Қаражан: «Жоқ, Қырмызыға сенімен билеуге мен рұқсат етпеймін»,- деп бұрынғысынан бетер шатынай қалды. Қаражанның ашулы сөзін естігенде, Қырмызыны кенет намыс билеп кетті. Ол Қаражанға жеркене бір қарады да, Мұқашты құшақтай билей жөнелді. Билегенде қандай, жай, әшейін емес, бір тамаша қуанышқа берілгендей, бала жігіттің құшағына кіре, әлсін-әлсін әлденені айтып сыңқылдай күліп, шыр көбелек айналды. Қаражан Қырмызының өзін мазақтап жүргенін түсінді. Намысқор, ызақор бала өзін-өзі ұстай алмай, Мұқашты қыз құшағынан жұлып алды. Әй-шәйға қарамай, қаны қарайып кетіп, етігінің қонышындағы пышағын көзді ашып-жұмғанша суырып үлгірді де, қорғанудан ойы жоқ жігітке сілтеп-сілтеп қалды. Әйтеуір, абырой болып, пышақ Мұқаштың кеудесіне емес, сол жақ иығы мен сол қолының қарына тиді. Колхоз дәрігері жедел жәрдем көрсетіп, қатты жарақаттанған Мұқаш тірі қалды. Оқиға қыруар жұрттың көзінше мектеп залында болғандықтан, колхоз бастығының баласы сотталып кетті. Онда да әкесінің арқасында екі-ақ жылға кесілді.
Қаражан Қырмызыны құр қызғанып қойған жоқ, өзінің өмірінің осылай сәтсіз басталуын ол содан көрді. Өзімшіл, дүлей жігіт өз айыбын түсінбеді. Түсінсе де түсінгісі келмеді. Сол Қырмызы қазір, міне, қауызын жарған қызғалдақтай көздің жауын алып тұр. Ал Қаражан болса...
Қырмызы көп кешікпей Алматыға қайтып кетті. Бірақ өзі кеткенмен колхоз жастарының көңілдерінде оның әсем бейнесі қалды. Ал Қаражанның кешегі жақсы көргендігі — бүгін Қырмызыға деген өшпенділікке айналды. Ол өшпенділік қыздың енді өзіне жоқ екенін түсінген сайын үдей түсті. Бірақ іш қазандай қайнағанмен, қолдан келер дәрмені жоқ Қаражан, бітеу жара боп қала берді. Қырмызыдан күдерін біржолата үзген жігіт көп кешікпей бір жетім қызға үйленді. Сорына қарай ол бишара бала көтермеді. Бірақ әйелі жақында қалаға барғанында жетімханадан әп-әдемі бір баланы алып келді. «Менен сұрамай сен біреудің тастап кеткен баласын неге әкелдің?» — деп, Қаражан әйелін көк ала қойдай етіп ұрды. «Баланы алған жеріңе апарып таста», — деді. Қанша таяқ жесе де, әйелі көнбеді. «Өлтіріп тастасаң да апармаймын. Өзім бала етемін, өзім асыраймын», — деп, ол қасарысып отырып алды. Шүйкедей әйелден мұншама қайсарлық шыққанына Қаражан таң қалды. Бұдан әрі ұра беруге өкіметтен қорқып, әйелін ұруын тоқтатты. Бірақ: «Бәрібір бір күні өзім апарып тастаймын», — деп, күнде зәресін алды. Қаражанның сөзінен қорыққан әйелі баласын көзінен таса етпеді. Жұмысқа барса оны арқасына таңып, үйге келгенде қолынан тастамады. Сөйтіп жүргенінде емдетпей асқына түскен соқыр ішегі жарылып кетіп, үш сағаттай қысылып жатып, бір күні әйелі де дүние салды. Шу дегеннен-ақ әдемі баланы жек көрген кескінсіз Қаражан, енді баладан тезірек құтылуды ойлай бастады. Міне осы кезде апасының үйіне дем алуға колхозға Қырмызы келді. Және жалғыз емес, қасында күйеуі мен бір жастан жаңа асып бара жатқан қыз баласы бар. Қырмызының шыққан жігіті белгілі ақын екен деген сөзді Қаражан бұрын да естіген-ді. Ал өзі бұл күндері колхоз қоймашысы болып жұмыс істеп жүрген. Станцияға колхоздың жүгін алуға барғанында вагоннан түсіп жатқан баласын көтерген Қырмызыны көрді. Жанында, сірә күйеуі болуы керек, бойшаң ақ құба жігіт бар. Қырмызы дәл осы кезде жылаған баласын уатып, құшақтап көтеріп, бетінен кезек-кезек сүйіп әлдилей бастады. Кенет Қаражанның өн бойын бір ашу, өкпе, дәрменсіздік билеп кетті. Аздан кейін бұл сезімдер ызаға айналды. Ыза оның жүрегін қабындырып, «Бәлем, Қырмызы, сенің өзіңді де дәл осы баландай жылатпасам, Қаражан атым құрысын!» - деді ол кенет өзіне-өзі.
Анау жылаған бала Қырмызының баласы емес екенін білсе, сөз жоқ, Қаражанда мұндай қарау ой тумас еді.
Заты, өзі таппаса да әйел жынысы еркектей емес, анағұрлым бала құмар келетінін Қаражан өз әйелінен білетін. «Ал анау кішкентай бөбек Қырмызының өз баласы. Бауыр етінен жаралған қуанышы. Сондықтан айырып көрсең Қырмызыны сол қуанышынан, сонда білерсің оның көз жасынын қалай сел боп аққанын!» — деді ол өзіне-өзі тағы да.
Қаражанға шешім аяқ астынан келді. Оның есіне өзімен абақтыда бірге отырған бір қарт бұзықтың сөзі түсті. «Егер сен шын өштескен адамыңнан кегіңді алғың келсе, сен оны өлтірме. Өлтірсең, оның өкініші де, арманы да, бәрі де өзімен бірге кетеді. Ал кегін қайтсын десең сен оның ең жақсы көрген адамын өлтір. Сонда көресің, оның қалай қан жылағанын, қайғырғанын. Өшін сонда ғана қайтады», — деген. Қаражан да солай істемек болды. Жоқ! Ол Қырмызының баласын өлтірмейді. Ұрлап әкетеді. Әзірге тек ұрлап әкетеді. Содан кейін барып...
Міне, осы ойдан кейін Қаражанның жаны тыншу таппады. Соңынан, өзі тұрған фермадан орталық колхоз поселкесіне келіп, күйеуі колхозшылармен әңгімелесуге кеткенінде, апасының үйінде Қырмызының кішкентай баласымен жалғыз қалатынын білді. Ауыл адамдары бұл кезде тайлы-таяғына дейін қалмай мақта жинауға шығады. Ал Қырмызы кешке таман, жұмыстан жұрт қайтар алдында, бөпесін алып, ауыл шетіне қарай аяңдайды. Сонау дөңесті беттей, қол арбасына байлаған кішкентай күміс қоңырауын шылдырлатып, жас нәрестесін қыдыртып, ақ жібек көйлекті Қырмызы алыстан аққу құстай көлбеңдейді. Бұны көрген Қаражан қайғыдан көзі қарауытып, жүрегі жарылып кете жаздайды.
Ол колхоз орталығына бағана келген. Асыранды баласын әзірге бұдан екі күн бұрын осындағы бір таныс әйелдің үйіне қалдырып кеткен. Ойы бүгін-ертең қаладағы жетімханаға қайтадан апарып тапсырмақ еді. Қазір Қаражан орталыққа кіре беріп Қырмызы жатқан үйдің алдында тұрған, үстіне қызыл көрпе жапқан кішкентай қол арбаны көрді. Қызыл шүберекті көрген сүзеген бұқадай, қызыл көрпелі арбаны көргенде кенет қабағы қарс жабылып, ызалана қалды. Сол-ақ екен, енді ол дәл осы сәтте бір орасан қылмысқа бел буды. Дереу тастап кеткен үйінен баласын алып, кейін бұрылды.
Не істемек? Қандай күнәға бармақ? Қырмызыны өлтіріп, баласын тартып әкетпесе, ол тірідей бөбегін берер ме? Ал Қырмызыны өлтірер болса, кішкентай нәресте оған неге керек? Қаражан бір сәт алдында отырған өзінің асыранды баласына ашулана қарады. Оның бұл көзқарасында осы бір бейкүнә нәрестеге деген рақымсыздықтан бөтен ештеңе байқалмады. Жоқ, Қаражан қазір бұл балаға ғана емес, бүкіл дүниеге осылай рақымсыз қарауда еді. Бала да желкесінен өтіп бара жатқан ызғарды сезгендей мазасыздана қалды... Ал өгей әке мен кішкентай сәбидің арасындағы бұл жат сезім, араздық, дәл қазір емес, осынау нәрестенің осында келген күнінен туған-ды... Бала да өгей әке жүрегін сезгендей сол бірінші келген күнінен-ақ бұған жібімеді. Қаражан жанына таяса-ақ болғаны, шыр етіп жылап қоя береді. Мұндайда Қаражан баланы аямай жағынан тартып-тартып қалады. Бала одан сайын үйді басына көтеріп шырылдайды. Шыдай алмай араша түскен әйелін Қаражан өңменінен итеріп жібереді. Сорлы ана шалқасынан барып құлайды. Міне, осы сәбиді қатыны өлгеннен кейін бұл бұрынғысынан да жек көрді. Бір рет тіпті қасқыр жесін деп ай далаға апарып тастамақ та болды. Бірақ «Балаң қайда?» — деп жұрт сұрай қалса, не жауап беремін деп, заңнан қорықты. Ал қазір басқа шешім өзінен-өзі туды. «Көрсін Қырмызы, өз баласының орнына бөтеннің баласын бағып!» — деді Қаражан.
Күн екіндіден асқан шақ. Қырмызының сәбиімен серуенге шығатын кезі. Ол қалың талдың арасына Қырмызының шығуын күтіп тына қалды. Міне, Қырмызы да шықты, баласын арбасының ішіне жатқызып, бірдемесін әкелуге үйге қайтадан кіріп кетті. Сол уақытта атын тебініп қап, Қаражан бесіктің жанына жетіп барды. Көз ілескен жоқ, ол алдындағы өз баласын жерге тастай салып, бесіктегі сәбиді іліп алып жүре берді. Сол сәтте-ақ Қаражан қалың ағаш арасына кіріп жоқ болды. Сірә, іздеген затын таба алмады ма, сәл кешігіп үйден Қырмызы шықты. Арбасына келді. Аң-таң боп жан-жағына қарады. Анандай жерде жылап тұрған кішкентай бөтен баланы көрді. Жүгіріп жанына жетіп барды.
— Айналайын, айналайын, менің кішкентай бөбегімді көрмедің бе? — деді.
Зәресі қалмай қорқып жылап тұрған бала кішкентай қолымен Қаражанның кеткен жағын көрсетті, сосын өксіп-өксіп:
— Қара... қара... алып кетті, — деді де, тағы еңіреп қоя берді.
Бала өгей әкесін үнемі әке демей, «қара» деп атайтын.
Қырмызы бір сұмдықтың болғанын енді сезіп, жылап қоя берді.
Ұзын, қою кірпіктерін бір ашып, бір жұмып, үлкен жаудыр көздерінен моншақтай аққан жасын қолының сыртыменен сүртіп, ағыл-тегіл үнсіз жылаған баланың жанында сұп-сұр боп кеткен Қырмызы мен таяғына сүйеніп тұнжырап қалған ауылдағы жалғыз қарт не істерлерін білмей абыржып тұрғандарында жұрт та мақталықтан қайта бастаған. Болған оқиғаны естіп, колхозшылар жағаларын ұстады. Ауылдағы екі-үш атқа жігіттерді мінгізіп, баланың нұсқаған жағына қарай жоқтаушыларын аттандырды. Бес-алты белсенді үй-үйді тінтіп, құдық біткенге кісілер түсірді. Еш жерден бала табылмады. Тек әбден қас қарайып, жұрт тегіс жиналған кезде ғана халық әркімнің айтуымен әзер-әзер дегенде болған оқиғаның ұзын ырғасын түсінді. Председательдің өзі бастап, екі-үш жігітті ертіп, Қаражанның үйіне келді. Қаражан фермада болмай шықты. Бірен-саран оны көрген адамдар бағана түсте кеткеннен әлі оралған жоқ деді. Олар, әрине қоймашының қайда кеткенін айта алмады. Қаражан ертеңінде де үйіне келмеді. Үшінші күні де... Содан барып әлдекімдер оның колхоз қоймасындағы кей заттарды станцияға апарып сатып жүргенін естеріне түсірді. Ал басқа біреулер Қаражан алыс жолға жүргісі келгендей, соңғы кезде жалғыз атын жемге байлағанын айтты. Дереу комиссия құрылып, Қаражанның қоймасы тексерілді. Колхозға деген көп дүние-мүлік, қоймада жатқан кейбір машина доңғалақтары тәрізді аса керек заттар жоқ болып шықты. Қоймашының бұлардың бәрін жасырын сатып жібергеніне ешкім шәк келтірмеді. Енді Қаражанның жегені, сатқаны үшін тартатын жазадан қорқып қашып кеткені айқындалды. Бірақ ол баланы алып қашты ма, әлде бір жерге тастап кетті ме, бұл арасы әлі белгісіз еді. Және қашқын адамға бір жастан жаңа асқан сәби неге керек? Мүмкін, мына кішкентай бала шатыстырып алған жоқ па, бұл да күмәнді болатын. Әйтсе де аудан көлемі боп іздеуді тоқтатпады.
Ал ешкімі жоқ кішкентай жетім баланы Қырмызы амалсыздан өз бөлмесіне алып келген. Әрине, далаға тастап кетерліктей баланың еш жазығы жоқ қой. Бірақ ол үйге кірісіменен бүк түсіп жатып алды. Ешкімнің шақырғанына да бармады. Тамақ та ішпеді. Осылай жатып, әбден қалжыраған кезде ұйықтап кетті.
Тек ертеңіне, алыс бригадаларға барып, жаңа оралған Асығат үйге кіріп келе жатқанда, оған танитындай қарап, жастықтан басын көтеріп алды.
Үй іші толған кісі еді, бала ұшып түрегеліп Асығатты барып құшақтай алды.
— Көке, сен неге ұзақ келмедің? — деді екі көзі жасқа толып, — Сағындым ғой...
Жұрт аң-таң бола қалды. Тек бір кемпір ғана:
— Бишара-ай, әкесіне шырамытып тұр-ау мына жігітті, — деді.
Шынында солай еді. Баланың әкесі осы Асығат тәрізді бойшаң, қой көзді көзілдірікті, ұзын шашты жігіт еді. Ол осыдан үш ай бұрын қайтыс болған. Қаза тапқан күні сәби балалар бақшасында еді. Әкесін жолдастары жерлегенін де білмеген. Тек күнде келіп папасы бақшадан алып кететінін бала жоқтай бастағанда ғана тәрбиеші әйелдер: «Көкең алыс жаққа сапарға жүріп кетті, жақында келеді», — деп жұбатқан-ды. Содан бері бала көкесін әне келеді, міне келеді деп күтіп жүретін. Ал шешесі одан бір жыл бұрын қайтыс болған.
Ал «көкесі» әдеттегісіндей көтеріп алып, құшақтап екі бетінен сүймегеніне бала аң-таң. «Әлде бұл басқа адам ба? Жоқ, жоқ, көкесі... Көзі де сондай мейірбанды, шашы да ұзын. Бірақ неге құшақтап бетінен сүймейді? Балалар бақшасына келгенде үнемі сөйтетін еді ғой...»
Асығат әйелі бауырына салған нәрестенің жоғалғанын бүгін таңертең ғана естіген, сабырлық сақтап тұрғаны болмаса, іші алай-дүлей өрт еді... Бұ да қуыршақтай сүйкімді, кішкентай қыз баланы өзінікі санап, жақсы көре бастаған-ды. Кемпірдің сөзін құлағы шала-пұла шалып қалды. Дегенмен баланың өзін біреумен шатыстырып, тұрғанын түсінді. Енді ғана оған. зейін аударды. Кенет еңкейіп баланы көтеріп алып, екі бетінен кезек-кезек сүйді. Бүйтпеске Асығаттың амалы қалмаған-ды. Еңкейгенінде ол ұзын қою кірпіктерінің астындағы тостағандай үлкен екі көзі жасқа толып өзіне мөлие, жалына қарап тұрған, өңі бозғылт тартқан, бүлдіршіндей сүп-сүйкімді баланы көрді. Баланың қайғы туған көздерінен өзіне деген бір орасан махаббатты, жалынышты аңғарды. Асығат шыдай алмады, сәбиді көтеріп алып, бауырына қысып, екі бетінен тағы кезек-кезек сүйді.
— Қалқам-ай...
«Жоқ, жоқ, бұл өзінің көкесі! Әрине, көкесі! Тек өзінің көкесі ғана осылай сүйе алатын». Баланың көзінен енді қуаныш жасы ақты. Екі беті балбырап, ұзын кірпіктері дір-дір етіп, Асығаттың мойнын өзінің балдырған білектерімен құшырлана қыса түсіп, әкесін кішкентай құшағына қуана тартты.
Жақында ғана бауырларына салған нәрестелерін жоғалтқан ерлі-зайыпты екі жас адам, салдары суға кетіп, бір жетіден кейін Алматыға қайтты. Өздерімен бірге Қаражан тастап кеткен баланы да ала жүрді. Бірақ қалаға келісімен, бұлар оны бірден жатімханаға апара қоймады. Өз қайғысынан есінен адасуға жақын ана, алғашқы кезде балаға тіпті көңіл де аудармады. Сөйтсе де бала да тірі жан ғой, бір-екі күннен кейін, шерлі ана уһілеп жүріп, оған тамақ беріп, төсекке жатқызатын болды. Ал сәби бүкіл дүниеге таңырқай қараған періштедей күнәсіз бір керемет еді.
— Жетімханаға барасың ба? Онда жақсы тәтелерін бар, — деді Қырмызы оған бір күні. Бұл сөзді айтарын айтса да, жас келіншек кенет өз сөзінен өзі ұялғандай қысыла төмен қарады.
— Бармаймын, — деді бала. Қырмызы оның даусынан бұрын байқамаған қайсарлықты естіді. — Барсам, көкемнен тағы айрылып қаламын.
Қырмызыны енді бір орасан қуаныш билей жөнелді. Ол еңірей жылап жіберіп, баланы бауырына қысып, екі бетінен құшырлана шөп-шөп сүйді.
— Құлыным, — деді ол даусы сәл жадырай, — сені өзім де жібермеймін.
Асығат пен Қырмызы баланы өз аттарына жаздырып алды. Есімін Еркебұлан қойды. Міне, осылай Асығаттың жалғыз ұлы Еркебұлан, жаңа әттең жаңа әке-шешемен дүниеге келді. Ал ол әсіресе Асығаттың жанының жаны, жүрегінің жүрегі болды. Қырмызы да бұны туған баласы санады. Еркебұлан да махаббатқа махаббатпен жауап бере алды. Бала әрі-беріден кейін Қырмызының туған шешесі емес екенін де мүлдем ұмытты. Анасы десе ішкен асын жерге қойды. Егер шешесі қонаққа, не театрға барып кеш келсе, Еркебұланы кірпік қақпай оны күтіп отыратын болды. Ал анасы үйге кірген сағатта, Қырмызыға еркелеп, мойнына асылып, алуан тәтті қылық көрсетті. Нәрестелерінен тірідей айрылған қос жұбайға бірте-бірте қайғыларын ұмытуға Еркебұлан себеп болды. Ол әке-шешесіне деген махаббат, мінез-құлық таба білді. Сөйткен жалғыз ұлдары мынандай кеселге шалдықты. Асығат пен Қырмызы күйінбегенде, кім күйінсін? Асығат пен Қырмызы жыламағанда, кім жыласын!
Екеуі екі бөлмеде, таң саз бере ғана, талмаусырап көз іліндірді. Ал таңертең Асығат тіпті бөтен адам боп түрегелді. Кешегі «ах!» ұрған, бірден қартайып кеткен адамдай бүкірейе қалған Асығат емес, бөтен Асығат. Қимылы да сабырлы, сөзі де орнықты.
Баласына шын жаны ашыған әке, құр қайғыдан ештеңе шықпайтынын түсінген. Болған іске болаттай боп, баласынын тағдыры үшін күресуге бел буған. Демек, сонда қалай күреспекші? Қай жағынан бастамақ? Дәрігерлер консилиумы Еркебұланды депрессияға ұшыраған деген қорытынды шығарғанмен әкесі оны бұл жамандыққа қимады. Ойлай-ойлай, баласынын кенет мұндай күйге ұшырауы - не Жұлдыздан келді, не өзімізден болды деп жорамалдады. Өйткені әкесі мен шешесі жалғыз ұлдарын тек жақсы көрумен болған. Не тілесе, соны орындауға тырысқан. Ал қиындыққа, өмірдің кейде кездейсоқ келетін соққысына қарсы тұратындай етіп шынықтырмаған. Баласы өзінің көрген қиындығының мыңнан бірін көрмей өсті. Сондықтан ол өзіне тиген бірінші соққыны көтере алмады. (Әрине ол қандай соққы - әкеге әлі беймәлім. Жұлдыз дегені де құр жорамал. Әйтсе де баласына бір соққының тигені даусыз еді). Сол соққыдан құтылам деп арақ іше бастады. Бұрын араққа үйренбеген жасқа — бұ да қауіпті жол, кімді болса да шатыстыруы мүмкін. Мүмкін! Мүмкін! Қайткенмен де мен Еркебұланым үшін күресуім керек. Күресуім керек! Онсыз маған өмір жоқ!.. Ал ол тіріде...
Ақын сығаттың көзі бір сәт қабырғадағы айнаға түсіп кетті. Өз суретіне өзі таң қалды. Бұрын қандай еді?! Кенет ол көзін жұмды.Алыстан таяй түскен толқындай, дәл осы сәтте оның жүрегінде тізбектелген жыр шумақтары туды. Ол күбірлеп сөйлей бастады.
Ол кезде біз жалаңаш та, аш та едік,
Дүниені құрмақ ек бірақ қайтадан,
Өйткені біз жалын жанды жас едік,
Өн бойында асау жігер қайнаған!
Енді міне, көңілді қайғы қаптаған
Тұрғандаймын тозып тоқсан жасқа кеп.
Өзіме-өзім қараймын да таң қалам,
Осы менің жас болғаным рас па деп?
Шіркін, өмір өтіп кетіп барады.
Қызық бар ма түсер оған пара-пар?
Болса өнерің, артыңда атың қалады,
Өлгенге одан бірақ қандай пайда бар?
Ұлым еді — өмірімнің жалғасы,
Онсыз мен де өткен көптің бірімін.
Жоқ, жоқ, ерте төгілмеші, көз жасым,
Ол тіріде, мен де әлі тірімін!
ЕКІНШІ ТАРАУ
Асығат өлең жазуды ерте бастаған. Алғашқы дастаны да ерте туды. Бірақ ешкім ол дастанға елең етпеді. Өмір көрмеген албырт жас, өзінің уыз махаббатын ғана арқау етіпті. Сөйтсе де, қияға қанат қаққан бала бүркіттей от жігері әр тұстан бір жарқ еткендей. Ең алғашқы өлеңін ол:
Өлең, сенің құшағына енейін,
Қиын болсаң, азабыңа көнейін,
Жүрегімнен жалыныңды аяма,
Ең болмаса бір жарқырап сөнейін, —
деп жазды.
Оның шүу дегеннен махаббат тақырыбына бой ұруы да жайдан-жай емес. Қырмызы атты бір періште мұның жүрек әміршісіне айналып еді.
«Қырмызым, қуанышым, күндей күлген», — деп өзеурегені де сондықтан.
Олар осыдан үш жылдан кейін ғана үйленді. Бірақ тек махаббат әуселесімен қалды ма, алғашқы дастанынан жоғары көтеріле алмады. Кейбір сыншылар: «Асығат қоғамдық биікке көтеріле алмады»,- деп сынады. Кей жағдайда махаббаттың да жалпы адамзат жырына айналып кетуі мүмкін екенін ескертіп жатпады. Асығаттың алғашқы сүреңсіз күндері міне осылай басталды. Әрине оның ақындық қабілетіне шүбә жоқ, жырлаған тақырыбы сыналды. «Сен ұлы құрылыстарды, Түрксибті, Магнитогор магниткасын, қарқынды бесжылдықтардың екпінді еңбектерін көрмейсің, тек өз басыңның ләззәтін ғана жырлайсың», — деді.
Бұл ақынға айтылған үлкен сын еді. Ал замана көшіне тілегімен ілесе білуді Асығат та армандайтын.
Тек соғыс жылдары және одан кейінгі мерзімде Асығаттың фашизмге, зұлымдыққа қарсы ақындық даусы қаһарлы шықты. Міне, қазір тағы үлкен бір сүбелі еңбекке кіріскеніне екі жыл болды.
Ол өз ұлы Еркебұланмен кішкентайдан тіл табыса білді. Оның әділетшіл, шыншыл, сұлулықты сүйгіш болып өсуіне әкенің көп жәрдемі тиді. Бұл кездегі қаладағы қазақ балаларының көбі ана тілін білмейтін. Еркебұлан олай емес еді. Ал әке-шешесінің Еркебұланға деген махаббаттарында шек жоқ еді. Олардың өзін қалай жақсы көретінін бұл да білетін. Жас кезінде болған бір әңгіме әлі күнге дейін оның есінде.
Әдетте, Асығат әйелі мен баласына қалада болған жаңалықтарды, не кітаптан, газеттен оқыған ерекше оқиғаларды, қызық әңгімелерді айтып отыратын.
Бір күні әкесі:
— Мен бүгін Американың бір тілшісі жазған адам таң қаларлық оқиғаны оқыдым, — деді. — Сенуге де қиын...
— Иә, ол қандай оқиға екен, айтсайшы, — деді шешесі.
—Айтамын ғой. Тек шындыққа ұқсамайды.
Шешесі күлген.
— Айтқанынша, адамды қызықтырып болдың ғой.
Әкесі де күлді.
— Әйтпесе әңгіменің қызығы бола ма? Жарайды, айтайын. Экспресс поезында отырған американдықтар бұлармен қатарласа жүгіріп келе жатқан бір жас әйелді көреді. Алтындай сары, ұзын қою шашы желмен ойнап артына қарай жайылып кеткен. Жүйткіген поездан қалмай жан таласа құстай ұшып жүгіріп келеді. Бір сәт терезелерінен жолаушыларға қарағанда, әлгі әйелдің жан-жағын бір көгілдір шар сәуле қоршап алған көрінеді. Жұлдыздай аққан поездан озамын деп зымырап келе жатқан көгілдір сәулелі әйелді отарба жүргізуші машинистер де көреді. Кенет олар алдарында бір қорқынышты зат жатқандай, поездарын тоқтатады. Сол сәтте әлгі көгілдір сәуле де, әйел де жоқ болады. Поездағылар жерге түседі. Олар темір жол рельсінің үстінде, байлаулы жатқан екі жасар баланы кереді. Соңынан баланың әкесі табылады. Ол: «Бұл менің балам. Ал жүгірген, жұрттың суреттеуіне қарағанда, ол менің бұрынғы әйелім, осыдан екі жыл бұрын осы баланы тапқан сағатында өлген, — дейді. — Баласының рельске байлаулы жатқанын біліп, поездан бұрын жетемін деп жан таласып жүгірген секілді...»
— Ал баланы рельске кім байлады? — деген сұраққа ол:
— Өгей шешесі. Былтыр үйленгем. Мен өлсем, мына жас нәресте еншілес болады деп, өзім жол жүріп кеткенімде түнде әкеп байлап кетіпті. Кеше мойнына алды, — деп жауап береді.
Асығат күрсінді.
— Көрдіңдер ме, ана жүрегі қандай екенін? Әрине, бұл жалған оқиға. Бірақ мұнда бір шындық бар. Ол — ана жүрегі. Баласына қауіп туғанын біліп, сорлы ана көрінде де тыныш жата алмаған....
Асығат тағы күрсінді.
— Әрине, бұл адам сенбейтін оқиға. Ал корреспондент сол күнгі поезда болған адамдардан сұрадым, бәрі де бұны дұрыс дейді деп жазады.
— Мен бұған сенемін, — деді шешесі.
Күйеуі мен баласы енді оған қарады. Екі көзінен жасы мөлтілдеп ағып жылап отыр екен ол.
— Сенемін. Ол ана ғой! — деді Қырмызы.
Еркебұлан ойында сол күнгі әңгіме мәңгі қалған.
Осы тұста өзімен төбелескен бір кішкентай баланың мұны мазақтап «өгей бала» деген сөзі де есінде жүрген еді. Шешесінің мына сөзін естігеннен кейін және өзін қандай жақсы көретінін ойлап өзінін «өгей бала» емес екеніне сенген.
Ал Асығаттың тек поэзияны ғана сүйіп қоймағаны, асырап алған баласын жанындай жақсы көріп қалғаны белгілі. Еркебұланды жақсы көру оған енді бір жаңа поэзияға айналды. Баланың қылығы, жібектей жұмсақ мінезі, үнемі жаныңды тебіренте келетін еркелігі Асығатқа жаңа шабыт, жаңа қуаныш берді.
Ол күнделік дәптеріне былай деп жазды:
Айналайын, құлыным, балапаным,
Жайдым сен деп пәк үміт алақанын.
Жақсы болсаң өтермін қуанышта,
Жаман болсаң — шықпас күн, атпас таңым —
Еркебұланды сол ауылдан алып келген күнінен бастап, өзімен бірге төсегіне алып жатты. Бір жаққа шықса, көргенінше асықты. Мәскеуге, Ленинградқа барғандарында, оған сан түрлі ойыншықтар алып келді. Ұмытпаса, Еркебұланы беске толғанында болуы керек, әкесі оған бір күні балалар бірінің үстіне бірін қойып мұнара істеп, не болмаса біріне-бірін тіркей поезд құрып ойнайтын, сан бояулы төрт жағы бірдей отыздай текше қобдишаларды сатып әкеп берді. Ғажап! Еркебұлан осы қобдишаларды алғаннан кейін, бұрынғы ойыншықтарын, кішкентай машиналарын да, резина піл, жолбарыстарын да былай тастады да, күні бойы әлгі текшелермен әуре болды да жүрді. Біресе үстіне қатты мұқаба жауып, үй жасайды. Үй болғанда қандай! Кәдімгі микроаудандардың көп қабатты үйлерінен аумайды. Көгілдір қабырғалы текшелерден терезе, ал сұрғылт түстілерінен үйдің қабырғаларын тұрғызады. Біресе темір жолды қуалай иреңдеп жүріп келе жатқан вагонды поезды жасайды. Текшелерден қандай үй, сарай, мұнара тұрғызбасын, бәрі келісімді, бәрі көңілге қонарлық болып шығады.
Кішкентай баласының мұндай шеберлігін көрген әке, енді оның осы бір бойына біткен табиғаттың өзі берген қасиеттерін өрбіте түсуді ойлады. Әкесі оған енді дүкендерден құрылыс конструкторлық ойыншықтарын, ағаш шеберлерінің ойыншық саймандарын көбірек сатып алатын болды. Ал бір жаққа барса, сол барған жерінің атақты сарай, мешіт, шіркеу мұнараларының тастан, ағаштан жасаған кішкентай пішіндерін әкеп берді. Бала бұның бәрін қуана-қуана алды. Және әкесінің әкелген ойыншық заттарының бір де бірін сындырмай, кейде тіпті солардың үлгісімен өзі де бірдемелерді жасай бастады.
Әкесі бұны шу дегенде, ағаштан түйін түйген, тастан өрнек өрген шебер бола ма деп болжаған еді, бірақ Еркебұланы жетіден асқан шақта ол ойынан Асығат біржолата қайтты.
Жоқ, баласының колөнер шеберлігінен гөрі, ой өрісі кең, архитектуралық жалпы құрылыс композициясын өзінше шешуге тырысатын қасиеті, тек өзіне ғана тән көргіштік қасиеті барын түсінді.
Әкесі баласынын бойында жатқан бұл қабілетті жетілдіре түсуге тырысты. Өзімен бірге бұны бірнеше үлкен қалаларға алып барды. Ленинград, Самарканд, Бухара, Хиуаларды аралатты. Олардың көне ғажайып құрылыстарын көрсетті. Сондай бүгінгі күннің құрылыс табысы саналатын Навои, Шевченко, Теміртау тәрізді жаңа қалалармен таныстырды. Қысқасы, Еркебұланды архитектура өнерімен қызықтыра білді. Және оның бойында жатқан дарынын аша түсуге қолдан келген жәрдемін аямады, әкелік борышын атқара алды. Еркебұлан да әкесінің үмітін ақтады. Мәскеудің архитектуралық институтын ерекше жоғары бағамен бітірді.
Әке баласын тек өнер жолын дұрыс табуға ғана емес, оның рухани таза болып өсуіне де көп көмектесті.
Әрине, бала деген де гүл тәрізді бір әлсіз өсімдік. Егер суық желден, бұршақты жауыннан қорғайтын жан болмаса, оның дұрыс өсуі де екіталай. Әке, шеше балаға әсіресе кішкентай кезінде керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп, қазақ босқа айтпаған, баланың буыны қатпаған, ақыл-сезімі қалыптаспаған шағында, ата-ананың өнегелі ісі, дұрыс ақыл-ойы, айтқан орынды өсиеттері оған ең керек дүние. Адамның адам болуы да осы кезден басталады.
Асығаттың баласымен ең алғашқы қатты сөйлескені, оның алтыншы класта оқып жүрген кезінде болды. Бұған дейін әке Еркебұланның бала біткеннің бәріне тән, кейбір ерке білместіктен, не болмашы қиқарлықтан туатын, сәл ренжітетін қылықтардан бөтен, көңілін елең еткізерлік бұзықтығын, тентектігін, не сотқарлығын көрген емес-ті. Ал сол күні әке-шешесі бірдей қатты ренжіді.
Еркебұландары сабағына кетіп, Асығат пен Қырмызы таңертеңгі шайларын ішіп отырған. Үйлеріне жұпыны киінген, орта жасқа келіп қалған ақ сары қазақ әйелі келді. Асығат бұл кісіні мектепте оқу басталған күні алтыншы кластың ата-аналар жиналысында көрген. Жанында Еркебұландармен бірге оқитын он екі-он үш жасар әп-әдемі, ойлы көзді қыз баласы да отырған. Асығатты әсіресе осы қыз баланың шашы таң қалдырған. Өзімен бірге оқитын өзге қыздардың шаштарындай қысқа, шолтиған емес, бұның тоқпақтай етіп өрілген қос бұрымы шұбатылып, тізесіне түскен. Ауылда өскен Асығаттың көңілін бұл көрініс әжептәуір жылытып жіберген. Соңынан қыз баланың шешесімен де сөйлескен. Жесір әйел екен. Өзі заводта жұмыс істейді екен. Былтыр қызымен екеуі жаңа пәтер алып, осы мектепке таяу жерге көшіп келген екен. Қазір келіп отырған осы әйел еді.
Әйел амандасып болғанан кейін, Қырмызы:
— Шайға отырыңыз,— деді.
— Рахмет, — деді әйел жүдеу сөйлеп, сосын Асығатқа қарады.
— Ғафу етіңіз, үлкен кісі, рұқсатсыз үйіңізге келгеніме. Келмеске амалым болмады.
Асығат әйелге бір түрлі аяй қарады.
— Тым жүдеусіз ғой. Бір қиын жағдайға ұшырап қалғансыз ба, қалай?.. Әйтеуір, үй ішіңіз аман ба?
— Аман ғой,- деді әйел ақырын күрсіне сөйлеп, — дегенмен бүйткен амандықтан...
Әйел сөзін аяқтамады. Қасында тұрған дорбасын алып, ішінен шұбатылған қос бұрымды алып, жанындағы диванға қойды.
— Мінекейіңіз.
Асығат пен Қырмызы екеуі бірдей елегізи қалды.
— Бұл не? — деді Асығат, диван үстінде жатқан қос бұрым екенін көріп тұрса да.
— Бұл менің қызымның шашы, — деді әйел даусын көтермей, сол бір қалыпты жүдеу сөйлеп. — Түнде кинодан қайтып келе жатқанында өзімен бірге оқып жүрген балалар, оны үйдің жанындағы қараңғы жерде ұстап алып, мына қос бұрымын кесіп алып, қолына ұстатып қоя беріпті.
Асығаттың көз алдына өзінің сүйсіне қараған қыз баланың қос бұрымы елестеп кетті. «Иә, иә, бұл сол қос бұрым. Қандай сүйкімді көрініп еді...» Кенет жүрегі бір түрлі шаншып кетті.
— Не қылмайсың деп, олар балаңыздың шашын кесіп жүр? — деді даусы сәл қаттырақ шығып.
— Онысын білмеймін...
— Мұны істеп жүрген қай балалар дедіңіз? — деді! Асығат.
— Өзімен бірге оқып жүрген балалар көрінеді... Оның ішінде сіздің де балаңыз бар сияқты. Тым қараңғы екен, түрлерін көре алмадым дейді Назымым, бірақ бір қолымды ұстаған Еркебұлан. Байқап қалдым, қолында сағаты бар екен. Ал біздің класта жалғыз-ақ Еркебұлан ғана сағат салып жүреді, — дейді қызым.
Әйел көзіне жас алды.
— Бүгін шашын кессе, ертең олар бір қараңғы бұрышта өлтіріп кетуден тайынбас. Әкесіз баланың көретіні осы ғой.
— Япырмай, сұмдық екен! — деді әйелге жаны ашыған Қырмызы.
— Расыменен менің Еркебұланым да осындай бұзықтыққа қатынасқаны ма? Бұл — адам сенер іс емес қой.
Әйел қайтадан сөйледі.
— Бір ғажабы мектеп директоры мен мұғалімдері балаларды шақырып сұрағанда, бір де бірі мойнына алмады. Бәрі де: «Біз емес»,- деп танып шықты. Тек сіздің балаңыз ғана үндеген жоқ ұялған адамдай жерден басын көтермеді. Сосын сізге келіп отырмын. — Әйел кенет солқылдап жылап қоя берді. — Әлі кәмелетке жетпеген кіп-кішкентай Назымымды соншалық қорлайтындай ол бишара не істепті.
Соңынан барып белгілі болды, пәк сезімді, әдемі Назым, бұрын өзімен бірге балалар бақшасында болған, ал қазір осы мектепте, бөтен класта оқып жүрген өзі құрбылас баламен достасады. Екеуі кейде бірге киноға барады, бірінен-бірі сабақтарын сұрасып, кездесіп жүреді. Өздерімен емес, бөтен кластың баласымен достасып жүргенін қызғанған Назыммен бірге оқып жүрген балалар оған «Қой!» — дейді. Әсіресе Назыммен бір партада отыратын, сәл тентектеу Сәлім жанындағы қызға: «Егер сен бөтен кластың баласымен достасатын болсаң, бізге өкпелеме!»- деп қорқытады. Бірақ бөтен кластың баласымен тек балалық адал достығы ғана бар Назым, бұған мән бермейді. Сөзін тыңдамағанға ызаланған және өзге балалар «Жаныңдағы қызыңнан айрылып қалдың»,- деп, өзін ойнап мазақтағанына шыдай алмаған Сәлім, ақырында жолдастарын «Назымды үйретуге» көндіреді. Жолдастары бұның бәрін ойын санайды. Содан олар Сәлімнің басшылығымен өткен түнде Назымды кинодан қайтып келе жатқанында, қараңғы жерде аңдып тұрып, ұзын шашын кесіп алып, қолына ұстатады да, өздері қашып кетеді. Шашының қайтадан өсетінін білетін балалар, бұл істерін тек қыздың өздерінің сөзін тыңдамағанын бұларды менсінбегенінің айыбы санайды. Бірақ шешесіне еріп, қос бұрымын қолына ұстап жылап келген Назымды көргенде, балалар ұялғанынан, ал кейбіреулері тартатын жазадан қорыққанынан бәрі бірдей: «Бұны істеген біз емес»,- деп, танып шыға келеді. Бәрін басқарған, өздерін үгіттеген Сәлім деуге батылдары бармайды. Жолдастарын ұстап беруді опасыздыққа санайтын кездері, бәрі бірдей Сәлімді атамай қасарыса қалады. Тек қос бұрымынан айрылып жылап тұрған Назымды аяп, Еркебұлан ғана сәл күмілжиді, бірақ бұ да «қауымның» дегенінен шығуды өзіне лайық көрмей: «Ештеңе білгем жоқ, көргем жоқ», — деп құтылады.
Ал қазір... Әйелдің сөзінен барлық жағдайды ұққан Асығат, кенет түсі өзгеріп кетіп, оған:
— Жарайды, — деді іштегі күйінішін сыртына шығармауға тырысып, тұнжырай сөйлеп, — мына шаштарды тастап кетіңіз, соңынан аларсыз. Ал баламыз келген соң барлық шындығын біліп, өзіңізге хабарласармыз.
Сол күні Еркебұлан мектептен өте жүдеу қайтты. Өз бөлмесіне кіріп, кітаптарын тастап, ас ішуге қонақ үйге шыққанында, диван үстінде жатқан қос бұрымды көрді.
Кенет өңі қашып, төмен қарады. Баласының түрінің өзгеріп кеткенін көріп тұрған Асығат:
— Сен бүгін Назымды көрдің бе? — деді.
Еркебұлан әзер-әзер сөйледі.
— Көрдім...
— Бұрын қандай еді, бүгін қандай екен?
Баласы үндемеді.
— Кеше ғой қос бұрымы төгілген, өздеріңе күле қараған Назым бар еді. Оны көргенде өздеріңді де бір қуаныш билемейтін бе еді, ал бүгін... сол өзіне көрік берген қос бұрымынан айрылып, жылап тұрған жолдас қыздарыңды көргенде, расыменен сендер қанша қуаныштарыңды жоғалтқандарыңды түсінбедіңдер ме? Жарайды, бір ерегіспен, не бір балалық түсінбестікпен, тіпті ештеңеге тұрмайтын өшпенділікпен сендер Назымды жазалағыларың келген шығар, бірақ өздеріңе де сүйкімді, өздеріңді де мәз ететін оның әдемілігін, сұлулығын масқаралауға қалай дәттерің барды? Өмірде егер шындық, әділеттік, көркемдік болмаса, бұл өмірдің еш қызығы да болмас еді. Жоқ, сендер құр ғана Назымды жазалаған жоқсыңдар, көркемдікті де жазаладыңдар. Көркемдікпен бірге өздеріңді де жазаладыңдар.
— Көке, — деді Еркебұлан кенет басын жерден көтеріп алып. — Біз қандай жамандық істегенімізді бағана Назымды көргенде бірден түсіндім. Бұдан былай қарай мен ешкімге ондай қиянат істемеуге уәдемді беремін!
— Өз қатеңді өзің түсінгеніне мың да бір рахмет, — деді әкесі, — сенің сөзіңде тұратыныңа күмәнім жоқ, — кенет ол баласының басынан сипады. — Бірақ өмірдің аты -өмір. Біреу саған қатты сөйлесе, не жамандық істесе, саған да жауап қайтаруға тура келеді. Тек ақылым: айтар сөзің, істер жамандығың оған қалай тиеді, алдымен соны ойла.
Әке-шешесі балаларының жақсы адам болып шығатынына күмән келтірмеді. Оған баласының өзінің болашақ ойларын, инженерлік армандарын қалай орындайтынын қиялдана суреттеген сөздері дәлел болды.
Алматының болашағы туралы баласымен өткен жылы сөйлескен сөзі Асығаттың әлі есінде.
Демалыс күні еді. Асығат таңертеңнен бері жұмыс үстінде отырған. Бір мезет ол қалың ойға шомды. Осы кезде аяғын ептеп басып әкесінің жанына Еркебұлан келді. Балконның ашық есігінен сыртқа қарады. Көз алдындағы көрініс елең еткізді. Әкесінің де осы суретке қарап отырғанын ұқты. Қарлы Алатау, бір ғажайып құстың қос қанаты тәрізді, қаланың үстінде қалқып, төңіректі бауырының астына алғандай. Тау қойнауындағы шаһар Асығаттың жұмыс кабинетінің терезесінен бір түрлі нұрланып, сәулелене көз тартады. Тау өңіріне күздің алғашқы күндері келіп, қайың, қарағаштың жапырақтары сарғайыпты. Бақшада, қала алаңдарындағы қызылды-жасылды гүлдердің жұпар иістері мұрныңды жарады. Ал терезе алдындағы гүл шоқтары тоқыған кілем тәрізді. Кенет селдір бұлт астынан күн шығып, қала қобдишадан алынған гауһар тастай, жарқырай қалды. Алатаудың бөктеріндегі қала ертедегі Гүлстан тәрізді адамның қиялына сыймас бір керемет сұлулыққа шомыла түсті. Әкесі мен баласы осынау кенет өзгерген қала бейнесіне таң қалып оған бұрынғыдан да сүйсіне қарады.
— Алматы қандай сұлу! — деді Еркебұлан. Баласының бұл сөзінен Асығат осынау тауға, етегіндегі жүріп жатқан қала құрылысының ғажайып бейнелерінен, жасыл төккен бау-бақшаның сәнді көркінен туған ерекше шаттықтың үнін естіді.
— Әйтсе де, ескі қала көңіліме тым жақын. Жас кезімдегі суреті әлі көз алдымнан кетпейді, — деді Асығат ақырын күрсініп. — Ал қазір фабрикалардың корпустарындай, қатарласа тізілген, сіріңкенің қорабына ұқсас біркелкі үйлер көбейіп барады. Әсіресе шеткі жақта... Көше біткеннің бәрі бір тал шөп шықпайтын асфальтпен құндақталған. Күн сәл қызса, балқып, қара май иісін аңқытады. Жоқ, бұл — сұлулық емес, тек мәдениет.
— Иә, иә, — деді Еркебұлан күліп,- айтып тұрғаныңыз, өтіп бара жатқанның бәрі қымбат деген баяғы ескі ән ғой. Ал салынып жатқан үйлерді шырпы қорабына ұқсайды дегенді сіз артық айтқандайсыз. — Еркебұлан әкесіне де, шешесіне де тек «сіз» деп сөйлейтін, — жоқ, артық айтқан да жоқсыз, бұл іске тек бір бүйірінен қараған секілдісіз. Және қолайсыз бүйірінен қарағандайсыз. Есіңізде ме ескі қала?
— Есімде. Есімде болмай! Және Алматының сол кезде де сұлу қала екені де есімде. Бар шаһар алма ағашының иісімен аңқитын. Сол уақыттағы апорт алмасының қандай екенін қазір ұмытуға айналдық. Ал апорттың үлкендігі мынандай болатын! — Ол қос жұдырығын көрсетті. Екі қадақтан бір мысқалы кем келмейтін. Сондай алманың бір арбасы екі-ақ сом тұратын. Сол кездің тілімен айтқанда екі-ақ сөлкебай!
— Бірақ әр нәрсенің кезегі бар, асықпасаңыз әлі Алматының ортасында бұлбұлдар сайрап, көшелерінде алма ағаштарының жұпар иісі аңқитын күндері де туады. Тек уақыт беріңіз! — деді Еркебұлан.
— Ондай күнге жеткенше, бұл арада бір де бір алма ағашы қалмас! — Қолын бір-ақ сілтеді Асығат. — Жәшік тәрізді биік үйлер, асфальт, машиналар, он мыңдаған такси - адам баласына осы ма керегі, ә?
— Бұлар да керек! — Еркебұлан басын изеді, — мәселе әр нәрсені өзінің құндылығына қарай пайдалана білуде. Біреуін асырып жіберсең болғаны - қаланың бар гармониясы бұзылады.
Әкесі баласына «тағы не айтасың?» дегендей сүйсіне қарады.
— Иә, — деді Еркебұлан қайта сөйлеп. — Алматы секілді сұлу қаланы салу бар да, оны қорғай білу бар. Өзіңіз білесіз, жетпіс үшінші жылы ұлы апатқа ұшырай жаздаған жоқпыз ба?
Еркебұланның айтып тұрғаны Медеудегі үлкен бөгет құрылысына байланысты жәйт еді.
— Сосын, қаланың тағы бір қиындығы, — деді ол қайтадан сөйлеп. — Алматы Мәскеу не Калуга сияқты жазық далада тұрған жоқ, Алатаудың бөктерінде жатыр.
— Иә, мазасыз өңір, — Асығат басын изеді, — ара-тұра сілкініп тұратын қауіпті өңір.
Бұлар сол күні ұзақ сөйлескен. Әкесі баласының институтты жақсы бітірген жай инженер ғана емес, ойы ұшқыр ақылды инженер екенін түсінген.
Көңілі орныққан әке енді жазып жүрген бас кітабына бұрынғысынан да белсене кіріскен. Бірақ осы көктемнен бері ішінде бірдеме сыздана түйіліп мазасын қатты ала берген соң емханаға барған. Көп бақылау, тексеруден кейін өзін қабылдаған қарт профессор:
— Ал, Асығат, дереу саған операция істеу керек, — деген. — Қуыққа таяу тік ішегіңде ісік бар...
— Ал операция істетпесем не болады? — деген Асығат профессорға күле қарап.
— Не болатын еді, іс насырға шабады, — деген профессор. Кеселінің өте қауіпті екенін Асығат енді түсінген.
— Ал операциясы қалай бұл кеселдің? Ауыр ма, жеңіл ме?
— Жеңіл операция емес, — профессор бұл жолы тікесін айтты. — Ісік қуыққа жақын тұрғандықтан мұндай операция әрқашанда ауыр. Оның үстіне сенің жүрегіңнің көптен келе жатқан ыңқыл-сыңқылы бар. Ең алдыменен жүрегіңді емдету керек. Онсыз бұл операция да қауіпті.
— Егер жүрегім жазылмаса қайтесіздер? — деді Асығат. Бұл сұрақты неге бергенін өзі де білмеді.
— Жүрегіңнің жазылғанын күтеміз.
— Ал тіпті жазылмаса қайтесіз?
— Екі жағдайды салыстырамыз. Қайсы қауіпсіз болады, соны істейміз.
Былай да, былай да жағдайының қиын екенін, Асығат түсінді. Әрине, операцияға жатып бұл кеселден біржолата арылған дұрыс-ақ болар еді, бірақ соңғы кезде сыр беріп қап жүрген жүрегіне сенбеді.
Асығат бойын тез жинап алды.
— Жарайды, — деді ол. — Маған бір тәулікке ерік беріңіздер. Шешімімді содан кейін айтайын.
— О да болсын, — деді қарт профессор.
«Жасы келген адамға пышаққа түсу әрқашанда қауіпті дүние. Оның үстіне жүрек ауруы тағы бар. Ал операция істетпесе қайтеді? Ең жаман дегенде алдында әлі де өмір бар ғой. Сол кезде өзінің өмірінің арманына айналған кітабын бітіреді емес пе? Операциядан аман қалмаса арманда кетпей ме?»
Осындай бұлқан-талқан ой шырмаған Асығат түні бойы кірпік ілмей шықты.
Әрі Қырмызысын ойлады. Жоқ, ұзақ жыл өмір атты өткелден біріне-бірі сүйеу болып жығылмай еткендіктен ол Қырмызысын жақсы көретін. Бұл екеуінің арасындағы махаббат күн аптабынан тоттанып, әжімделе түскен жүздеріндей ескі махаббат болғанымен, бір-біріне деген адалдық атты сыннан өткен, гауһар тас тәрізді тозбайтын, қартаймайтын асыл махаббат еді.
Асығаттың әлі есінде, онда бұл университеттің үшінші курсында еді. Өлеңмен басы қатып жүрген шағы. Үлкен тыныстамада университет алдындағы кішкентай алаңға шығып «желең» деп бітетін жолдың, айтуға «серең», «керең» тәрізді дөрекі емес, тілге майда, көңілге жеңіл тиетін ұйқасымын таба алмай, алаңды ерсілі-қарсылы кезіп жүрген-ді. Фонтанды айнала бергенде кенет ол:
— Ағай, қарындашыңызды түсіріп алдыңыз, — деген бір әуезді үн естиді.
— Ой, айналайын-ай. — Жігіт бұрылып жерде жатқан қарындашын алды. Басын көтерді. Қарсы алдында бота көзі күлімдеп, бір сұлу қыз тұр. Бұрын университетте көрмеген бұны. «Биыл түскен ғой», — деді ол ішінен. Өзіне күлімсірей қарап тұрған мөлдір көзіне көзі түсіп сасып қалды, жүрегі электр тогы ұрғандай дір етті. Сасқанынан не дерін білмей:
— Кімнің қызысың? — деді.
Қыз інжу-маржандай аппақ тістерін көрсете күлді.
— Апамның қызымын.
— Апаңның папасы бар ма?
— Бар. Биыл сексенге аяқ басты.
— Ой, айналайын-ай, мен ол папасын айтып тұрған жоқпын.
— Енді қай папасын? Әлде менің папамды айтып тұрсыз ба?
— Иә, иә!
— О да болған. Бірақ соғыста қаза тапқан.
— О, айналайын-ай.
— Сіз немене, таныспай жатып, мені айнала-толғана қалғаныңыз? — деп қыз тағы күлген.
Жігіт қуанып кетті.
— Иә, иә, дұрыс қой. Танысайық, менің атым — Асығат.
— Ал менің атым — Қырмызы.
Қыз ұзын саусақты аппақ қолын ұсынды.
Асығаттың есіне тағы бір сурет түсті. Біраз күн өткеннен соң қызды алғаш рет құшақтап, еш адам ернін тигізіп көрмеген Қырмызының жаңа піскен шиедей қызыл ернінен сүйген.
Міне, содан бері қанша жыл өтті. Бірақ бұл екеуінің өмір деген арпалысты ұзақ сапарда ашуланған, не бірдемеге қатты ренжіген кездері болған жоқ. «Түу, қайдағы жоқты айтады екенсің!», «Мені ойнап жүр дейсің бе» деген секілді сәл кикілжің назға аралас ауыздарынан әлдеқалай шығып кеткен бірдемелер болмаса, бір-біріне көңіл қалатын, не ұзақ уақыт ұмытпайтын өкпелі сөз айтып көрген емес.
Сол жұбайы, қос аққудың сыңары болған жұбайы, алда-жалда бұл пышақ үстінде қаза тапса не болады? Қайғыдан өледі ғой. Оның үстіне өзі аллергиялық көкжөтел, биыл күз осындай ауруды жазады екен дегенге Чехословакияға апармақшы еді.
«Жоқ, жоқ,- деді Асығат өзіне-өзі. Аз уақыт болса да бірге болайық. Менсіз ол қалай өмір сүреді! Еркебұланым да институт бітіргенмен, әлі екі аяғымен тік тұрған жоқ. Оған да әлі мен тәрізді рухани сүйеніш керек».
Кенет оның есіне, осыдан он жыл бұрын бір лашын құстың қалай өлгені түсті. Ұлпа қар жауып, күн жаңа ашылған еді. Жердің беті аппақ және нағыз ақ мақта тәрізді, жұп-жұмсақ болатын. Асығат беті қабыршықтанып қата бастаған көлді жағалап келе жатқан. Өлгелі жатқан лашынды ол байқамай қалды. Лашын да қар тәрізді аппақ еді. Тек өте бергенінде аяғының астынан бірдеме қыбырлағандай болды. Сәл кейін шегініп қарады. Қардың үстінде жатқан аппақ лашын құсты көрді. Тек тұмсығы мен топшысынан төменгі жағы, өткір ұшты тырнақтары ғана қоңыр. Бөтен құспенен төбелесіп жараланды ма екен, әлде бір жерінен оқ тиді ме, жатқан жері қарға жайылған қанынан сәл қызғылт тартқан. Асығат еңкейгенде, ол адамнан қорқып, не шошып дүр етпеді. Әлде қатты жараланып қимылдауға күші жоқ па, не өзіне төнген адамды көрмей жатыр ма? Асығат оның көзіне қарады, жоқ, ол әлі тірі екен және өзіне төнген адамды да сезген тәрізді, бірақ қимылдар емес. Асығат қайтадан енді оның көзіне үңіле қарады. Сарғылт көзін аспанға қадап, лашын телміре қалған. Қар жауғаннан кейін ашылған аспан көкпеңбек еді. Осы көгілдір аспанды күнде сан кезіп, өзінің табиғи еркіндігін мадақ етіп жүрген ақ лашын, қазір сол қуанышына ең болмаса бір көтеріле алмағанына өкініп жатқандай. Асығат құс қасіретін түсінді. Ол лашынды екі қолымен жайлап ұстап ақырын көтерді. Түрегеліп, алақанының үстіне отырғызып сәл тұрды. Сөйтті де аспанға қарап «Әп!» - деп лақтырып жіберді. Құс Асығатқа рақметін айтқандай, жаралы қанаттарын әзер қағып үстінен бір айналып өтті де, ең соңғы күшін жинап жоғары көтеріле берді. Арқан бойы жоғарылады да, бірдеме іздегендей Асығат тұрған жерді, қанаттарын әзер-әзер қағып, тағы бір айналып өтті. Сосын кенет «бұдан әрі күшім жоқ» дегендей, екі қанатын ашып алып, құлаған тастай жерге қарай шүйілді.
Асығат лашын түскен жерге жүгіріп барды. Осынау қар басқан даладан лашын сәл биіктеу бір төмпешікке келіп құлапты. Төмпешіктің құс құлаған жері қарайып көрініп тұр. Үлкен бір томардың түбірі екен. Кеудесімен түсіпті. Қан-қан болған кеудесін аударып, Асығат енді шыны тәрізді қатып қалған құстың сарғылт көзіне тағы қарады. Ешбір қорыққандықтың, не қиналғандықтың белгісі жоқ. Сөніп кеткен лашынның көзінен, ақынға құс жаңа ғана көктен күткен сұрағына жанына жайлы жауабын тапқандай көрінді.
«Бишара, ең ақырғы рет көк аспанын құшып өлгеніне риза болған екен!» - деген ол құстың солай өлуді арман еткенін білмесе де, өз сөзіне өзі сеніп.
— Құс екеш құс та өлімнен қорықпады ғой, — деді ол дауыстан. — Көк аспанын сүйіп өлді. Ал мен неге қорқамын! Мен де өз арманыма жетіп, дастанымды бітіріп, әйелімді ауруынан жаздырып, баламды жеткізіп неге өлмеймін? Сонда менің өмірім де әлі лашынның өліміндей құрметті аяқталмай ма?
Ертеңіне ол емханаға барған. Қарт профессорға:
— Жоқ, мен операцияға жатпаймын, — деген. — Аз болса да әлі де өмір сүргім келеді. Өмір шіркінді кім қиған.
Қарт профессор бұған ойлана қараған.
— Мейлің — деген аздан кейін. — Бірақ емдел. Мүмкін, көне ем, дәрі шөптердің жәрдемі тиер.
Асығат өлгісі келмеген.
Сол себептен Тың өлкесіне үш айға жүріп кетті. Өз сырқатын әйелі мен баласына айтпаған. Оларды қайғыртқысы жоқ.
Мұнда келгеннен кейін, қазақтың шөппен емдейтін бір қарт дәрігеріне де жолыққан. Көңіліме медеу болсын деп оның берген дәрі-дәрмегін ішуге де кірісті. Бірақ Асығаттың ауру жанынын негізгі емі өзінің дастаны болды. Өлер адамның бой жазуы тәрізді, кенет оны бір шабыт биледі.
Аз уақытта Асығат дастанын бітіруге айналды. Бұл оған, жүріп келе жатқан ұзақ жолының бітуге жақындағанындай күш, қуат берді. Бұрынғысынан да шабыттана түсірді. Мұндайда Асығатқа оны күтіп тұрған өлім де бәлендей қорқынышты көрінбеді. Сөйтсе де, әр күні еткен сайын, дастанының әр жолы жақсы шыққан сайын өлімнің таяй түскенін ұмытты. Дастанын бітіруге таяған сайын, өзінің бұл дүниедегі міндетін атқарып өтер адамдай, көңілі бір түрлі орныққандай сезінді. Асығат мұндай күндері күнделік дәптеріне:
Өмір, сенің қызығыңды көріп ем,
Бар отымды жүректегі беріп ем,
Суығына тоңсам-дағы шыдағам,
ЬІстығыңнан майдай балқып еріп ем.
Кезім болған күресіңнен жеңілген,
Көзім жассыз, көңілім жылап егілген.
Пендемін ғой мен де туған анадан,
Жаралғам жоқ тастан әлде темірден.
Төлейтін күн таяу қалған тәрізді
Өмір атты уақытша алған қарызды,
Бар сұрарым, ақтай, сірә, алдым ба
Адам деген ұлы борыш парызды, —
деп жазды. Осы кезде ол дастанын да бітірді. Тың өлкесінің егіс орағы қызу жүріп жатқан кезінде Алматыға қайтты. Мұнда келгесін бар күші, уақыты «Еркебұланымды қалай құтқарам» деген арманға ауды.
Бұл күнде Еркебұланның шешесі де осындай халде еді. Өзінің әлсін-әлсін ұстай беретін ескі кеселіне қарамай, бар тілегі жалғыз баласынын төңірегінде еді.
ҮШІНШІ ТАРАУ
Кішкентай бөбекті алып қашқан Қаражан атынын басын үйіне қарай бұрмады. Қоймасындағы колхоздың дүние-мүлкін көп жылдан бері сатып, жеп, өзі де әбден күнәға батып болған-ды. Жақында еткен колхоз басқармасының мәжілісінде Қаражанның көп жылдан бергі қолынан өткен колхоз заттарынан есеп алу жөнінде шара белгіленген. Ал оның жегені аз емес-ті. «Қашарыңда қашарсың, бірақ босанарыңда сасарсың». Жеуін жегенмен де Қаражан өзіне ревизия келетінін білгеннен бері мазасы кетіп, қобалжуда еді. Сөз жоқ ревизия дұрыс жүргізілсе қылмысы ашылады, қайтадан абақтыға түсері даусыз. Келе жатқан бәледен қалай құтылам деп басы әңкі-тәңкі болды. Енді колхоздан біржолата қашуға тәуекел етті. Ішінен буынған шүберек белбеуіне колхоз заттарын сатудан жинаған ақшаларын қат-қат етіп тігіп алып, сәтті күнді күтіп жүрді. Бүгін, ойда жоқ жерден Қырмызының мына жас сәбиін ұрлап алысыменен-ақ шешім өзінен-өзі келген. Қаражан, енді ең алдыменен өзінің алғашқы сотталған мерзімін өткізген Новосибирскіге қашпақ болды. Бұл қалаға жеткеннен кейін одан әрі Сібірдің тіпті Қиыр Шығыстың тайгасына кіріп жоқ болмақшы. Сол себептен ол өз үйіне бұрылмаған. Бірге туған ешкімі жоқ, ал мұндағы жамағайын туыс, руластарының құны оған бес тиын. Ал сотталар болса, Қаражан өзіне он жылдан кем бермейтінін біледі. Он жыл! Одан құтылып келгенше кім бар, кім жоқ. Және ол он жыл деген ең жеңіл жаза ғой. Жиырма жыл! Бұл бір адамның өмірі ғой. Оған қалай шыдайды! Жоқ, жоқ, қашу керек! Қашу керек!
Қаражан сай-қырқаларды тасалап, ұзақ жүрді. Аттың бөкен желісімен тербеліп, шырт ұйқыдағы бала ояна қоймады. Ай сүттей жарық. Ел орнықты-ау деген кезде бөтен бір колхоздың қой фермасына кеп тоқтады. Қырқалы сайдың жағасында отырған екі-үш үй екен. Бір-екі кемпір-шал мен бала-шаға. Шалдың бірі Қаражанға таныс болып шықты.
— Түнделетіп қайда бара жатырсың? — деді шал, Қаражанның атының шылбырын белдеуге байлап жатып.
— Мына бір кішкентайымыз сырқаттанып қалып, соны Ташкент түбіндегі бір білгір балгерге апара жатырмын, — деді Қаражан жоқ жерден сылтау тауып.
— Ә... — деді шал, — осы күнгі дәрігерлердің қолынан келмейтін, бақсы-балгер емдейтін ол қандай кесел?
— Өзіміз де білмейміз. Колхоз дәрігерлері емін таба алмай-ақ қойды. Балгерді керемет дегеннен кейін апара жатырмын.
— Бишара баланың титтейінен ондай кеселге ұрынғаны қиын болған екен, — деді шал, сосын әлдене есіне түскендей. — Өзіңнің балаң ба, былтыр барғанымда мұндай сәбиің жоқ секілді еді ғой...
Қаражан қалжыңдай күлді.
— Бұл заманның биелері қысырында да құлындайтын болыпты ғой.
Бұлар осылай сөйлесе үйге кірді. Ошақ басында, асылған қазаннын астындағы отты көсеп, бір қартаңдау әйел отыр. Түнделетіп үйге кіріп келе жатқан балалы жігітті көріп, аузын сылп еткізіп амандасты да, ұшып тұрып, төрге көрпе салды.
— Жоғары шығыңыз, — деді ол сыпайылық көрсетіп, өзі босаға жаққа шегінді.
— Әке-шешесі тастап кеткен соң биыл балалар үйінен алып едік, — деді Қаражан шалға, бұл қалжыңым емес, шыным дегендей инабатты үнменен.
— Өзі ұл ма, қыз ба? — деді шал. — Оянар емес қой.
Алып қашқан баласынын кім екенін Қаражан өзі де білмейтін. Жолай бетін ашып түріне бірер рет қараған. Оған айнымаған Қырмызы секілді көрінген. Күнәкар, мүйіз боп қата бастаған жүрегі әлденеге кенет жылып кеткен. Осы бір ойда жоқтан туған сезім Қаражанның үйіне қайтпай, баланы алып беті ауған жаққа кете беруінің де бір себебі еді. Алған әйелінің сүйегі жарылмай, әкелік мейірімнің не екенін білмеген Қаражан, әйелі нәрестелер үйінен үш жасар баланы әкелгенде де селт етпеген. Ал бұл жолы... Баланың Қырмызыға ұқсастығынан көңілі жібіді ме, әйтеуір, ұйықтап жатқан сәбидің бетіне бетін таяп, оның тек нәрестеге ғана тән ерекше иісінен бір сәт мастана қалғандай болды. Кенет жанын, тәнін, ақыл, санасын өзіне жат басқа бір күш билеп кеткендей сезінді. Бұның қандай күш екенін өзі де білмейді. Шалдың: «Балаң ұл ма, қыз ба?» — деген сұрағына дәл қазір жауап қайтару бұған өте қиын еді. Демек сәбидің дәл шешесіне ұқсас кескіні есіне түсіп, қарт шопанға «қыз» демекші боп ыңғайлана бергенінде, бұл сұрақтан шалдың өзі құтқарды.
— Қатын, — деді кәрі шопан ошақ басына қайта отырған әйеліне қарап, — мына жігіт «Шеңгелді» колхозыныкі. Баласы сырқаттанып, Ташкент түбіндегі бір балгер-тәуіпке алып бара жатыр екен. Жол соғып шаршаған да шығар, піссе қазаныңды тезірек түсір.
— Алда бишара-ай, тумай жатып кеселге қалай ілікті екен, — әйел баланы аяп, асын түсірмекші болып күйбеңдей қалды. — Қазір, қазір түсірейін, өзі піскен шығар... Бишара баланың тіпті үні де шықпайды ғой, өзі аман ба?
Сөйткенше болған жоқ, Қаражанның жанында көрпеде ораулы жатқан бала кенет шар ете қалды.
— Айналайын, — деп Қаражан баланы көрпе-мөрпесімен көтеріп алдына алып әлдилей бастады.
Сірә, ұйқысы қанып қалған болуы керек, бала көзін ашып, өзіне төніп әлдилеп отырған кісінің бетіне сәл қарап жатты да, бейтаныс адамды көріп жатырқап, қолды-аяққа тұрмай бақырып-жылап қоя берді.
— Бишара, шешесін жоқтап жатыр-ау, — деді шал, сөйдеді де қатынына қарады, — әйелсің ғой, сен алып жұбатып көрші, әкесіне болар емес қой,- деді.
Әйел баланы алып, көрпесін шешті. Аппақ сазандай қыз бала екен. Іш етіп қойған екен. Әйел: «Қазір, қазір... сәл шыда... сүт беремін. Қаймақ беремін»,- деп, күбірлей сөйлеп баланы қайта құндақтап, әкесіне берді.
— Алдыңызға алып әлдилей тұрыңызшы, — деді әйел, — қарны ашқан шығар, қазір мен сүт әкелейін.
Бала Қаражанның алдына барысымен, қайтадан шырылдап жылап қоя берді...
— Балаға әке шешедей қайдан болсын, — деді есі шыққан Қаражан.
Шал оған сәл сезіктене қарады.
— Тым жатырқанып жатыр-ау...
Сөйткенше болған жоқ, қолына кешке таман ғана сауған қойдың бір кесе сүтін алып әйел үйге қайта кірді. Бала жылауын қойып, қасықпен берген сүтті кәдімгідей іше бастады... Әрі-беріден соң бітіруге айналды. Қарны ашып қалған екен. Тынышталған баланы енді әйел әкесіне берген жоқ, жанына қойды.
— Денесінің ыстығы да жоқ, тамағы да cay, — деді әйел. — Сонда бұл сәбидің қандай ауруы болды екен?
Шал мен әйел екеуі бірдей Қаражанға қарай қалды. Бірақ Қаражан абыржыған жоқ.
— Оңай ауруы болса өзіміздің колхоздың дәрігері де жазар еді ғой. Ат үсті қияндағы балгерге неге апара жатыр дейсіз, — деді ол. — Бишаранікі ұстамалы кесел!
— Япырай, ә!
— Алда бишара-ай!..
Қаражан ас ішіп болған соң суып қалған атына азырақ жем беріп, жүрмек болды. Кемпір-шалдың сезіктеніп отырғандарын бұ да байқаған және біреу-міреу мені көрген болса, соңымнан қуғыншының да келуі мүмкін ғой деп қауіптенген. Жібергісі келмеген шал мен әйелге: «Күндіз тым ыстық, баланы жол соғып тастайды. Атым әлі болдырған жоқ, түннің салқынымен біраз жерге жетіп қалайын», — деп болмады.
Ал бұл фермадағы шопандарға әнеугүнгі түндегі салт атты бөтен адамның баласын алып қашқан екен деген хабар жеткенде, Қаражан Өзбекстан жеріне кіріп те үлгірген. Аудандық милиция республикалық милицияға хабарлап, көрші республикалардан қашқынды іздегенше көп уақыт өтіп кетті. Баланы ұрлаған Қаражан құмға сіңген судай біржолата жоғалды.
Ал Қаражан бұл кезде аман-есен Ташкентке таяу бір станцияға жеткен. Сосын «Баламды Ташкентке дәрігерге апара жатыр едім. Күн ыстық, жолды көтере алатын емеспіз, енді поезға мінсек пе деп тұрмыз», — деп, сол станцияның басындағы бір қазаққа астындағы атын арзан бағаға сатып, Ташкентке қарай ағыл-тегіл жүріп жатқан жүк машинаның біреуіне мінген. Мұнда келгеннен кейін, енді осы арадан өзі абақтысында болған Сібірге кетуді ойлады. Поезға мінуге қорықты. Өйтіп-бүйтіп самолетке билет алып, Рубцовкаға келіп түсті. Енді осы арадан поезбен Новосибирскіге барып, ретін тауып, одан әрі асып, Сібірдің ұшы-қиыры жоқ тайгасына сіңіп кетсем бе деп ойлаған. Осылай ол неғұрлым Қазақстан шекарасынан алыстай берсем, соғұрлым қауіптен де алыстай беремін ғой деп сенген. Бүйтіп жол шегу оған бәлендей қиынға да түскен жоқ. Қалтасында ақшасы мол, ал ақшасы мол адамға жол табу да қиын емес. Оның үстіне баласы да бұрынғыдай жатырқанып жыламайды. Үнемі құшағынан тастамай, әлсін-әлсін еміздікпен сүт берген кісіге ол бірте-бірте үйренді. Дегенмен бұлай қашқан Қаражанның көңілі де бұлқан-талқан еді. Қасқыр екеш қасқыр да аштық қуып, тамақ іздеп өзінің туып-өскен апанынан алыстаған сайын, ұзақ уақыт ұмытпай, қайта-қайта оған оралғысы келіп тұрады дейді. Қаражан да, қанша қасқыр мінезді болғанымен де, туып-өскен жерінен ұзаған сайын, артына қарай берді. Қарай беріп алыстай берді, бірақ артына қарай-қарай алыстады. Өйткені ол өзінің осы кеткені - туған елден мүлдем кеткені екенін түсінген. Алдында отырған нәрестесі сондықтан да ұшы-қиыры жоқ құмайт шөлді, көделі, жусанды кең даласының ескерткішке алған бір уыс топырағы секілді боп көрініп кетті. Даласын жоғалтқанмен, төлеуін алып көңілі көншіккендей санады ол өзін. Ал қазақ секілді көшпелі елдің баласына қонар көлі, ұшар көгі туған жері ғой, Қаражан да сол туған жерін кейде жаны ауыра қимай, істеген қылмысы үшін қандай жаза болса да көнбек боп, бір сәт кейін қайтуға да бел буған. Бірақ бұл ойынан ол тез қайтты. Оған себеп — осы кішкене сәби болды. Әрине, еліне қайта барса, бұны мына құшағындағы баладан айырады. Жоқ, жоқ, ондай ауыр азапқа енді Қаражан көне алмайды. Өзі тірі тұрғанда қуыршақтай киіндіріп, бауырына басқан осы бір жусан аңқыған қуанышын ешкімге де бермейді. Одан да өлгені артық.
Жоқ, Қаражан кішкентай сәбиді бірден жақсы көріп қалған жоқ. Ондай сезімнен ол тіпті аулақ еді. Бірақ қасқыр екеш қасқыр да алып қашқан адамның баласын бірден жей қоймайды. Емізеді, бауырына басады, тағылық мінезге үйретеді, өзіндей қасқыр етуге тырысады. Кішкентай балаға деген, әсіресе, қасқыр секілді аңда, ғылым әлі толық дәлелдей алмаған, ерекше бір осал сезім болады дейді оқымыстылар. Ал Қаражанды алсақ, бұл да бір, қасқыр да бір еді. Мүмкін, сол қасқырға тән сезім, мұны да биледі, әйтеуір сәбиге ол шу дегеннен жан ашырлық мінез көрсетті. Бірте-бірте сол сезім Қаражанды балаға үйретті. Уақыт өткен сайын, сәбидің қылығына мәз болуды шығарды. Бұрын біреуді, әсіресе өзін мүсіркеп көрмеген Қаражан, алдында отырған бала еркелеп көнтерідей қатып қалған бетін жұп-жұмсақ алақанымен алғаш рет ақырын сипағанында, өзі өз болғалы босап кетіп, көзіне жас алды. «Айналайын-ай, құдай үйретті ме саған бұл қылықты, құрбаның болып кетейін, сен не тілесең, соны істермін, қаласаң өзім түскен жаман жолдан да шығамын!» Ол өзінің түскен жолының дұрыс емес екенін бірінші рет мойындады, бірақ толып жатқан себеп болды. Әсіресе жастайынан қанына Қаражан соңынан бұл уәдесінен шыға алмады. Оған сіңген қайсарлығы, өз дегенін дұрыс санар бір беткей мінез-құлқы мен сана-сезімінің тайыздығы жібермеді. Жүрегінде кенет пайда болған сәбиге деген осы бір ыстық махаббат, оның ойына сіңген жаман қасиетін жеңе алмады. Бұл әлі әкелік махаббат емес еді. Қаражанның сәбиді қазіргі жақсы көруі, оны кейін қайтудан сақтап қалғанмен, жарқ еткен жалынды сәуле ме, әлде ұзақ маздап жанар от па, белгісіз еді...
Самолеттен түскеннен кейін, ол жол-жөнекей бір машинаға отырып, темір жол станциясына келді. Енді осы арадан жаңа жүре бастаған «Ташкент — Новосибирск» поезына мінбек болды. Қазақстан тұсында болмаса, бұл поездан бұларды іздемейтіндерін ол жақсы білетін. Келер күні қолындағы кішкентай баласын сылтау етіп «Ташкент -Новосибирск» поезына билет алды. Бірақ үш күн бойы міне алмады. Соғыс біткеніне біраз жыл өтсе де теміржолда мықты тәртіп бола қоймаған шақ. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жұрт. Вагон біткен лық толған. Эвакуациямен келген біреулер бала-шағасымен еліне қайтып бара жатыр. Әскери қызметтен босанған адамдар да көп. Уақытша туған азық-түлік, зат қиыншылықтарын пайдаланып, қап-түйіншек арқалаған алып-сатар, саудагерлер де баршылық. Кейбіреулер командировкамен келе жатырмыз дейді. Әйтеуір, поезға мініп болмайды. Билетінің барлығына кондукторлар қарамайды. «Орын жоқ», — деп, мелшиеді де тұрады. Ал бірен-саран әйел кондукторға күш көрсетіп, кимелей-жармалай кірем деген біреу болса, кондуктордың ар жағында шөп ұстағандай боп тұрған жолаушылардың өздері де: «Куда прешь, сказано же нет места», — деп, кеудеңнен итермелеп жерге бір-ақ түсіреді.
Үш күннен бері кішкентай баласымен поезға міне алмай отырған қазақты сол күні вокзалдағы тәртіпті қарап жүрген «әскери патруль» деген білектерінде Қызыл шүберектері бар солдаттар көрді. Бұлардың екеуі Қазақстаннан келгендер еді. Олар жерлестерін танып және ыстықта үш күннен бері жүре алмай отырған кішкентай баланы аяп кетті. Командирлерімен сөйлесіп, келе жатқан «Ташкент — Новосибирск» поезына балалы жігітті отырғызбақшы болды. Көп кешікпей гүрсілдей-арсылдай вагондарының ішіне кісі лық толған поезд да жетті.
— Жерлес ағайын, — деді екі солдаттың қазақша білетіні, — жүр, біз қазір сені вагонға мінгіземіз.
— Ой, рақмет, — деп, Қаражан қуанып кетті. Кішкентай бөбегін, қуыршақтай етіп, бір қолымен құшақтап, екінші қолымен ондай-мұндайларын, баласының киім-кешегін, жаялықтары салынған, жолай сатып алған шамаданын ұстап, патруль солдаттарға ерді.
Патруль командир! старшина жігіт вагондарды өзі аралап келді де, біреуіне тоқтады.
— Осы вагонға кіргізіңдер, — деді ол солдаттарға, — өзгелерден мұнда кісі аз, бір орын табылатын секілді.
Бұл вагонның да есігінің алдында иін тіресіп тұрған жолаушылар. «Ешкімді де бері қарай өткізбеймін» деген пішін көрсетіп есіктің екі жағындағы темірінен ұстап үстінде жеңі шолақ майка, кеуде, білектері жүн-жүн еңгезердей қап-қара біреу тұр, грек екенін, армян екенін айыра алмайсың, өзгелерден гөрі ашулы.
— Кәне, жол беріңдер! — деді старшина.
Автомат асынған төрт патрульге кім қарсылық істей алсын, вагон алдындағы жұрт амалсыз сығылысып, араларын аша берді. Дәу қара да вагон босағасынан қолын алды. Тек:
— Қайда кіргізесіңдер, пысынаған ыстық, кісінің кептігінен дем алуға болмайды!. — деп ол гүр ете қалды.
— Өзіміз де бөшкеге салған майбалықтаймыз! — деді оның артында тұрған дәу қара тәрізді денелі, жүнді сары.
— Көрмейсің бе, кішкентай баланы? — деді взвод командирі,- бір орын табылар, былай тұрыңыз! — Ол дәу қараға бұйыра сөйледі.
— Соғыс кезі емес қой, күштейтін! — деді дәу қара жан-жағындағы жұртқа, сөйтсе де кейін шегінді.
— Жарайды, жарайды, кірсін, — деді кондуктор өзбек жігіті. Сосын Қаражанға қарап. — Төртінші купенің астынғы орнында бір-ақ кісі. Соның жанына отыр, — деді.
— Жарайды, күшпен кіргіздірмексіңдер ғой, — деді енді жүнді сары, — көрерміз!
Қаражан бұл кісінің ашулы, кекесін үніне мән берген жоқ. Егер мән бергенінде, мүмкін, бұдан былайғы тағдыры өзгеше болар ма еді, қайтер еді. Ол баласы мен шамаданын көтеріп вагонға кіріп те үлгірді. Осы уақытта поезд да жүріп кетті.
Вагон іші пысынап тұр. Бірақ орынсыз иін тірескен ешкім де жоқ. Жұрт әжептәуір кең жайласқан. Жолаушылар вагон ішінде кісі көбейіп кетпесін деп «орын жоқ» деп ешкімді кіргізбейді екен. Поезд тоқтағанда есік алдында тұра қалады екен.
Қаражан кондуктор айтқан тұсқа қарай беттеді. Дәл сол сәтте вагонның екінші қабатындағы орында жатқан біреу, коридормен өтіп бара жатқан Қаражанның арқасынан қағып, қуана қалды.
— Коля, сен қайдан жүрсің бұл жақта? — деді. — Балалы болыпсың ғой!
Өзі де жерге секіріп түсті. Бұ да Қаражан секілді төртпақ келген, қар еттері бөлек-бөлек жас жігіт екен!
— Вася! — Қаражан да қуанып жатыр.
Бұл Ваня Берюхин деген жігіт еді. Қаражан абақтыда отырған кезде бұ да отырған. Кісі тонап түскен екен. Өзі секілді бұзық Қаражанмен достасып кеткен. Қаражан шыққанда, бұл абақтыда қалған. Содан бері кездесіп тұрғандары осы. Екеуі бірін-бірі иықтарынан қағып, «Әйтеуір, аман екенсің ғой?», «Ескі досты көргенге не жетсін» деген секілді жай сөздермен сәл қуана-күлісіп тұрды да, Василий:
— Бар, бар, орналас, сосын сөйлесерміз, — деді, сосын кенет сыбырлай, — байқа, төртінші купеде нағыз үрке басшылары отыр, — деді. — Бүкіл вагон солардың қарамағында, шатысып жүрме, өлтіріп тастаудан қаймықпайды.
— Ұқтым, — деді Қаражан әрі қарай жүре беріп.
Ол өзіне көрсетілген купеге келді. Вагонның терезе алдындағы кішкентай стол үсті толған майбалық, шошқаның кепкен шұжығы, ақ бөлке, жуа... Рестораннан әкелінген бөтелкелі сыралар, орталанып ішілген бір-екі ақ арақ шынысы да көрінеді. Төменгі оң жақ сәкіде жаңағы вагон есігінің алдында тұрған дәу қара мен жүнді сары отыр. Сол жақ сәкіде, үстінде матростың ала майкасы бар серейіп біреу жатыр. Жоғарғы қатарда шылымдарын бұрқыратып терезеге қарап қозғалмай қалған екі жігіттің тықыр бастары көрінеді.
Қаражан, кондуктордың көрсеткен орны осы болуы керек деп, төменгі сәкіде серейіп жатқан кісіге:
— Аяғыңызды алсаңыз, — деді, — мына жерге мен отырайын деп едім.
Серейген адам өліп қалғандай, мызғыған жоқ. Оның орнына дәу қара тіл қатты.
— Шамаданыңда не бар? — деп ол гүр ете қалды.
— Баламның киім-кешегі, жаялықтары.
— Жаңағы солдаттар кіргізген жігіт сенсің ғой?
— Иә, менмін!
— Онда, жан керек болса, бөтен вагонға бар! Сен күшпен кіретін мықтысың ғой.
— Бөтен вагонға неге барам? Менің билетім мына орынға.
— Мен айтып тұрмын ғой, бар деген соң бар!
Вагон іші құлаққа ұрған танадай тына қалды. Қаражанды кенет ашу қыса жөнелді. Василийдің ескертуін есінен шығарып алды. Өзінің ежелгі долы мінезі ұстап кетті.
— Барғың келсе өзің бар!
— Ту, мынаның өзі бір керемет қой! — деп бағанадан бері біреу тілін кесіп алғандай үндемей серейіп жатқан кісі, аяғын жинап, сәкіге отырды. Өзі де ұзын екен, басы үстіңгі сәкінің тақтайына тиер-тимес. — Қалай, қалай сөйлейді?
— Қалай сөйлегенін қазір көреміз! — деді жүнді сары Юрка.
Үстіңгі сәкіден тақыр бастың біреуі секіріп жерге түсті. Вагон іші ыстық болған соң, көйлексіз жатқан екен, кеудесіндегі пышақтың тыртығының үстінде «менің өмірім абақтыда» деген инемен шабақтап, көгілдір бояумен әшекейленген жазуы бар. Бұл амнистия - кешірім берілген жандар еді. Абақтыдан талай сұмырай, қаныпезерлер шыққан. Басынын тықырланып алынуына, кеудесіндегі жазуына қарағанда бұ да сол кешірім - амнистияға іліккеннің бірі тәрізді.
— Юрка, — деді жүнді сары, — көрсетші мынаған бөтен вагонға қалай бару керек екенін!
Тақыр бас Юрка Қаражанға таяды.
— Кәне, тайып отыр бұл вагоннан! — деді төне.
Жат адамның қатты үнінен шошып кетті ме, кенет Қаражанның қолындағы баласы шар етіп жылап қоя берді. Купеге қарсы қабырғада отырған үш әйелдің орта жастағы жүдеу өңді орыс әйелі:
— Баланы қорқытып жібердің ғой, лағынет! — деді тақыр басқа. — Кәне, келе ғой маған, келе ғой...
Қаражан баласын әйелдің қолына ұстата берді де, тақыр басқа ызалана қарады.
— Саған не жоқ, отыр орнына! Шестерка! — деді зекіп.
— Мә саған, отыр орныңа! Мә саған, шестерка! — деп тақыр бас Қаражанды періп-періп жіберді. Қаражан шалқая түсті де, өзіне жақындай берген тақыр басты қақ маңдайынан салып қалды. Анау шалқалай барып, дәу қараның алдына сылқ етті.
— Ну, гад, подожди! — деп әлі қозғалмай отырған серейген ұзын тұра, орнынан ашулана тұра берді де, төбесі үстіндегі сәкіге сарт етіп тиіп, қайтадан отыра кетті. Бірақ оның орнына, сүзетін бұқадай, басын төмендеу тұқырта, күжірейе жүнді сары таяды. Қаражан енді қарап тұрмады, анадан жылдамырақ қимылдады. Жүнді сары балғадай қолын көтере бергенде, іштен кеп тепті. Жүнді сары шалқалай барып, артындағы терезе алдындағы столда тұрған бөтелкелерді құлата-мұлата кенет бүк түсіп, ішін ұстап отыра кетті. Осы уақытта сәкінің үстінде жатқан екінші тақыр бас та жерге секіріп түсті. Ұзын тұра да есін жинап қалған екен, ортаға о да шықты. Дәу қара да түрегелді. Алғашқы тақыр бас та маңдайы білеудей боп ісіп, аналардың қатарына қосылды. Қазір буындырып өлтіретіндей қолдарын ыңғайлана, саусақтарын жыбырлата төртеуі енді Қаражанға қарсы ақырын жылжи жүрді. Қаражан сәл шегіне түсті де, екі білегін сыбанып алып, еңкейе, өзіне қарсы келе жатқандарды күтіп тұра қалды. Қазір көп қасқыр бір көкжалды ортаға алып, быт-шыт етіп талап, қолын-қол, бетін-бет етпек. Дәл осы кезде бір ашулы дауыс саңқ етті.
— Тимеңдер! Бұл менің досым! — Василий Берюхин, кенет оның қолында елім түсті суық қанжар жарқ етті.
Бірақ Василий Берюхин кеш дауыстаған. Дәу қара оның қолындағы қанжарды қағып түсіріп, төбелес басталып та кеткен. Қаражан мен Василийге вагонның түкпіріндегі купеден екі жігіт келіп қосылған. Соңынан барып анықталды. Бұлар Василийдің бір кездегі серіктері екен. Біріне-бірі болысуға тиісті бұзықтардың «бауырмалдық» дәстүрі бойынша, өздері жақында ғана абақтыдан шықса да, жолдастары төбелеске шығып жатқанда бұлар да қарап отыра алмаған. Төбелеске шыққандардың екі жақ екенін тек алғашқы мезетте ғана аңғаруға болатын еді. Көзді ашып-жұмғанша қарсы топтар араласып та кетті. Енді вагон іші «Әкеңнің!», «Мә саған!», «Өлтірем!», «Аяма!», «Ұр бастан!» деген секілді ызалы айқай, шошынған үндерге толып кетті. Бірін-бірі тепкілеген, қолдарына түскен бөтелке, бөтендеумен бірін-бірі аямай былш-былш ұрған бұзықтар. Кейбіреуі жығылып жерде жатыр. Дәу қара секілді орасан мықтылары жанына таяғанын жағасынан ұстап алып, екі жағынан былш-былш ұрады. Бірін-бірі буындырған, тепкілеген бұзықтар ыңқ-ыңқ етеді. Заматта біреулерінің шекесі торсықтай боп ісіп, көзі жұмылып, басқа біреуінің мұрнынан қан сауылдап ағып, үсті-бастары сойылған қойдай қып-қызыл қан басып шыға келді. Көйлектері пора-пора. Добалдай боп ісінген көз, опырылып сынған тістер...
Төбелес басталасымен-ақ жай жолаушылар зәре-құттары қашып, қасқыр шауып үркіткен қойлардай, бірін-бірі қуған төбелесушілерден ығысып, вагонның біресе ана бұрышына, біресе мына бұрышына тығылды. Бөтен вагондарға қашып барайын десе, мұнда да лық толы жұрт. Және дүние-мүліктерін де тастап кете алар емес. Қаражанның баласын алған әйел сойқан ұрыстың боларын білгендей бірден кондуктордың купесіне келіп тығылған. Вагон ішінде қырғын айқастың қызып жатқанын көріп, тіпті шықпай қойған.
Ерлі-байлы өзбек кондукторлар төбелестің алғашқы басталған кезінде-ақ:
— Уа, әке, қойыңдар, қойсаңдаршы! — деп екеуі қоса бір-екі рет бажылдай айқайлаған да, ұрыс қыза түскенде, вагондарын тастап қаша жөнелген. Тек артынан барып белгілі болды, алдағы үлкен станцияға төбелес болып жатқанын радио арқылы хабарлатқан осылар екен.
Төбелес басталған шақта Василийдің қанжарын қара дәудің қолымен қағып түсіргенін Қаражан көріп қалған. Қанжар жарқ етіп жолдағы сәкінің астына ұшып түскен. Өзімен айқаса кеткен жүнді сарыны әзер дегенде жығып, тізесімен кеудесінен басып тұрып, бір қолымен тамағынан қысып, екінші қолымен басы, көзі демей мылжа-мылжасын шығарып ұруға кіріскен. Бір кезде ойына Василийдің қанжары түсті. Жолындағы тақыр бастың біреуін іштен пәрменінше теуіп, сылқ құлатты да, астында қанжар жатқан сәкіге қарай ұмтылды. Етпетінен жата қалып, жанталасып, сәкінің астына қолын созды. Қанжардың суық сабына қолы тиген шақта, бұның үстіне кеп қона түскен ұзын тұраны басынан асыра еденге лақтырып жіберіп, ұшып түрегелді. Дәл осы сәтте Василийді тепкілеп-тепкілеп есінен тандырып тастап, қайдан алғаны белгісіз, қолында кішкентай тапаншасы бар вагонның екінші жағынан өзіне қарсы келе жатқан дәу қараны көрді. Кеудесіне кезенген тапаншаның кішкентай аузы Қаражанға зеңбіректің аузы тәрізденіп үлкейіп көрінді. Көзі қанталап кеткен дәу қара шүріппені басса болғаны, анау үрейлі ауыздан шыққан оқ бұны быт-шыт етпек. Қорыққандығы соншалық екі аяғы бірдей қорғасын құйғандай зілдей боп, басып тұрған еденінен көтере алмады. Жан беру оңай ма, жүрегі аузына тығылып, өн бойы дір-дір етті.
— Таста қанжарыңды, әйтпесе атамын — деді ақырып қара дәу. Гүжілдеген дауыс дәл осы сәтте Қаражанға күн күркірегендей боп жетті.
Қара дәудің айқайын жұрттың бәрі естіді. Кенет вагон іші тып-тыныш бола қалды. Өзге төбелестер де су сепкендей басылды. Жұрт енді вагон коридорының екі жағында бірі қолына қанжар ұстаған, екіншісі тапаншасын кезенген екі адамды көріп: «Не болар екен?» — деп, тына қалған. Біреу-міреуі әлдеқалай қозғала қалса, дәу қара атып жіберетіндей, не Қаражан қанжарын жүрегіне қадай түсетіндей, зәре-құттары қалмай, демдерін әзер алып, қалш-қалш етеді. Қанжарынан айрылса анау атып жіберетіндей, саусағын сырқырата ауыртып оның мүйізді сабын қыса түсіп, дәу қараға қанды көзін қадай мелшиді де қалды. Дәу қараға қарай аяғын аттауға да дәрмені жоқ, кенет өн бойы әлсірей түсті. Сонда да қанжарын тастамады.
— Таста қанжарыңды, әйтпесе атамын! — деді дәу қара тағы да.
«Бұл неге атпай тұр?» Кенет Қаражанның көңілінде бір болмашы сезім жарқ етті. «Тапаншалы адам қанжардан қорықпаса керек-ті... Неге атпайды? Неден қорқып тұр?» Қаражан дәу қараның ар жағында етпетінен жатқан Василийдің сәл қимылдағанын байқап қалды. Ендігі оқиға көзді ашып-жұмғандай уақыттың ішінде өтті. Адам баласының жаны қандай сірі, жаңа ғана өліп жатқан Василий кенет атып тұрды.
— Байқа артыңда... — деп, қара дәудің бір серігі айқайлап үлгіргенше, Василий кеп оның тапанша ұстаған қолына жабыса кетті. Сол уақытта атылып Қаражан да жетті. Сілтенген қанжар мен атылған тапаншаның даусы бірдей шықты. Қанжар кеп қадалғанша қара дәу тапаншасының тілін басып та үлгірген еді. Мылтық оғы тек Василийдің оң жақ аяғының үлкен саусағына тиді. Ал қанжар қара дәудің оң жақ қарына қадалды. Қара дәудің тапаншасы жерге түсіп кетті. Осы уақытта поезд да станцияға кеп тоқтады. Ұрыс-төбелестің арасында жолаушылар станцияға келіп қалғандарын да білмеген.
— Братва, полундра! — деді тапаншасын жерден алуға үлгірмей, қан-қан болған оң қарын сол алақанымен басып, өзі бірінші боп есікке қарай жүгірді. Бірақ «Тікенектен қашып от басты» дегендей бірден вагонды қоршап алған солдаттардың құшағына барып түсті.
Жарты сағаттан кейін үсті-бастары қызыл жоса қан, киімдерінің пәре-пәресі шыққан, бірі — ақсаған, екіншісінің — қолы сынған, шекелері добалдай боп іскен, көзі шыққан, көгала қойдай боп бірінен-бірі таяқ жеген, төбелескен жеті-сегіз кісіні солдаттар мен милиционерлер қоршап, қалалық түрмеге алып кетпек болды. Сол уақытта ғана конвойдың басшысы милиция майорына Қаражан айқай салды.
— Балам, балам қайда? — деді ол.
Поезд әлі жүрген жоқ еді. Вагон жанындағы қаптаған жұрттан бағанағы әйел суырылып шығып, майордың жанындағы солдатқа көрпеге ораулы баланы берді.
— Өзі түрмеге бара жатқан адамға баланың керегі не? — деді, — мүмкін маған қалдырар?
Әйел сөзін естіген Қаражан оған өшіге қарады.
— Жоқ баламды ешкімге де бермеймін,— деді ол.
Үш айдан кейін бұларды темір жол соты соттады.
Дәу қара мен жүнді сары Украинадан қашып келіп, Сібірдің бір құрылыс тресіне орналасқан, Отан соғысы кезінде неміс-фашист басқыншыларына көп жәрдем берген полицайлар болып шықты. Бұлар жергілікті совет адамдарын қырғынға ұшыратқан фашистерге көмектескен екен. Бөтен есімдермен паспорт алып, іздеген заң орындарына таптырмай қойыпты. Тергеушілер совхоздың қызметкерлері мұндай төбелес шығармаса керек еді деп күмәнданып, істерін үңіле қарап, ұзақ тексерген, іздеу салған. Ақыры кім екендері әшкереленген. Ал қазір Ташкентке барып, құрылысқа жұмысшылар әкеле жатқан беттері екен. Әрине, бұлар совхозға өздері тектес, бұрын сотталған, не қашып жүрген ұры-қарыларды жинаған. Ана тақыр бастармен бірге Василий және оның жолдастары да шартқа отырып, осылардың құрылысына келе жатқан боп шықты.
Сот дәу қара мен жүнді сарыдан өзгесін (оларды бұрынғы қылмыс істеген жерлеріне аттандырған), әр түрлі мерзімге соттады. Қолдарына кісі өлтіретін қару ұстап, төбелескендері үшін Қаражан мен Василий өзгелерден гөрі қаттырақ үкімге ілігіп, үш жылдан абақты алды. Сот үкімі естіртіліп, бұларды ертең-бүгін жүргізгелі тұрғандарында Қаражан тағы баласының қайда екенін, абақтыға он күнде бір келіп сөйлесетін прокурор қызметкерінен сұрады. Ертеңіне прокурор оның қолына қағазбен ресми түрде жауап берді. Қағазда: «Сіздің бір жарым жасар қыз балаңыз, бұдан үш ай бұрын, сентябрьдің жиырма бесі күні Жұлдыз Қаражанова деген атпенен осы қаланың бірінші номерлі жетім нәрестелерді бағатын үйге алынды», — делінген.
Қаражан қағазды екі бүктеп, сыртынан қалың мұқабамен қаптап төс қалтасына салып, жоғалмастай етіп тігіп қойды. «Егер тірі қайтсам іздеп тауып алармын», — деді ол, нәрестені көз алдына елестетіп, қамығып кетіп.
Ертеңіне өзін дәу қара атқалы тұрғанда өлімнен құтқарған Василий Берюхинге алғысын айтып, құшақтасып айрылып, Сібірдің алыстағы бір жаққа айдалып кетті.
Ал колхоздың мүлкін жеп, Жұлдызды алып қашып кеткен Қаражанға бүкіл одақтық іздеу жарияланбаған еді. Сондықтан Қаражан колонияда үш жыл болып, мерзімі біткеннен кейін, өзінің ұсталған қаласына қайтып келді. Сол жақта жақсы жұмыс істеп, аздаған ақша жинаған Қаражан, екі балалы бір жесір әйелдің меншікті үйінің бір бөлмесін жалдап алды. Үш күннен кейін мойнына таққан тұмардай үш жыл бойы сақтап жүрген қатты мұқабалы баяғы анықтама қағазы бойынша, балалар үйін іздеп тапты. Жұлдыз әлі сонда екен. Өзіндей кішкентай балалардың, біреуінің шешесі, біреуінің әкесі іздеп кеп, ал мұны ешкім іздемегенге бойы үйренген төрт жасар бала, «Әкең келіп тұр»,- деген тәрбиешінің сөзін естігенде, елең ете қалды. Қазір барады, әкесінің алдына отырады, сосын соңынан кішкентай серіктеріне: «Менің де папам келді!»- деп мақтан етеді. Бұдан артық қуаныш болар ма?
— Жүр, папаң күтіп тұр,- деді тәрбиеші әйел. Сөйтті де Жұлдыздың қолынан ұстап, кісі қабылдайтын бөлмеге қарай жетектей жөнелді.
«Әке? Ол қандай?» Жұлдыз шу дегенде баспалдақтан тымпылдап жылдам түсті. Бірақ сонау кісі қабылдайтын бөлмеге таяған сайын, жүрісін бәсеңдете бастатады. Ақырында бөлменің жанына келгенде, ішіне кіруге батылы бармай тұрып алды. Тәрбиеші әйелдің «Жүр, жүре ғой, айналайын»,- дегеніне көнер емес, әрі қарай қозғалмады. Неге? Бұрын көрмеген адамынан қорқып тұр ма? Әлде осы уақытқа дейін мені неге іздеп келмедің деп өкпелеген түрі ме? Тіпті тәрбиеші әйелдің қолынан жұлқынып, қашып кеткісі де келгендей. Дәл осы кезде бөлмеден Қаражанның өзі шықты. Ол Жұлдызды бірден таныды. Қас-қабағы қиылып, мойылдай көзі ұзын кірпіктерінің астынан жаудырай қалған. Қазір бейтаныс адамға жатырқай қарап, жылағалы тұр...
— Қалқам, құлыным! — деді Қаражан, кенет оны бір ыстық сезім билеп кетіп құшағын жайып қарсы жүрді. — Келші, келші, құлыным, бетіңнен сүйейін!
Тас бауыр Қаражан, аузынан мұндай отты сөздердің қалай шыққанына өзі де аң-таң. Бірақ Жұлдыз қозғалмады. Тіпті қорқып кеткендей. Кенет тәрбиеші әйелдің артына тығылды. Қаражан оған қараған жоқ, құшақтай алып, құшырлана екі бетінен кезек-кезек сүйді. Жат адамның бұл қылығынан шын қорқып кеткен Жұлдыз енді бақырып жылап қоя берді. Екі қолын жайып тәрбиеші әйелге қарай ұмтылды.
— Жатырқап тұр ғой, — деді тәрбиеші әйел Жұлдызды құшағына алып, бетінен орамалымен көзінен аққан жасын сүртіп: «Жылама, жылама, Жұлдызжан, бұл сенің әкең ғой, көрдің бе, саған әне қаншама ойыншық, конфет әкеп тұр, енді бұдан былай қарай ылғи келіп тұрады». — Ол Қаражанға қарады, — рас қой, сіз енді ылғи келесіз ғой?
— Келем, келем, — деді қуанышты үнмен Қаражан. — Ертең де келем.
— Жоқ бізге күнде келуге болмайды ғой, Жұлдызжан? Солай емес пе? — Әйел Жұлдызды жерге қойды. «Әкеңе айт, біз он күнде бір-ақ қабылдаймыз де. Онда да әр он күндіктің аяғында ғана де...»
Қаражан мен Жұлдыздың алғашқы жолығулары осымен бітті. Әкесі қызына колониядағы тұтқын шеберлердің ағаштан, қамыстан, шүберектен істеген неше түрлі ойыншықтары мен (бұны ол Жұлдызына деп сол жерде жүргенінде үш жыл бойы жинаған) базардан сатып алған конфеттерін беріп, үйіне қайтты. Он күннен кейін Қаражан тағы келді. Бала әлі де жатырқап тұрғанмен әнеугідей жылаған жоқ. Сірә, өткенде алған ойыншықтары ұнаған болулары керек, тағы да сондай ойыншықтар береді екен деп ойлаған шығар, бірден қашып кетпеді. Қаражан бұл жолы да ойыншық пен конфет әкелген. Келесі жолы да сөйтті. Осылай ойыншық, конфет арқылы бір-біріне үйрене бастады. Жұлдыз енді бетінен әкесінің сүйгеніне де көнді. Екі-үш айдан кейін тіпті оны өзі есік алдында күтіп тұратын болды. Бірте-бірте екеуі сөйлесе де бастады. Міне осындай бірімен-бірі әбден бауырласып алған кезде, бір күні Жұлдыз:
— Көке, менің мамам қайда? — деді.
Күтпеген сұраққа Қаражан жауап бере алмаған.
— Өлген! Өлген! — деген сасқанынан.
Қаражан осы қаладағы трактор жөндейтін шеберханаға қоймашы болып жұмысқа кірді. «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, қолы сұғанақ Қаражан пайда түсер жерде қарап қалған жоқ. Бірақ Жұлдызыма зияным тиіп жүрер, тағы ұрлықшы боп сотталсам, өзге балалардың алдында қорланар деп, суық қолын қазына қорына абайлап сұқты, сақ болуды ұмытпады. Ортада бес-алты жыл өткеннен кейін, келгеннен бері көңілдес боп жүрген өзі жатқан үйдің иесі жесір әйелге үйленді. Оның жас өспірім болып қалған екі баласын кәсіптік-техникалық училищеге берді. Енді біреуден кем, біреуден артық өмір сүре бастады. Бірақ «Құдай қырына алса, қырқыңда да таз боласың» дегендей, кенет әйелі дүние салды. Жалғыз қалған Қаражанның енді бар қызығы Жұлдызы болды. Бұл кезде Жұлдыз да он алтыға шыққан. Интернатты тастап, әкемді жалғызсыратпайын деп, оның қасына келген. Енді ол әкесінің асын дайындады, кірін жуды. Бірақ оқуын да ұмытқан жоқ.
Міне, осы тұста Қаражан өмірінің ен үлкен қырсығына ұрынды. Бір күні түнде кеп бұның үйінің терезесін Василий Берюхин қақты. Қаражан оны көрмегелі он жылдан асқан. Қара ниетті адам да өзіне қайырым істеген кісіні ұмытпаса керек-ті. Кеше өлімнен құтқарған Василий Берюхинді Қаражан құшағын жайып, аса қуанып қарсы алмағанмен; дұрыс ниет көрсетіп қабылдады. Василий өзінің неге келгенін жасырған жоқ, — Қаражаннан айырылғанмен, бұрынғы қылмысты кәсібінен айрылмапты. Дүкен тонап, ұрлық істеп, өмірді алшысынан басып, бір қаладан екінші бір қалаға ауысып жүрген беті екен. Түрі де жүдеу емес, бұрын да білектері балғадай Василий, қырыққа таяған шағында денесі әбден сомдалып, толығып жетіп болыпты. Кісіні аяуды білмейтін рақымсыз, шыныдай қатып қалған көгілдір көзінде бұрынғысынан да бетер бір ызғар ойнайды. «Сақтық кассасын тонаған үш жігіт едік,- деді Василий,- топталып жүруге болмайтын болды. Ақшаны бөліп алып үшеуіміз үш жаққа қаштық. Кешке таман сені сыртыңнан көріп, әдейі түн жамылып келіп отырмын. Далада жүру қиын, үйің оңаша екен. Ескі жолдастығымыз үшін бес күн жасыр. Сосын өзім де кетемін. Құнын төлеймін». «Жарайды, — деді Қаражан. Бес күн ғана тығуды өзіне пәлендей күнә көрмеді. Ұстайтын болса менсіз де ұстар. Бес күн үшін ескі досымды несіне өшіктіремін», — деп шешті ол. Сосын қызына «Бұрынғы бір аяулы досым еді, біздің үйде бес күн болады. Сабақтан келген соң егер дүкеннен бірдеме әкеп бер десе әкеп берерсің бірақ бұның мұнда екенін ешкімге айтпай-ақ қой»- деді. Әке сөзін орындағанмен, бейсауат жүрген кісіден сескенген Жұлдыз мектебіне әкесімен бірге кетіп, әкесі жұмыстан қайтатын кезінде оны көшеде күтіп алып, үйіне бірге келіп жүрді.
Василийдің кететін күні, әдеттегісінен гөрі Қаражан үйіне сәл кешірек келген. Келсе, үйдің есігін Василий тастай етіп бекітіп алыпты. Тарсылдатып көріп еді, ешкім есікті ашпады. Терезеге барып тыңдап көріп еді, біреудің шыңғырған даусы құлағына еміс-еміс естілді. Бір сұмдықтың болғанын біліп, Қаражан терезенің ағашы мен шынысын бірге быт-шыт етіп, үйге кірді. Зорламақ болған Василийден қашып, бұрышта көзі шарадай боп шырылдап тұрған Жұлдызды көрді. Көзі қарауытып кеткен Қаражан қасында тұрған ауыр орындықты алып, Василийдің, дәл басынан кеп ұрды. Василийдің бас сүйегі бірден быт-шыт боп, қаны шапшып, бүкіл еденді алып кетті. Төртпақ келген сом дене бір секундтай сәл теңселіп тұрды да, омақаса құлады. Сол сәтте-ақ тіл қатпай Василий жан тапсырды. Әрине, Василийдің өлігін ешкімге көрсетпей Қаражан өзі жоқ етсе, бұдан қашқынның өлімін ешкім де көрмес еді, көре де алмас еді. Бірақ Қаражан өйтпеді, милицияға өзі барып, кісі өлтіргенін айтты. Бір айдан кейін Қаражанды соттады. Кісі өлтіргені үшін, үйіне аса қауіпті қаныпезер қарақшыны жасырғаны үшін оған он жыл абақты кесті.
Бір айдан кейін Қаражанды алыстағы бір колонияға жүргізбекші болды. Прокурор Жұлдызға әкесімен жолығып қалуға рұқсат берді. Сонда ғана Қаражан қызына шынын айтты.
— Жамандықпен бастап едім өмірімді, жамандықпен аяқтадым. Енді сені тірі көруім екіталай. Сондықтан шынымды айтқым келіп тұр. Дүниедегі жалғыз қызығым өзің болдың. Бірақ сен менің туған қызым емес едің. Сенің әкең де, шешең де бөтен кісілер. Шешең — Қырмызы атты әйел. Олар Алматыда тұрады. Өшпенділікпен бір жасыңда алып қашып едім. Менің бір күнәмді кешіре алсаң, кешір. Кешіре алмасаң, өзің біл. Ал өмірің қиынға айналып бара жатса, туған әке-шешеңді тауып ал...
Қаражан Жұлдызға бекер бақылдаспаған екен, түрмеде бір бұзықтармен жанжалдасып, ауыр жарақаттан қайтыс болды.
Ал Жұлдыз сол жылы алтын медальмен он жылдықты бітіріп, Алматыдағы политехникалық институттың архитектуралық факультетіне келіп түскен. Сол жылғы сентябрьдің бір самалды салқын кешінде сұңғақ бойлы, әдеміше келген Еркебұланмен танысқан.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Еркебұлан мен Қайназар сәби кездерінен бірге өсті. Екеуі де архитектор, екеуі де Москва институтын бітірген. Екеуі де бірдей Алматыға ғашық жандар. Тек екеуінің туған қалаларын жақсы көрулері екі түрлі. Қайназар Алматының жасыл құшағында қуанышқа бөленіп, жұпар аңқыған ауасын жұтып, бар қызығын рақаттана пайдалануды ұнатса, ал Еркебұлан осы сұлу қаласын сұлуландыра түсуге бар дарынын, жігерін жұмсауға құмар жас еді. Сондықтан да ол жолдасынан гөрі туған қаласының кемшілігін көп көретін. Соларды жоямын деп, қызметінің төмендігіне қарамай (бар болғаны институтты жаңа бітірген жас маман ғой) қиялданатын. Бұдан ешкім ақыл сұрамаса да, сол қаласының көшелерін, алаңдарын көріктендіре түсуді ойлап, сан түрлі өзінше жоспар құратын, тіпті қаланың көркін қалай өзгерту керек деп шешім іздеп қиналатын. Өйткені Еркебұлан дарын иесі еді. Демек дарын иесі ізденбей, дүниені өзгертпей өмір сүре алмаса керек-ті.
Ал Қайназардың әкесі Серәліге келсек, ол Асығаттай емес-ті. Пысық, алғыр, өз үлесін басқаға жібермейтін кісі еді. Бір кезде ол қаланың басшы қызметкерлерінің бірі болған. Бірақ артынан жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін және өз басынын қамын қоғам тілегінен гөрі көбірек ойлайтын кісі екені білініп қалып, ұзаққа бармай, қызмет бабында төмендеп кеткен-ді.
Дегенмен де Серәлі өмір сүре білетін кісі еді. Ол баласын да өзіндей етіп өсіруге тырысты.
— Ең алдыменен өз қамыңды ойла,- деді ол Қайназарға ақыл айтып. — Пайдасы тимейтінін білсең, ондайға шығынданба, ештеңе берме. Ал өзіңе керегі барына көзің жетсе, ештеңеңді аяма. — Ал бірде әкесінің лотореядан ақша ұтқанын серіктеріне айтып қойғанын естіп, Серәлі баласын өзімен бірге саяжайына алып шықты.
— Үйіңнің де, өзіңнің де сырыңды ешкімге айтушы болма! — деп, бір топ қалақайды байлап ап, майлы жерінен тартып-тартып қалды.
Бертін келе әкесі өсиетін кеңейте түскен.
— Құрбы-құрдасыңнан кем болмауға тырыс, — деген, — сенен ақылы, алғырлығы артық жолдасың, ол — сенің досың емес, қасың. Өйткені сен емес, ол үлкен адам болады. Әрине, әзірге сен білмейсің, өзіңмен бірге өскен жолдасыңның сенен асып кетуі — ол адамға үлкен азап. Сондай азапқа ұшырамас үшін, сен де жасыңнан сол жолдасыңнан кем болмауыңды ойла! Сөйтсең ғана қор болмайсың.
Мұндай ақыл Қайназарды бақкүндестікке, өзінен жақсы оқитын, тіпті өзінен сәл жақсы киінетін балаларды көре алмастыққа, тарлыққа, бақастыққа үйретті. Ал Қайназар жігіт бола бастағанында әкесі оған:
— «Адамға таудай талаптан, бармақтай бақ артық» деп қазақ білмей айтпаған, — деді. — Егер бағың жанбаса, таудай талабыңнан да ештеңе шықпайды. Ал бақ деген бір жынды құс, кімнің басына болса да қона салады... Сенің басыңа да қонуы ғажап емес. Ал қона қалса, сенің міндетін — басыңа қонған бақты үркітіп алма, ұстай біл. Мен секілді болма, қуанышыңды да, істеймін деген ісіңді де жасыра ал...
Қайназар әке ақылын бойтұмардай көрді. Және Серәлі баласын өмір салмағы басына ерте түссе, тайынан ерге үйренген жылқыдай, әр нәрсенің қадірін ерте түсінеді деп институтты бітірмей жатып, Қайназарды өзінің жақсы көретін бір жолдасының қызына үйлендірді.
Әкенің бұл ақылы да дұрыс болды. Өзімен құрдас өзге жолдастары махаббатын іздеп, жастық желікпен әуре болып жүргендерінде, бұл үй болып, бала сүйіп, өзінің келешегін, өсер жолын ерте ойлай бастады...
Міне осындай, институт бітіріп, өмір мен өнердің есігін өз жолдарымен жаңа ашқан екі жастың ақыл-ойларының тоғысатын жері — Алматы қаласының жаңа құрылыстары, болашағы еді.
Бірақ екеуінің де ұшар көгі, қонар көлі тек бір Алматы болғанымен көне гректің Публий Сервиль философы: «Екі адам бір шаруаны істегенмен, екеуінің істегені бір шаруа болып шықпайды», — деп айтқанындай, бір Алматыға деген екеуінің жұмысы екі түрлі еді.
Ал кім Алматының көркіне бас имеген! Кім бұның сұлулығын жоғары бағаламаған!
Алматы — дүние жүзіндегі бау-бақшаға бөленген жасыл қалалардың бірі.
Осындай сұлулығына, табиғи байлығына қарамай, бұл таңғажайып қала еркін ескен желге кедей.
Күнгей шығысы мен күнгейінде аспанмен тілдескен Теріскей Тянь-Шань таулары тұр. Бұл жақтарда жел соқпайды. Ал Теріскейі мен Батысынан тұрған жел қаланың үстінен зулай өтіп (мықтағанда қала үстіне өткінші дауыл тұрғызып) заңғар Алатаудың бұлт өте алмас биік құз, шыңдарына ұрылып жоқ болады.
Еркебұлан мен Қайназардың алғашқы іштей қайшылықтары міне осы қаланың болашақта салынар құрылыс аудандары қай тұстарда болуы керек және қала, адам, табиғат деген мәселелерден туды.
Осы күнгі Алатау ауданының ең алғашқы үлкен жоспары қағаз жүзіне түсе бастағанында Қайназар:
— Қала деп міне осыны айт, сонау Медеудің мұз айдынына дейін созылған салтанатты көшелер болады. Таудың бөктері кілең бес қатар, он қатар ақ мәрмәр үйге толады,- деді.
— Жоқ, бұл тіпті дұрыс емес, — деді Еркебұлан, — қаланы бұл жаққа қарай созбау керек. Орманды-ағашты ауданда машиналар кедергісіз ағып жататын кең, үлкен көшелер сала алмайсың, ал қазіргі ең үлкен деген Ленин көшесінде қатарынан төрт машинаға жүру қиын. Қазірдің өзінде бұл көшеде адамның құлағы тұнатын шу, машиналардан бұрқыраған газ. Онсыз да биікте тұрған қалада, адамға дем алу қиын. Жоқ, бұл ара тек демалыс, курорт орындарына ауысуы керек. Машиналар да көп жүрмеулері керек, ауасы да таза ұсталуға тиісті. Ал қала міне мына жақта, Ақсай өзенінің арғы тұсынан, сонау батыс пен теріскейге қарай, төрт жағынан бірдей жел соғатын кең жазық далаға қарай салынуы керек. Қарашы, айбынды. Алатаудың қарлы сәулетінің саясында жазық далада, төрт, тіпті алты машина қатар жүре алатын, кең жалпақ, тіп-тік көшелерді қуалай сәнді-салтанатты қала жатыр. Зәулім биік қарағай, қайың, еменге бөленген. Көп қабатты біріне-бірі ұқсамайтын үйлері ақ мәрмәр тастан, сұрғылт оюшадан тұрғызылған. Қандай керемет! Және салынатын әрбір үй, тартылатын көше келешек уақыттың ең кем дегенде жүз жылдық мұқтажын ойға алуға тиісті.
— Көрпеңе қарай көсіл, — деді Қайназар күліп, — қазір біз үй біткеннің бәрін патша сарайларына айналдыра алмаймыз. Оған қаражат қана емес, уақыт та керек.
— Әрине, ол солай ғой, — деді Еркебұлан қабағын сәл шытып, — сөз жоқ, ондай үйлердің салынатын уақыты келеді. Бірақ сондай үйлерді менің ұрпақтарым емес, мына мен өзім тұрғызсам деймін... Сондай ғаламат кең сарайлардың жобаларын мен өзім, мына қарындашыммен сызсам деп арман етемін...
Бір-бірін өкшелеп келе жатқан бұларда мақсат-мүдде ортақ болғанмен, сәулет өнерінің сырларын әркім өзінше қабылдайтын.
Ал Қайназар болса, бұған қарама-қарсы жан. Дүниенің болашағы да, бүгінгісі де бізден басталуға тиіс деп қарайды. Қазақтың ескі өнерін, дәстүрін — бәрін өткен күн деп санайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей. Қайназарға да айып қою қиын еді, өйткені Серәлі әке болып, бұған «Халқың бар, халқыңның сен сақтайтын дәстүрі, өнері бар», — деп айтып көрмеген. Баласын тек өз басын, өз өсуін ойлауға ғана баулыған. Оның бұл алған нысанасына қарай Қайназарға қол ұшын беретін жақындар да табылды. Үлкен қызметтегі бір нағашысы Қайназар институт бітірісіменен бөлімше бастығы етті. «Бұл саған аз, сәл шыда, — деді әлгі нағашысы, — мен тірі тұрсам екі-үш жылда институт директоры болып шыға келесің...»
Қайназар үй іші мәселесінде ескі дәстүрден алыс кетпеген. Реті келген жерде қазақтың «Қатынды бастан, баланы жастан үйрет» деген мақалын есіне ұстай білетін. Соның арқасында, он жылдықты бітіргеніне қарамай, ұяң мінезді жас әйелі, төртке келіп қалған кішкентай баласы да бұның алдында құрдай жорғалайтын. Айтқанын екі еткізбейтін. Ал Қайназар болса, өзін баяғы қазақтың ескі аулының жігіттеріндей сезінетін. Қайда барам, не істеймін демейтін, көңіліне ұнаған келіншектерге де қырындай жүретін, ойын-тойға да жалғыз баратын. Тек өсуіне кедергі болар деп, сыртқы жұртқа өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысатын. Бұл оған қиынға түспейтін. Бір жерге барса: «Әйелім кішкентай баламмен жалғыз қалып еді»,- деп қипақтап отыратын. Дүкенге кіре қалса, өзіне ұнаған бірдемені «Мынаны келіншегіме ала қояйыншы»,- деп тұратын. Осындай мінезінің арқасында жолдастарына да, Еркебұланға да ол семьяшыл көрінетін. Ешкім Қайназардың ішінде не жатқанын білмейтін.
Еркебұланның ешкімге айтпай жүрген өзінің бір ойы болатын. Ол ойы - Алматыға майдангерлер мен еңбек ардагерлеріне арналған салтанатты сарай салу еді. Отанына, еліне еңбегі сіңген ардагерлердің анда-санда бас қосатын, өздері кездесіп кеу-кеулесіп әңгіме-дүкен құратын, шаршаған кездерінде кино көретін, не концерт тыңдайтын сарайдың жобасы көптен бері көңілінде жүретін. Осындай үйдің жобасын жасайын деп, қаладағы жауапты мекемелерге де барған. Бірақ ешкім бұған жарытып жауап қайырмаған. Олар: «Ондай үй біздің жоспарымызда жоқ»,- деп, маңайына да жолатпады. «Жас архитекторлар болып қаражат жинап, сондай конкурс өткізіп, ардагерлер үйінің ең тәуір жобасын жасап, бәріміз жиналып сызық сынағын бітіріп, институт басшыларының алдына апарсақ, қызыққанынан өздері де салдырмай ма?» — деп ойлады Еркебұлан.
Жас архитектор бірнеше рет жиналып, ақырында өз қаражаттарымен ардагерлер сарайына арналған конкурс өткізбекші болды.
Жастар бастамасымен қолға алынған мұндай сарай, егер үлгісі жақсы шықса, салынады деп сенді олар.
Бұл сарайды салуға осы ұйымдасқан жас архитекторлардың күші жетпесе, елімізге әйгілі бірнеше майдан ардагерлері мен еңбек ерлерін көмекке шақырамыз деп ұйғарды.
Міне, осындай шешімге келген жас архитекторлар бәйгеге түспекші боп, жұмыстарына кірісіп те кетті.
Еркебұлан да енді жұмысынан келісімен өз жобасынан басын алмады.
Міне, осындай ой шабытында жүрген күндердің бірінде ол Жұлдызды көрді.
БЕСІНШІ ТАРАУ
Күн тымырсық тұманды еді. Сентябрь айының орта шені болып қалғанменен, күн ыстығы әлі бәлендей қайта қоймаған. Және кеше қатты жауын өтіп, жапырақтары сәл сарғая бастаған ағаш біткен, қайың, қарағай, емен, қарағаштар қайтадан құлпырып, жаздағыдай жасарып, жасыл төгіп тұрған.
Еркебұлан кең, салтанатты, сәнді Абай көшесімен жан-жағына күлімдей қарап келе жатты. Бүгін ол кеш оянған-ды. Түнде сонау бір студент кезінде қиялында туған «Ардагерлер үйінің» жалпы жоба-схемасын қайтадан қарап, ұзақ отырып қалған. Бұл жолы, құр ғана қиялға берілмей өз жобасына өзі сын көзімен үңіліп, көптеген кемшілігін көрген. Қандай көркем сарай, салтанатты үй болмасын, ең алдымен оның тұрғызылатын жері белгіленуі керек. Салынатын объектінің болмысы, жан-жағындағы табиғат көріністерімен, ерекшеліктерімен әшекейлене, сұлулана түседі. Ол құрылыстың тұратын жері жұрттың қарым-қатынас жағынан, соңғы жылдары көбейіп кеткен автомобиль, трамвай, бөтен машиналардың у-шуынан, тағы басқа сондай мазасыз жағдайлардан тыс тұруға тиісті. Қысқасы, болашақ құрылыс қолайлы жерге салынуы керек.
Еркебұлан «Ардагерлер үйін» бас арықтың арғы бетіне, биіктеу тұсына тұрғызсам деп ойлайтын. Болашақ жобасын да сол ойына сәйкес жасамақшы еді. Бұл арада бос алаң мол, бау-бақша отырғызуға да мүмкіншілік жеткілікті. Ауасы да таза. Қаладан сәл биіктеу жерде тұрғандықтан «Ардагерлер үйі» өзге құрылыстардан еңсесі биік, көркін аша түсетіні де сөзсіз. Ал бұл араға енді жаңа алаң жасалатын болғандықтан амал жоқ, жаңа орын іздеуге кіріскен. Ең алдымен, көңіліне қонатын осы жаңа орынды тапса, сонда ғана сол жердің көрінісімен сәйкестендіріп, өзінің жұмысына кірісуді ойлаған.
Осындай шешімге келген Еркебұлан, он шақты күннен бері қаланы кезуде еді. Қолайлы жер іздеп тіпті Алматының солтүстік, солтүстік-батыс жақтарын да шолып өткен. Бұл жақтағы жерлер оның көңілінен шықпады. Тұрған жері төмен, қандай сәнді-салтанатты сарай салсаң да, жан-жағындағы биік үйлерден көрінбей қалатын болды. Бір ыңғайлы жер, оңтүстік шығыс түс екен, бірақ ол арада қазақ моласы бар. Тағы бір ыңғайлы жақ, сол қазақ моласы мен Көктөбенің арасы көрінді оған. Бірақ бұл араның қырқа, тау етектері тым биіктеу болды. Бұл тұсқа салынған сарайға, Көктөбедегі «Ауыл» ресторанына апаратындай аспанға тартылған арқан жол арқылы көтерілу керек. Жастары келіп қалған ардагерлер өздерінің сарайларына сөйтіп барып жүре ме? Еркебұланның бұл сарайды салдырудағы ойы да сол ардагерлердің бас қосатын, көңілдерін көтеретін жері болсын дегені еді ғой...
Осындай іздеудегі жас архитектор бүгін қаланың күнгей батыс жақ тұсын бір қарап өтпек еді. Сондықтан да ол Абай көшесімен Ленин атындағы политехникалық институт тұрған тұстан жоғары тауға қарай көтерілмекші еді.
Міне, осындай оймен келе жатқан Еркебұлан, Абай көшесінің арғы бетінде өзімен қатарласа аяңдаған қызға көзі түсті. Жоқ, көзімен емес, жүрегімен көрді. Неге екенін білмейді, Еркебұлан, сонау қос бұрымы балтырына дейін жетіп бұлаңдап кетіп бара жатқан қыпша бел, орта бойлы осы бір қыз баланың түрін көрмесе де, оның ақ құба, бота көз, оймақ ауыз сұлу екеніне шек келтірмеді. Қиялы қызды оған осылай елестетті. Көшенің қыз жүріп келе жатқан бетіне қалай шығып үлгергенін Еркебұланның өзі де білмей қалды. Енді ол сәл асыға жүрді. Ал қыз бұрылып кейін қарамаса да, біреудің соңынан асыға қуып келе жатқанын білді. Бұ да жүрегімен білді. Және оның жігіт екеніне де шек келтірмеді. Қыз болып көзге түсе бастағаннан бері Жұлдыз (бұл Жұлдыз еді) өзіне жігіт біткеннің сұқтана қарайтынын білетін және бұндай көзқарасқа етене боп бойы үйрене де бастаған еді. Сөйтсе де бұл жолы жүрегі құрғыр әлденеге тыпыршып: «Бұл қандай жігіт екен?»- деп, кейін бұрылып қарағысы да келіп кетті. Сонда да өзінің сабырлы мінезіне салып, бұрылып қарамады. Қос бұрымын көрінбес шынжырдай етіп мойнына орап, өзіне тартқан қыз магнитына қарсы тұра алмай, Еркебұлан еріксіз асыға басып бұлаңдаған сұлуға қатарласа берді. Сол уақытта ұзын мойнын аққу құстай сәндене бұрып қыз да қарады. Еркебұлан өз қиялына өзі таң қалды. Қыз, қиялы тудырғандай, ақ құба, қыр мұрын, бота көз, оймақ ауыз екен. Жоқ қиялы тудырған суреттен де сұлу екен. Жаудыраған, қарақаттай қап-қара үлкен бота көзімен мөлдіреп қарағанда, Еркебұланның ішіне біреу шоқ тастап жібергендей болды. Тұла бойы кенет балқып кетті. Қыздың сонау ұзын кірпіктерінің әрбірі жүрегіне найзадай қадалып, кенет демін әзер-әзер алды. Жүрісі еріксіз саябырлай қалды.
— Осыншама ентігіп неге қатты жүрдіңіз, ағай? — деді қыз сәл езу тартып, маржандай аппақ тістерін көрсетіп.
Жігіт бұрынды-соңды қыз көріп әзілдеспеген ұяң емес-ті. Қыз сөзін бірден іліп әкетті.
— Осы арада бір аққу құс өтіп бара жатыр екен, соны көріп қалайын деп асыққаным ғой...
Қыз наздана күлді.
— Мынандай керемет кезде айдын көлде емес, құрғақ жерде жүрген ол қандай аққу құс екен?
Жігіт кідірмейді.
— Жоқ маған дүние осы бір минутта көгілдір толқынды, жағасын жасыл орман көмкерген күміс көл тәрізді көрінді. Ал қос бұрымды, жанымда келе жатқан, осынау бір ақ құба қыз сол күміс көлде көлбеңдей жүзген аққу құсқа ұсап кетіпті.
Қыз тағы күлді.
— Күміс көл... Аққу құс... қандай әдемі сөздер... Сірә, сіз ақын боларсыз?
— Жоқ — деді жігіт, — мен архитектормын.
Қыз кенет жалт қарады. Бұл жолы оның көзінде қуанышты ұшқын пайда болды.
— Ал мен политехника институтының архитектуралық факультетінің студенткасымын, — деді. — Биыл түстім...
Еркебұлан мен Жұлдыз алғаш рет осылай танысқан.
Көне гректің әйгілі мүсіншісі Пигмалион ақ мәрмәрдан өзі жасаған әйелдің керемет әдемі кішкентай мүсініне өмір бойы ғашық болып өтіпті. Жаны жоқ, жүрегі жоқ тас мүсінге де соншама неге құмартты? Қандай күш оны жансыз тас денеге ынтықтырды? Көне гректердің айтуынша Пигмалионды ғашық еткен өзі жасаған әйел денесінің ғажайып көркемдігі екен. Сұлулық әрқашанда адамның жүрегінде қуаныш тудырады. Ал Жұлдыздың сұлулығы Еркебұланның кеудесін бір орасан сезімге бөлетті. Ол сезім -махаббат қуанышы, махаббат мейрамы еді. Жігіттің осы отты сезімі жанын балқытып жібергендей, Жұлдыз да Еркебұлан десе өзін-өзі ұстап тұра алмады, бір күн көре алмаса, өлердей сағынып, Еркебұлан келетін жаққа әлсін-әлсін қараумен болды. Ромео мен Джульеттадай екеуі қоңыр салқын айлы түнде, сыр-жұмбаққа бөленген қалың бау-бақшаның арасында кездесті.
Алтын ай емен түбінде құшақтаса қалған қыз бен жігітке қалың бұтағының арасынан қарап тұрды.
Шіркін, алғашқы махаббат, алғашқы сүйісу, алғашқы қуаныш қандай ыстық едің! Құшақтасқан қыз бен жігіт, дәл қазір жүректерінің жалынымен бірін-бірі балқытып, күйдіріп, біржолата өртеп жіберердей еді...
— Ту, көзім қарауытып кетті ғой, — деді әлден уақытта қыз...
— Онда көзіңе жарық берейін.
Еркебұлан қыздың енді көзінен, бетінен, мойнынан аймалай сүйді.
Жігіттің құшағына бұрала кіріп кеткен Жұлдыз әлден уақытта тағы:
— Осылай тұрып, қуанышыма шыдай алмай өліп кетсем қайтер едің? — деді.
— Сенен қалып мен өмір сүре алмас едім, мен де өлер едім, — деді жігіт.
Қыз еркелей күлді.
— Онда... біздің махаббатымыз да өледі ғой.
— Неге? Ол өлмейді. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу дүниеден өткелі қашан. Бірақ махаббаттары әлі тірі емес пе?
Қыз кенет жүдей қалғандай болды.
— Әрине, тірі. Бірақ олардың махаббаты - өзінің жан ауыртар қайғысымен тірі ғой.
— Ал біздің махаббатымыз өзінің мәңгі өлмес қуанышымен тірі болады!
Сол сәтте Еркебұланның есіне әкесінің жас кезінде жазған бір өлеңі түсті.
Гүл көктемі әр бір түні, әр таңы:
Адам деген бұл ғұмырдың мейманы.
Дүниеде бақытты жоқ оған тең
Таусылмаса ләззат атты мейрамы,
Қайғы бұлты, маған енді төнбеші,
Төне қалса, жаным, оған көнбеші,
Махаббатым, құдіретті күнімсің,
Сөнбеші сен, сөнбеші сен, сөнбеші!
Еркебұлан да өзінің бүгінгі махаббатын, жанын өртеген Жұлдыздың ләззат отын, осы бүкіл әлемге жарық беріп тұрған күнге теңеген. Оның мәңгі сөнбесін тілеген.
Дәл осы мезетте ол дүниедегі ең бақытты адам еді. Жоқ, жалғыз ғана Еркебұлан емес, Жұлдыз екеуі де шын бақытты жандар болатын.
Бұлардың махаббаты да Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббатындай таза, ыстық, мәңгілік еді.
Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай бұл екеуі де шын ғашық еді, жан қиярлық ғашық еді. Тек бұлардың махаббаты өзінің мәңгілік қуанышымен, бұлтсыз ашық шаттығымен артық еді.
Еркебұлан мен Жұлдыздың махаббатына кедергі болар, оларды айырар күш жоқ қой. Өйткен күнде, махаббаттары да өз бетімен маздана жана беретін желсіз күндегі оттай, қобалжусыз, үрейленусіз қуаныш құшағында өте бермей ме?
Жоқ, олай болмады.
Жел де тұрды, дауыл да соқты. Лаулап жанған махаббат жалыны сан құбылды. Біресе жер бауырлай құлады. Біресе қайтадан лапылдады, сөнбеймін деп жан таласты. Күтпеген сұрапыл мынадан басталды.
Жұлдызбен кездесіп мәз-мейрам боп келген Еркебұлан бір күні шешесі Қырмызыға:
— Апа, мен сені бір қызбен таныстырайын деп едім, — деді.
Шешесінің жүзі құлпырып кетті.
— Таныстыр, қалқам,- деді ол, сөйдеді де баласына күлімдей қарады. — Ол кім? Қалыңдығың ба?
— Иә, апа...
— Құтты болсын, құлыным. — Шешесі де қуанып қалған. Сөйтсе де ол қыздың кім екенін білгісі келіп кетті, — қалыңдығың қай жақтікі... Осы Алматыныкі ме? Әке-шешесі бар ма? Аты кім?..
— Аты Жұлдыз... Әкесінің аты Қаражан. Әке-шешесі жоқ. Әкесі былтыр қайтыс болыпты. Шешесінен тіпті жас кезінде айрылыпты... Өзі институтқа биыл Новосибирск жағынан келіп түсіпті...
Шешесі әлденеге елең ете қалды.
— Әкесінің аты кім дедің?
— Қаражан...
— Новосибирск жағынан келіпті дейсің бе?
— Иә. Оны неге сұрадың?
— Жай, әшейін...
Сонау бір мүлдем ұмытылуға айналған оқиға кенет есіне түсіп кетті. — «Қаражан... Новосибирск... Но, Қаражанды ұзын құлақ сол жаққа қашып кетті деп еді ғой».
Қырмызы үндей алмай ұзақ отырды. Еркебұлан шешесінің қылығына сәл таң қалса да:
— Әкелейін бе, апа, үйге? — деп қайтадан сұрады.
Кенет өткен күн қайғысы басып кеткен шешесі жауап берудің орнына:
— Қызың әдемі ме? — деп сұрады баласынан.
— Әдемі, әдемі! — деді баласы, сосын мақтанғандай, шешесінің қабырғада ілулі тұрған үлкейтілген жас кезінде түсірілген фото суретіне қарады. — Жаңа ғана байқадым ғой, тіпті өзіңе ұқсастығы бар ма, қалай...
Жұлдыздың пішінінде аздаған Еркебұланның шешесіне ұқсастығы болатын, әсіресе көзі Қырмызының көзіндей бір түрлі мұңлы еді...
— Шақыр, құлыным, — деді сыбырлай сөйлеп. — Шақыр, тезірек шақыр.
Еркебұлан шешесінің құбылып отырғанына мән берген жоқ, оның «Тезірек шақыр», — дегеніне іштей қуанып қалды. Қандай ана баласының үйленем дегеніне мәз болмаған. Еркебұлан да шешесінің кенет мұндай әбігерлене қалғанын соған жорыған.
Сазды жерге біткен жас талдай, жана құлпыра бастаған Жұлдызды көргенде, Қырмызы өзінің жас өспірім шағымен кездескендей болды. Түрі де ұқсас па, қалай, бойы да... Мінезі де өзінің жас кезіндегісіндей... ұяң секілді. Тіпті күлген күлкісі де, жүріс-тұрысы да өзіне таныс тәрізденді. Жоқ, дегенмен бұл өзі емес. Сонда бұл кімге ұқсаған? Япырмау, дәл осы Жұлдыз тәрізді кімді көрді? Мұны кімге шырамытып отыр? Осы Базаргүл қандай еді?.. Стол басына қатарласа жайласқан Еркебұланы мен Жұлдызға шай құйып отырып, қызға көзінің астыменен ұрланып қараумен болды. Ана жүрегі сезімтал жүрек қой. Қырмызы кенет өзінің өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанышты сезінді. «Бұл қалай? - деді ол өзіне-өзі, жүрегім жалғызымның теңін тапқанына қуанып отыр ма? Әлде... әлде... Көңілі кенет бұлқан-талқан бола қалды. Сөйтсе де ол өн бойын билеп кеткен толқынын басып, қыздан күпті ойына жауап берердей әлденелерді білмек болды.
— Қалқам, әке-шешең қайда тұрады? — деді ол бірдемеден үміттенгендей.
— Әкем былтыр қайтыс болған. Новосибирск маңына Қазақстаннан барған екен. Өлер алдында әкем шешемнің осы жақта қалғанын айтқан.
Кенет Қырмызы «Шешеңнің аты кім деп еді?»- деп сұрамақшы болды. Бірақ жанындағы қызға шөлдей қараған баласына көзі түсіп кетіп, сұрамады. Сұрай қалса, Жұлдыздан өз атын естуі мүмкін ғой. Қырмызы қызға енді бөтен жақтан келмек болды.
— Қалқам, көктемдегі қызғалдақтай сүйкімді екенсің, әкеңе тартып туғансың ба, әлде шешеңе ме? — деді өзін-өзі зорлай өзі тартып.
— Оны неге сұрадыңыз? — деді қыз кенет.
— Жай, әшейін... «Әкеге тартып ұл, шешеге тартып қыз тумас» дейді ғой қазақ. Сенің түр-келбетіңе қарап, әкесі қандай көрікті кісі болды екен деп ойлап едім...
— Олай ойласаңыз, қателесесіз, — деді қыз жымия езу тартып, — әкем көрікті кісі емес еді. Ол маған шешеңе тартып туғансың дейтін үнемі... Сол үшін де сені өте жақсы көремін дейтін ол кейде...
Бірақ қыз шешесінің атын тағы атаған жоқ. Қырмызы бұдан артық ештеңе сұрамады. Тек ол енді әлсін-әлсін қыздың сол білегіне қарай берді. Өзі қыз етпек боп, бауырына салған, бірақ ұрлатып алған кішкентай сәбиінің білегінде мынау алтын баулы сағаты тағулы тұрған тұсында меңі болатын. Содан бері бәлен жыл өтсе де, сол үшті-күйлі жоғалып кеткен бөбегі де, оның білегіндегі меңі де есінен шықпаған. Қалай есінен шықсын, осы күнге дейін со бір әп-әдемі нәресте көз алдынан бір кетпейтін... Тіпті сол сәбидің күйігі бұның жүрегіне бітпес кесел боп жабысқан. Қазір міне сондағы мең: есіне тағы түсті. Бір ретте «Қалқам, сағатыңды берші, бір әдемі дүние екен?» — деп, сұрап алып, қыздың білегіне қарауды да ойлады. Егер меңі болса онда әрине... Жоқ, жоқ оған батылы бармады. Бірақ бойын билеп кеткен қайдағы жоқ қобалжу, өкіну, қуану тәрізді кенет бұған жабыса қалған ойлардан басы қатты ауырып кетіп: «Шайды өздерің ішіңдер, менің сақинам ұстай бастады-ау деймін, басым әкетіп барады», — деп өз бөлмесіне шығуға ыңғайланды. Әйтсе де қызға мұңлы жүзбен күле қарап:
— Қалқам, үйге келіп жүр,- деді, кетіп бара жатып.
Қыз бен жігіт үйден шығып, екі-үш кеше өтіп, Чайковский көшесіне бұрылғанда ғана, әлденеге бір шаттанып, бір мұңайып келе жатқан Жұлдыз кенет Еркебұланнан:
— Анаңның атын кім дедің? — деп сұрады.
— Қырмызы...
Әрине. Жұлдызын Қырмызының қызы деп сенген Қаражан, өлер алдында да шешең деп Жұлдызға тек Қырмызының ғана атын атаған.
Жұлдыз кілт тоқтай қалды да, өзін-өзі зорлағандай аяғын сылбыр басып қайтадан жүріп кетті. «Иә, иә, Қырмызы». Еркебұлан бағана үйге кіріп шешесімен таныстырғанда, шешесінің атын айтқан. Бірақ сүйген жігітінің анасымен кездесу үстінде көңілі толқып кеткен Жұлдыз, бұл атты шала естіген. Ал қазір?.. Жоқ, жоқ Жұлдыз, әкесі қанша сыбырлай сөйлесе де, «Қырмызы» деген атты бұл анық естіген. Және тұңғыш естіген анасының атын жүрегіне мәңгі сақтап қалған. Бірақ бағана Еркебұлан қабырғада ілулі тұрған Тың өлкесіне кеткен әкесінің суретін көрсеткенде: «Бұл менің әкем. Әкем мен шешемнің мен тұңғышымын да, жалғызымын да, менен бөтен бұлар бала көрген жоқ»,-деген. Сонда қалай болғаны? Жұлдыздың әкесі Қаражан өлер алдында: «Сен Қырмызының жалғыз қызысың... Сенен кейін ол бала тапса өзі біледі. Ал сені мен ұрлап әкеткенімде, оның ерге шыққанына екі жылға таяп қалған»,- деген жоқ па еді? Ал Еркебұлан болса менен екі жас үлкен. Жоқ, жоқ. Еркебұланның анасы менің анам емес. Аты ұқсас болуы жай, кездейсоқ жайт. Аты, тіпті түрі де ұқсайтын дүниеде адам аз ба?.. Ләйім солай болғай да...»
Емшегін еміп, кішкентайынан бауырында жатып қызығын көрмеген анаға деген махаббаттан,. жанындай жақсы көріп қалған сүйген жігітіне деген махаббаты Жұлдызды жеңді. Ол енді шын жүректен Қырмызының бөтен әйел болып шығуын тіледі. Бірақ жүрегіне біздей қадалған бір шаншу ой Жұлдызға: «Ол сенің анаң! Сенің анаң! Ал сенің анаң бола қалса не істейсің?» - деп, мазасын әкетіп барады. Шешімін таба алмай, екі оттың ортасында жаны алай-түлей боп күйген Жұлдыз үн-түнсіз келе жатып, әрі-беріден кейін: «Ертең лекцияға ерте тұруым керек еді, бүгін тіпті шаршадым»,- деп, Еркебұланмен жай, сыпайы қоштасып кетіп қалды.
Үнемі сүйісіп айрылатын Еркебұлан Жұлдыздың кенет жүдей қалғанына таңдана кейін бұрылды.
Ол бұл минутта Жұлдыз бен шешесі Қырмызының қандай азап отына өртене бастағанын білген жоқ еді. Бірақ бұның да шат көңілін кенет бір белгісіз қайғы басқандай болды. Жоқ, қайғы емес, Еркебұлан өзіне бір күтпеген қауіптің жақындап келе жатқанын сезінді. Сол сезім Еркебұланды күні бұрын қобалжыта түсті.
Дауыл тұрмаса да, оның келе жатқанын сезетін қарлығаштай Еркебұланның жүрегі әлсін-әлсін ойнақши берді.
Бұл тұста «Ардагерлер сарайының» бәйгесіне қатысушы жас сәулетшілер қызу жұмыс үстінде еді. Көңіл күйі осы бір кезде көкке жетердей боп шарықтаған Еркебұлан да өз жобасын үлкен шабыт үстінде жасаған. Ол болашақ «Ардагерлер үйін» Алматының күнгей батыс жағындағы тау етегіне орналастырған Еркебұлан қала негізінде осы күнгі Алматының Батыс-теріскей жағына қарай жайылатынына шек келтірмеген. Ал сарай салынатын жер қала үстінен биіктеу тұрған. Сондықтан төмендегі Алматы тұрғындарына жоғарыдағы сарай салауатты, еңселі көрінуге тиісті. Оның үстіне Еркебұлан Ленинградтағы Исаак соборы тәрізді бұл сарайдың геометриялық болмысын таба білген. Жанынан қарасаң мығым, тақа биік емес, бірақ геометриялық (әсіресе текшелік) формасын таба алған сайын үлкейе, биіктене түсетін. Сарайдың тұратын жерінің ерекшелігін архитектор дұрыс пайдалана білген. Және геометриялық (әсіресе текшелік) формасын таба алғандықтан, жобаның өзінде-ақ сарай ғажайып боп көрінген. Жан-жағын жасыл орман қоршаған. Ал сол жасыл орман әлемінің ортасымен аппақ мәрмәр баспалдақтар сарай тұрған қырқаның үстіне шығарады. Баспалдақтың біткен жеріндегі алаңда ақ боз үй тәрізденіп, керемет сұлу сарай тұр. Тағы бір ғажабы алыстан киіз үй сияқты боп көрінген, ал шынында сарай трапеция формасымен салынбақшы еді. Ұзын жағы тауға, күнгей-шығысқа қараған, қысқа жағы тікелей батыс-терістікке қарсы келген. Трапецияның бір бүйірі - күнгей-батыска, екінші бүйірі - теріскей тұсқа дәлденген. Осылай етіп орнатылған сарайдың, яғни күнгей-батыс, батыс-теріскей және теріскей тұстары бірімен-бірі сынық сызық болып жалғасқанмен, алыстан алдыңғы және бұрыш жақтарынан кигіз үй тәрізденіп дөңгеленіп көрінетін. Және төбесі де Ленин атындағы сарайдай пагода тәрізді қалпақты етіліп көмкерілмей, орта тұсына үлкен күмбез орнатылып, ал сол күмбезді орай трапецияның төбесін ақ түсті әшекейлі темір тормен қоршаған. Күмбез бен темір шарбақтың арасы кең алаң. Бұл жер - сарайға келген адамдардың бүкіл қаланың үстінен қарайтын, серуендейтін, дем алатын орны. Ал осылай тұрғызылған сарайдың іш жағына келсек, бос қалған бір де бір текше метр қуыс жоқ, барлық жер тегіс пайдаланылған. Тіпті күмбездің іші де бильярд ойнайтын бөлмеге айналдырылған. Сарайда концерт тыңдайтын, спектакль қоятын, кино көрсететін залдардан басқа кең фойе бар, ресторан, түрлі кавинеттер, аудиториялар бар. Бәрі келісімді, бәрі дұрыс есептелген. Терезелері қоршай орнатылғандықтан (тіпті тауға қараған жағында да қат-қабат терезелер), күннің шығуы мен батуына дейін іші үнемі жап-жарық болып тұрады. Көптігіне қарамай, бөлме біткеннің бәрі биік, кең және Еркебұланның өзіне ғана аян әдіспен залдардың құр сәнді-салтанатты болуы ғана емес, сахнадағы әрбір сыбыр залдың ең артқы бұрышына дейін жақсы естілетін етіп жобаланған.
Қысқасы, Еркебұланның бұл жобасы кімнің болса да көңіліне қонатын, кімді болса риза ететін, қуантатын жоба еді. Тек жұмсалатын заттар қандай болуы керек деген сұраққа жауап беру қалған. Егер жобасы қабылданса, ар жағында сарайдың жалпы техникалық есеп-қисабы, кейбір бөлшектердің жеке сызу-сызығы, шығатын қаражаттың, жұмсалатын заттардың бағасы, құны тәрізді нақтылы жұмыстарын қағазға түсірулері керек. Жүлде алған жобаның бұндай бар жұмыстарын уәде бойынша конкурсқа қатынасқан жас сәулетшілер өздері істеуге тиісті.
Еркебұлан Жұлдызды шығарып салып, тағы да жобасының ондай-мұндайын қарамақ боп үйіне келді.
Күн батып қалған кез еді. Чайковский көшесінен бұрылған шақта-ақ өзінің бөлмесінің шамы жанып тұрғанын көрді. «Көкем келіп қалды ма екен, әлде апам тұрып менің бөлмемнен бірдемесін іздеп жүр ме?» - деп, Еркебұлан енді асыға жүрді. Жайшылықта бұның бөлмесіне ешкім де кірмейтін. Әлдеқалай, әкесі не шешесі кірсе, онда да асқа шақыруға, не бірдеме сұрауға ғана кіретін. Жалпы Еркебұлан өз бөлмесін өзі қарайтын.
Бөлмесіндегі киім-кешегін, төсек-орнын, сызу-жазу столдарын, кітап-қағаздарын жинақы ұстау,- бәрі өз міндеті еді. Тіпті бөлмесін өзі сыпыратын, өзі тазалайтын. Ол бұл жұмыстарға жастайынан-ақ үйренген.
Сыртқы есікті өз кілтімен ашып, аяқ киімін коридорға тастады да, жұмсақ тапочкасын киіп, шешесінің бөлмесіне кірді. Анасы әлі диван үстінде жатыр екен.
— Апа, басын қатты ауыра ма?- деді Еркебұлан шешесіне таяп. — Дәрі ішесің бе?
— Жоқ, қалқам. Қазір басылайын деді. Өз бөлмеңе бар. Сені Қайназар күтіп отыр.
Қырмызы Қайназарды баласының жан жолдасы деп өзге жолдастарынан жақсы көретін. Және жақын санайтын. Сол себептен де Қайназар қай уақытта келсе де, Еркебұланның бөлмесіне кіргізе беретін. Баласының өзі жолдасына өйтпейтін. «Бұл жолы да апам сол әдетіне салған екен»,- деп ойлады Еркебұлан ішінен. Қайназардың келгеніне Еркебұлан да қуанып қалды. Іске кіріскелі, жұмыста болмаса бұл екеуі тақа жиі кездесе қоймайтын. Әркім өз жобасымен әуре болып, тіпті бірге кино, театрға баруға да уақыттары жетпейтін. Оның үстіне Қайназардың Еркебұланға келгіштей бергісі келмейтін де себебі жоқ емес-ті. Ерте үйленді демесең, бұ да жас қой, бұның да ләззат күтіп мазасызданған көңілі бар ғой, сондықтан бұл да Жұлдыз деген гүлді бір көргеннен ұнатып қалған. Әйелі, баласы болғандықтан, бұның жақсы көруі басқаша еді. Құмарлық та адамды отқа сала білген. Әйткенмен қыз жүрегі жан жолдасына мүлдем ауып кеткенін түсініп, өз сезімін өзі басуға тырысқан. Жоқ, ләззат атты сезім асау ат тәрізді, оны оңай ауыздықтай алмайсың. Қайназар да қызға деген көңілін мүлдем баса алмаған, бірақ Жұлдызға құмарту бұл арада буынсыз жерге пышақ салу екенін түсініп, өзіне-өзі тоқтау айтқан. Берік қынабы болмаса құмарлық та өткір қанжар тәрізді, абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсері даусыз. Сол себептен де Қайназар Жұлдызды неғұрлым көрмесем, соғұрлым жүрек оты тез басылар деп ойлаған. Әрине, Жұлдызды көрмеу деген сөз - Еркебұланды көрмеу деген сөз. Ал Еркебұлан мен Жұлдыздың кездеспейтін, бірге серуендемейтін кеші жоқ. Соңғы кезде жолдасын Қайназардың жиі кездестірмейтін бір себебі - осында еді. Әрине, Жұлдыз Қайназардың өзіне деген ыстық сезімін аздап аңғарғанмен де, Еркебұлан бұдан бейхабар болатын. Көптен бері көрмеген жолдасын ол шын сағынып қалған екен, стол үстінде, еденде жайылып жатқан өзінің сызық-жобаларын қарап тұрған Қайназарды еркелей келіп, арт жағынан құшақтай алды.
Анау селк етті.
— Ту, шошып кеттім ғой.
Еркебұлан оны сол құшақтаған қалпында екі-үш шыр көбелек айналдырды да, жерге қойды.
— Тіпті көрінбей кеттің ғой, — деді Еркебұлан.
— Дала! — деді Қайназар мұңая сөйлеп. Ерні күлгендей болғанмен, көзі күлмеді.
— Өзің бір түрлі солғынсың ғой, бір жерін ауырып жүр ме? — деді Еркебұлан жолдасының жүзіне үңіле қарап.
— Ауырып жүргенім рас...
— Қай жерің ауырады?
— Жүрегім...
— Жүрегім! — Еркебұлан күлді. — Онда түсініксіз. «Ғашықтық деген қасірет. Ақылыңды билеп әкетер: Арылар сенен со бір дерт. Сүйсе сені о да егер», — деді Еркебұлан бір нашарлау ақынның өлеңін тақпақтап. — Саған да әлгі ақын айтқандай, жүрегін ауырып жүрсе, ол ғашықтықтың қасіреті дер едім, бірақ сенің жаныңдай сүйген жарың бар ғой...
Қайназар қолын бір-ақ сілтеді.
— Қайдағы бізге ғашықтық? Қотыр тайлаққа кілем жабу жараспайды. Одан да мына сенің жобаң жайында сөйлесейік.
«Мейлің!» дегендей Еркебұлан әлденені ойлап, сәл үндемей отырды. Сосын барып баяу қозғалып, өзінің қағаздарына қарады.
— Иә, қалай екен?
— Жақсы ғой, — деді Қайназар, — әдеттегідей, тағы бізді жерге отырғызып кететін түрің бар. Жалпы сен жүрген жерде бізге қиын-ақ...
Еркебұлан жолдасына таңдана қарады. Қайназардың сөзі оған «сен барда, біздің жеріміз тар» дегендей боп естілді. Бұрын жолдасы мұндай сөз айтпайтын. Ал бұл жолы...
— Неге олай дейсің? — деді Еркебұлан сәл қабағын шытып. — Әлде мен біреуіңнің жолында тұрдым ба, не қиянат істедім бе? Конкурсқа бәріміз де қатыспақ болдық. Мен де қатынаспақпын. Әлі жұмыс біткеннің бәрін көрген жоқпыз ғой. Менікінен артықтары да аз емес шығар. Мүмкін сенің жобаң асып түсер. Күні бұрын неге ренжи қалдың?
Қайназар абайсызда аузынан шығып кеткен сөздің жолдасына шын қиын тигенін енді ұқты. Жұлдызға қолы жетпейтінін білетін Қайназар, жолдасының қағаздағы «Ардагерлер сарайының» жобасын көргенде, Еркебұланның тағы бұдан асып түскенін түсінген. Өзінің жолдасынан әр салада-ақ кем жатқаны жанына батып кеткен. «Шіркін-ай, осындай ой маған неге келмеді?» — деген ол өзіне-өзі ренжіп. Сонда не бұл? Творчестволық қызғаншақтық па? Әлде Еркебұландікіндей дарынының жоқтығының өкініші ме? Не жолдасының өзінен артықтығын түсінуден туған қынжылуы ма? Мұндай сезімдер әркімдерде-ақ тууы мүмкін. Әсіресе творчество адамдарында. Тек осы бір өзіңнің дарыныңның төмендігін сезіну күншілдікке айналмасын де. Егер сондай сезінуден жаман ой туар болса, ол, әрине, жақсылыққа апармайды. Ал творчестволық қызғаншақтық, егер адам шын дарын иесі болса, оны осы бір қызғаншақтық тудырған дүниедей дүние жасауға сілтейді. Адам сол творчестволық қызғаншақтық отына күйеді, бірақ қызығына батады; алға ұмтылады, жанын жай тапқызатындай туынды беруге барын салады.
Қайназар әлгі сөздің қалай аузынан шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. Егер жүрегінің түбінде күншілдік не қызғаншақтық деген жылан бұйығып жатып, әлгі әзірде басын көтерген болса, онда тезірек одан құтылуы керек. Ал құтылмаса, ол жылан күннен-күнге үлкейе келіп бір күні болмаса бір күні өзін шағады. «Күншілдіктің күні тар» деп қазақ бекер айтпаса керек.
Қайназар енді өз сөзінен өзі тезірек ақталғысы келді.
— Қойшы, қайдағы жоқты айтпай, — деді ол. — Сен жүрген жерде бізге қиын десем, сенің дарыныңның артықтығын айтқаным. Расында да, сенімен бәсекеге түсіп жүрген біз ақымақпыз. Ешкімде де сенікінен артық жоба жоқ. Бірінші жүлдені алдым дей бер! — Сосын кенет ол орнынан түрегелді, — Жә, жобаң туралы соңынан сөйлесерміз. Ал қазір жүр, кафеге барайық, бір жағынан сенің мына сәтті жобаңды күні бұрын жуайық, екінші жағынан... — Ол сәл тоқтап қалды да, қайтадан сөйледі. — Бүгін мен сондай көңілсізбін... бірер рюмка шарап ішіп, көңіл көтерейік.
Ертеңіне Еркебұлан жұмысқа кеткен кезде, бұлардың үйіне Жұлдыз келді. Бір түннің ішінде кірпігі кіртиіп, өңі солып қалған. Түнімен ұйықтамағаны көрініп тұр. Үйде Қырмызы жалғыз еді. Бұ да түнімен көз іліндірмей шыққан. Үйінің ондай-мұндай заттарын жинап, қазір тағы ойға беріліп, босағада сүйеніп тұрған. «Егер Жұлдыз менің сондағы сәбиім болса, кеше қалай сезбеді? Сезуі керек еді ғой?» Дәл осы сәтте есік қоңырауы шылдырлай жөнелді. Ана жүрегі бұлжытпай Таныды. «Сол! Сол!» Келген Жұлдыз екеніне сенгені соншалық, жайшылықтағы «Кімсің?» дейтін сұрақты да ұмытып кетті. Қолы дірілдеп кеткен Қырмызы тиекті босатып сәл шегініп:
— Кіріңіз, — деді.
Есік ашылды. Жарық дәлізде, табалдырықты аттай алмай Жұлдыз тұр. Екеуі бір-біріне қарап қалған. Қырмызы енді түсінді. «Япырмай, айнымаған Базаргүл ғой. Тек қас-қабағы ғана поезд басып кеткен әкесіне ұқсаған!» Қырмызының кенет буыны босап кетті. Бұдан әрі ол шыдай алмады.
— Айналайын-ай, бар екенсің ғой! — деп құшағын жайып, аңырай қарсы жүрді.
Көзінен жасы моншақтаған Жұлдыз тек:
— Мама! — деп қана үлгірді.
Осыдан он сегіз жыл бұрын айрылған Қырмызы мен Жұлдыз енді ағыл-тегіл жылап құшақтасып, аймалап сүйісті.
Әйтсе де, тіпті күдіксіз болайын деді ме, Қырмызы қызының бүгін сағатсыз білегіне қарап өзіне аян екі тиындықтың көлеміндей меңді көрді. Енді бұрынғыдан бетер оның көзінен жасы ытқып-ытқып кетті. Мәз-мейрам боп бой жетіп қалған Жұлдызды сол кездегі жас бөбегіндей баурына басты. Әлсін-әлсін қысты. Мейірі қанғанша сүйді. Әттең, не керек, Жұлдыздың өзінің қызы емес екеніне және Еркебұланды өзі таппағанын осы қуаныштың үстінде ол айта алмады. Соңынан айтпақ болды. Әсіресе кішкентайынан бауырына басқан жалғыз ұлын «Менің балам емес»,- деуге аузы бармады. Асығатын да, өзін де, Еркебұланын да аяды. Шынында да Еркебұланды «Менің балам емес»,- деу оның ойына дәл қазір кірген де жоқ еді. Бірақ Қырмызының бір рет «Сенің қайғыңнан мені құлыным Еркебұланым ғана арылтты»,- деген сөзіне қарап, Жұлдыз енді Еркебұланы өзінің ағасы екеніне шек келтірмеді. Және осы бір қуанышты болса да қайғылы, қайғылы болса да қуанышты кезінде ештеңені анықтауды ойламады. Бәрі де өзінен-өзі түсінікті секілді боп көрінді оған. Көңілі кенет бұлқан-талқан бола қалған Жұлдыз бұдан әрі тұра алмады, жүрегін бір ұят өртеп бара жатқандай, екі бетін басып үйден асыға шығып кетті.
Әттең, не керек, екеуі бұдан әрі әңгімелесіп барлық шындықты түсініспеді. Ал ол түсініспеген күңгірт жағдай бұларды бұдан да ауыр күйге апарып соқтырарын екеуі де білмеді.
Ал туған анасын тапқан қуанышы, сонымен қатар жүрегін күйдірген махаббатының өкініші, ұяты, азабы Жұлдыздың жанын қоярға жер тапқыздырмай, түні бойы көзі ілінбей шықты. Ертеңіне түс кезінде жүгін көтеріп вокзалға келді. Поезы жүргелі тұрғанында, ол автоматтан Еркебұланның үйіне телефон соқты.
Телефон трубкасын Қырмызы алды.
— Мама, бұл сізсіз бе? — деді Жұлдыз.
Қырмызы Жұлдыздың даусын бірден таныды. Және «Мама» деген сөзі жүрегін жылытып жіберді.
— Иә, қалқам, менмін ғой.
— Мама, кешіріңіз, бірақ менің сөзімді мықтап тыңдап алыңыз,- деді ол әзер-әзер сөйлеп даусы жасқа булыға. — Мама, мен тапқан қуанышымды қайта жоғалттым. Еркебұлан екеуміз қосылмақшы едік. Енді міне қара бет болып, өз күнәмнан өзім арылғалы алыс жаққа кетіп барамын. Көп кешікпей жүремін, — кенет ол солқылдап жылап қоя берді. — Қош! Қош! Қош болыңыздар! — Сөйтті де телефон трубкасын іле салды.
«Тық, тық» ұрған телефон трубкасына «Жұлдызым! Жұлдызым! Тұра тұршы. Тыңдашы!» деп, шешесі қызымен сөйлеспек боп абыржи қалды да, оның телефон трубкасын іліп тастағанын біліп, өкпесі аузына тығыла алқына, дереу такси шақырды. Бір сұмдыққа ұшырағанын жүрегі сезді. Таксимен дереу ең алдыменен Екінші Алматыға, сосын Бірінші Алматыға барды. Еш жерден Жұлдызды таба алмады. Осы бір сағаттың ішінде Жұлдыздың батысқа, шығысқа, оңтүстікке, солтүстікке жүрген төрт поездың қайсысына мініп кеткенін біле алмай, екі сағаттан кейін дел-сал боп үйіне қайтты.
Біреуге бірдеме деуге аузы бармай, диванға сылқ құлады, өкіріп жылап қоя берді.
Сол күні Жұлдыздың жатақханасына барған Еркебұлан да сүйген қызын таба алмады. Тек дел-сал боп үйіне қайтып келе жатқанында оған кездескен Жұлдызбен бірге жататын бір орыс қызынан өзі туғалы ең алғашқы суық хабарды естіді.
— Она уехала насовсем из Алма-Аты с другом, которого раньше любила, — деді қыз. — Он только вчера вернулся из армии.
— Куда уехала?! — деді суық хабарға әлі де жете түсінбей Еркебұлан.
— Не знаю, — деді қыз.
Қыздың Жұлдыздың бұған айт деген сөзін қайталап тұрғанын Еркебұлан білген жоқ. Екі иінінен су кетіп, кенет соқыр болған адамдай жарық дүние көзіне көрінбей, ол үйіне қайтты. Сол күннен бастап Еркебұлан іше бастады.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Адамның көп қасиеті мінезімен байланысты. Егер кісі асқан дарынды, не ғаламат өнер иесі болып келіп, мінезі өзгеге дегенде тар, не кекшіл, күншіл жаратылса, бұл бір орасан қырсық. Мұндай адамның халыққа деген жақсылығын кейде мінезінің жамандығы жеңіп кететін кездері болады.
Еркебұлан қанша биязы мінезді, кең көңілді, жомарт жанды болғанменен, оның мінез-құлқының бір кемістігі бар-ды. Бірақ бұны тіпті жамандыққа санауға болмас. Әйтсе де оны ескерген жөн шығар. Еркебұланның бар айыбы, бір нәрсеге берілсе, тоқтау білмейтін, сол нәрсеге жан-тәнімен берілетін. Әрине, бұл оның кемістігі. Творчестволық іздену тәрізді игілікті істерде болса бір сәрі ғой, оны тіпті жақсылыққа жатқызар едік. Ал арақ-шарапқа әуестену, не карта, тағы сондай керексіз ойындарға берілу тәрізді жексұрын әдеттерге келгенде - бұл жаман қасиет еді. Әсіресе, Еркебұлан тәрізді, қызығымпаз адамға, орысша айтқанда «увлекающая натураға», керексіз нәрсеге беріліп, дер кезінде тоқтамау - нағыз трагедия болатын.
Шүу дегенде Жұлдыздың күйігі шыдаттырмай іштірсе, енді ол әрі-беріден кейін араққа тіпті салынып алды. Бұған жолдас-жоралары да жәрдемдесті. Әсіресе Еркебұланның мұндай мінезін білетін Қайназар оғаш «Тоқта, ішуді қой»,- демеді. Жолдасын мүддем маскүнем еткізгісі келгендей, Еркебұланды қайдағы жоқ ішкіш жастармен таныстырды. Солардың қауымына кіріп кеткен Еркебұлан, енді жобасын да ұмытты, Жұлдызды да аузына алуды қойды. Бір-екі айдың ішінде «Бүгін арақты қайдан тауып ішем»,- деп, ойлайтын күйге жетті. Енді оған кім арақ берсе, сол шын жақсы жолдас көрінетін болды. Әрине, бұл жолдастарының ішінде сол бұрынғы қалпындағыдай Қайназар ерекше орын алатын. Ол әрқашанда Еркебұланды ұмытқан емес. Қай уақытта оның басы қатты ауырады, не істесе жазылады, бәрін біледі. Тек Қайназардың білмейтіні: «Жұлдыз бен Еркебұлан екеуінің арасында не болды?» Сол ғана. Ал Еркебұлан мас кезінде де Жұлдыз жайында еш сырын ашпады. Қайназар ма, әлде басқа жолдастары отыр ма, ол өзгесін қойғанда, тіпті Жұлдыздың атын да атамады. Мүлдем, ондай қызды жақсы көрмек түгіл, білмейтін тәрізденді. Ал шынына келсек, ол араққа қанша салынса да, Жұлдызды бір секунд, бір минут ұмытып көрген емес. Жұлдыз деген махаббат енді оның жазылмас кеселіне айналған. Тіпті кейде Еркебұлан арақ-шарап буымен балқып, қиялымен Жұлдызды көз алдына елестететін болды. Онымен күбірлеп, сырласуды шығарды. Енді араққа осындай тәтті қиялдарға берілу үшін, Жұлдыз деген тәтті тілегімен сырласу үшін ішетін болды. Неғұрлым арақты көп ішсе, соғұрлым Жұлдызды әлсін-әлсін көз алдына елестететін күйге жетті. Осылай ой, қиял орманына кіріп кеткен Еркебұлан ішкен арақтың әсерімен енді Жұлдыз деп шатаса бастады.
Еркебұланның күннен-күнге құрып бара жатқанын жолдастары да, Қайназар да көріп жүрді. Бірақ бір де бірі «Сен бұзылып барасың, ішуді қой», — демеді. Арақ пен Еркебұланның арасына ешқайсысы араша түспеді.
Әсіресе жан жолдасы Қайназардың қылығы түсініксіз еді. Бұрын да, Мәскеуде оқып жүргендерінде Еркебұлан кейде ішетін. Тіпті ондай жағдай кейде бір жетіге де созылатын. Еркебұлан өзінің әр нәрсеге қызығымпаз, ергіш мінезін жеңе алмай қалатын. Мұндай жағдайда Қайназар оған: «Мұныңды қой, әйтпесе әкеңе хат жазамын»,- деп қорқытатын. Алдында келе жатка сессиядан жасқанып, не Қайназар әке-шешеме менің арақ ішіп жүргенімді хабарлап қояр деп, Еркебұлан бірден қоятын. Қайназар Еркебұлан қылығының барометрі тәрізді еді. Егер ол ұрысса, не жанжалдасса, өзінің бұрыс жүре бастағанын бірден түсінетін. Бұндай түсіну тек арақ-шараппен байланысты болмайтын. Кейде Еркебұлан мұзойнақта коньки тебумен өте шұғылданып (әрине, ондайда Еркебұлан сабақ қарауды ұмытатын), кейде киноға барғыштап та кететін. Бұның бәрінде де Қайназар дер кезінде табылатын. Тоқтау салатын.
Ал бұл жолы Қайназар бұның бірін де істемеді. Tiпті іше түссін дегендей. Еркебұланның ішімдікке ақшасы жоғында ақша тауып берді, бар жамандығына көмекші болды. Еркебұланды расыменен арақ ішсін, әбден масқара болсын деп, оған «ішуді қой» демеді. Неге?
Дегенмен, түсініксіз қылық. Досың түгіл, қасыңнан күтпейтін сұмырай қылық. Ал шешесі Қырмызыға келсек, оның құр шықпаған жаны жүрген. Мұндай қылық білдіріп көрмеген баласының алғашқы кездегі ішкендеріне бәлендей қобалжи қоймаған. «Денсаулығы мықты ғой, қызының кетіп қалғанына күйініп ішіп жүрген шығар, әлі-ақ қояр»,- деп ойлаған. Бишара ананың бар кемшілігі - баласының Жұлдызды қаншалық жақсы көретінін білмегендігі. Бұрынды-соңды Жұлдызды әкеп таныстырғанға дейін, Еркебұлан қосылайын деп жүрген қызым бар деп айтып көрмеген. Тіпті соңынан да Жұлдызға шын ғашық екенін білдірмеген. Титтейінен Еркебұланының жақсы қылықтарына қаншалық қанық болғанымен, оның кей сырын ішіне сақтап, іштей булығып жанып, бірден өртене кететін мінезін білмейтін. Сондықтан «Бітпейтін қайғы, таусылмайтын қуаныш жоқ» деген орыс халқының данышпан сөзіне сеніп, әлі-ақ қасіретінен айығар деп ойлаған. Бірақ баласының араққа тым салынып бара жатқанын көріп, кенет қатты қауіптенген. Мұндайда сорлы ананың қайғысын да, мұңын да өлшейтін таразысы көз жасы ғой. Шешесі жылап та, жалынып та баласынын ішпеуін өтінді. Еркебұлан шешесін аяп: «Енді ішпеймін»,- деп уәдесін де беретін. Бірақ сыртқа шықса болғаны, үйге мас болып қайтатын.
Лажы таусылған Қырмызы өздерінің Қарлығаш — Жұлдызының қалай табылғанынан бастап, болған оқиғаны Асығатқа айтып берген.
Жалғыз Еркебұланның мұндай күйге түскені ғана емес, жоғалып кеткен нәресте қызының табылуы, оның қайтадан адресін айтпай кетіп қалуы, бәрі-бәрі Асығатты қатты толқытқан. Кенет еңсесін бір ауыр жүк басып, бүкірейіп ұзақ отырған.
— Соның бәріне сен қалай шыдадың? — деген бір кезде ол әйелін аяп кетіп.
— Басқа салған соң амал бар ма? — деген әйелі ауыр күрсініп. Содан кейін Асығат тағы ұзақ уақыт үндемеген. Үндемей ойға берілген. Баласының арақ ішіп шатысуы Жұлдызбен байланысты деп шешкен ол ойын қорытып: «Енді Жұлдызды тез табу керек. Сонда баласы жастайынан салынып ішпеген арақтың кеселінен тез жазылып кетеді. Амал жоқ, Еркебұланға Жұлдыздың өзі туған ағасы емес екенін ашу дұрыс. Бірақ оны қайдан табасың? Қай жаққа, қай қалаға кеткенін қайдан білесің? Қылмыскер адам емес, заң орындарын тік қойып іздететін. Дегенмен, адам ине емес қой, табуға болар. Неғұрлым Жұлдыз тез табылса, соғұрлым Еркебұланым тез жазылады». Осындай шешімге келген әке, ертеңнен бастап Жұлдызды іздемек болды. Бірақ қайдан іздейді? Қалай іздейді? — Бұ да оған белгісіз еді. Ал шынына келсек, қазір Жұлдыздың қайда екенін естіген жалғыз ғана адам бар еді. Ол - Қайназар болатын. Осыдан бір ай бұрын командировкаға Сібірдің алыстағы қаласы Бийскіге барған бір таныс құрылысшы жолдасы, сонда конструкторлық бюрода чертежница боп қызмет істеп жүрген қазақтың бір сұлу қызы барын айтқан. Сұрастыра келіп Қайназар сол қыздың Жұлдыз екенін түсінген. Бірақ «Жұлдыз Бийскіде екен!» - деп Еркебұланға естіртпеген. Неге?
Әлде жолдасы Еркебұлан өзіне Жұлдыз екеуі неге айрылғандығын айтпағандықтан, бұл жағдай өзіне түсініксіз болғандықтан әдейі үндемей жүр ме? Бірақ жолдасының Жұлдызды жақсы көретінін біледі ғой. Сондықтан Жұлдызды Еркебұланның есіне түсіріп, ескі жарасының аузын тырнағысы келмеді ме? Солай тәрізді. Өйткені Еркебұлан қанша жасырғанмен, оның Жұлдызды жанындай жақсы көретінін және сүйген қызынан айрылғаны жанына қатты батып жүргенін білмей ме? Бірақ баласының мұндай күйге жеткені жанына аяздай батып, ауырып қалып жүрген Еркебұланның анасын аямай ма? Еркебұланымның серігі деп бұны Қырмызының өз баласынан кем көрмейтінін неге ұмытады? Әлде Еркебұланның қайғысы Қырмызыға шын батады деп ойламай ма? Ол мүмкін емес. Қайназар Еркебұланнан екі жас үлкен. Және мектепке барар жылы ма, әйтеуір, кішкентай кезінде, өздерімен ойнап жүрген бір тентек баланың Еркебұланды «Асыранды өгей бала» деп, мазақтағаны есінде бар. Бірақ одан бері қаншама жыл өтті?
Тіпті, асыранды болған күнде де Еркебұланның әке-шешесіне өз баласы саналып кететін уақыты болған жоқ па? Болды ғой. Оның үстіне, Еркебұланның өзіне де, оның әке-шешесінен де сондағы бір тентек баланың сөзін жандандырар қылық, небір оқиғаны көрген, не естіген емес қой. Бұл үшеуінің қарым-қатынасына, араларындағы сүйіспеншілігіне қарағанда Еркебұланды бұлардың өгей баласы дегенге ешкім де сенбес. Ал Асығат пен Қырмызыны Еркебұланның әке-шешесі емес десең жұрт күлер. Жалғызымыз деп Еркебұланды мәпелеп өсірген Асығат пен Қырмызыны бұ да кішкентайынан танитын. Білетін. Жұрттың әке-шешесі неге осы екеуіндей болмайды деп, әке-шешесі кейде өзіне ұрысса, ана екеуін үлгі ететін. Тіпті сол екеуіне қызығатын. Сөйте тұра Еркебұланның қатты күйзеліп жүрген анасына неге жәрдем бермейді? Бұл қалай? Қалай?
Асығат Тың өлкесінен қайтқан күні, Еркебұлан үйіне таң ата бір-ақ келді. Ертеңінде де сөйтті. Әкесімен жөндеп сөйлеспеді де. Ал Асығат дәрігерлерге бармастан бұрын, баласының жағдайын жолдастарынан сұрап білейін десе, ең жақын жолдасы Қайназар командировкаға Бийскіге кетіп қалған боп шықты.
Міне, осындай жағдайда Еркебұлан ақыры психиатрлық емханаға барып түсті. Түнімен көзі ілінбей шыққан Асығат жұрт тұрмай емханаға баруды дұрыс көрмеді. Емханада жұмыс басталды-ау деген кезде баласын өзі кеше апарып тапсырған емдеуші дәрігерге телефон соқты.
Дәрігер: «Балаңыз ұйықтап жатыр,- деді. − Күшті дәрілер беріп, біз оны үш-төрт күн осылай ұстаймыз. Көп ұйықтатамыз. Дене, ақыл, ойы - бәрі дем алулары керек, емдеуге мүмкіндік жасауға тиістіміз. Әзірге емханаға келудің қажеті жоқ. Көп қобалжымаңыз, балаңыз бізде ғой, жақсылап қараймыз. Ал алда-жалда тезірек көргіңіз келсе, үш күннен кейін телефон соғыңыз, бірақ түс ауа. Мүмкін сөйлестірерміз».
Ал үш күннен кейін, телефон соғуға асығып, түстің аууын күтіп отырған Асығатқа, түс болмай жатып-ақ емдеуші дәрігердің өзі телефон соқты. Амандасып болысыменен ол:
— Балаңыз үйге барған жоқ па? — деп сұрады.
— Жоқ,- деді кенет абыржып қалған Асығат, — ол емханада емес пе еді?
— Таңертең жанымыздағы киоскадан газет әкеле қояйын деп күзетші әйелден рұқсат сұрап шығып кеткен екен, содан бері жоқ. Таңертеңгі тамаққа да келмеді. Дәрі беретін уақыты да өтіп барады.
Асығат жүрегі дірілдеп кетті.
— Япырмай... Не болды екен оған?
Мұндайда адамның ойына ең алдыменен жамандық түсетін әдеті ғой. Баласының барғысы келмегеніне қарамай, дәрігерлердің айтқанына көніп, Еркебұланын зорлағандай етіп емханаға салған әкесі, бізге өкпелеп өзіне бірдеме істеп жүрмесе жарар еді деп, зәре-құты қалмады.
— Үйге келмеді дейсіз бе? — деді дәрігер бұның ойын бөліп. — Онда... біз өзіміз іздетер едік, балаңыздың қай жерде жүретінін, болатынын білмейсіз бе?
— Жоқ...
Асығат расында да Еркебұланның қайда болатынын, түнде қайда жүретінін білмейтін.
Жұрт қадірлейтін әйгілі адамды өзінің сұрақтарымен қиын жағдайда қалдырғанын дәрігер енді түсінді білем.
— Сіз қам жемеңіз, — деді ол, — қазір санитарларды жан-жаққа жүгіртіп, тауып аламыз ғой. Аурухананың киімімен қайда кетті дейсіз, осы маңайда жүрген шығар. — Сөйдеді де, ол өз үмітін өзі жойғандай. — Ал егер үйге келе қалса, еш жаққа жібермеңіздер бізге телефон соғыңыздар, — деді.
— Жарайды. Жарайды, — деді қобалжыған Асығат. − Әйтеуір іздей көріңіздер...
Күйеуінің әлденеге әбігерлене сөйлеп жатқанын аңғарып, ауырған басын орамалмен қатты таңып алған Қырмызы өз бөлмесінен шықты.
— Не болып қалды? — деді о да қобалжи.
— Жай, әншейін... Адамның өзінің берекесі кетіп жүргенінде Жазушылар одағы бір кездесуге шақырып жатыр...
Асығат әйеліне қарады. Қара судай тұнған үлкен бота көзі суалып, ақшыл жүзі күнге күйген шүберектей бозарып, әбден күйрей қапты. «Егер бүйтіп жүдей берсе, жанған пілтедей тез-ақ таусылады ғой»,- деді ол ішінен. Әйелін аяп кетті. Бір сәт Еркебұландарының емханадан кетіп қалғанын айтпақшы болды да, кілт тоқтады. «Менің қобалжуым да жетер. Ең болмаса мына сорлы естімесін. Баласының кетіп қалғанын білсе, жүрегі жарылып өлер». Асығат енді тез киіне бастады.
— Қайда барасың? — деді Қырмызы. — Емханаға телефон соғамын деген уақытың таяп қалған жоқ па?
Ол күйеуінің әдеттегісіндей асықпай-саспай киінудің орнына, алдыменен біресе пиджагын, біресе көйлегін киіп, әбігерлене қалуынан, оның бірдемеден сасып тұрғанын сезгендей.
— Ие, ие, телефон соғу керек, — деді Асығат. Сөйдеді де әйеліне қарады, — жоқ, жоқ, телефон соғып қанша керегі бар? Одан да емханаға өзім барайын. Мүмкін Еркежанмен сөйлесіп қалармын.
— Онда мен де барайын.
— Жоқ, сен үйде бол. Біреу-міреу телефон соғар... Бірақ «Еркебұлан келіп қалса, емханаға телефон соқ», — деп айта алмады. Баласының үйге келмейтінін сезгендей.
— Жарайды, — деді әйелі, — онда өзің бар. Еркежанмен сөйлесе алсаң менен сәлем айт!
Асығат асыға киініп шығып кетті. Шүу дегеннен ол емханаға барды. Еркебұлан әлі келмеген екен. Қаупі ұлғая түсті. «Аурухана киімімен алысқа кетпеген шығар»,- деген дәрігер сөзі көңіліне демеу болып, арақ, пиво сатылады деген сол маңайдағы дүкен, бар, кафе-асханаларды тегіс аралап шықты. Еш жерден Еркебұланы көрінбеді. «Дәрі беріп ұйықтатып тастаған екен. Баланың оянуын күтіп отырмын. Мені ешкім сұраған жоқ па?» — деп, үйіне де телефон соқты. «Жоқ, — деді әйелі, — дәрігерлер не дейді, әйтеуір, жаман емес пе екен?» «Бәрі де дұрыс. Жазылып кетеді дейді дәрігерлер. Ауруы, сірә, балалықтың әуресі тәрізді».
Әйелін осылай жұбатқанмен, өзі жұбанбаған әке емхана мен үйінің арасындағы көшелерді кезумен болды. Ертеңіне таңға жуық шақта емханаға Еркебұланның өзі келді. Аман-есен. Бірақ түс жоқ, өң жоқ, түнде бір ауыр оқиға кездескендей. Емдеуші дәрігерге бірдемені айтып жатты... Он алты сағат емхана адамдарымен бірге баласын іздеген әкенің құр сүлдесі қалған еді. Әйтеуір баласы табылды, ол соған қуанды. Еркебұлан жоқ болып кеткенде «тек табылса екен» деп тілеген Асығат, енді бұған да тәубе етті. Үйіне қайтып келгеннен кейін түні бойы хабарсыз кеткен күйеуін күтіп отырған әйеліне: «Балаң жібермеді, сөйлесіп отырып қалдым», — деп жауап берді.
Қайназар бөлімшесімен көптен бері Целиноградтары бір кәсіпорнының жаңа өндіріс комбинатының жобасын жасап жатқан-ды. Бийск қаласында осы тектес комбинат салынып бітті дегеннен кейін, соны көргелі әдейі командировка алып, алыстағы осы қалаға келген. Ал шын ойы, жаңа құрылысты көруден гөрі, Жұлдызға жолығу еді.
Келген күннің ертеңіне-ақ ол Жұлдыздың қайда жұмыс істейтінін, қайда жататынын біліп алды. Жұлдыз қыздар жатақханасына орналасқан екен. Мұнысына қарағанда ерге шықпағаны хақ.
Дегенмен көңілі күпті Қайназар, ертеңгі күнді күтуге шыдай алмай, шам жағыла құрылыс тресінің адамдары көрсеткен қыздар жатақханасына келді. Есік алдындағы мосқал күзетші әйел:
— Қаражанова дейсің бе? Иә, ондай қыз бар. Үшінші этажда, алтыншы бөлмеде, — деді алдында жатқан кітаптың «К» әрпі көрсетілген бетін ашып қарап.
— Онда маған бөлмесіне пропуск беріңіз, — деді Қайназар.
Күзетші әйел таңдана қарады.
— Бұл қыздар жатақханасы екенін білмейтін бе едіңіз, жігітім? Сағат сегізден былай қарай бұл үйге ешбір еркек кіндіктіге кіруге рұқсат жоқ. — Сосын әйел Сібірдің түсе бастаған суығына бәлендей лыпа болмайтын Қайназардың жеңіл киіміне мысқылдай көз тастап: — Өзің кімсің? Әлде еркекше киінген әйелсің бе? — деп күлді.
Әзілге шорқақтау Қайназар сасып қалды.
— Жоқ, еркекпін.
— Болсаң боларсың. Суықтан мұрның тым сорайып кеткен екен, − Әйел тағы күлді. − Ал біздің сұлу қыздың кімісің?
Қайназар өтірік айтты.
— Ағасымын.
— Бәсе, — деді әйел. — Біздің сұлу қыздың жігіті емес шығар деп өзім де ойлап едім. Ондай періштеге Гагарин тәрізді қыран жігіт лайық.
Қайназарға әйелдің сөзі батып кетті. Бір сәт ашу шығармақшы да болды. Бірақ аузына жат жерде айта қоярлықтай сөз түспей:
— Жұрттың бәрі Гагарин бола бере ме? — деді.
Әйел тағы күлді.
— Қайдан бәріңе бірдей Гагарин болуға. — Сосын ол сәл күлімсіреп. — Ашуланбай-ақ қой. Менікі жай, әшейін сөз де... — деді әйел. — Күнімен бос отырып ішің пысады. Жарайды, ағасы болсаң, ағасы бола-ақ қой. Бірақ өзің қайдан келдің? — деді.
— Алыстан. Алматыдан.
— Алматыдан. Е, бір жақтікі болдың ғой. Мен Ташкенттенмін. Қазір қарындасыңызды шақырып берейін, — Ол телефон трубкасын алып біреуге звондады, — Дежурная ма? Настя, сенің этажыңда алтыншы бөлмеде әне бір Жанна деген әдемі қазақ қызы бар ғой. Соған айтшы, төмен түсе қойсын. Ағасы іздеп келіп тұр.
Әйел әлденеге күлді.
— Иә, ағасы, бәрі солай дейді ғой.
Жұлдыз демей күзетші әйелдің Жанна дегенінен Қайназар, «бөтен қыз емес пе екен?»-деп, сәл сескеніп қалды. Сөйткенше болған жоқ, жоғарғы қабаттан жүгіре түсіп келе жатқан Жұлдызды көрді. Асыққаны соншалық, үстіндегі пиджагының бір жеңін киюге үлгірмеген. Расында да кезекші: «Жанна, қалқам, ағаң келіп тұр. Тезірек төмен түс»,-деген сөзді естігенде, алдымен түсінбей, сәл кідірген. «Ағаң? Қайдағы ағаң?»
Жалғыз ғана ағасы бар. Кенет сол екен, Еркебұлан келіп қалған екен деп, орнынан атып тұрған. Сағынып жүргені соншалық екен, тіпті айнаға қарап, өзін ретке келтіруді де ұмытып кетті, баспалдақтан төмен қарай етігінің өкшесі тас еденді тақ-тақ ұрып, жүгіре түсті. Ол бұл минутта Еркебұланның кім екенін де есіне түсірмеді. Ғашығы ма? Ағасы ма?- бәрін де ұмытты. Жүрегін тек «Еркебұланың келіп қалды»,- деген қуаныш алып ұшты. Бірақ екінші қабаттан төмен келе жатып, бұны күтіп тұрған Еркебұлан емес, Қайназар екенін көріп, кілт тоқтай қалды. Жаңағы қуаныштан алып-ұшқан жүрек су сепкендей басылды. Сөйтсе де бір сәт суи түскен көңіл қайтадан жылыды. «Сонау алыс жерден бұны іздеп келген Қайназардың қандай жазығы бар?» Оған Қайназар кенет жаздың шыққанын білдіргелі келген жыл құсы тәрізді көрінді. Әйтеуір «Еркебұланның бір хабарын айтады ғой» деді ол өзіне. Жұлдыз қайтадан асыға жүрді.
— Қайназар ағайсыз ба? — деді ол көзінен жасы мөлтілдеп, оны құшақтай амандасып, — Қайдан жүрсіз? Мені қалай таптыңыз?
Қуанғанының белгісі етіп, бетінен сүйді. Қайназар мұздай еріп, майдай балқып кетті. Бұл қарындастық сүюі — оған ғашықтық сүюден кем әсер етпеді.
— Іздеген адам табады ғой. Сені әдейі іздеп келдім, — деді Қайназар.
Екеуі күзетші әйелдің оң жағындағы, кең дәліздегі, жұмсақ диванға қатарласа отырып, ұзақ сөйлесті, Қайназар Жұлдыздың мұнда екенін кімнен естігенін, өзінің қандай шаруамен келгенін айтты. Сөзін астарлай, жұмысты сылтау етіп, шынында Жұлдызды көруге келгенін білдірді. Ал Жұлдыз болса, Алматыны, ондағы аз уақытта танысып үлгірген адамдарды сұрап, өліп барады. Бәрін де сағынып қалған екен-ақ. Қайназар білгенін жасырмай айтып жатыр. Әлден уақытта Жұлдыз:
— Кетеріңде Қырмызы апайдың үйінде болдың ба? Ол кісінің күйі қандай екен? — деді.
Қайназар тек осы жолы ғана селқостау жауап берді.
— Үйлерінде жүрер алдында болғам. Қырмызы апай сол бұрынғы қалпында, бір күн сау, бір күн ауру...
— Асығат көкем әлі Алматыға келген жоқ па? — деді енді Жұлдыз.
Қайназар Еркебұланның әкесін Жұлдыз неге «Көке» дегеніне сәл таң қалды. «Асығатты бұл көрмесе керек-ті. Иә, көретіндей уақыты болған жоқ. Ұмытпасам, о кісі сентябрь тумай жолаушылап кетті емес пе? Иә, солай. Көке деуіне қарағанда Еркебұлан екеуінің арасында бір жылы жағдай бар ма, қалай? Онда бұл неге Бийскіге кетіп қалды?»
Дегенмен Қайназар дұрыс жауап берді.
— Мен кеткенде ол кісі келмеген болатын. Жүрер күні Еркебұланды көргем, әкесін бір-екі күнде келіп қалар деген.
Жұлдыз үндемей қалды. Ол әлденені ойлағандай үн-түнсіз ұзақ отырды. Әлден уақытта барып:
— Еркебұлан ағай не істеп жүр? Хәлі қалай? — деді. Даусы бұл жолы тұншығып бара жатқандай әзер шықты. Бұны Қайназар да аңғарып қалды. «Сүйген жігіті жайында сұрау оңай ма? — деді ол ішінен. Бірақ Еркебұланды Жұлдыз неге «ағай» деді — тағы таң қалды. Қашаннан бері сүйген жігітін қыз «ағай» дейтін болды?»
Miне, осы уақытта ішінде жатқан қызғаншақтық деген сұр жылан басын көтеріп алды. Әйтсе де, Қайназар өзін-өзі ұстай сөйледі.
— Еркебұлан аман-сау, ойнап-күліп жүр. Тек көп ішетін болды, — деді ол.
Жұлдыз жұлып алғандай:
— Неге? — деп сұрады.
Қайназар қинала жауап қайтарды.
— Оны менен гөрі, өзін жақсы білетін шығарсың.
Қыз үндемеді. Тек аздан кейін сұраққа жауап берудің орнына:
— Қашан жүресіз? — деп сұрады.
— Арғы күні, — деді Қайназар,- мұндағы шаруам ертең бітеді.
— Онда, бөтен шаруаңыз болмаса, ертең сөйлесейік. Алматыны қатты сағынып жүрмін... Әлі де сұрайтыным бар. Бүгін кеш болып қалды. Маған ерте тұру керек.
Ертең, кешке жолықпақшы боп, Қайназар қонақ үйге қайтты. Ал Жұлдыз төсегіне келіп жатып, көп уақытқа дейін ұйықтай алмады. Ол Еркебұланмен екеуінің неге айырылғанын Қайназардың білмейтінін түсінді. Әрине, Қайназар ертең оны сұрайды. Оған сырыңды ашу керек пе, керек емес пе? Ашпаған дұрыс шығар. Бірақ іште жатқан күйік Ескендірдің қос мүйізі ғой, біреуге айтып сыртына шығармасаң, жаныңды күнде түрткілеп мазаңды ала береді емес пе... Оның үстіне бүгін дәрігерге барған... Соңғы жетіде жүрегі әлсін-әлсін айнып, кейде құсуды шығарған... Не істеу керек? Ақылдасар, жаны ашыр кімі бар? Әрине, Қайназар Жұлдыздың бұл кеселіне ақылшы бола алмайды, өйткені оның өзіне деген ойын Жұлдыз бұрыннан да біледі ғой. Сонда бұл қайғысын кімге шағады (қуаныш деуге, әрине, Жұлдыздың аузы бармады)? Кімнен ақыл сұрайды? Қайда барып күн көреді?
Осындай ауыр ойға берілген Жұлдыз тек таң сарғая бастағанда ғана ұйықтап кетті.
Ертеңіне бұлар кешке таман кездесті. Бийск - өндірісті қала. Тұрғындарының көпшілігі -жұмысшы. Бұлар Жұлдыздың жатақханасынан шыққанда кеш жылы, желсіз тәрізді еді. Екеуі көшеде жүріп сөйлеспекші еді кенет жел тұрып, күн суытып кетті. Сібірдің күзгі аязы жұқа киінген Қайназарды шыдататын емес. Ол енді күннің қолайсыздығын сылтау етіп Жұлдызға:
— Мына аяз адамды сөйлететін емес қой, — деді. — Бұл маңайда ресторан, кафе деген жоқ па, сонда отырып әңгімелессек қайтер еді?
Қыздың аты қыз емес пе, қандай қиын жағдайда да сырт пішінін ұмытпаса керек-ті! Үстінде қысқа қара тон, аяғында пима, жұрт бар жерге арнап киінбеген Жұлдыз, ресторанға кіруді ыңғайсыз көрді. Және бұл арада ресторанның бар-жоғын білмейтін.
— Тоңайын дедіңіз ғой, — деді ол бетін қарсы желден бұрып, сәл күлімсірей Қайназарға қарап. — Онда жүріңіз, әне, анау кафе ғой деймін. Егер кісі көп болмаса...
Бұлар кірген жер, күндіз асхана, кешке жастар жиналатын кафе болып шықты. Жұлдыз бекер қысылыпты, үстінде ақ свитер, көгілдір тоқыма юбка. Шашын желкесіне тоқпақтай етіп түйіп тастапты. Тек аяғына киген пимасы болмаса, бәрі жарасып тұр. Әрине, мынау жып-жылтыр еденде, қазір көп кешікпей басталатын биде бұл пимамен көпшілікке көріну ыңғайсыз.
Жұрттың аздығын пайдаланып бұлар, өзгелердің көзіне тақа түсе қоймайтын, бұрыштағы қара көлеңкелеу жердегі столға кеп отырды. Жайғасып болғаннан кейін Қайназар алдындағы дастарқан мәзірін Жұлдызға ұсынып:
— Өзің таңда, — деді. — Не жейміз, не ішеміз?
— Мен жаңа ғана тамақтанғанмын, — деді Жұлдыз еш қымсынбай. — Асты өзіңіз ішіңіз. Ал маған конфет, кофе, екі жүз грамм балмұздақ және бір рюмка коньяк...
Жұлдыздың «коньяк» деген сөзіне Қайназар іштей таңданып қалды.
Бұны сезген Жұлдыз езу тартып күлді.
— Коньяк деген ішіп көрмеген дүнием, — деді. — Бірақ өзі адамның көңілін көтереді дейді ғой. Ал бүгін... көңілім бір түрлі қапалы болып отыр.
— Неге?
Жұлдыз жасырған жоқ.
— Алматыны сағынып жүр едім, сізді көріп қуанып қалған болатынмын, — деді мұңая. — Ал сіз ертең қайтқалы тұрсыз. Өзіңізбен бірге, көшеден бері жанымда жүрген Алматымды әкетіп бара жатырсыз...
Қайназардың жүрегі елжіреп кетті.
— Онда... Онда сенің Алматыңды әкетпейін. Тіпті өзім осында қалайын.
— Жоқ, — деді қыз, — Онда сіз де алыстағы өз Алматыңызды сағынасыз ғой. Бір менің де қайғым жетер. Сіздің обалыңызға қалғым келмейді.
Астарлай айтқан қыз сөзін Қайназар жақсы түсінді. Әлденеден дәмелене бастаған көңілі кенет су сепкендей басылды.
Осы кезде даяшы әйел қастарына келді.
— Не тілейсіз? — деді ол.
Қайназар да тамақ ішіп шыққан. Бұ да Жұлдыздың айтқанын сұрады.
— Екі кофе, төрт балмұздақ, жүз грамнан екі коньяк, — деді ол.
Даяшы әйел кетіп қалды.
— Алматыны соншама жақсы көрсеңіз неге тастап кеттіңіз? — деді Қайназар. «Оған қандай себеп болды?» деп сұрағысы келіп еді, бірақ тоқтай қалды. Өзі айтар деп ойлады.
— Жалғыз Алматыны ғана тастап кеттім бе? — деді қыз мұңая, — шынын айтсам мүлдем тастап кеткем жоқ қой, — қыз өз сөзімен өзін жұбатқан тәрізді. — Ондай қаланы мүлдем тастап кету — тіпті мүмкін емес екен...
Қайназар сәл кідірді.
— Бұныңды Еркебұлан біле ме? Білсе неге соншама бүлініп жүр?
— «Бүлінгені» қалай?
— Араққа салыну бүлінген емей немене?
— Мүмкін менен бөтен де, оған ауыр тиер қайғысы бар шығар?
— Қандай қайғы?
«Өз қарындасын сүйгені жеңіл қайғы ма?» — дей жаздап Жұлдыз сәл кідірді. Осындай сөзді айтуға аузы бармады. Осы кезде даяшы әйел бұлардың сұрағандарын алып келді. Кішкентай графиндағы коньякты Жұлдыз алдарындағы оймақтай хрусталь рюмкелерге құйды да:
— Аман-есен көріскеніміз үшін, — деді рюмкасын сәл көтеріп, сөйдеді де, өзі бірден рюмканы аузына апарып сәл тоқтап, кенет аспай-саспай ішіп салды.
«Коньякқа үйренген адамның қылығы ғой бұнысы». Қайназар да рюмкесін аузына апарды. Жоқ, Жұлдыз: коньяктан шімірікпестен ішсе, іштегі күйігі өртеп бара жатқан. Соны басам дегені еді. Жанын күйдірген азаптан адам у да ішеді. Кеуде тұсына дейін коньяк оттай жалап өткенмен, Қайназарға сыр бергісі келмеген. Шыдап баққан.
Көп кешікпей-ақ алғашқы рет ішкен коньягы бойын ала бастады. Қыз денесіне бір тәтті у тарағандай сезінді. Ол коньяктың қалғанын тағы екі рюмкеге бөліп құйды. Енді ғана алдындағы стақандағы кофені бір-екі рет ұрттады.
— Ал мына рюмкені, Жұлдыз, сенің Алматыға аман-есен қайта оралуың үшін ішейік, — деді Қайназар.
— Жоқ құр ғана аман-есен қайтуым үшін емес, екеу болып оралуым үшін ішейік! — деді Жұлдыз.
Қайназар оның сөзін тікелей түсінді. Осы жақтан күйеуге шығып, Алматыға екеу боп оралғысы келіп отыр екен деп ойлады. Енді Еркебұланмен екеуінің арасының алыстап кеткеніне шек келтірмеді. Ал Жұлдызға алғашқы рюмкедей емес, екінші рюмкедегі коньяк өзгеше әсер ете бастады. Жүрегі өртеніп, орасан бір қайғы басып, көзі тұманданып кетті.
— Өмірдің өлшенер таразысы неде?- деді ол сәл тілі күрмеліп,- қайғысында ма, әлде қуанышында ма? Мың күндік қуанышың бір күндей болмайды, тез өте шығады. Ал бір күндік қайғың — мәңгі бітпестей келеді. Бұған қарағанда өмір сірә қайғыменен өлшенуге тиісті тәрізді.
— Ал мың күндік қайғыны бір күндік қуаныштың жеңетін кезі де болады ғой,- деді Қайназар қыздың ойын алыстан шолып.
Бірақ Жұлдыз әңгіме бетін бөтен жаққа бұрып кетті.
— Алматыда мен бар болғаны төрт-ақ ай болдым, — деді ол, кенет даусы өзіне тән орнықты шығып. — Бірақ сол қалада бар өмірім өткен секілді, жоқ, сол қалада бар қуанышым қалған тәрізді. Міне, сондықтан да мен оны күннен-күнге сағына түсудемін.
— Егер сондай сағынып жүрсең, жүр, Алматыға бірге қайтайық, — деді Қайназар.
Жұлдыз үндемеді. Коньяк ішсе сырын аша түсер ме екен деген үмітпенен ол даяшы әйелді шақырды.
— Бізге тағы екі жүз грамм коньяк әкелсеңіз! — деді ол.
— Жоқ болмайды, — деді әйел. — Бір адамға жүз граммнан артық коньяк берілмейді.
— Мен енді ішпеймін, — деді Жұлдыз да, — жаңағының өзінен басым айналып отыр. Одан да балмұздақ желік.
Екеуі енді балмұздақ жей бастады. Ақылын әлгі азғантай коньяк жеңді ме, әлде жүрегін жеп бара жатқан, іштегі қасіретін дос адамына айтып, көңілін жеңілдеткісі келді ме, Жұлдыз тағы кенет:
— Жоқ қазір сізбен бірге жүре алмаймын, — деді. ашық сөйлеп. — Алматыға аман-есен босанған соң қайтамын.
Қайназар түсінбей қалды.
— «Босанған соң» дегенің не? — деді ол шошына.
— Мен екіқабатпын, — деді Жұлдыз қайсарлана, — құдайдан жасырмағанды адамнан жасырғаннан не шығады? Оның үстіне Қырмызы апай мені нәресте күнімде ұрлатып алған шешем екен. — Жұлдыз кенет солқылдап жылап қоя берді. — Өз ағасымен өзі жүрген мен бір қарабет болып шықтым...
Қайназар енді бәріне түсінді. Кішкентай кезінде өзінің әке шешесінен «Асығат пен Қырмызы ауылға барғанда бір жасар қыздарын жоғалтып алған. Қасқыр жеп кетті ме, әлде біреу ұрлап әкетті ме белгісіз»,- деген сөзді естігені бар. Және сол сәтте оның есіне тағы бала кезіндегі «Еркебұлан Асығат пен Қырмызының туған баласы емес, бұны демалысқа елдеріне барғанда алып келген», — деген баяғы сөз қайтадан есіне түсті.
Оркестр ойнап, жастар билеп жатқан мына залда, өз күнәсін өзі көтере алмай, еңіреп жылап отырған қызды Қайназар шын жүректен аяп кеткендей, үндемей сәл отырды. Содан кейін дірілдеген қолымен қыздың шашынан сипап: «Қой, Жұлдыз, қой, жылама! Жылама! — деді. — Жас шағында кім қателеспейді, әлі бәрі де ұмытылады...»
Бірақ Қайназар қызды қанша аяп отырса да, өзі естіген шындықты. «Ол сенің туған ағаң емес» деген сөзді айтпады. Егер айтса ғой, Жұлдызды күйдіріп бара жатқан махаббат күнәсі тез-ақ шайылар еді.
Ертеңіне Қайназар Алматыға жүріп кетті. Жұлдыз бұнымен хат арқылы хабарласып тұруға уәделесіп, солқ-солқ жылап қала берді.
Еркебұланның кетіп қалғаны емхана қызметкерлеріне сабақ болды. Енді оны еш жаққа шығармай тиісті дәрі-дәрмегін беріп, кәдімгі ауыр сырқаттай қадағалап емдеді. Арақ ішпей, ұйқысы дұрысталып, өзіне-өзі келген Еркебұлан күннен-күнге сауыға бастады.
Бұл жағдай — баласының кеселі Жұлдыз бен арақтан келді деген Асығаттың сенімін күшейте түсті.
— Махаббат пен арақ — ұстамалы ауру секілді дүние ғой, — деді Асығат, балаларының қазір біркелкі түзеліп қалғанын естіртіп болғаннан кейін әйеліне, — Ешкіммен қатынастырмай емдеудің арқасында балаң бүгін сауыққанмен, ертең еркіндікке шыққаннан кейін, бұрынғы әдетін қайтадан бастамасына кім кепіл? Ондай кеселге бір ұшырағаннан кейін оңай жазыла қояр ма екен ол? Әсіресе Жұлдыздың күйігі жеңілге түспес. Ғашықтық деген — екеуінің бірін-бірі табудан бөтен емі жоқ дерт емес пе?! Оның үстіне егер Жұлдызды өзінің туған қарындасы екен деп түсінген болса, тіпті қиын. Бұрынғы ғашықтығына ұят, өкініш — бәрі қосылып, баланың ақылынан адасуы сонда басталып жүрмесе нетсін. Ар-ұятқа келгенде, шыншыл етіп өсірдік қой оны... Менімше бұған бар шындықты айту керек, ақылды бала еді ғой, түсінер... Қайткен күнде де Жұлдыздың өзінің қарындасы емес екенін білген дұрыс болар.
Қырмызы көзіне тағы жас алды.
— Япырмай... Еркежан біздің баламыз емес екенін білсе, тіпті жер болып қалады ғой... Осы уақытқа дейін алдап келгенімізді естіп, бізден мүлдем безіп жүрмесе жарар еді,-деді Қырмызы, Еркебұланын «менің балам емес» деп айтуға қимай. Сөйтсе де қайғыға шыдай білетін ана жүрек толқуын ақылға жеңгізді.
— Амал қанша, айту керек, — деді, — айту керек! Бар пәле Жұлдыздың кетіп қалуынан басталған. Ең болмаса оның неге кетіп қалғанын білсін.
— Дұрыс, — деді Асығат. — Қандай қиын десек те, шындықтан сара жол жоқ.
Бір жетіден кейін дәрі-дәрмегін үйден келіп алып жүретін боп, Еркебұлан емханадан шықты.
Сол күні оңашада әкесі болған оқиғаның бәрін оған айтып берді. Асығатқа барлық шындықты айту оңайға түскен жоқ. Жүрегі тоз-тоз боп ыдырап бара жатқандай сезінді. Бірақ амал қанша, әке міндеті — адалдық міндет. Ал адалдық еш уақытта да жалған сөйлеуді білмесе керек-ті. Еркебұлан әке сөзін жерден басын көтермей үн-түнсіз тыңдады.
Тек Жұлдыздың бөбек күнінде жоғалып кеткенін естігенде ғана әкесіне қарады.
— Өзім де сезіктеніп едім, — деді қинала. — Солай болып шықты. Әйтпесе Жұлдыз мені тастап кетпесе етті. Жұрт бетіне бұдан кейін қалай қараймын! − Ол еңкілдеп жылап қоя берді.
— Сәл шыда, жылама! — деді әкесі, оның қозғалып жатқан иығынан қолын алып. — Өздеріңді қара бет санар сендер күнәкар емессіңдер,- деді. Содан кейін ол Еркебұлан бұлардың баласы емес екенін, оқиғаның қалай болғанын тағы айтып берді.
— Тек, — деді сөзінің аяғында Асығат, — бұны Жұлдыз білмепті, шешесі айтуға үлгермепті.
Енді Еркебұланға бәрі де айқын болды. Бірақ шын азап оған енді басталатындай көрінді. Бір жағында туған әке-шешесінің тумаған боп шығуы, мүмкін, оларды жоғалтуы, екінші жағынан, алыс кетсе де, кенет қайтадан жақын бола қалған жоғалған махаббатын табуы -өзін балға мен төстің ортасына түскен оттан шыққан темірдей сезінуге мәжбүр етті. Екі жақтан бірдей тиер соққыға ол шыдай ала ма? Шыдай алса, одан қандай бейнеге көшеді. Әсіресе оған туған әке-шешесінің өгей әке-шеше болып шыққаны батты. Оның есіне енді кішкентайында естіген кейбір оқиғалар түсті. Айналып, толғанған әке-шешесін көріп, олар бір жаман түстерім шығар дейтін. Міне, енді сол түсім дегені шындық болып шықты. Еркебұлан әлі де сол етпетінен жатқан қалпынан қозғалмады.
Тек екі күн өткеннен кейін ғана ол төрт айдан бері ұмытып кеткен «Ардагерлер сарайының» бір бұрышта үйіліп жатқан сызық-чертеждеріне көзі түсті. Сол күні Еркебұлан «Жұлдыз қайда екен?»- деді өзіне-өзі.
Ал Жұлдыздың қайда екенін білетін Қайназар әлдеқашан Бийскіден қайтқан. Бірақ ол Еркебұланды бұрынғыдай жолдасым еді деп, іздеп бұның үйіне келген жоқ. Және Жұлдыздың қайда екенін де айтпады. Ал кеңседе кездескенінде салқын қанды жүзбенен құр амандасады да қояды. Оның мұндай қылығын көрген Еркебұлан да Қайназардан бәлендей жақындық іздемеді.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Түнімен жоқ болған баласын күтіп, әбден қиналған Асығат, таң ата тағы шала мас Еркебұланы келгенінде, оның адам шошырлық үрейлі жүдеу түрін көріп, кенет жүрегін ұстап, бүк түсті. Тек «Қырмызы!» деуге ғана шамасы келді.
Атын естіп, өз бөлмесінен жүгіріп жеткен Қырмызы, болған оқиғаны бірден түсінді.
— Бишара-ай, енді жалғыз әкеңді өлтіріп тынайын: деген екенсің ғой, — деді ол дірілдеген қолымен жүрек дәрісін кесеге тамызып жатып.
Бұл шешесінің Еркебұланына айтқан ең алғашқы қатты сөзі еді. Бірақ сөз болғанда қандай! Баласының өңменінен өтіп, бүкіл денесін өртеп жіберді.
— Кешір, апа... — деді көзінен жасы атып кетіп.
Расында Еркебұлан әкесі мен шешесін жанындай жақсы көретін еді. Әсіресе әкесіне деген махаббаты ерекше болатын. Соңынан «Жедел жәрдем» машинасы кеп Асығатты ауруханаға алып кетіп, реанимация бөліміне салғанда, ол әкесінің жанынан күндіз-түні шықпай қойды.
Бір жеті өтіп, Асығат есін жиған күні ол әкесіне:
— Көке, енді мен арақты аузыма алмаймын, тек өзің тезірек жазылшы, — деді.
Бір айдан кейін Асығат ауруханадан шықты. Әйтсе де Еркебұлан Жұлдызды ұмыта алмады. Сағыныш деген сары уайым бір бүйірінде бұйығып сары жылан болып жатып алды. Кейде сол жылан ойламаған жерден басын көтеріп алса, Еркебұлан қоярға жанын жер таппайды, жүрегі удай ашып, ақылынан шын адаса жаздайды.
Сөйтсе де ол, егер бұрынғы әдетін қайта бастаса, не өзі бір жамандыққа ілінер болса, бұның күйігінен әкесінің бұдан әрі шыдай алмайтынын ойлап, оны өлтіріп алармын деп қорқып, уәдесінде тұрды, арақты аузына татып алмады. Бұл ата-анаға деген махаббаттан туған ерлік еді. Осы ерлік, қайғы-қасіреттен бөтен өмір барын, жұмыс барын есіне салды. Бірте-бірте тастап кеткен жобаларын, қағаздарын қарай бастады. Өнер адамына іздену, ойлану қашанда болса жанына азық берген. Сондай азық мұндай адамдардың қайғыдан, қасіреттен құтылуларына да себеп болған. Бірақ Еркебұланды бұл ізденулер, творчестволық ойлар біржолата билеп кете алмады. Өйткені Жұлдыздың қайғысы тым күшті еді. Дегенмен осы кезде оған жоғалып кеткен Жұлдызды әлі-ақ табармын деген үміт медеу болды. Және өзінің қайғысын ол енді бір сәт жұмыспен жеңілдетуге тырысты.
Ең алдыменен Еркебұлан бітпей қалған. «Ардагерлер сарайының» қағаз-сызықтарына үңілді. Жолдастарымен уәделескен конкурстың ақырғы мерзімі келіп қалғаны да есіне түсті.
Және дәл осы күндері көптен бері көрінбей кеткен Қайназар Еркебұланның үйіне келді. Ескі жолдасын көріп Еркебұлан бұл жолы да баладай қуанды.
— Амансың ба, Қайнаш. — Ол жолдасын осылай деп атын қысқарта атайтын. — Тіпті көрінбей кеттің ғой, қайда жүрсің?
— Жүрміз ғой...— деді Қайназар салқын үнменен. Еркебұлан жолдасының қабағы қатыңқы екенін жаңа аңғарды.
— Емханада жатқанымда да келмедің? — Сосын ол жолдасына қобалжи қарады. — Әлде ауырып жүрсің бе?
— Жоқ...
— Онда маған неге бір көрінбедің? Емханада жатқанымда сенің келуіңді аңсап күттім...
Қайназар қоңыр салқын жауап қайырды.
— Ол адам баратын жер ме? Маңынан жүруге қорқамын.
Еркебұланның көңілі кілт суып кетті, «Иә, иә, жындыхана шынында да адам баратын жер емес, бірақ онда мен, сенің жан аяспас жолдасың жатыр едім ғой». Ол бір сәт Қайназарға өкпелемекші болды. Бірақ қоя қойды. «Әлгідей сөз айтып тұрған адамға мен несіне өкпелеймін? Өкпеңді бағалай білетін адамға айт...»
Сөйтсе де ол:
— Адам ондай жерге барғысы келіп барады дейсің бе? — деді тұнжырай. — Басқа түскен соң амал қанша...
Өзінің артық кеткенін Қайназар жана ғана түсінген тәрізді. Артық сөйлегенін жуып-шаюға тырысты.
— Сен маған келмедің деп өкпелеп қалғандайсың ғой, — деді сәл езу тартып күлімсіреген боп. — Өкпелеме, сен ауруханаға түскен шақта мен жоқ едім... Командировкадан қайтып келгеннен кейін «Байтал түгіл бас қайғы» дегендейін, басыма түскен қасірет сондай ауыр болды, тіпті саған баруға да қолым тимеді.
Жолдас дегенде өте сезімтал Еркебұлан шошып кетті.
— Соншама не болды?! — деді ол есі шығып. — Қандай қасірет? Жақын біреуің дүние салды ма? Әлде...
— Иә... Бір өте жақыным өлді.
— Ол кім еді?..
Қайназар жүдей жауап берді.
— Сен білмейсің... Менің ең жақын туысым. — Әрине. Қайназардың ондай жақын ешкімі өлмеген, тек сылтау етіп айтып тұр. Сосын ол басын көтеріп алды. — Жүр, ресторанға барайық. Бүгін маған сондай қиын, тіпті жанымды қоярға жер таба алатын емеспін.
Жайшылықта жолдас дегенде қоң етін кесіп беруге бар Еркебұлан бұл жолы «болмайды» дегендей басын шайқады.
— Қайғыны ішімдікпен баса алмайсың, — деді ол, — оған көзім жетті. Мен ресторанға бара алмаймын.
— Неге?!
— Ендігәрі арақ ішпеймін деп әкеме уәде бергем.
— Ә... ә онда мен кеттім! Амал қанша, өзім жалғыз барамын.
— Барма! — деді Еркебұлан. — Одан да сыртқа шығайық. Көшеде жай әңгімелесіп жүрейік...
— Жоқ, бүгін мен ішуім керек.
— Ішпе! — деді Еркебұлан. — Өз тәжірибемнен білемін, ішу жақсылыққа апармайды.
— Жарайды, жақсылық күтіп жүрген мен жоқ — деді Қайназар есікке таяй беріп. — Әзірге қош бол. — Ол шығып бара жатып артына бұрылды. — Айтпақшы, ертең сағат екіде әділ қазылар алқасы біздің жобамызды қарайды. Уақытында кел. — Қайназар үйден шығып кетті.
Еркебұлан ойлана қалды. «Япырмай, қасіретті болып жүрген кезінде шақырғанына бармай жолдасымды ренжітіп жібердім бе? Мүмкін, мұндайда қасында болғаным керек-ақ шығар». Ол енді Қайназардың соңынан қуып бармақшы да болды. «Ішпей, құр жанында отырып қайтсам нетеді?» Бірақ Еркебұлан жолдасының соңынан қуып бармады. Әке-шешесіне берген уәдесінен шыға алмады. Шыққысы да келмеді. «Мен ішпеген күнде де кешігіп қалсам, мені күтіп бишаралар тағы құса болар».
Әрине, Қайназар ресторанға барған жоқ. Еркебұланды шақырса - оған тағы арақ іштірмекші еді. Қайназар тікелей үйіне қайтқан. Бұл жолы да ол Жұлдыз туралы ләм-мим аузын ашпады. Дүние жүзінде тіпті ондай адам жоқ сияқты. Ал шынына келсек, Қайназар соңғы кезде Жұлдызды шын жақсы көре бастаған сияқты. Бұл шын махаббат па, өзі де білмейді. Бірақ Жұлдызға деген жүрегінде үлкен қызғаныш туған. Еркебұланмен сөйлескенде, Жұлдыздың атын атамауы да сол қызғаныштың белгісі еді. Өзінің қолы жетпейтін қызды бөтендерден қызғану - бұл да бір пақырлық қой. Ал Қайназар өзінің бұл пақырлығын білмеді. Өзгеден арашалай алсам, қыз маған бұрылмағанда кімге бұрылады деп ойлады. Ал маған бұрылмаған күнде де өзгеге бұрылтқызбаймын деді. Өзіме де, өзгеге де жоқ болсын деу, бұл енді жалпы Қайназарға біткен көңіл тарлығы болатын.
Ертеңіне бірінші бәйгені жюридің мүшелерінің көпшілігі Еркебұланға беру керек деп тапты. Бірақ Еркебұлан: «Қайназарға берілсін»,- деді. Шаршы метр боп келген бірінші қабатқа сондай шаршы метрлі екінші қабат қондырылған. Тек көлемі (алаң көлемі) бірінші қабаттан кем. Сондай екінші қабатқа үшінші қабат, үшінші қабатқа төртінші, осылай алты қабат болып бітетін сарай алыстан қарағанда, Египеттің пирамидасы тәрізді неғұрлым жоғары көтерілген сайын сығыла түсіп, үлкен бір конус тәрізденіп бітетін. Осы конустың төбесіне электр күшімен жанатын қып-қызыл жұлдыз қадалатын шпиль-найза орнатылған. Биіктеу жерге тұрғызылған бұл сарай алыстан да, жақыннан да, ерекше көзге түсіп, салауатты көрінуге тиіс. Егер салына қалса, сондай болатыны да сөзсіз еді. Жоқ. Еркебұлан бұл жобаға бірінші орын берілсін дегенде мұндай ерекшелігі, не сұлулығы үшін емес, өзінің жобасынан артық басқа қасиеті үшін берілсін деген. Алматының сейсмикалық қатерлі жерде тұрғаны жұрттың бәріне де аян ғой. Бұл жағдай Еркебұланға да белгілі еді. Бірақ соған қарамай, ол өзінің сарайының сырт бейнесіне және ішкі қолайлығына көңілін көп бөліп, оның сейсмикалық жағын терең ойламаған. Еркебұлан жобасының мұндай кемшілігін Қайназар бірден көрген. Бірақ жолдасына бұны жөнде деп ақыл салмаған. Ал Қайназардың жобасында Алматы жерінің сейсмикалық ерекшелігі жан-жақты қаралған-ды. Монолиттен құрылған бірінші қабатының биіктік симметрияны сақтау үшін сыртқа шығып тұрған жері өзге қабаттағылардай бір биіктікті сақтайтын-ды. Ал төменгі жағы мұхиттағы айсберг тәрізді үштен екі бөлігі сол монолит күйінде жердің астына кіріп жатқан. Ол аз болғандай сол монолиттың төрт бұрышынан терең құдық қазылып, оны да бірінші қабаттың монолит еденімен тұтастыра арматурлы бетонмен бекіттірген. Осы жар астына еніп жатқан бірінші қабаттың бөлігі компрессор, мұздатқыш машиналы азық-түлік сақтау қоймасы тәрізді көптеген керекті жайларға арналған. Алда-жалда жер сілкіне қалса, Қайназар ойлаған әрекеттер сарайды апаттан қаншалық аман алып қалатыны жюри мүшелеріне де, Еркебұланға да белгісіз еді. Бірақ идея ретінде бұл жаңалық болатын. Еркебұлан осы жаңалығы үшін Қайназарға бірінші жүлдені беруді ұсынған. Әрине, Қайназар да Еркебұланның жұмысын мақтаудан кенде қалған жоқ,-Алматы қаласында бұрынды-соңды болмаған конструкторлық шешімі мен архитектуралық ерекшелігі көзді тартатын көркемдігі үшін бірінші бәйге Еркебұланға берілсін деді. Бірақ бұл сөзді ол Еркебұландай шын жүректен айтпады, тек жолдастық сыпайылықтан шыға алмай тұрған жандай пішін көрсете айтты.
Қысқасы, бірінші жүлде Қайназарға берілді. Бұл шешімді жолдастары қол шапалақтап қарсы алды. Ал Еркебұлан болса, жүлдені өзі алғандай қуанды. Насаттанған Қайназар енді алған сыйлығын «жууға бәрін ресторанға шақырды. Тек Еркебұлан ғана бармады. Ол серіктерімен қоштасып, үйіне қайтты. Үйіне келгеннен кейін қайтадан кітаптарына, қағаздарына үңілді. Шынында да Қайназардың жобасы бұны ойға қалдырған. Осы жоба оның бұл күнге дейін онша мән бермей келген бір кемшілігінің бетін ашты. Рас, Еркебұлан Алматыда кейбір үлкен үйлер жер сілкінісіне қарсы қолданылатын жапон әдістерімен салына бастағанын жақсы білетін. Жиырма алты қабат «Қазақстан» мейманханасы осы тұрғыдан республикада ғана емес, бүкіл Совет Одағында ең алғашқы көп қабатты үй екені де оған белгілі еді. Бұл мейманхана салынбастан бұрын Еркебұлан да оның жобасымен әдейілеп танысқан. Алматы тәрізді жылдан жылға өсіп келе жатқан әдемі қаланы әрине, табиғаттың ойыншығы етіп қоюға болмайды. Көп кешікпей қалада миллионнан астам тұрғын болады. Ал республиканың өсу қарқынына қарағанда, енді бір елу жылдан кейін, қала халқының саны екі миллионнан асып кетуі де таңданарлық іс емес-ті. Сонда соншама жұрттың тағдырын тек жаратылыс құбылысының мінезімен байланыстырып қоюға бола ма? Әрине болмайды! Болмайды.
Онда өз жобасында бұны неге ойламаған боп шықты. Жоқ, бұдан былай қарай Еркебұлан жобалайтын құрылыстардың бәрі де жер сілкінуден қауіпсіз етілуге тиісті. Әсіресе тұрғын үйлер мен халық қазынасы көп шығарылатын театрлар, мәдениет сарайлары, орталық мекемелер.
Еркебұлан мұндай қауіпке қарсы өз әдісін, өз жолын табады. Алматы жерінің тектоникасының ерекшелігін қатты ескереді. Сол үшін қала тұрған жердің сейсмикалық жаратылысы жөніндегі соңғы ғылыми еңбектерді қарап, қатты ізденеді! Осындай жұмыс үстінде отырған Еркебұланның ойына кенет Жұлдыз түсіп кетті! «Қайда жүр екен? Қашан кездеседі? Әлде тіпті кездесе алмай өте ме? Жоқ, жоқ. Қайткен күнде оны табуы керек! Тіпті мың жыл іздеуге тура келсе, сол мың жылға шыдау керек». Енді оның жүрегі тағы удай ашып кетті. Сол-ақ екен, алғашқы кездесіп жүргендеріндегі бір сурет көз алдында елестей қалды.
Күздің қоңыр салқын түні еді. Аспандағы жүдей жылжыған ай сәулесі де көмескі. Жұлдыздар да жиі емес. Сірә, ертең тақа ыстық болмайтын тәрізді. Екеуі бірінің қолынан бірі ұстап Пионерлер үйінің қасындағы Қарағай паркінің арасындағы асфальтті аллеямен келе жатқан. Бұларды жұрт көзінен тасалай тұрайық дегендей, әр жерде сиреп қалған электр шамдары да бүгін көмескі жанған. Кенет Жұлдыз тоқтай қалған.
— Осы бір мүсін маған керемет ұнайды,- деді ол он жақтарындағы көкке созылған қарағайлардың арасында шағын алаңдағы төмпешіктеу жерде тұрған қоладан құйылған тазша баланың тай мінген мүсінін көрсетіп. — Қарашы, түрі қандай бақытты!
Тай үстіндегі, жалаңаш сол аяғын алдына қарай алып, қазандай бөрік киген (мүмкін, ол атасының бөркі болар) әлемге күле қараған тазша баланың түрі расында да қуақы, ақ жарқын, қуанышты еді. Бұл — өгей шешесінің өшпенділігімен басынан нелер қиындық өткізген, қауіп-қатерге сан рет душар болған Тазша бала емес, дүниеге тек жомарт ниетімен қараған бақытты бала.
— Бұл кімнің мүсіні екенін білесің бе? — деген Еркебұлан.
— Жоқ...
— Бұл қазақтың ертектеріндегі Тазша баласының мүсіні...
— Тазша баланың? Ол не істеген?
Еркебұлан оған Тазша бала жайындағы ертекті айтып берген. Әсіресе өгей шешесі өлтірсін деп Тазша баланы мыстан кемпірге «алтын сақаны алып кел» деп жіберген жері бұдан бұрын бұл ертекті естімеген Жұлдызға өте қызықты көрінген.
— Қалай, қалай деді мыстан кемпір? Қайтадан айтшы осы арасын?
— Алтын сақа алдында жатқан мыстан кемпір: «Шырағым, тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын, алтын сақаны өзің түсіп ала ғой», — дейді. Қотыр тайы үйретіп қойған сөзді айтады Тазша бала: «Ойбай, әже, әне қасқыр келе жатыр»,- дейді. Кемпір артына жалт бұрылғанда, қотыр тайы бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалады да, Тазша бала алтын сақаны шап беріп ала сала тура шабады. Жаңағы «Тұрсам отыра алмаймын, отырсам тура алмаймын»,- деген мыстан кемпір қуа жөнеледі. Қотыр тай жеткізбейді. Мыстан кемпір күрек тісінің біреуін жұлып алып лақтырады. Қотыр тай үш аяқтап шауып жеткізбейді. Мыстан кемпір тағы бір тісін лақтырады. Қотыр тай екі аяғымен де жеткізбейді. Ақыры Тазша бала төрт аяғынан бірдей айрылған қотыр тайдың құр басына мініп, мыстан кемпірге жеткізбей, өгей шешесіне алтын сақаны әкеліп береді. Жетім Тазшаны қайтсем де жоқ етем деген шешесі енді оны Жезтырнаққа өлтіртпекші болады. Міне осындай сан түрлі қиындықты, қауіпті басынан өткізген Тазша баланың мүсінші жасаған мынау мыс бейнесі...
— Мүсінші Тазша баланың бейнесін дәл тапқан екен, — деді Жұлдыз, сосын ақырын күрсінді. — Шіркін-ай, өмірде қандай қауіп-қатер кездессе де, осы Тазша баладай мойымай, күліп өтетін бола алсақ!
— Оған еш шек келтірме! — деген сонда Еркебұлан. — Бірімізді-біріміз осылай сүйіп, дүниеден дәл бүгінгідей қуанышты өтеміз. Ал алда-жалда кездейсоқ бір ауыртпалықтар ұшырай қалса, одан мойымай өтетін күш табамыз. Ал шын махаббат адамға қанат береді, қандай қиындықты болса да жеңіп шығуға жол ашады!
Сөйдеген Еркебұлан енді мынау, ең алғашқы кездескен қиындықтан жездей майысып, бордай опырылды.
Міне, есіне түскен сол бір түнгі сөздері еді. Еркебұланның көңілі бұрынғысынан да толқи түсті. Кенет ол Тазша баланың мүсінін көргісі келіп кетті. Егер сол мүсіннің жанына қазір өзі барса, ар жағынан Жұлдыз да келетіндей сезінеді. Түнгі сағат он бір шамасы еді. Терезеден көшеде өтіп бара жатқан адамдар әлі де көрінеді. Еркебұлан тез киініп, далаға шықты. Ол Тазша баланың қотыр тайына мінген мыс мүсіні тұрған Қарағай паркіне қарай аяңдады. Оған бару үшін Еркебұланға Чайковскийден өтіп, Дзержинский көшесімен оңға бұрылуы керек. Келесі Калинин көшесінің сол жақ бұрышында парк.
Еркебұлан аздан кейін-ақ Калинин көшесінен өтіп, Дзержинскийдің бұрышына тоқтады. Көшенің арғы бетіндегі ұйғыр театрының алдындағы автобус аялдамасында бір жігітті қоршай дүрліккен үш-төрт адамды байқады. Анықтап қарап еді, қоршауда тұрған жігіт Қайназарға ұқсас боп көрінді. «Мынау Қайназар ма? Әлде соған ұқсас біреу ме? Жоқ, жоқ, сол. Сірә, рестораннан шыққан беті шығар. Қасындағылары кім? Неге қоршап алған? Көшеден өтіп бара жатқан ауыр жүк машинасын күтіп, сәл кідірген Еркебұлан машина өтісімен, бір сұмдықты жүрегі сезгендей әлгі топ адамға қарай жүгірді. Сөйткенше болған жоқ, тыныш түнде үрейлене айқайлаған Қайназардың даусы естілді:
— Жәрдем беріңдер! Жәрдем беріңдер! Ойбай, өлтірді!
Еркебұлан жан ұшыра жүгіріп аялдамаға жеткенде, жерге шалқасынан құлаған Қайназарды көрді. Оны қоршап алып, басы-көзіне қарамай төрт жігіт тепкілеп жатыр.
— Падло, еще огрызается! — деп еңгезердей сары біреу арт жағынан басқа кісінің келіп қалғанын сезіп, құлап жатқан Қайназардан шегінді.
Жүгіріп жеткен Еркебұлан Қайназарға араша түсе кетті.
— Бұларың не? — деді ол Қайназарды әлі тепкілеуін қоймаған денелі қазақ жігітін қатты итеріп қап. — Өлтірдіңдер ғой.
Жасынан спортпен айналысқан Еркебұлан да қарулы еді. Бұл итеріп қалған жігіт шалқақтай барып, артындағы үлкен еменге жауырынымен тірелді.
Дәл осы кезде Еркебұланның оң жағында тұрған сары шоқпардай жұдырығымен бұның жағынан кеп перді. Бірақ қолы тимеді. Еркебұлан лып етіп, сарыны қарынан ұрды. Еркебұланның ұруынан қар етінің жаны кетіп салбырап қалған оң қолын сол қолымен ұстап, сары жігіт жанындағы ағашқа сүйеніп, қылжиды да қалды. Еркебұлан енді өзіне тап берген үшінші жігітті де самбоның әдісімен оп-оңай отырғызды да қойды. Сол уақытта төртінші бұзық жолдастарының қандай күйге ұшырағанын көріп, сірә, Еркебұланға жақын келуге бата алмаған болуы керек, жерден бір үлкендеу тасты алды да, пәрменінше кеп лақтырды. Тас Еркебұланның қара санынан кеп тиді. Еркебұлан қираң етіп отыра қалды. Дәл осы тұста еменге барып құлаған алғашқы жігіт гүр ете қалды.
— Тимеңдер! — деді ол ақырып жолдастарына, — көрсетейін мен оған қазір,— Кенет оның қолында екі жүзді қанжар жарқ етті.
Бұзық жігіт қанжарын жоғары ұстап дәл жүрек тұсынан қадағалы, орнынан тұра алмай отырған Еркебұланға таяй берді. Қара санынан тас тиіп, қозғала алмай отырған Еркебұлан қанжарын жалақтатып, өзіне таяп келе жатқан денелі қара сүр жігітті көргенде, тез қимылдау керек екенін түсінді. Егер тез қимылдамаса оның өзін өлтіретініне сөз жоқ! «Не болса да тез, тез қимылдау керек!» Жұлдызы үшін, әке-шешесі үшін, әлі орындалмаған армандары үшін өзін сақтау тілегі кенет оған күш берді. Найзағайдай атылып ұшып тұрып таяп қалған қара сұрды іштен кеп тепті. Анау қанжарын сілтеуге де үлгірмеді, шалқалай барып, қара құсымен артындағы тасқа кеп құлады.
Жігіт шалқасынан барып түскенде, Еркебұланның ең алдыменен көргені көзі жұмылып кеткен қара сұрдың дәл маңдай алдындағы бір уыс аппақ шашы оның көзіне ерекше түсті. Сол сәтте Еркебұланның тұманданып бара жатқан миында бір көрініс жарқ етті.
— Япырмай, сол жігіт емес пе?
Иә, сол бір күн Еркебұланның дүниедегі ең ауыр күні болған. Сонау жындыханадан кетіп қалған күні ол бір жолдасының үйінде тағы арақ ішкен. Жолдасының үй іші жатар кезде бұл шығып кеткен. Қайда барарын білмей, қараңғы көшенің бұрышындағы жуан еменге сүйеніп ұзақ тұрған. Көрінген жерге жатып ұйықтап қалардай мас емес еді. Кенет ойына мұны күтіп тұрған жындыхана түсті. Жаны түршігіп кетті. Енді ғана өзінің сол жындыханаға жақын көшеде екенін аңғарды. Дәл қазір біреу бұны ұстап алып сонда апаратындай бұл арадан қаша жөнелді. Қайда барарын өзі де білмейді, бетінің ауған жағына қашып барады. Кенет ол өзінің мұндай күйге түскенін ақылымен емес, жүрегімен сезді. Сонда барып ол енді шын асылып өлмекші болды. Жанындай жақсы көрген Жұлдызы жоқ, бұны тек жындыхана ғана күтіп тұр. Ал жаны ашиды деген әке-шешесі өздері жындыханаға табыс етті - ендігі өмірдің бұған қандай қажеті бар? Еш қажеті жоқ. Өмір дегені құр өкініш, азаптану екен. Тастап кеткен ғашығыңды үмітсіз сағыну, көрінгеннен жалынып арақ ішу бұ да өмір ме? Жоқ, бұл өмір емес, барып тұрған қорлық, азаптану. Ал бұл қорлықтан, бұл азаптанудан қалай құтылады? Қанша осылай қаңғырып жүрсең де, қанша осылай өкініп жыласаң да құтыла алмайсың! Құтылатын жалғыз жол бар: ол - өлу! Өлген адам бұл қорлықтың, бұл азаптың бірін де білмейді. Өлсең жаның мәңгі тынышталады. Еркебұлан кенет осындай қорытындыға келген. Сол-ақ екен, ол бүгін түнде тіпті дәл қазір өлмек болды. Бір ғажабы - артымда Жұлдызым, әке-шешем, жұмысым бар ғой деген өкініш ойына да кірмеді.
Дүниеге, тағдырға, өзіне, Жұлдызға, әке-шешесіне ызаланған Еркебұлан, бәрінен өшін алып өлмек болды. Енді ол өлу жолын іздеді. Трамвай, автобустардың тоқтап қалған шағы. Жан-жағындағы үйлерге қарады. Біреуінің жоғарғы қабатына шығып, баспалдақты жеріндегі терезесінен секірсе, бәрі бір секундта бітеді. Ал жетінші қабаттан секірер болсаң... Иә, иә, қайғыдан да, қиналудан да - бәрінен де сорлы басың тас асфальтқа тиген шақта құтыласың. Бәрі де көзіңді ашып-жұмғанша бітеді. Бұдан артық қуаныш болар ма? Бірақ бұл маңайда ол ондай биік үйді көре алмады. Сол сәтте Еркебұланның есіне осы өзі тұрған көшенің ана бір қалың ағашының ішінде тұрған үйдің арғы бетіндегі балалар тербетілетін әткеншек түсті. Осы жындыханаға келер алдында өзі бір «серігімен» соның жанындағы орындықта отырып, түнде арақ ішкен. Ешкім көрінбейтін оңаша жер. Кісі отыратын тақтайдың бір жақ жібі үзіліп қап, тақтайдың өзі екінші жіпте салбырап тұрған. Анау үзілген кендір жіп, мойынға ілмешек істеп жіберіп, асылып өлуге жақсы. Жанындағы орындықты алып келіп ілмешекке басынды сұққаннан кейін, аяғыңмен теуіп жіберіп орындықты құлатсаң болғаны, көп болса бір минут, бәрі бітеді. Қанша жұлқынсаң да, мойныңа салған тұзақтан құтыла алмайсың...
Тез өлмесе, бірдемесі кететіндей ол енді сол қараңғы бұрышқа қарай асыға жөнелді. Дәл осы кезде біреудің жан даусы шыға қырылдай айқайлағаны естілді. Сөйткенше болған жоқ, бұл келе жатқан жерден екі-үш кісінің көшенің бұрыш-бұрышына қарай қаша жөнелгенін де көрді. Электр шамы күңгірттеу жанып тұрған тұстағы бұрыштан дәл бұның қасынан әлгі қашқандардың біреуі жүгіріп өтіп кетті. Ешкім танымасын деп бетін қолымен жауып алған. Еркебұланның көзі тек оның қою қара шашының алдыңғы жағының бір уыстай жері аппақ екенін шолып қалды. Аз уақыт тым-тырыс бола түсті де, тағы дабырлаған дауыстар шықты.
Еркебұлан ойлаған жеріне келгенде, жаңағы айқай осы арадан шыққанын білді. Өзі көрген «качельдің» жанына қасындағы үйден шыққан бес-алты адам жиналып қалыпты. Дабырлаған дауыстар солардікі екен. Біреулер сіріңке жағып жатыр. Еркебұланға өзі асылам деген жіпте біреудің салбыраған денесі тұрғандай болды. Сөйткенше әлдекім қол фонарын жағып, әлгі салбыраған затқа беттеді. Кенет шам жарығы асылған адамның бетіне түсті. Асулы тұрған қыр мұрынды, сопақ бет, қара қасты бала жігіт екен. Тілі аузынан шығып кеткен. Кендір тозақтың түйіндісі, сірә, желке тұсынан келген болуы керек, жігіттің басы бір жағына қисайып құлап кеткен.
Әлдекімдер «Бишара, жап-жас екен!», «Сорлыны не үшін өлтірді екен!», «Бишара неге осы уақытқа дейін көшеде жүреді?», «Бұл өшіккен адамдардың ісі», «Өзінің жолдастары да», «Әрине, өшіккен өлтірген. Тонаушылар болса, қолындағы сағаты мен костюмін алмай ма?»- деп, дабырласып жатты. Бұл кезде өліктің қасына жұрт бірталай жиналып қалған.
Мына көрініс Еркебұланның жанын түршіктіріп жіберді. Жап-жас жігітке оның жаны ашыды. «Сірә, бір жақтан келе жатқан ғой, аңдып тұрып ұстап алған болар». Бұдан әрі қарап тұруға шыдамады. Ол кілт бұрылып, кейін қарай жүрді. Дәл осы сәтте оқиға болған жерге қарай келе жатқан милиция машинасын көрді.
Еркебұлан осы түні таң атқанша көшелерді тағы кезген-ді. Өлген жігіттің бейнесі көз алдынан кетпей-ақ қойған. Бір сәт осы өлімге өзін айыптыдай сезініп қысылған. «Егер бір жарты сағат бұрын, сол жіпке мен асылсам ғой, кім біледі, әлгі жігіт аман қалар ма еді, қайтер еді. Бұзықтар өлтіргенмен де бүйтіп өлтіре алмас еді. Бишара, мен секілді әке-шешесінің жалғызы болса ғой, ертең бұның өлгенін естігенде, ол сорлылар қандай күйде болады?» Кенет Еркебұлан тоқтай қалған. «Ал мен неге өз әке-шешемді ойламадым? Екеуі бірдей зар жылап қалады ғой». Еркебұланның мұнысы арақ ішкеннен бері әке-шешесінің халін бірінші рет ойлағаны. Ойлаған сайын олардың алдында өзінің айыпты екенін сезіне түсті. «Мен Жұлдызды жоқтап күйінем... Ал олар мені ойлап зар жылауда ғой. Бишаралардың өзімді жақсы көретіндерін біле тұрып, менің оларды ойламағаным қалай? Соншалық неге тас жүрек боп туғанмын? Одан да өз қайғыма өзім жауап бермеймін бе, өз азабымды өзім көтермеймін бе? Менің қайғым үшін күйінер олардың қандай жазығы бар? Мұным барып тұрған эгоистік емес пе?»
Кенет оның көз алдында бұған жүзін көрсетпейін деп бетін қолымен басып жүгіріп өткен бір уыс ақ шашы бар денелі жігіт елестеп кетті. Еркебұлан кілт тоқтай қалды. «Енді ғой милиция әлгі баланы өлтірген бұзықтарды іздей бастайды. Жұрт естіген айқайын, басқа көргендерін жасырмай айтып береді. Ал мен ғой үндемей қалмақшымын. Неге? Мүмкін бұзықтардың біреуі әлгі маңдайында бір уыс ақ шашы бар жігіт шығар? Тіпті шашын алдырып тастаған күнде де, ондай адамды біреу болмаса біреу біледі ғой».
Еркебұлан жігітті өлтірген адамдарды ұстап беруді өзінің борышы санады. Таңертең милицияға барып, көргенін айтпақ болды, бірақ өзінің әбден шаршағанын жаңа білді. Жындыхананың қызметкерлері мен өзінің әке-шешесінің бұны іздеп әуре боп жатқанын ойлады. Тәуекел деп жындыхана жаққа кілт бұрылды.
Бұның келгеніне қуанып қалған кезекші дәрігерге:
— Ана сізді күтіп отырған әкемді, көңілін жұбатып, үйіне қайтарыңызшы, — болды бар айтқаны, — Бишара әбден шаршаған шығар...
— Жарайды, жарайды, — деді дәрігер.
Еркебұлан енді оған көргенін айта бастап еді «есінен ауысқан адамның әдеттегі сандырақ сөзі» деп ойлап, дәрігер: «Бәрін де таңертең милицияға айтам, сен енді оны есіңнен шығар», — деп жұбатты. Сосын бұны тынышталсын деп, берілетін дәрінің мөлшерін сәл көбейткізді.
Содан Еркебұлан бір тәулікке жуық ұйықтады. Дәрігерлер оны тек түс кезінде ғана оятты. Тамағын ұйқылы-ояу ішіп, ол тағы ұйқыға кетті. Бір тәуліктен кейін бұған тағы тынышталатын дәрі берілді. Еркебұлан тағы ұйықтады. Маңдайында ақ шашы бар кісіні көргенін дәрігерге айтқаннан кейін, өз міндетімді атқардым деп ойлаған Еркебұлан. Ал сондағы кезекші дәрігерден: «Сіз милицияға айттыңыз ба?» — деп үш-төрт күн өткеннен кейін сұрағанында, анау бұның сөзіне тағы да бәлендей көңіл қоймай: «Айттым, айттым», — дей салған.
Міне, сондағы көргеніндей маңдайында бір уыс ақ шашы бар жігіт жерде жатыр.
Еркебұлан тек «сол емес пе екен» деп ойлауға ғана үлгірді. Ол осы минутта бұзықтар асып өлтірген жас жігіт, өзінің өлімімен ажалдан бұны құтқарғанын білмеді. Мұндай ой бұрынды-соңды оның басына кірмеген. Дәл осы кезде көшенің арғы бетіндегі күзетші патруль келіп үлгерген. Төбелеске қатысқандардың бәрін де ұстап алды. Жерде ессіз серейіп жатқан қара сұрды «Жедел жәрдем» машинасын шақыртып, ауруханаға жібертті. Ал өзгелерін осы кезде жеткен милицияның жабық машинасына тиеп КПЗ-ға алып барды. Тек бұлардың ішінде Қайназар жоқ еді. Ол бұзықтар Еркебұланға жабылып жатқан кезде, у-шуды пайдаланып, ағаш-ағаштың арасымен бұқпалап қашып кеткен.
Осылайша Еркебұлан бірінші рет қамауға түсті. Қарақұсымен тасқа құлаған қара сұр жігіт сол есі кірмеген қалпында, таң ата дүние салды. Ал Қайназар, көк ала қойдай боп таяқ жесе де, әйтеуір үйіне жеткен. Өзіне араша түскен Еркебұланның не болғанын білмек түгіл, балаларының қайда кеткенін түсінбей, түні бойы көздері атыздай боп қорқып, сандалып кеше кезіп шыққан оның әке-шешесіне, болған оқиғаны айтып, ең ақыры телефон да соққан жоқ. Зәресі ұшып кеткен өзінің әйеліне: «Бір бұзықтар ұрып кетті», — деді де, жаралы жерлеріне йод жақтырып, ісінген тұстарына орамалды суық суға малдырып, компресс қойдырып, жатып қалды.
Әдейілеп емес, өзін қорғау үстінде Еркебұлан қаза еткен қара сұр жігіт үлкен орында істейтін белгілі адамның баласы еді. Шешесі де ғылыми қызметкер болатын. Жас кезінде, дәрежелерінің арқасында қонақ, театрлардан қолдары босамай, балаларын тәрбиелейтін уақыттары болмады. Бала өз бетімен еркін өсті. Он жаста үйіне келген қонақтардан қалған шампанды ішсе, әке-шешесі оны қызық көрді. Балалары ашуланып стаканды, не кесені есікке лақтырып сындырса, оған мәз болды. Балаларының бетінен қақпады. Ештеңеден беті қайтпай, тентек боп өскен бала, кезі келгенде өткір, ештеңеден қаймықпайтын өр кеуде жігіт болады деді әкесі.
Шешесі де жалғыз баласының бетінен келмеді. Ол не тілесе, соны істеді. Қызмет бабын пайдаланып, әкесі білімді баласын институтқа да түсірді. Алғашқы сессияда-ақ баласы ешбір емтихан тапсырмай институттан қуылуға тиісті боп қалды. Әке-шешесі дереу шара қолданды, таныс дәрігерлерінен «Бала сырқат» деген қағаз. алып, жалғыз ұлдарын бір жылдық академиялық демалысқа шығартты. Балалары көп оқып шаршап қалғандай, оған әке-шешесі «Әзірге дем ала тұр, қызметке соңынан орналастырармыз, ал жұмыс мүлдем істегің келмесе, саған біздің тапқан-таянғанымыз жетеді, өзің біл, көңіліңнің соғуына қарай көр», — деді. Бәленің бәрі міне осы кезден басталды. Күні бойы қолы бос жасөспірім жігіт алдыменен қызық көріп, соңынан біржолата дертке айналған әдет -— арақ ішуге салынды. Көп кешікпей өзі секілді іштері пысып, не істерін білмей жүрген жігіттерді тауып алып, енді арақ-шарапты бірігіп ішуді шығарды. Мұндай у әдет ең алдыменен өзара төбелестен басталып, соңынан өзі біреулерге тиісетін дәстүрге көшіп, ақырында бұларды бұзықтыққа соқтырды. Көшеде төбелесіп, екі-үш рет азғантай мерзіммен абақтыда жатып шықты. Ал әке-шешесі, абыройымызға нұқсан келеді деп оны ұсталған жерлерінен тезірек алып шығуға тырысты. Ақырында балаларын, айтқанына көнбейтін, ішкіш, бұзақы жігітке айналдырып алды. Енді ол өзгенің дегеніне көнуді мүлдем қойды. Арақ ішетін ақшаны, әкесі бере қоймаса, тіпті ұрлап алатын күйге жетті. Мұндай қылықты жолдастарымен бірігіп, кейде бейтаныс адамдарға да істейтін болды. Өзінің ішімпаздық, бұзықтық қылықтарымен әке-шешесін мезі етті, олардың ар-ұяттарын жерге таптады, жалғыз баласы болса да әбден шаршатты.
Міне, бүгін ол, әкесінің стол үстінде жатқан алтын қол сағатын алып кетіп, біреуге өз бағасынан кемге сатып, соңғы кезде тауып алған жолдасымен бірге арақ ішкен. Қарасұр жігіт - Нұғыман бұрын қанжар, пышақ, не кастет ұстамайтын. Бұның сорына қарай бүгін бір маскүнем оған арзан бағаға кавказдың сауыты бар өткір қанжарын ұсынған. Қанжардың сабы күміспен өрнектелген әдемі екен, соған қызықты ма, Нұғыман сатып алған. Газетке орап дипломат-портфеліне салған. Үйіне барғаннан кейін адам көрмес бір жерге тығып қоямын деп ойлаған ол. «Алматы» ресторанынан шығып, бұлар Жамбыл мен Дзержинский көшесіне түсті. Ұйғыр театрының жанындағы аялдамадан жігіттер бөлінбекші еді. Ескі жолдасы отыз бесінші автобуспен бірінші микроауданға кетпек. Ал Нұғыман Октябрь көшесіндегі моншаның қасындағы өз үйіне қайтпақшы еді. Үшінші жолдасы да бұнымен көршілес үйде тұратын. Қызып алған жігіттер, жолдастары жүріп кететін автобустары келе қоймаған соң, өткен-кеткен әйелдерге өрескел сөздермен тиісіп, күліп-ойнап тұрған. Осы мезгілде аялдамаға жаңа ғана банкеттен шыққан Қайназар келген. Тиісетін адам таба алмай өзінен-өзі бүлініп, іші пысқан мас Нұғыман оған сүзіле қарап:
— Ей, шылымың бар ма? — деді.
Қайназарға оның «ей» дегені ұнамады.
— Жоқ! — деді кенет ашулана қалып.
Енді Нұғыманға оның қатты айтқаны ұнамады.
— Неге жоқ? Әлде шылым тартпайсың ба?!
Қайназар өзінің жалғыз, аналардың төртеу екенін түсінді білем, сәл бәсеңдейін деді.
— Иә, тартпайтын едім.
— Неге тартпайсың? Әлде өзіңді жұрттан артықпын дейсің бе? — Нұғыман Қайназарға таяй түсті. — Тартпасаң, мә, тарт, — ол қалтасынан қабы жымырылған «Қазбекті» алып, архитектордың тұмсығына тигізді. — Мә, тарт, тарт!
Қайназар да рестораннан шыққан адам ғой. Өзінен жас және бұны адамға санамаған, жігіттің дікіңдей қалып, тұмсығына «Қазбекті» итермелегені ұнаған жоқ, кенет ашу қысып кетіп, Нұғыманның қолын қағып жіберді. «Қазбек» анандай жерге ұшып түсті.
Енді бұған бұзық сары таянған.
— Көтер ана папиросты! — деді ол бұйырып.
Автобусы құрғыр көрінбеді. Қайназар амал жоқ, жерде жатқан «Қазбекке» еңкейді. Дәл осы сәтте, оны мазақ еткісі келгендей үшінші мас жігіт, еңкейе берген Қайназарды арт жағынан теуіп жіберді. Тоңқалаңдай барып бойын әзер түзеген Қайназар тепкен жігітке:
— Ты что хулиганишь? — деді.
Бар айтқаны осы. Бірақ бойларын арақ алып, біреулермен төбелескілері келіп тұрған бұзықтарға осының өзі де жеткілікті еді.
— Он еще огрызается! — деді сары Қайназарды пәрменінше періп қалып. Архитектор ұшып түсті. Сол-ақ екен, бұзықтар оны тепкінің астына алды. Қайназар «Жәрдем беріңдер! Жәрдем беріңдер!» — деп екі-үш рет айқайласа да, екі қолымен басын, бетін жауып қорғанумен болды. Осы кезде Еркебұлан да жеткен.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Соңынан Еркебұланның сотында Қайназар: «Еркебұланның мені арашалауға жүгіріп келгенін де, оған мына бұзықтардың қалай жабылғанын да, жолдасының өзін қорғап бұзықты қалай тепкенін де, тіпті төбелестің қалай өршіп, қалай басылғанын көрген жоқпын, есім ауып талып кетіппін»,— деп жауап берген.
Сотты жүргізіп отырған орыстың ашаң жүзді жас әйелі:
— Егер есіңіз ауып, талып кеткен болсаңыз, төбелес болған жерден қалай қаша алдыңыз? Мына бұзықтардың және қылмысты Еркебұлан Асығатовты ұстап, милиция машинасына отырғызып, куә ретінде сізді де алып кетпек болғанда, сізді милиционерлер таба алмай қалыпты ғой, солай ма, жолдас милиция сержанты? — деді осы сотқа куә ретінде қатынасып отырған милиция формасындағы жігітке қарап.
— Дәл солай, — деді милиция сержанты орнынан ұшып тұрып. — Біз төбелес шығарғандарды машинаға отырғызып болып, іздегенде бұл кісіні таба алмадық. Кетіп қалыпты.
— Естіп тұрсың ба, куәгер? — деді сот председателі әйел, — сіз есіңіз ауып жатып, қалай қашып кеттіңіз?
Қайназар сот бастығының сұрағына жауап берудің орнына, ол өзі милиция сержантына сұрақ берді.
— Сіз ол арада мені қалай іздей қалдыңыз? — деді таңырқағандай. — Төбелескендерді ұстадыңдар емес пе? Ал сол төбелеске себепкер болған адам бар, ол мына арада жатыр деп сондай аласапыранда кім айтты сізге? Әлде төбелеске себепкер адам болу керек деп өзіңіз ойлап таптыңыз ба?
— Расында да, төбелесушілерден тыс мұндай адамның болуы мүмкін екенін сіз қайдан білдіңіз? — деді сот бастығы сержантқа қайтадан қарап.
Милиция сержанты сасып қалды: «Бәсе, төбелесіп жатқандардың арасында бұл жоқ еді, қалай білді?.. Ә... ә,жаңа есіме түсті ғой...»
— «Жедел жәрдем» машинасымен қайтыс болған жігітті әкетіп бара жатқанда мына азамат, — ол Еркебұланды нұсқады, — ана жерде қатты жарақаттанған менің жолдасым жатыр, соны да ала кетсін деген соң іздедік, ал бұл жігіт ұшты-күйлі жоқ болып шықты.
— Түсінікті, — деді сот бастығы, сосын Қайназарға қарады. — Сөйтіп, есіңіз ауып жатқан болсаңыз, қалай қашып кеттіңіз? — деді ол бұрынғы сұрағын қайталап. — Түсіндіріңізші, куәгер азамат. — Бұл жолы әйелдің даусы бір түрлі ашулы, қаттырақ шықты.
Қара сұр жігіттің қолында кенет қанжар пайда болғанын жерде жатып Еркебұланнан бұрын Қайназар көрген. Сол сәтте мені де өлтіреді екен деп қорқып кетіп, жан сауғалай, еңбектей шегініп, ағаштың тасасына жеткен. Содан соң денесінің ауырғанына қарамай, Қарағай паркінің ішіндегі ағаштан ағашты тасалай қаша жөнелген. Еркебұланды қоршаған бұзықтар бұған көңіл бөлмеген.
Бірақ Қайназар жолдасын өлтіргелі жатқанда өзінің қашып кеткенін, жолдасқа деген опасыздық, қорқақтық санайды деп, көргенін көрдім деп айтуға дәті бармаған. Әрине, қашуға жараған адам, жолдасына болысуға да жарайды ғой. Және ол «көрдім десе, сен неге ара түспедің, жолдасына неге болыспадың?» деген сұрақ тағы тұр деп ойлады. Бәрінен де оның қысылғаны осы сұрақ еді. Өзін-өзі әшкерелеуге күші жетпеді. Сондықтан ол «көрдім, білдім» деген сөзден қашты.
— Білмеймін, ештеңе де білмеймін, — деді ол, — қалай қашып құтылғанымды да білмеймін, тек парктен екі-үш көше өткен соң ғана жападан-жалғыз келе жатқанымды түсіндім.
— Екі-үш көше өткеніңізді қалай білдіңіз?— деді тағы сот бастығы әйел.
— Оны да білмеймін, — деді Қайназар, — қазір солай шамалап тұрмын.
— Сіз үшін жолдасыңыз топ бұзықпен төбелесуге барады, ал сіз... — сот бастығы ойын аяқтамай кілт тоқтады. — Жә, отырыңыз, — деді. — Тым қорқып қалған екенсіз!
Қайназардың сөзін естіп отырған Еркебұлан оған таң қалды. «Япырмай, болып жатқан оқиғаны көрмейтін мұндай да қорқақ адам болады екен-ау. Қайназар ондай емес еді ғой, — кенет оның көз алдына жолдасының бұрын бұның көзінше істеген бір-екі ерлік істері де елестеп кетті (мысалы, суға биік жардан секіру, ағып келе жатқан поездың алдынан жүгіріп өту тәрізді - бала кездерінде өз көзімен көргендері). — Бұнысы қалай? Әлде, әлде маған ара түскісі келмей тұр ма? Ондай себеп жоқ еді ғой...»
Қайназар ештеңе көрмедім дегенмен, Еркебұланмен бірге сотталғалы тұрған үш бұзықтың ең кішісі, жүдеу ақ құба ендісі шынын айтты. Ол сол күні Нұғыманның ақшасына мас бола ішкендерін, Нұғыманның бір маскүнемнен арзан бағаға қанжар сатып алғанын, төбелес кезінде оның сол қанжарды жерге қойған дипломат-портфелінен суырып алып, Еркебұланға ұмтылғанын, өзінің қорқып кеткенін, бірақ Еркебұланның каратэ әдісімен Нұғыманды іштен теуіп жерге шалқасынан түсіргенін, қысқасы, осы сәтте көргенінің бәрін жасырмай айтып берді.
— Егер айыпкер Еркебұлан Асығатов сіздердің серіктеріңізді іштен теуіп құлатпағанда, қайтыс болған жолдастарыңыз оған не істер еді? — деді сот бастығы әйел.
— Өлтірер еді, — деді айыпталушы, — сөз жоқ өлтірер еді! Нұғыманның мінезі белгілі ғой, ол ашуланғанда ешкімді де аямайтын. Бұрын қолына ұстап келе жатқан дипломат-портфелімен бір-екі рет мені де қатты періп қалғаны бар.
Соттың тегеурінді сұрақтарына шыдай алмай, екінші айыпкер де жолдасының сөзін шынға шығарды.
Сол төбелесте Еркебұланнан өшін ала алмай қалған өкінішті бұзық сары ғана Нұғыманның қанжар сатып алғанын білетіні анықталса да, сол қанжарды жолдасының қолына ұстап, Еркебұланға ұмтылғанын көрген жоқпын деді.
— Сонда, мына қанжар төбелес болған жерге қайдан келді? — деді сот заседателі қартаң тартқан жұмысшы адам. — Біреу әдейі әкеп тастады ма?
— Білмеймін,- деді бұзық сары. Сосын ол өзін сол түні қашуға мүмкіндік бермей ұстаған милиция сержантына өшпенділікпен қарады, — мүмкін кісі өлтірген айыпкерді ақтау үшін мына сержант...
— Азамат сержант! — деді сот бастығы ананың сөзін түзетіп.
— Иә, азамат сержант, өлген Нұғыманның портфелін ашып әдейі тастаған шығар, мен қайдан білейін.
— Жарайды, отыр, — деді сот бастығы әйел қабағын сәл шытып. — Түсінікті!
Сот үкім шығарар алдында, медициналық экспертизаның қорытындысын оқыды. Экспертиза Еркебұланның өзіне қанжарменен ұмтылған Нұғыманға қарсы қолданған каратэ әдісі, айыпкердің өзін қорғауға қолданғанын және бұл әдістен кісі өлуге тиіс емес екенін дәлелдеген. Ал Нұғыманның өлімі, Еркебұлан қолданған әдістен жерге құлағанда, әлдеқалай қарақұсымен тасқа ұрылып, содан болғанын анықтаған. Сол айыпкердің және оған қарсы жақтың көрсетуіне сүйене отырып, Нұғыманның өлімі Еркебұланның өзін қорғаудан туған өлім екенін және бұл өлімде Еркебұлан өзін қорғауда кісіні өлімге апаратын ерекше әдіс, артық күш пайдаланбағанын хабарлады. Оны Нұғыманды байқамай өлтірген деп тауып, Қазақ ССР-нің қылмыс кодексінің тоқсан бірінші статьясымен екі жыл абақтыда ұстауға үкім алды. Бұл статья бойынша үкім жазасы үш жылға дейін делінсе де, Еркебұланның бұрын сотталмағанын, жұмыс істеп жүрген институтының сырттай аспирантура басшыларының берген жақсы мінездемесін еске алды. Ал прокурордың, қорғаушының бір ауыздан ақырғы сөздерінде айтқан «осы статьямен соттау керек, бірақ үкім шартты түрде болса екен» деген ұсыныстарын қабылдамады. Балаларын дұрыс тәрбиелемей, анығына келгенде өздері айыпты екенін қазірде ұмытып, баласын өлтірген жігітке қатты жаза, тіпті өлім жазасын тілеп отырған Нұғыманның үлкен дәрежедегі әкесі мен ғылым саласындағы белгілі ғалым болып қалған шешесінің тілектерін де жерге тастаған жоқ. Мұндай жағдайда - Нұғыманның әке-шешесін орасан қайғыға жеткізген жағдайда, Еркебұланға екі жыл абақтыда отыру үлкен жаза емес деп шешті сот. Екі жыл абақтыда отыру - кісі өлтірген, бірақ өзін қорғаймын деп абайламай өлтірген Еркебұланға ғана емес, жалғыз ұлдарын көздерінің қарашығындай сақтаған Асығат пен Қырмызы тәрізді адал жандарға үлкен жаза еді. Міне сондықтан да сот әділ санаған осы екі жыл Еркебұланның әке-шешесіне екі жүз жылдан бір де бір кем көрінген жоқ.
Сот үкімін естіген тек Қайназар ғана, әлденеден үміттенгендей ұзақ үндемей қалды. Үкім дұрыс та, бұрыс та деген жоқ. Тек әлден соң барып, ол ауыр күрсінді. «Иә, екі жылда кім бар, кім жоқ...» — деді ол.
Өзінің қандай күйге душар болғанын Еркебұлан абақтыға апарған күні түсінді. Ол кірген камерада неше түрлі адам бар екен. Статьясына сәйкес бұны да, кісі өлтірген, ұрлық істеген, бұзықтықпен кесілген, қоғамның кілең қалдықтары отырған бөлмеге кіргізген. Бұған дейін үнемі сыпайы, оқыған, таза жанды, адал тілектегі жастар арасында болып келгендіктен, бір сәт өзіне сұқтана қараған ұры көзді, тікенек сақалды кісілерді көргенде Еркебұлан шошып кетті. Бұрын, Алматының жасыл көшесінде, жолдастарымен ойнап-күліп, еркін жүрген кездерінде, егер оған бір бөлмеде осыншама қара ниетті адамдар бар десе, өмірінде сенбес еді. Ал бүгін? Бірақ осының бәрі қара ниетті ме? Мүмкін, өзі секілді жамандыққа төтеп беремін деп бақытсыздыққа кездескендер де бар шығар?..
Әсіресе Еркебұланға ертеңіне бұның қоп-қою, қап-қара, дудар шашын, өсіп қалған құндыздай жылтыраған тығыз мұртын теп-тегіс қырдырып тастатып, суретке түсіргені қатты батты.
Ал мұны ести қалса Жұлдыз не дейді? Әке-шешесінің бетіне қалай қарайды? Әкесінің бұның сотына келгенін, көзімен көрмесе де, қай жерде отырғанын, қандай күйде екенін жүрегімен сезген. Бірақ бұрылып қарауға дәті жетпеген. Ал шешесінің келетініне де сенген. Жалғыз баласын көрмей үйінде отыра алмайтынын да білетін. Еркебұланды бір көру оның қазіргі ең үлкен арманы екені де бұған аян еді. Сонда да ол шешесін мұндай күйде көргісі келмеген. Қай бетімен оған қарай алады. Әйтеуір, тағдыр мұны аяды ма, кім білсін, шешесі қатты ауырып қап, келе алмады. Шешесінің келмегені бұған қандай жеңілдік, қандай бақыт!
Ол өзін суретке түсірген күні ешкіммен де сөйлескен жоқ, дүние бұған мәңгі қараң қалғандай үн-түнсіз, қабағы кіртиіп жүдеп келді де, нарына көтеріліп, теріс қарап жатып алды.
Болған оқиғаны бастан-аяқ ойлай бастады.
Жолдасы Қайназар көз алдынан кетпей қойды. Әсіресе, алдыңғы күнгі сот алдында оның жауап берген түрі әлсін-әлсін елестей берді.
Кенет Еркебұланның есіне осыдан екі жыл бұрын болған бір әңгіме түсті.
Ол институтты бітіретін жылдары еді. Екеуі Москвада Тверь бульварында кездескен. Соның алдында бұлар құрылыс отрядтарымен жаз бойы тыңда болған. Сол күні екеуін де құрылыс отрядында жұмысты жақсы істегендері үшін Құрмет грамотасымен наградтаған.
Олар Тверь бульварындағы орындыққа қатарласа отырған. Екеуінің де көңілі көтеріңкі еді. Әсіресе мақтау қағаз алғанына Еркебұлан мәз-мейрам болатын. Істелген еңбектің бағаланғаны бір ғанибет іс қой. Еркебұлан осылай деп түсінетін. Және бүгін әке-шешесін қуантпақ боп, хат жазған. Хатында Қайназардың грамота алғанын айтқан.
Кенет Қайназар:
— Жалпы қылмыстыны абақтыға салу, ал ерекше еңбегі сіңген адамға орден, медаль не грамота тәрізді мақтау қағаз беру — дұрыс емес, — деген.
— Жоқ, қателесесің, — деген оған қарсы жауап беріп Еркебұлан — Қылмыстыны жазалау ертеден бар. Тіпті қазақ тәрізді көшпенді көне елдердің өзінде де зындан тәрізді жаза орны болған. Бұл абақтының алғашқы болмысы. Ал ерлік істеген, не өзгеден өнері асқан адамды құрметтеп қару тарту, не мал-мүлікпен енші бөлу бұ да ескіден келе жатқан ғұрып. Мысалы, ежелгі Грецияда, Римде қаһарманның мойнына лавр гүл бунағын кигізген. Бұ да қазіргі орден, медальдардың арғы атасы.
Дәл осы уақытта бұлардың қасынан кеудесі орден мен медальға толған Ұлы Отан соғысының бір ардагері өткен.
— Мына кісіге осынша орден, медальдарды неге берді дейсің? — деп сұраған Қайназар.
— Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін.
— Былайша айтқанда кісі өлтіргені үшін ғой?
Еркебұлан ашулана қалған. Ол соғыс ардагерлерін ерекше қадірлейтін. Әсіресе ерлік көрсетіп, жұртына әйгілі болған адамдарға деген оның сүйіспеншілігі, махаббаты орасан үлкен еді. Кеудесіндегі наградтарына қарағанда жаңағы жандарынан өткен адам да, сөз жоқ, сондай ардагерлердің бірі. Ал Қайназар болса...
— Сен не айтып отырсың?! — деді Еркебұлан жолдасына өкпелей. — Ол өлтірсе, кісіні емес, фашисті өлтірді. Жерімізді таптап, жұртымызды қырған қасымызды өлтірді...
Қайназар Еркебұланның сөзін бөліп жіберген.
— Жаңағы өткен ардагердің өлтіргенінің бәрі фашист, бізге қас адамдар екенін сен қайдан білесің? — деген. — Ал ол сол адамдардың ішіндегі бізді жақтайтын бір адал жанды өлтірген болса қайтесін? Жазықсыз бір адамды өлтіру, жүз жазықты адамды өлтіруден ауыр екенін білмейсің бе?
Қазір Еркебұланның есіне жолдасының осы сөзі түскен. «Кеше ғой, Қайназар солай сөйледі. Жазықсыз бір адамды өлтіру — жазықты мың адамды өлтіруден ауыр күнә деді ғой. Ал сонда жазықсыз адамды екі жылға соттау жеңіл күнә болғаны ма? Иә, Қайназар мені қылмысты санаған ғой. Сондықтан да ара түскісі келмеген сияқты». Ол қайтадан бульвардағы оқиғаға көшкен.
— Сонда сен не демексің? Соғыстың аты соғыс емес пе? Қарсы келген жауыңның кімнің жазықты екенін, кімнің жазықсыз екенін қалай айыра аласың? — деген Еркебұлан жолдасына ренжи қарап.
— Міне, міне, менің ойыма жаңа жақындап келесің — деген Қайназар. — Әрине, өзіңе қарсы шыққанның бәрі жау, кімнің ішінде, сана-сезімінде не жатыр, сөз жоқ айыра алмайсың. Сондықтан қарсы шепте кім тұрса, сен оны өлтіруің керек. Өйткені оны сен өлтірмесең ол сені өлтіреді. Міне, мәселе қайда жатыр?
Бір жолдастары келіп екеуінің сол күнгі таласы аяқталынбай қалған. Қазір Еркебұлан осы бітпей қалған әңгіменің аяғын ойлауда еді. Жалпы ерлік көрсету - тек өз басын қорғаудан тумайды (әрине, бұл себепті мүлдем алып тастай алмайсың), ерліктің негізі, мейлі соғыста болсын, не еңбекте болсын, тегі, Отанын, жер-суын, еңбекті сүюден, өз басының ар-ұятын таза сақтаудан жаратылады. Бұл Еркебұланға анық еді. Сондай-ақ қорықпай істеген істің ерлігіңді ақтайтын, халықтың көкейіне қонатын, не соның мүддесіне жарайтын іс болсын. Міне, өзі қорықпады, ер жүректік көрсетті, жападан-жалғыз бір топ бұзықтармен айқаса кетті. Ақыры не шықты? Мейлі, бұзық болсын, біреудің жалғыз баласы өлді. Өзі сотталды. Қорықпастығынан, ержүректігінен не тапты? Жоқ, жоқ ажалдан жолдасын құтқарды. Олар көп екен деп, бұл қорқып қалмады. Егер бұл араша түспегенде, Қайназардың жер басып жүруі де екіталай емес пе? Иә, солай. Мac дүлейлердің оны аямайтыны хақ еді ғой. Сот үкімінде бұның әрекетін өз басын қорғаудан туған деп тапты. Расында солай ма? Бұл жолдасын қорғаймын деп төбелеске араласқан жоқ па? Сөйтті ғой. Сол сәтте бұл ана бұзықтар маған да жабылар деп ойлады ма? Жоқ әрине. Барлық пәле жолдастық деген борыштан шықпады ма? Сөйткен жолдасы... Мейлі! Оның алдында менің арым таза! Ал өзінің ары жайында Қайназар өзі ойласын!
Еркебұлан тағы ойланды. «Ал егер Қайназардың орнына ана бұзықтар бөтен біреуді тепкілеп өлтіргелі жатса, бұл араша түсер ме еді? Танымайтын адамда нем бар деп өз бетіне кете берер ме еді? Жоқ әрине, бәрібір араша түсер еді. Бәрібір олар көп екен деп қорқақтық көрсетпес еді. Өйткені бұл кім болса да Адам атаулыны жақсы көреді ғой, жақсы көре тұра оны қалай қорғамайды?»
Ал Қайназарға ашық айтпаса да, жау да, дос та - бәрі де адам. Адамды өлтіру болмайды дейді. Бұл - пацифиста. Сонда өзінікі не? Жаңа ғана «Кім болса да Адам аттыны жақсы көрем» деген жоқ па? Расымен өзі де Қайназар тәрізді жау да, дос та - бәрі де адам. Адамды өлтіруге болмайды» демек пе? Жоқ, жоқ тіпті олай емес. Кенет оның есіне сонау түндегі качельге асып қойған бала жігіт қайта түсті. Сол асулы тұрған жігітті аяп сол күні Еркебұлан: «Шіркін-ай, осы жігітті өлтіргендердің өздерін ұстап алып, осылай асар ма еді!» деген еді ішінен. Сөйдеген. Ал қазіргісі не? Жоқ, жоқ Адам бар да, Адамға жау бар, сонау бала жігітті өлтіргендер сол Адамның жаулары. Егер сол жауыңды өлтірмесең ол сені өлтіреді. Отаныңды аяғымен таптайды. Мұндайда аяушылық болмауға тиісті. Еркебұланның ойы қайтадан бөтен арнаға ауды. «Жақсы, сен осы принциптің адамысың. Сондықтан да жолдасымды қорғаймын деп төбелеске араластың. Ақырында өзіңе қауіп туған шақта, өз басыңды қорғаймын деп біреудің жалғыз баласын өлтірдің. Сонда бұны қалай дейсің, сенің ерлігің өз басыңды қорғаудан туғаны ма? Жоқ, жоқ тіпті олай емес, мен өз басымды қорғап, оны өлтірген жоқпын. Ал оның өлімі — кездейсоқ өлім. Оның қарақұсының ұрылуына себепкер болсам да, мен айыпты емеспін. Сондықтан, Нұғыманның өлімін байқамағандықтан болған деген сот үкімі маған ауыр! Ауыр! Бірақ ауыр болғанмен де дұрыс. Маған екі жыл берсе, ол өлім фактісі үшін берілді, қастық істемесе де, кісі өлген қастыққа әлдеқалай себепкер болғаным үшін берілді. Енді амал жоқ бұл ауыртпалықты мойныммен көтеруім керек!
Бірақ бұл екі жыл, біздің заманымызда тым ұзақ мезгіл ғой. Көп дүние өзгереді...» Кенет Еркебұлан сұп-сұр бола қалған. «Жұлдыздың маған деген махаббаты да өзгерер ме екен? Жоқ, жоқ ол мүмкін емес!» Қазір Еркебұланның ойына Жұлдызды жоғалтып алғаны кipмеді. Ғашығы дәл қасында отырғандай көрді. Қиялы кенет өткен күндерге шарықтап, осыдан алты ай бұрын сөйлескен бір сөзін есіне түсірді.
— Біздің осы махаббатымыз өмірлік болса екен, — деген Еркебұлан Жұлдыздың ернінен сүйіп.
— Жоқ, мәңгілік болуын тілеймін, — деген қыз.
— Оған сен шыдайсың ба?
— Шыдаймын. Өле-өлгенше сені есімнен шығармаймын.
— Естен шығармау — ол аз.
— Онда. Мәңгілік тек сендік боламын. Ант іш десең ант ішемін.
— Жоқ мен онсыз да саған сенемін!
Еркебұлан үнсіз күрсінді. «Қуаныш үстінде сенгенде, сүйгеніңнің сөзіне бүгін қайғы үстінде неге сенбейсің? Адам баласының көңілі үнемі осылай құбылмалы ма?»
Он күннен кейін әкесі келді. Екі ұрты суалып, сүзектен тұрғандай боп әбден жүдеп қалған. Еркебұланды маңдайынан сүйіп, бір иығына қолын сала қатарласа отырды.
— Апам қалай, көке? — деді Еркебұлан басын жерден көтермеген қалпында.
— Қазір көтеріліп қалды, — деді Асығат. — Бүгін саған менімен бірге келем деп еді, жоқ жерден үйде авария болып, шыға алмай қалды.
Баласын жүдетпейін деп бұл сөздерді әкесінің ойдан шығарып отырғанын, әрине, Еркебұлан бірден түсінді. Егер жүруге жарайтын болса, апасы бұған келмей шыдап отыра алмас еді. Еркебұлан абақтыда жатқанда ол бишара авария түгіл, үйі өртеніп кетсе де құстай ұшып жетпес пе еді. Әрине, ол қатты сырқат. Бірақ Еркебұлан әкесіне олай емес демеді.
— Оқасы жоқ, келесі жолы келер,- деді Еркебұлан. Ол ауыр күрсінді. — Абақты анасының баласын іздеп келер жер ме? Білемін, сіздерге де оңай соғып жатқан жоқ. Бірақ амал қанша шыдап бағыңыздар, — сосын даусын сәл бәсеңдетіп сыбырлай сөйледі, — Шамаларыңыз келсе, кешіре көріңіздер, сіздерді мен бұлай ренжітемін демеп едім.
— Бізді қойшы, — деді әкесі көтеріле сөйлеп. Сөйтсе де Еркебұлан оның үнінен шаршағандықты, амалсыздықты сезді. — Тек өзің берік бол. Ер жігіттің басынан не өтпейді, бұның бәрі де бір күнгідей болмас, әлі-ақ ұмытылар. — Әкесінің бұған жігер бермекші боп көтеріле сөйлеп отырғанын Еркебұлан тағы түсінді. «Әрине солай ғой, дұрыс айтасыз, дұрыс айтасыз», — деп басын изеумен болды. Бұ да әкесінің көңіліне қарайды. Ал Асығат сөзін жалғай түсті.
— Айтпақшы,Жоғарғы сотқа мен де арыз бердім.
— Не жайында?
— Өзімнің ел-жұртыма өткізген еңбегімді айтып, сенің ақ ниеттік адал жігіт екеніңді, бұрын сотталмағаныңды, жолдасына болысам деп мұндай күйге ұшырағанды тілге тиек етіп, сені ақтауларын, не сот үкімін шартты түрге көшірулерін өтіндім.
— Әй, білмеймін, сот бұған көне қояр ма екен? — деді Еркебұлан тұнжырап,- қайтыс болған жігіттің әкесі бір үлкен қызметтегі адам көрінеді, маған аз жыл берді деп ренжіп жатыр дейді қорғаушыларым...
Әкесі сабырлы үнмен жауап берді.
— Иә, ол солай. Ол кісінің де қайғысын, қаһарын түсінуге болады. Жалғыз баласынан айрылып отыр ғой. Бірақ сенің әдейі істемегеніңді, баласының жанарынан өзіңді қорғаймын деп қимылдағаныңды біле тұра, егер сот саған көбіректеу жыл берсе, өлген баласы тіріліп келетіндей, неге соншама тітірене қалғанын түсінбеймін. Адам қайғыда да әділетті болуы керек. Өлген бір баланың орнына өлмеген екінші баланы неге құрбан етпек болады? Бұдан оның қайғысы жеңілдей ме? Әлде бізді де өзіндей ұзақ жыл қасіретті жүрсін дей ме? Сонда оның қайғысы бітетіндей көре ме? Ол кісінің қылығын ұқпадым. Және оның үстіне баласының араққа салынып кеткенін, жан аямас бұзық екенін бұрыннан да білетін көрінеді. Сөйте тұрып саған қатал үкім шығаруын тілейді. Бұл не? Өзгелерді аямағаны ма, дүниенің бәрін тек өз басының қайғысымен ғана мөлшерлегені ме? Ештеңесіне түсінбедім. Демек, онымен барып сөйлестім. Бірақ соңынан барғаныма өкіндім. Көңілімді жаман қалдырды.
— Бәсе, өзім де солай деп ойлап едім. Баласын тым жақсы көретін секілді еді.
— Баланы өлгеннен кейін жақсы көру - ол кешігін жақсы көру. Баланы ең алдымен тірісінде жақсы көру керек. Жақсы көрудің ең үлкен белгісі — баланың дұрыс адам болуына көмектесу, оны дұрыс тәрбиелеу. Есіңде бар ма, кішкентай кезіңде өзіңді менің бір қатты ұрысқаным? Мен саған Мәскеуден бір пар коньки әкеп бергем. Сен «менің әкем менен ештеңе де аямайды» деп мақтанғың келді ме, өзіңмен бірге ойнап жүрген көрші балаларға «Менде осындай үш пар коньки бар»,- деп жалған айтқаның? Үш пар конькиі бола тұра, бізге біреуін де бергісі келмейді деп серіктеріңнің өкпелегені? Сараңдығың үшін кейбіреулері ұрмақ та болған сені? Сонда мен саған: «Неге өтірік айттың?»- деп, қатты ұрысқам. Өмірде шындық қана адамның серігі екенін түсіндіргем. Сен әрине, маған ұрыстың деп өкпелегенсің. Бірақ кейін бір де бір жалған сөзге барған емессің. Әрине, мен сені жақсы көрмесем, сенің кемшілігіңді ойламасам, сондағыдай қатты ұрыспас едім, балалық деп қоя салсам, әрине, сен сол жолғыдай жыламас едің бірақ мақтанып өтірік айтуыңды қоймас едің. Ондай суайттық тіпті әдетке айналып кетуі де мүмкін еді. Өлген адам туралы жаман айтуға болмайды, бірақ шындық деген ештеңеге қарамайтын әділ төре бар. Анау ойламаған жерден қаза тапқан бала, дер кезінде әке-шешесінен дұрыс ақыл алмаған. Ерке болып өсіп, ойына не келсе соны істеген. Ақырында сол бетімен өскендік, дұрыс тәрбие алмағандық оны маскүнемдікке, бұзықтыққа апарып соқтырған. Үлкен орындағы әкесі бұны білмей ме? Әрине, біледі. Оның білгеніне де көп болған. Бірақ кешігіп қалған.
— Сорлы қатты өкінуде болар?
— Оған сөз бар ма? Өкінуден бөтен онда тағы бір жаман қасиет бар екен. Жұрт баласын мұндай күйге жеткізген өзі демесін дейді. Мұндай айып оған батады. Тіпті орнымда отыруыма да оның зияны тие ме деп қорқады. Ал саған көп жыл берсе, әрине, оның баласының өліміне сенің айыпты екенің анықталады. Жұрт алдында оның күнәсі жеңілденеді.
— Сонда ол менің қастандық істемегенімді есепке алмай ма? — деді Еркебұлан қинала. — Менің жас өмірімді қор етемін деп ойламағаны ма?
— Ие, қалқам, ол солай. — Асығат мұңайды. Тек өз басының қызығын, өз абыройын, өз дәрежесін ғана ойлайтын адамдар өзгенің бақытсыздығымен санаспайды. Басына түскен ең ауыр қайғыдан да өзіне жеңілдік іздейді. Сол себептен де мен ол кісінің дәрежесімен санаспадым, саған жеңілдік сұрап Жоғарғы сотқа арыз бердім.
Жоғарғы сот әділетті шешім алды. Істің барлық жағдайын талдап, тексеріп кеп, баланың бұрын сотталмағанын және қастандық істемегенін себеп етіп, оның әкесінің өтінішін жерге тастамады. Еркебұланды бір айдан кейін абақтыдан босатты. Төменгі соттың берген екі жылын шартты түрге айналдырды.
Әрине, Еркебұлан абақтыдан құтылғанына іштей қатты қуанды, бірақ осы оқиға онсыз да жаралы жанына ауыр таңба салды. Әсіресе бұның ойын Қайназардың қылығы қатты толқытты. Абақтыдан шығысымен ол ескі жолдасымен кездесіп, одан түсінік сұрамақшы болды. Бірақ бұл кезде Қайназар Алматыда жоқ еді. Ол тағы да Бийскіге командировкаға кеткен.
Қайназар Бийскіге келген күні бұл жақта түн ете ызғарлы суық еді. Ертеңіне Тынық мұхит жақтан жылы жел соғып, күн райы кенет өзгерді. Түс кезінде тіпті жайма-шуақ боп, күн көзі де көрінді. Бүгін жексенбі еді. Қайназар өзі білетін қыздар жатақханасына Жұлдызды тағы іздеп келді. Жұлдыз ана жолғысындай баспалдақтан жүгіре түсіп, қуана қарсы алды. Үстінде кең жеңді, белбеусіз, молдау пішілген көйлек-халаты бар, шашын тоқпақтай етіп түйіп тастаған. Жүгіре басып жанына жақындап қалған Жұлдыздың жалпы дене тұрпатына көзі түсіп кеткен Қайназар, «толығайын деген бе, қалай» деп ойлады. Ал Жұлдыздың бұл кезде іші біліне бастаған еді. Бұрын қиылып тұратын қыпша белі өзгере бастаған соң әдейі білдірмейін деп, өңірі тікелей тігілген халат-көйлек киіп алған-ды. Дегенмен қуанғаннан үлкен қара көздері күлімдеп, екі беті ду-ду жанып балбырап тұр.
Мұндай алғашқы кездескенде айтылатын «Қашан келдің? Ондағы жұрт аман ба? Алматы қалай? Қысы жылы ма?» деген тәрізді жалпылама сөздер таусылғаннан кейін Жұлдыз:
— Қазір, осы арада күте тұрыңыз, мен киініп шығайын, — деді де жоғарыға қарай кетті.
Баспалдақтан көтеріліп бара жатқан Жұлдыздың сыртынан қарап Қайназар қыздың дене құрылысы көп өзгеріп қалғанын ұқты. Көңілі құрғыры қобалжи түсті. Ал Жұлдыз киініп сыртқа шыққаннан кейін, оның мұрнының үстіндегі болмашы сепкілге көзі түсіп кетіп, ойы кенет бұлқан-талқан бола қалды. Бұрын мұндай сепкіл болмайтын. Қайназар енді қыздың екіқабат екеніне сенді. Сол-ақ екен бойы мұздап, жүрегі мазасыздана қалды. Қызғаншақтық деген бір асау сезім ғой, өн бойыңды алып тулар болса, оны басу да қиын! Қайназар да оңай баса алмады. Бар қолынан келгені Жұлдыздың өзіне, сұрақтарына «Иә, солай ғой, дұрыс», — деп қысқа жауап беріп, ұзақ уақыт үндемей жүрді. Дегенмен қызғаншақтың алғашқы дүлей толқыны бірте-бірте саябырлай бастады. Енді Қайназарды жанын жеп бара жатқан күмәнді ойлар басты. «Оқуын тастап, әскерден келген бұрынғы сүйген жігітіменен кетті», — деген өсек-қауесет сөз рас болғаны ма?
Еркебұлан сотталғаннан кейін, бұны бір күні Асығат іздеп келген. Жоғарғы сотқа арыз берер алдында, Еркебұланына қанша сенгенімен де, Қайназардың «Мен ештеңе білмеймін» дегеніне нанбаған. Сондықтан оқиғаның анығына тағы да бір көзін жеткізбек болған.
— Қайназар, қалқам, сен Еркебұлан екеуің титтейлеріңнен бірге өстіңдер,- деген, Қайназарды бөлмесінен шығарып алып, жобалау институтының алдындағы аллеяда қатарласа жүріп. — Екеуіңнің ең болмаса бір рет ұрысқандарыңды, төбелескендеріңді көрген емеспін.
Кішкентай кезіңде де сен оған үнемі қорған болып жүретінсің, бұ да есімде. Көрші үйдің бір тентегі менің Еркебұланымды «өгей бала, өгей бала», деп мазақтағанында сен сол тентектің мұрнын қанатқансың.
Қайназар елең ете қалған.
— Өгей бала? Қайдағы өгей бала?
Асығат оған таңдана қараған.
— Сен ұмытып қалдың ба, Еркебұлан біздің тумаған баламыз екенін? Бірақ тумаса да, туғаннан да артық қой бізге. Оны да білесің. Біз Еркебұланды ауылдан Қарлығашымыз жоғалған жылы алып келгенбіз. — Асығат баласының жолдасына сондағы болған оқиғаны теп-тегіс айтып берген. Содан кейін барып ол Қайназарға: — Міне сол Еркебұланмен сен екеуің кішкентайларыңнан бірге өстіңдер. Оның да сені ренжіткен жері жоқ секілді. Білетінім, сен дегенде жанын үзіп беруге бар. Ал сөйткен жолдасыңның жағдайы мынау болды. Сот алдында оған араша түсудің орнына «Ештеңе білмеймін», — дедің. Сотта олай деуге бір себебің болған шығар. Ал маған, жан жолдасыңның әкесіне, шыныңды айтарсың деп сенемін. Мен сенің сөзіңді еш жерде пайдаланбаймын. Бірақ ертең арыз бермекпін, баламды босатыңдар демекпін. Ондай арыз беру үшін менің де ар-ұятым таза болуы керек. Егер баламның жазығы болса, ондай қағазды мен жаза алмаймын. Жазуға хақым да жоқ. Сен көрген болсаң шыныңды айт. Ол маған керек.
— Сонда сіз Еркебұланның сөзіне сенбейсіз бе? — деген Қайназар.
— Неге сенбеймін? Сенемін. Сондықтан да арыз жазбақпын. Ал сенің шындығың маған рухани көмек болар еді. Баламның жазықсыздығына көзімді жеткізе түсер еді.
Қайназар ұзақ уақыт үндемей қалған. Сосын барып:
— Арызыңызды жаза беріңіз. Еркебұлан жазықсыз. Менің білетінім: маған бұзықтар жабылып жатқанда, ол болған жоқ. Менің дауысымды естіп келді. Бұл пәлеге Еркебұлан мені арашалаймын деп ілікті. Оның алдында мен зор борыштымын. Тірі жүрсем ол борышымды ақтармын. — Сосын Қайназар ауыр күрсінген. — Менің білетінімнің бары осы. Одан артық ештеңе білмеймін. Еркебұлан ана жігітті қалай өлтірді, өзім ол арадан қалай кеттім, бірі де есімде жоқ. Сірә, сол сәтте менің миым істей алмай қалды ма, әлде бөтен бірдеме болды ма, өзім де түсінбеймін.
Асығат Қайназарға сенген. «Мүмкін, сондай бірдеме болған шығар бұған. Әйтпесе көргенін айтқанында не тұр», — деп ойлаған.
Ал қазір бар сезімін, жанын, жүрегін қызғаншақтың алапаты билеп кеткен Қайназар Асығаттың сөзінің екінші жартысын емес, бірінші жартысын есіне түсірді. Ол Жұлдыздың кімнен екі қабат екенін білгісі келді. Неге екені белгісіз, қыздың Еркебұланнан емес, басқа біреуден екіқабат болғанын қалады. Сонда өзіне жеңіл тиетіндей көрінді. «Иә, иә, Еркебұлан мен Жұлдыз бір туысқан емес екені анық. Егер бұл екеуінің арасы шын жақын болса, Жұлдыздың Еркебұланды сүйетіні анық десек, онда Жұлдыз неге оқуын күрт тастап, Алматыдан кетті? Енді шындықтың бетін ашып, бұл жұмбақты шешу керек». Осындай ойға келген Қайназарға дәл осы сәтте Жұлдыз тағы бір сұрақ берді:
— Асығат ағай мен Қырмызы апай не істеп жүр? — деді ол. — Әйтеуір, ауру-сырқаудан аман ба олар?
— Аман ғой, — деді Қайназар. — Бірақ тумаса да туғандай болған Еркебұландарының қайғысы...
Өткен жолы Қайназардың «Еркебұлан көп ішіп жүр» дегені есінде қалған Жұлдыз, енді бөтен бір түсініксіз сөзден елең етті.
— Еркебұланды «тумаса да туғандай болған» дегеніңіз не? — деді жалт бұрылып.
— Білмейтін бе едің?
— Нені?
— Еркебұлан олардың туған баласы емес екенін? Ал туған қыздары өзің екеніңді?..
— Түсінсем бұйырмасын, — Бұл сөзді ол өзі туралы емес, Еркебұлан туралы айтты.
Қайназар Асығаттан естіген әңгімесін толық айтып берді. Жұлдыз үн-түнсіз тыңдады. Әңгімесін айтып болып, «неге үндемей қалдың?» дегендей ол Жұлдызға қарады. Қуанғаннан екі көзінен жасы сорғалап күліп келе жатқан қызды көрді.
— Осы айтқаныңның бәрі рас па? — деді қыз кенет даусы сыбырлай шығып.
— Рас. Рас, — деді Қайназар дәл осы минутта қыздың үміттене қойған сұрағына бөтен жауап бере алмай.
— Ой, алла, мұндай да қуанышты хабар болады екен-ау! — деді қыз кенет қуана айқайлап жіберіп. — Қашан қайтасың?
— Ертең.
— Жоқ, бүгін жүрейік! Тіпті қазір жүсейікі Бұл жолы мен сенен қалмаймын! Алматыға бірге кетем. Әкесіне бөбегінің бар екенін айтамын! Қуантамын! Сенің жаныңдай жақсы көретінің біреу емес, енді екеуміз деймін!
Қыз не айтып, не қоярын білетін емес. Тек әр сөз сайын даусы қуанышқа бөленіп, қатты шығып, қастарынан өтіп бара жатқан адамдар қыздың не деп келе жатқанына түсінбесе де, оның шаттанған қуанышты сұлу түріне таңдана, сүйсіне қараумен болды.
Қайназар түнере қалды. Ол енді бәрін түсінді. Қуанышыңды қазір тыяйын дегендей, кенет Қайназар өзін-өзі зорлай езу тартып, Жұлдызға:
— Менімен бірге жүруге асықпа, — деді. — Алдымен арызыңды беріп, жұмысыңнан шық. Есеп-қисабыңды ал. Ал сен асығып барар Еркебұлан жоқ. Ол кісі өлтіріп сотталып кеткен.
— Не дейсің?
Жаңа ғана қуанышқа бөленіп келе жатқан Жұлдыздың үстінен біреу суық су құйып жібергендей тұла бойы түршігіп қоя берді.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Жұлдыздың қайда кеткенін білмеген Еркебұлан абақтыдан босанғаннан кейін есеңгіреп қалған адамдай, мең-зең боп біраз күн жүрді. Демек, Жұлдызбен екеуінің арасында болған байланыс күнәсіз байланыс екенін білгеннен бері, ол өте қуанышты еді. Және сүйген адамына деген үміт «Бүгін болмаса ертең Жұлдызыңмен кездесесің»,- деп, бойын күні бұрын билеп алған-ды. Жұлдызды көретініне, онымен қайта қосылатынына Еркебұлан шек келтірмеген. Сондықтан ол әрбір атар таңын, шығар күнді ынтыға күткен. Осы бір ұйқылы түн өтіп, ертеңгі таң атса, сол таңмен бірге Жұлдызынан хабар алатындай көрінетін де тұратын оған. Әттең, ол дәл осы бір тұста Жұлдызға сүттей таза Әбілқасым деген жігіттің кездесетінін білмеген. Ал Еркебұлан бұны білген болса, үміт те, алдағы күткен қуанышты күн де қараң қалар еді. Әрине, түсінгеніңше қараң қалар еді. Сөйтіп жүрек түбіндегі жарық сәулесі сенбеген Еркебұлан, өзіне-өзі сабырлық айтып, қайтадан жұмысына кірісті. Кіріспеске амалы да жоқ еді, біріншіден, ол шын жақсы көретін сәулет өнерінен көптен бері қол үзіп кетіп, кәдімгідей сағынып қалған. Қайтадан сонау ұйқысыз түндерде сызған сызықтарына өзінің қиял серпіндері шешкен, тек өзі ғана арман еткен сырларын ақыл таразысына салып, шабыттана ой тұңғиығына сүңгіп кету – Еркебұланның дүниедегі ең бір тілейтін, жақсы көретін сағаттары еді. Екіншіден, дәл осы тұста институт басшылары бұның бөліміне тығыз жұмыс тапсырды. Бұларға Алматының жаңа бір құрылыс ауданының мәдени қоғамдық орталығының жобасын жасауды міндеттеді. Еркебұлан бұл іске дереу кірісуді өзінің азаматтық борышы санады.
Бұған тапсырылған жаңа ауданның мәдени-қоғамдық орталығына осы күнге дейін бос жатқан кең алаңда жаңа парк, оның шығыс тұсында мәдениет сарайы, батысында кинотеатр, ал күнгейінде пионерлер үйі, теріскейінде спорт сарайы салынуға тиісті еді. Ең алдымен Еркебұлан өзінің қарамағындағы он шақты жас архитектор, құрылысшы, мүсіншімен парктың қандай болуын белгіледі. Кең аллеялар, гүл алаңдары, бірнеше фонтандар. Әр аллеяның бойында екі жағын бойлай өзіне тән қайың, емен, шырша өскен. Екі аллеяның, мысалы қайың мен қарағай аллеясының ортасына емен, шырша, сирень ағаштары отырғызылған. Бұл парктың өзге парктардан, тіпті басқа қалалардан ерекше айырмасы — мұнда Лениннің жұртқа белгілі Октябрь революциясы кезіндегі көп тараған мүсіні емес, гимназияны бітіріп, революция ісіне алғаш араласа бастаған жас кезіндегі мүсіні қойылмақшы. Қолында кітабы, қалың ойда тұр. Жас қалаға бұл жас бейне де бір түрлі символикалық шешім беретіндей.
Еркебұлан мен жас серіктері жұмыс істейтін үш кең бөлменің үшеуінің ортасында да қара қағазбен көмкерілген үлкен үстелдер тұр. Үстел үстіндегі қара қағаздарға болашақ орталық алаңның бейнесі, жерінің ой-қыры, жолы, парктың аллеялары ақ тушьпен сызылған. Ал болашақ мәдениет, пионерлер сарайларының, кинотеатр, спорт сарайы тұратын тұстарына ақ гипстен олардың кішірейтілген үлгілері - макеттері қойылған. Көгілдір өрнекті парталды, сарғылт күмбезді сарайлар, ақ мәрмәр тастан қаланған, басына қызыл жалау, не бес бұрышты жұлдыз орнатылған сұңғақ мұнаралы зәулім үйлер тұрғызылған осы бір болашақ қаланың мәдени-қоғамдық орталығы — мына бір кішірейтілген макет түрінде де ғажап, ертедегі бір тамаша шаһар тәрізді. Жоқ, бұл жас сәулетшілердің қиялы тудырған жаңа заман ертегісінің болашақ қаласы еді.
Егер осы макеттегі көрсетілгеннің бәрі орындалса, жаңа қала орталығы керемет әдемі болатыны даусыз. Еркебұлан және оның серіктері мәдениет орталығының сұлу-сымбатты болуын ғана ойлап қойған жоқ, бұл құбылыстардың арзан түсуін де, үкімет қаржысының орынсыз жұмсалуын да естерінен шығармады. Сол себептен осы орталық салынатын тұстың жер ерекшелігін де молынан пайдаланды. Осындай ойдан, сол үлкен аланның теріскейдегі спорт сарайының ағашты күнгей тұсында су үстінде тұрғызылған эстрада театры пайда болды. Ал бұл театр мынандай жағдайда туған. Жаңа алаңның теріскей жағында, бір кезде кірпіш күйдіруге топырақ алған кішігірім қарасудың көлеміндей, тереңдігі жиырма метрден астам, үңгір-ойпат бар-ды. Жаңа алаңды тегістеу үшін қайтадан бұл араға елу миллион текше метр тонна топырақ түсіру керек еді. Оған қаншама қаражат, машина, қаншама уақыт кетпек. Жас архитекторлар басқа шешім алды. Осы үңгір-ойпаттың астында он метрдей тереңдікте жатқан жер астының суын артезиан құдығын қазып, бірнеше жіңішке құбырлар арқылы жоғары аттырды. Осылай үңгір-ойпаттың орнына қолдан кішкентай көл жасалды. Көлдің жан-жағынан тас қаланған бірнеше арықтар жүргізіп, парк бау-бақшасы суарылатын етілді. Осы көл арқылы парк ішінде толып жатқан фонтандар тұрғызылды. Еркебұлан осындай өзіне міндеттелген үлкен жұмысқа беріле түсті.
Ал жұмысқа берілген сайын және қадамы сәтті бола бастаған сайын өз жобасын өзі жан-тәнімен жақсы көріп, жөндей түсуден, соны ойлаудан бөтен іске тіпті уақыт та таба алмады!
Творчествоның ұлы шабыты уақытша болса да Еркебұланға махаббат азабын ұмыттырды!
Жұлдыз бен Әбілқасымның танысуы ойламаған жерден, кенеттен басталды.
«Еркебұлан кісі өлтіріп сотталып кетті», — деп айтқан Қайназардың жүріп кеткеніне он бес күндей өткен мезгіл еді. Көшеде келе жатқан Жұлдыз жанында тоқтаған троллейбустан өте бергенде әлдекімнің арт жағынан:
— Қап! — деп өкіне айқайлап қалғанын естіген.
Құлағына жылы тиген қазақ сөзі шыдатпай, Жұлдыз жалт бұрылған. Троллейбус жүріп бара жатыр екен. Қас-қабағы қиылып, өзіне қарап Еркебұлан тұр. Жұлдыз не істерін білмей абыржып қалған. Қайназардың «сотталып кетті» дегені есінде, бір сәт «мені іздеп, абақтыдан қашып шықты ма екен», — деп ойлаған. Сөйтті де:
— Еркебұлан, қайдан келдің? — деген, не айтарын білмей Жұлдыз сасып.
— Мен Еркебұлан емеспін, — деді жігіт.
Соңынан барып бұл Еркебұлан емес, бөтен жігіт екенін Жұлдыз түсінген. Еркебұланға тек қиылған қас-қабағы мен бойы ғана ұқсайды екен. Бірақ сағынып жүрген жүрек тосыннан-тосын кездескенде оны Еркебұланға ұқсатқан.
Сүйген адамдары емес екендерін білгеннен кейін, қыз бен жігіт бір-біріне қарап үндей алмай қалған. Бийскінің педагогикалық институтының үшінші курсының студенті Әбілқасым мен Жұлдыз алғашқы рет осылай кездескен. Содан кейін барып екеуі жөн сұрасқан, туған жерден жырақта ұшырасқан қыз бен жігіт бірден шүйіркелесе кеткен. Екеуінің де баратын жерлері бір жақта болғандықтан қатарласа жүрген. Енді бұдан кейін бір-бірімен жолығып тұруға уәделескен. Ал мұндай жиі кездесудің, жолығудың аяғы кейде үлкен махаббатқа апарып соғатын әдеті де бар ғой, Жұлдыз бен Әбілқасым да бұл дәстүрден алыс кете алмады. Сөйте-сөйте жүріп, бір-біріне сырын ашты. Жұлдыз өз күйігін жасырмаған. Осылай алыс жерде кездескен екі жас енді ағалы-қарындастай болып, достасып кеткен. Ал бұл достық махаббатқа барып жалғаса ма, бұны Әбілқасым әлі білмейтін... Көңілінде бір қуаныш сезім оянғандай еді... Ал Жұлдыз болса, мейлі сотталсын, кісі өлтірсін, Еркебұлан тірі тұрғанда оған деген махаббат отын сөндірем деп ойлаған емес. Ең болмаса Еркебұланмен бір кездеспей, бір сөйлеспей дүниеде басқа бар деген ой көңіліне кіріп те шықпаған.
Міне, осындай шешімдегі Жұлдыз бір қыдырып келе жатқанда ойын айтқан.
— Түсінем арманыңа, — деген Әбілқасым. — Бірақ қазақта «Өлгеннің артынан өлу жоқ» деген сөз бар ғой.
— Жоқ менің Еркебұланым өлген жоқ — деген Жұлдыз, — мен осындағы бір қорғаушыдан барып сұрадым. Егер әдейілеп өлтірмесе, он жылдан артық бермейді екен. Ал маған он жыл деген не? Әрі кеткенде жиырма сегізге келеді екенмін. Тіпті он жыл емес, қартайғанша күтуге бармын, тек аман-есен көрсем екен... Және Еркебұланым қастандықпен біреуді өлтірді дегенге сенбеймін. Ол мүмкін емес. Өзіне қастандық еткен шығар. Не абайсызда өлтірген болар. Әлде, әлде... Менің қайғымнан көбірек ішіп жүр деп еді... Содан өзі емес, ана бейбақты арақ өлтірткен болар... Қайназар бұны маған айтпай кетті. «Сенімен сөйлесу үшін... Ертең телефон соғам», — деп еді. Телефон соқпады. Жүріп кеткен болар. Мен анығын білмей қалдым. Бірақ «Анығын біліп, маған хабарла»,- деп, Алматыдағы жатақханада бірге жатқан бір таныс қызыма хат жаздым. Одан да әлі хабар жоқ.
Әбілқасым Жұлдыздың жігітін қандай жақсы көретінін енді ұққан.
Әбілқасым да біреудің қайғысын өз қайғысындай көретін, адамды аяғыш, ақ көңіл жігіт еді. Ол енді Жұлдызға қандай жәрдем бере аламын деп ойға кетті. Бірақ қанша ойласа да, қолынан ештеңе келмейтінін білді.
— Еркебұланыңды сондай жақсы көретін болсаң, қалай бұл жақта жүрсің? — деді ол қызға бір кездескенінде. — Хат жазып әуре болғанша, Алматыға қайтпайсың ба? Басына іс түскен қапалы жігітке сенің «күтемін» деген сөзің үлкен сүйеніш қой! Тіпті шын қуаныш емес пе? Егер ол жігіт, сені шын жақсы көретін болса, оған он жыл абақты емес, сенен мүлдем айрылу жанына батып жүрген шығар.
Жұлдыз қатты күрсінген.
— Өзім де солай ойлағанмын. Бір сәтте, сол күні-ақ жүрмек болғам... Бірақ... бірақ... мен екі қабатпын ғой. Бұл қалпымда Алматыдағы әке-шешемнің көзіне қалай көрінемін? Қанша барғым келсе де, өзімді-өзім әзер бастым. Және мен барғанмен, қолымнан не келеді? Оған жолығу да оңай түспес. Құр күйініп, ішімдегі бөбегімді шала туғызып аламын ба деп қорықтым. Одан да осы жақта аман-есен туса, баламды уақытша нәрестелер үйіне тастап, сосын барсам ба деймін. Оны қайда жіберсе де соңынан іздеп кетуге бармын. Ал мені жанындай жақсы көретініне еш күмәнім жоқ. — Және оны еш уақытта да тастап кетпейтініме о да сенеді. «Мәңгілікпін», — деп берген сертім бар.
Жігіт енді Жұлдыздың табандылығына риза болды. Қолынан келген жәрдемін беруге аянбайтынын білдірді.
— Бұның да дұрыс екен, — деді Әбілқасым аздан кейін. — Ал менің қолымнан келер жәрдемім болса, өзіңдей көр, жұмсай бер, бәрін де орындаймын.
Жұлдыз көзіне жас алды. Алыс жерде Әбілқасым тәрізді ішінде булығып жатқан сырыңды айтатын, қысылсаң ақыл сұрайтын адамыңның болғаны қандай жақсылық! Қамығып жүрген Жұлдыз өзіне бір тірек тапқандай. Аяғы ауырлай түсіп, іші кәдімгідей біліне бастаған сайын Жұлдыз Әбілқасымды көбірек іздейтін күйге жетті. Жұлдыз Әбілқасыммен бірге консультацияға барып, перзентхананың қайда екенін білді.
Міне осындай, Жұлдыз Әбілқасымды қолтықтан келе жатқанында осы кезде өз шаруасымен Бийскіге келген Қайназар бұларды сыртынан көрді. Жастарына бармады.
Қыз бен жігіттің арасында махаббатқа бергісіз достық болады деген ұғым оның ойына кіріп те шықпаса керек-ті. «Расында да Алматыдан мына жігітке еріп кеткен екен. Еркебұланның да араққа күрт берілуі де осыдан болды». Қайназар бұл сәтте Еркебұланның соншалық бұзылуына өзінің де себепкер екенін ойламады. Және бір ғажабы, бұл жолы Жұлдызды бір кездегідей Еркебұланнан қызғанып жүрегі удай ашыған жоқ. Тіпті бір мезет қыздың жолдасына емес, бейтаныс жігітке бұйырғанынан жаны жай тапқандай. Тек Еркебұлан мен өзін мазақтап іштей кекете күлгендей болды. «Айдаладағы қызылға екі төбет таласып...» Сосын ол тағы күлді. «Жарайсың, Жұлдыз, менікін қойшы, жолдасым тойға барады екен деп құр желігу болып шықты. Ал Еркебұлан естігенде, бұған не айтар екен? Оны да көрерміз...»
Абақтыдан босанып, жұмысына жан-тәнімен кірісіп кеткен Еркебұланға бұл хабарды тез жеткізгісі келгендей, ол күрт бұрылып, мейманханасына қарай асыға жөнелген.
Ал өмір шіркін өтіп жатты. Дәл осы кезде Жұлдыз Алматыдан, дос қызынан, Еркебұланның біреудің өлуіне себепкер болып алған екі жылы шартты түрде болып, қазір оның бұрынғы жерінде істеп жүргенін айтып жазған хатын алды. Жұлдыз төбесі көкке жетердей боп қуанды. Ол дәл осы сағатта Әбілқасымға телефон соқты. Бір жағынан оған өзінің қуанышын айтпақ болды. Екінші жағынан ақыл сұрауды да дұрыс санады.
Әбілқасым Жұлдыздың телефон соққанына қуанып қалды. Не болса да бүгін Жұлдыздың өзіне деген көңілін білмек болған. Сол себептен де ол Жұлдыз екеуі әрі-бері жүргеннен кейін:
— Бүгін мені бір қыз киноға шақырып еді, — деді сөз арасында бір ыңғайлы кезін тауып.
Жұлдыз жұлып алғандай:
— Ол кім? — деді жігітке жалт бұрылып.
Әбілқасымның көңілі жылып кетті. «Бәсе, солай болуы керек еді ғой. Жұлдызға мен жай жолдас қана емес екенмін», — әлденеге сеніп қалған Әбілқасым енді батылдау сөйледі.
— Білмейсің бе, ол қыздың кім екенін? — деді қуана күліп. — Әлде мені киноға шақырғың келмей ме?
Жұлдыз күрсіне сөйледі.
— Неге шақырғым келмесін... Сені шақырмағанда киноға кімді шақырамын? Бірақ жас жігітке кино аз ғой. Жаңа өзің айтқанда, сен рас бір қызды тауып алған екен деп шын қуанып қалып едім.
Жаңа ғана Әбілқасымның жылып кеткен жүрегі енді кенет суыды.
— Мен де қуанып қалып едім, — деді о да енді күрсініп.
— Сен ренжіме, — деді Жұлдыз. — Біз жақсы жолдас болдық, сол жолдас қалпымызда қалайық. Бұл да қолға оңай түспейтін қасиет қой. Ал мені шын дос, жолдас санайтын болсаң, сен де мендей қуанатын бір хабар айтайын.
— Айт! Айт! — деді әлі өзіне келмеген Әбілқасым.
— Айтсам... Бүгін менің өлгенім қайтадан тіріліп, өшкенім қайтадан жанған күн. — Бұдан кейін Жұлдыз оған, толқып кеткен жүрегін әзер басып, бүгінгі хаттың мазмұнын айтып берді.
— Шын жақсы хабар екен! — деді ақ көңіл Әбілқасым. — Құттықтаймын!
Бірақ ол: «Хат жазасын ба, жазбайсың ба өзің біл», — деді. Және осы күннен бастап бұрынғыдай емес, Жұлдызбен сирек кездесуге тырысты. Сірә, бұрынғыдай кездесе берсе, сөндірмек болған махаббатын қайтадан өршітіп алам ба деп қорыққан болуы керек, Жұлдыз да оны бұрынғыдай мазалай берген жоқ. Тек, толғағының басталарын сезген күні ғана оған телефон соқты. Әбілқасым такси алып, дереу жетті. Босанатын үйге өзі апарып салды. Және Жұлдыз толғатып жатқанда, кезекшіден әр үш сағатта телефон соғып, оның халін сұрап тұрды. Ертеңіне, Жұлдыздың аман-есен босанып ұл тапқанын естігенде, мазасызданып тағаты таусылған ол перзентханаға қарай құстай ұшты.
Әрине, Қайназар Еркебұланға екіқабат Жұлдызды Бийскіде бір жас жігітпен көргенін айтқан. Айтпай қалатын Қайназар ма еді және айтқанда қандай, Еркебұланның бір қиын жағдайында естірткен. Қайназар баяғы дәрежелі нағашысы арқылы жақында осы институттың директорының бірінші орынбасары болып көтерілген.
Бұл жоғарылауды құттықтай келгендер де болды, іштей ұнатпағандар да табылды, тікелей өз пікірін ашық айтқандар да кездесті. Әсіресе, мұндайда, бетің бар демей тікелей қойып қалатын Жақан:
— Ал жаңа орның құтты болсын, бастық — деді Қайназардың дағарадай кабинетіне кіргеннен кейін, қарсы алдында тұрған жұмсақ креслоға отырмай, сол түрегеліп тұрған қалпында, — Енді бұл орынды сен өзің алдың дейміз бе, әлде нағашың әперді дейміз бе?
— Қайтесің сондай ілмешекті? — деді ренжіп қалған Қайназар қабағын шытып. — Осы қыршаңқы тіліңнен ғой тауып жүргенің, әйтпесе қатардағы инженерден көтерілетін уақытың баяғыда болды емес пе...
— Маған осы орын да жетеді. Мен өз өремді білем. — Жақан өзінің шарт етпе мінезіне басты. — Ал сен...
Қайназар оның сөзін бөліп жіберді.
— Иә, мен! Мен! Мен, екенімді өзім де білемін. Оны қайт дейсің? Немене, ұрысқалы келдің бе?
— Иә, ұрысқалы келдім.
— Неге?
— Әркім өзінің ұжданына қарай қызмет орнына отыру керек. Бұл сенікі емес.
— Сонда кімдікі?
— Білмейсің бе кімдікі екенін? Бұл орын Еркебұланға лайық.
— Сөзіне қарағанда, сен маған арыз беріп кет дейсің ғой? Бірақ бұл орынға Еркебұланды емес, партия, үкімет мені қойды.
— Жоқ, сені партия да, үкімет те қойған жоқ нағашың қойды. Бұлай көтеріліп жатқан жалғыз сен емес, ағасы інісін, інісі ағасын көтеру қазір әдетке айналып барады. Біз ондай қол жалғаушылықпен күресуіміз керек.
— Сонда сол күресті менен бастамақсың ба? Мен бұл орынға лайық емес дегенді немен дәлелдейсің? Еркебұлан алған дипломды мен де алдым.
— Бірақ сен ондай қызыл мұқабалы диплом алған жоқсың ғой. Егер ұжданына қарай дұрыс орынға қоймаса, онда оған қызыл мұқабалы дипломды неге берді? Қысқасы бұл орын сенікі емес. Солай деп жоғарғы директивтік орындарға жазам. Менің сөзіме сенбесе, екеуіңді салыстырып көрсін. Керек десе емтихан алсын. Одан да өз еркіңмен орныңды Еркебұланға бер.
Жақанның арыз да жазатынын, жиналыста да сөйлейтінін білетін, оның мінезіне қанық Қайназар не дерін білмей сасып қалды. Сөйтсе де:
— Еркебұлан! Еркебұлан! Соншама оған неге жаның аши қалды? — деді бөтен сөз таба алмай.
— Еркебұланға жаным ашығаннан айтып тұрған жоқпын! Ол маған брат та, сват та емес. Одан үйренуге болады. Сен Еркебұланның жаңа ауданның мәдени-қоғамдық орталығын қалай жоспарлағанын көр! Ал сенен не үйренуге болады? Өзімдей ғана мамансың! Тек менен гөрі өсуге келгенде қулығың, сұмдығың артық! Және сенің қолтығыңнан көтерер адамдарың бар! Жұрттан бар артықшылығың осы! Ал ондай артықшылық менің рухани уставыма қарсы дүние! Сондықтан өзімнің арым, ұятым таза болсын деп замандас екенімді есіме алып, өзіңе айтып тұрмын. Егер менің ақылымды алмасаң, өзіңнен көр!
Жақан одан артық сөзге келген жоқ шығып кетті. Сырт қарағанда бастығына мынандай сөз айтып тұрған кісіні ақылды адам деуге болмайтын еді. Өзгесін қойғанда, өз басының қамын ойламағаны тіпті орынсыз тәрізді болатын. Аты-жөні жоқ бастыққа «Орныңды босат» деуі өзінің орнынан тез босанып қалудың тікелей себебі ғой. Ал шынына келсек, Жақанның былай тіке сөйлеуі ешбір ақымақтыққа да, сотқарлыққа да жатпайтын. Әркім-ақ осындай шыншыл, қаймықпай айтатын болсыншы!
Жақаннан әлгідей сөкет сөз естіген ызалы Қайназар не істерін, не айтарын білмей ұзақ отырып қалды. Бір сәт оны сылтау тауып қызметтен шығармақ та болды. Бірақ қалай шығарасың? Өзіне міндеттелген жұмысты жақсы орындайды, әкесі кеше Отан соғысында ерлік көрсетіп майданда қайтыс болған әйгілі адам. Ол кісі туралы осы шаққа дейін Жеңіс күндерінде газеттер жазып жатады. Ал өз басына келсең, әлгіндей өзіне ұнамаған жайды тікелей бетіне айтатын қылықтары демесең өте таза, әділетті маман. Сылтау етер арақ та ішпейді, жұмысына да ұқыпты. Бір тамашасы - отырған осы орнын өзіне дәл көреді. Қызмет бабында ептілік істеп, өсуді ойламайды. Жоқ Жақанға тиісуге болмайды деп шешкен Қайназар. Ол тағы ойға қалған. Жаңағы сотқар «орныңды Еркебұланға бер» деді ғой, қайда барсам алдымнан ылғи осы Еркебұлан шығады!
Әрине, Жақанның әділетті екенін Қайназар түсінбейді емес, түсінеді, Еркебұланның ұждан жағынан да, адамгершілік жағынан да, тіпті қабілет жағынан да өзінен жоғары тұратынын да біледі. Неғұрлым бұны білген сайын, солғұрлым Еркебұланға деген бала жастан келе жатқан жат сезім оны билей түсті. «Орныңды Еркебұланға бер, ол сенен артық»,- дейді Жақан. Менен артық екен деп қай адам өз орнын бөтенге бергені бар? Сөз болғанына болайын! «Бұған менің көзімді жеткізу үшін оның жаңа ауданға деген мәдени-қоғамдық орталығының жобасын көр», — дейді Жақан. Иә, ол жобаны Еркебұлан жоқта әлдеқалай көргені бар. Қарсы ештеңе айта алмайсың! Ескі шығыс архитектурасын бүгінгі күннің тілегіне сәйкестендірген. Маған да ұнаған. Кенет Қайназар орнынан тұрып кетті. «Расыменен сол ескі медресе, керуен-сарайлар үлгісі жаңа заман тілегіне дәл келе ме? Келуі мүмкін бе? Ал келмейді десек, қалай келеді деп дәлелдей алады?»
Ұждансыз адамның бір қасиеті бар, ол — өзгенің қатесін көргіш келеді. Ал ондай адамның ар жағында қастандық жатса, түйедей етіп көрсете алады. Қайназар да Еркебұланды қай жағынан мұқату керек екенін өзінше дәл тапты. Қайткенмен де оны мұқату керек, әйтпесе Қайназарға қиын тиеді. Жақан, әрине, «бұл орын сенікі емес, Еркебұландікі» деп білмегеннен айтып тұрған жоқ. Шынында солай. Егер Еркебұлан мұқатылса, өзгелердің бұның көзіне сүйел етер ешкімі жоқ. Бірақ қалай мұқатады? Біздің социалистік жаңа қалаға ескінің әлдеқашан шіріп қалған үлгісін, сол үлгімен бірге оның біздің заманымызға қарсы феодалдық хандық идеясын әкелгелі тұрсын деп ана жаңа аудан мәдени-қоғамдық орталығына арналған жобасына тікелей өзіме қарсы шығуға болмайды. Қарсы шықсам жұрт. Еркебұлан сенің жолдасың емес пе еді, осы уақытқа дейін қайда қалдың. Іштей оған деген жұдырығын түюлі екен ғой, бүгінгі күнге дейін үндемесең, қызмет бабыңның өсуін күтіп жүр екенсің десе олар, шындықтан алыс кетпейтіндері хақ. Оның үстіне мұндай айыптау менің аузымнан шықса, маған сауатсыз екенсің деулері де дұрыс. Құрылыстың социалистік маңызын сыртқы түрі емес, ішкі мазмұны көрсететінін сәулетшілердің қайсы білмейді? Монархқа қарсы көтерілген француздар, сырты сондай көрікті болған Бастилия абақтысының бірде-бір қышын, тасын қалдырмай өз қолдарымен быт-шытын шығарған. Ал сол Бастилияның үлгісімен салынған Луврдың жанындағы басқа сарайға олар тимеген. Жанындағы жандармдар басқармасы тұрған сарайды қиратқанмен, ана сарайды аман сақтап қалған. «Бұның ешкімге зияны жоқ, өзі әдемі екен!» - дескен. Сыртқы пішіні мен ішкі мазмұны деген міне осы. Бірақ бұдан қазіргі социалистік қаланың үйлерін, сарайларын шіркеуге, мешітке, медреселерге ұқсатып салуға болмайды ғой. Бұл діннің, феодалдық идеологияларынан туған ойлар, сырт формасымен де олар бізге жат идеологияның перзенттері. Еркебұланның болашақ сарайларына осы айыпты тағуға болады. Бірақ бұны мен емес, директордың өзі тағуы керек. Ал ол мұндай айыпқа бара ала ма? Бара алады. Сөзсіз бара алады. Жасы болса келген. Мені өзіне орынбасар өткеннен бері, өзін пенсияға шығарып, орнын маған алып бере ме деп зәре-құты жоқ. Расында да институт директоры бір кезде министрліктен төмендеп, осы орынға келген кісі еді. Егер оған «Еркебұланның жобасында ескінің үлгісін кіргізуімен сол ескінің идеологиясын дәріптеу бар»,- десең болғаны. Әрине қарсы шығады. Ал директордың қарсы шығуы -жобаны қабылдамау деген сөз. Бұдан артық Еркебұланның абыройын төмен түсіру бар ма? Әрине, таза сезімді, мұқалғыш Еркебұланға осының өзі жетіп жатыр.
Қайназар өз ойына өзі күлді. Кенет әкесінің баяғыда айтқан бір өсиеті есіне түсті. Онда бұл институтта оқып жүрген кезі. Әкесі екеуі әңгімелесіп отырған. Әкесінің бұл өсиеті неден туғаны қазір есінде жоқ, бірақ оның сондағы айтқаны сөзі осы күнге дейін ұмытылмаған.
— Егер біреуге қастық ойлайтын болсаң не оған жағынғың келсе, ең алдымен сол кісінің осал жерін таба біл, — деген әкесі.
— Адамның осал жерін білу оңай ма, мен мұндаймын деп маңдайына жазулы тұрмайды ғой? — деген баласы.
— Қандай адамды алсаң да, іші менен сырты бірдей емес. Егер кісі сырттай ақ жарқын, өз пайдасын өзі білмейтін ақ көңіл көрінсе, ондай адамның ең алдыменен өз пайдасын ойлағыш кісі екеніне шек келтірме. Сондай-ақ ісіне тым берілген адамның ішінде өсу арманы жатыр дей бер. . Адамның сыртындағы адалдығына қарама, ішіндегі арамдығын ұға біл. Қандай кісі болмасын, сыртқы пішінімен, іс-әрекетімен берік көрінгенмен, оның ішінде жатқан осалдығын тануға болады. Өйткені бір адам әрқашанда екі адамнан тұрады. Жалпы, өзіңнен бөтен ешкімге сенбе, адам баласы өте алдамшы, екі жүзді,- деген әкесі.
Әкесінің бар айтқаны өзі туралы екенін Қайназар соңынан барып білген. Бірақ сол кезде оның: «Ешкімге сенбе, адамның сырты мен іші екі түрлі»,- деген сөзін есіне, мойнына таққан тұмардай сақтап қалған. Өзі де сол әкенің айтқанына еліктеп, әрқашан да іштегі ойын сыртына шығармай келген.
Сол себептен директордың осал жерін пайдаланбақ болған. Күлгені де, сондағы әке ақылының қазіргі директорына қалай дәл келгеніне таң қалғаннан туған әжуа еді.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
Бүгін, сырттан бірнеше белгілі мамандар шақырылған, институттың техникалық кеңесі болған. Жұрт бөлім бастығының түсінігін тыңдап, сызық-макетімен танысып болғаннан кейін, бірден пікір алысуға кіріскен. Әрине, түсінік беру қарсаңында Еркебұлан өзінің жаңа социалистік қалаға шығыстың көне архитектураларының үлгісін неге қолданғанын, бұл үлгілердің құрылыс объектілерінің әр шаршы метр аланын пайдалануда кейбір жаңа үлгілерден анағұрлым тиімді екенін тәптіштеп айтып берген. Сонымен қатар көне үлгілерді сол ескі күйінде кіргізбей, социалистік қалаға қойылатын жана тілектерді еске ала отырып, жаңа құрылыстардың бүгінгі күнгі белгісі болып танылатын лоджия, тұтас балкон, үлкен терезе, кен есік тәрізді жеке бөлшектердің құрылыс ансамблінің жаңа өрнегі ретінде алынғанына да біраз тоқтаған.
— Лоджия, терезе, есік өз алдына жеке объектілер емес, бұлар солай болуға тиісті бөлшектер ғой, — деген жұрттың көңілін құрылыстардың сырт бейнесіне аударғысы келіп директор, Еркебұлан әлгі сөзді айтып тұрған кезінде. — Ал жалпы көне архитектураны бүгінгі күннің тілегіне, көзқарасына жақындату үшін оларға қандай өзгерістер кіргізілді, сол арасын ашығырақ айтып берсеңіз.
— Не енгізілгенін ана макет-сызықтардан жаңа өздеріңіз көрген жоқсыздар ма? — деді Еркебұлан сәл қабағын шытып.
— Сонда да?
— Сонда да дейсіз бе? Жарайды, «сондай-ақ» болсын. Мысалы, мәдениет сарайын алайық. Бұл объектінің порталының сырт бейнесі Ұлықбек медресесінің салауатты биік порталына ұқсағанмен, оңтүстік ыстығы еске алынып, және сондай-ақ сарайдың жоғарғы фойесінің күндіз де жарық болуын тілеп, міне оның порталының орта белі тұсынан кең, ұзын лоджия сипаттас биік балкон ойылған. Қазақ өрнегімен әшекейленген бұл ұзын лоджия-балкон бер жағынан тыныстама кезінде ауа жұтуға көрермендер шығып тұру үшін, өрнекті темір тор істелген. Бұл темір тор шарбақ портал өрнегі тәрізді болып жасалғандықтан, мәдениет сарайына ерекше көрік беретінін өздеріңіз де көріп тұрсыздар. Ал сол лоджия-балконның астында, Ұлықбек медресесінің далиғап дарбазасының орнына, үш кең есік істелген. Ортадағысы сәл үлкендеу, бұл жұрт кіретін негізгі есік, ал екі жағындағы екі есік кішірек. Бұлар кісі көп болған күні ашылатын қосымша есіктер. Ал бұлардың өрнектері лоджия-балкон мен порталдың жоғарғы жақтарын әшекейлеп тұрған, лоджия-балконның төбесінен төмен қарай салбыратылып істелген, қысқа шымылдық пен порталдың жоғары жағынан көкке қарай көтерілген тістердің формаларына ұқсас. Сонда, есіктің сыртындағы, үстіндегі лоджия-балконның жоғары жағынан төмен салбыраған бейнелі қысқа шымылдық пен порталдың жоғарғы жағындағы өрнектер - бәрі, бәрі бір әшекей, бір ансамбль болып келіп, порталға бүгінгі күннің тілегіне сәйкес көрік береді емес пе? Сондай-ақ бұл мәдениет сарайының үстіндегі күмбезде, шығыс сарайларының, не болмаса Axмет Яссауи мешітінің күмбездеріндей құр күмбез емес, сарайдың жалпы көріктілік жағын ойлаумен қатар, оның астындағы ең үлкен залдың дыбыс жетістігі де еске алынған.
— Бұның бәрін жаңа ана макетте түсіндірдің ғой, — деді Еркебұланның сөзін бөліп Жақан. — Түсінбеген адам соңынан сұрап түсіне жатар... Сен одан да бізге мынау портал, анау күмбез, сосын біз көріп тұрған мына үш қабырғамен қоршалған кілемнің қанша проценті пайдаға асады, соны айт!
— Егер сарайдың қабырғаларын санамасаң, — деді Еркебұлан жауап беріп, — пайдаланылмай бос қалған бірде-бір текше метр көлем қалған жоқ.
— Міне, бұл миға қонатын іс! — деді Жақан.
Содан кейін талқылау басталды.
— Жолдастар, — деді қортынды алдында жұрттың аузына сөз салғалы директор. — Дегенмен, болашақ социалистік қаланың сырт бейнесіне де көңіл бөлген жөн болар. Әр заманның өзінің құрылыс ісінде, өзінің идеалы болған. Бұл идея, әрине, негізінде өткен замандарда үстем таптың идеологиясынан туған. Біз өзіміздің жаңа қаламызға орта ғасырлардың үлгісін пайдаланғанда, сол үлгілерді тудырған идеологияның шеңберіне түсіп кетпейміз бе? Сөйлейтін жолдастар осы жағына да көңіл белес екен.
Ең бірінші боп Қазақстанның қарт архитекторларының бірі, бұрын осы жобалау институтының директоры болған шадыр мінезділеу, аласа бойлы кісі сөйледі.
— Ең алдымен мен мына директор жолдастың қойған мәселесіне жауап беріп кеткім келіп тұр. Директор жолдас архитектураны тудырған заманның идеологиясына бас ұрған боп шықпаймыз ба деп отыр. Менімше бұлай күмәндану — саяси сауатсыздық — деді ол шамырқанып. — Сөзім түсінікті болу үшін мен бір оқиғаға тоқтап кеткім келеді. Осында отырған жолдастардың бәрі де біледі, мен сонау Көктөбедегі «Қазақ ауылы» мен «Неке сарайының» жобаларын жасаған сәулетшілердің бірімін. «Қазақ ауылы» деп аталатын, сонау Көктөбенің басында тұрған ресторан темір мен бетоннан тұрғызылған қазақтың атам заманғы киіз үйлерінің көшірмесі. Ал «Неке сарайы» - қазақтың сақинасының бейнесі...
Киіз үй мен сақинаның формасын біздің пайдалануымыз заңды ма? Әлде бұнымыз өткен заманның, яғни феодалдық заманның идеологиясына еліктеу ме? Әрине, еліктеу емес. Менің айтайын дегенім осы еді,- деді қарт архитектор, сөйдеді де, қатар отырған директор мен Қайназарға қарады. — Көрдіңдер ме, ескі мұраның үлгісін бүгінгі күннің құрылысына пайдалануда ешбір идеологиялық қатенің жоқтығын?Ал сақина үлгісіне келсек...
Оның сөзін кенет Қайназар бөліп жіберді.
— Киіз үй, сақина көне заманнан келе жатқанымен, олар халықтың осы күнге дейін пайдалануында жүрген дүниелері ғой. Олар — халықтың өлмес мұрасы. Ондай өлмес қазына үлгісін пайдалану сөкет іс емес. Тіпті пайдалануға міндеттіміз де, — деді ол сабырлы үнменен. — « Ал Ғаббас Тілекович сөз етіп отырған мұралар, олар феодалдық дәуірдің идеологиясы тудырған мұралар. Әр идеология өзінің таптық идеологиясының шоқпары. Сондықтан жаңа заман, социалистік заман қалаларын бай, патша сарайларының, мазарларының медресе, керуен сарайларының үлгісімен емес, социалистік идеологияға тән өзінің формасын табайық деген директор жолдастың сөзінде ешбір саяси сөкеттік жоқ. Керісінше, Раббас Тілекович өзінің саяси қырағылығын көрсетіп, бізді ескертіп отыр. Жобаны тағы бір рет жан-жақты қарап шығуға уақыт бар. Бұны да еске алған жөн, — деді де, Қайназар қарт архитекторға қарады. — Сөзіңізді бөліп жібергеніме кешірім сұраймын,-деді кішіпейілдік көрсетіп, — жалғай беріңіз.
— Әрине, жаңа қалаға, социалистік қалаға, адам сүйсінер жаңа форма, социалистік форма табылса, оған кім қарсы болар еді, — деді қарт сәулетші бұл жолы шарт етпе мінезінен тез қайтып. — Бірақ ондай форма табылмай тұр ғой. «Құс жеткен жеріне қонады» деген. Еркебұлан, сөз жоқ, дарынды архитектор, оның мына жобасы жақсы! Мұнда ешбір идеологиялық қате жоқ. Дарынды архитектордың бұдан басқа ұсынары болмаса, осы қалпында қабылдау жөн.
— Бұл мәселе дарынды архитекторымыздың бұдан басқа ұсынар жобасы болмай тұрғанында ғой,- деді Қайназар сылбыр, биязы сөйлеп. Бірақ оның даусынан жұртқа «дарынды деген архитекторларыңның бұдан бөтен берері жоқ болса қайтесіңдер» дегендей өкініш естілді.
Бұдан кейін де біраз адамдар сөйледі.
Олар жаңа ауданның мәдени-қоғамдық орталығының бұл жобасын дұрыс, тиімді деп тапты. Бірақ «Қарға қырық қарқылдағанмен жаз шықпайды, қаздың бір қаңқылдағаны жетеді» дегендей, орта дәрежедегі көпшілік пен Жақан тәрізді маман инженерлер қанша қолдағанмен, институт басшыларының - директор мен оның бірінші орынбасары Қайназардың үзілді-кесілді талабының арқасында «Жаңа ауданның мәдени-қоғамдық орталығының жалпы жоспарлануы орынды, тек сол аландағы жеке объектілердің әсіресе мәдениет және Пионерлер сарайларының сыртқы келбеті, феодалдық идеологиясы нәр берген орта ғасырдың архитектурасына еліктеуден туған. Сондықтан жоба авторлары бұл объектілерге жаңа социалистік қаланың маңызын, көркемдігін терең ашатын халқымыздың бүгінгі тілегіне сай, сәйкес келетін, жаңа формасын тапсын», — деген қорытынды шығарды.
Мұндай шешім алу — жобаның саяси беті дұрыс емес, алаңдағы құрылыс объектілерін қайтадан жасау керек деген сөз еді.
Әрине, мұндай шешім жамандықтан тез мұқалатын, жақсылықтан тез тұтанатын ұшқыр мінезді Еркебұланға ауыр тиді. Оған, әсіресе өзінің бала жастан бірге өскен, архитектураны түсінеді деген жан жолдасы Қайназардың бұның ойын теріске жорып, бүгін-ертең пенсияға жіберіп қоя ма деп көлеңкесінен қорқып отырған директорға еріп, әділетсіздікке жол бергені қатты батты.
Бұл әділетсіздіктің түп тамыры сол жолдасында жатқан жоқ па екен деген ой да жоқ еді. Жолдасының адал екеніне күмәнданбады. Оның бүгінгі қылығын тек түсінбегендіктен, қателескендіктен деп ұғынды. Сондықтан Еркебұлан Қайназармен бетпе-бет сөйлеспекші болды.
Мәжілістен кейін кабинетінде жалғыз отырған Қайназар, түсі қуқылданып Еркебұлан кіріп келгенде, оның қандай жағдайда екенін бірден түсінді. Еркебұланның сұрақтарына енді өзінің жауап беруге тиісті екенін де ұқты. Ал Қайназар жауап бергісі келмеді. Қазіргі болғалы тұрған талас әңгіменің бетін басқа жаққа бұруды дұрыс көрді. Сондықтан кабинетіне кіріп келген Еркебұланға столының алдында тұрған жұмсақ креслоны «отыр» дегендей қолымен нұсқады да, әй жоқ, шәй жоқ, бірден балтамен ағашты шапқандай:
— Еркуша, мен саған айтамын деп ұмытып кетіппін, — деді, — Бийскіге соңғы командировкаға барғанда Жұлдызды көрдім. Қарны шермиген, ал қасында, сірә байы болуы керек, бір жігіт бар...
Еркебұлан басына таяқпен періп қалғандай етіп айтқан жолдасынын сөзін саралай алмай қалды. Түсініп еді, жүрегі жарылардай болып дүрсілдей жөнелді.
Еркебұлан үн-түнсіз шығып кетті. Өзінін Қайназардың кабинетіне неге келгенін де есінен шығарып алған тәрізді. Ол әдеттегісіндей, жұмысы біткеннен кейін бірден үйіне қайтпай, баяғы ақылынан адаса жаздаған кезіндегісіндей, бұл түні де көшені кезіп ұзақ жүрді.
Бұл кезде Қырмызы өз бөлмесіне кіріп кеткен. Ұйықтап жатыр ма әлде ояу ма — белгісіз. Әйтеуір, бөлмесі қараңғы. Ал Асығат коридордан естілген әр тықырға елеңдеп жұмыс кабинетінде отырған. Еркебұланның келетін уақыты әлдеқашан өткен. Баласының мұндай кешігуінен запы болған әке, баласынын үйге қайтатын уақыты асып бара жатқаннан-ақ әбігерлене қалған. Бір жақсысы Еркебұланның бүгін жобасын қорғайтын күні екенін білетін. Оған өзі де бармақшы еді, Жазушылар одағына шетелден бір қадірлі қонақтар келіп, содан шыға алмай қалған. Алғашқы кезде, мәжілістері ұзаққа созылған шығар, әйтеуір, жобалары өтіп, соның қуанышын жуғалы мүмкін кафе, ресторанның біреуіне кеткен болар деп дәмеленіп ұзақ отырды. Еркебұланы келе қоймады. Институттың кезекші күзетшісіне телефон соғып еді, «Кеңес әлдеқашан біткен, мұнда ешкім жоқ», — деп жауап берді. Енді амал жоқ, Қайназарға телефон соғуға тура келген. Еркебұланы сотталған кездегі кездескенінде одан көңілі қайтып қалды ма, көптен бері онымен сөйлеспейтін. Қайназар ұйықтап қалмады ма екен деп, ол телефон соғарын да, соқпасын да білмей сәл кідірді. Амал жоқ, соғуға тура келді. Еркебұлан қайда екенін бір адам білсе, осы Қайназар біледі деп ойлады ол. «Күндіз кеңесте бірге болды ғой». Телефонның тұтқасын Қайназардың өзі алды. Әлі жата қоймаған екен.
— Иә, тыңдап тұрған Қайназар, — деді ол.
— Сөйлеп тұрған Асығатпын, — деді ақын. — Еркебұлан жұмысынан әлі келген жоқ. Бүгін институт кеңесі болады деп еді, болып па еді?
— Болған.
— Қай сағатта бітті?
— Жеті кезінде.
— Содан бері жоқ. Оның қайда екенін білмейсің бе?
— Білмеймін, — деді Қайназар. Даусы бұрынғыдай емес, тегеурінділеу шықты. Бұрын Қайназар Асығатпен сөйлескенде атақты ақынның даңқын құрметтейтін бе еді, әлде жолдасының әкесі деп ойлайтын ба еді, біркелкі сыпайы, кішіпейілдік көрсетіп сөйлесетін. Ал бұл жолы терезесі тең кісідей, үні жайбарақат, мығымдау шықты.
— Кеңестен кейін маған кіріп шыққан, — деді Қайназар сәл үндемей қалып сөзін жалғап, — содан кейін керген жоқпын.
— Әйтеуір, кеңестерің дұрыс етіп пе еді?
Қайназар сәл кідіріп қалды.
— Дұрыс етті ғой, — деді ол аздан кейін міңгірлей. Асығат оның есінеп тұрып сөйлегенін аңғарып қалды. — Жалпы жұмысын дұрыс деп таптық, тек салынуға тиісті құрылыс объектілерінің идеологиялық тұрғысынан қателік, келісімсіздігін айттық. Соны жөндеулерін талап еттік.
— «Идеологиялық тұрғысынан қателік» дейсің бе? Ол құрылыстағы қандай идеология? Қандай қателік? — Асығат Қайназардың телефон трубкасынан тағы есінегенін естіді. Кенет ашу қысып кетті. Бұл Қайназардың өскенін білмейтін. Өзіменен оның былай есінеп тұрып сөйлескеніне шамданып қалды. «Ең болмаса телефон тұтқасын қолымен жауып тұрып есінемей ме» деп ойлады. — Жарайды, ұйқың келіп тұр екен, ұйықтай ғой, — деді ол ренжіп қалғанын әзер басып. Сөйдеді де телефон тұтқасын іле салды.
Осылай не істерін білмей әбден бітіп отырғанда, таң сыз бере үйге Еркебұланы келді. Мас емес. Тек көп жүріп шаршағаны көрініп тұр.
Баласының аман келгеніне Асығат қуанып қалды.
— Қалқам, осы уақытқа дейін қайда жүрдің? — деді Асығат оның жүдеу түріне аяй қарап.
— Көшеде, көке...
— Неге осыншама ұзақ жүрдің?
Еркебұлан. сәл күмілжіп қалды. Ол әкесіне кішкентайынан сырын жасырмай айтып үйренген. Жігіт болса да, сол әдеті жеңді.
— Жұлдыз ерге шығыпты, көке.. — деді Еркебұлан қиналып.
— Оны кім айтты?
— Қайназар.
— Ол қайдан біледі?
— Жақында Бийскіге барып қайтқан. Өз көзімен көріпті, қасында күйеуі бар дейді, өзі екі қабат екен.
— Қасында күйеуі бар дейді? Сөйлесіп пе, қасындағысы Жұлдыздың күйеуі екенін қайдан біліпті?
— Жұлдыз екі қабат болған соң және қасындағы жас жігітті қолтықтап келе жатқан соң солай ойлаған тәрізді.
— Ә... солай де! — Асығат әнеугі сотта берген жауабынан кейін Қайназарды «осы өзі қандай жігіт» деп одан көңіліне секем алған. Оның сондағы «білмеймін» деген сөзіне сенбеген Асығат. Жұлдыздың өзімен сөйлесіп, анығына жетпей, оның қасындағы жігітті күйеуі екен деп жорамалдағанына тағы да нанғысы келмеді. Сол себептен де ол:
— Ол өзі Жұлдызбен неге сөйлеспепті?- деп сұрады.
— Онысын білмедім.
Асығат кенет ойлана қалды. Оның көңілінен Қайназардың «Жұлдыз екі қабат екен» деген сөзі кетпеді.
— Жұлдыз расымен екі қабат па екен?- деді ол.
— Иә, солай дейді Қайназар. Өз көзімен көріпті.
— Онда рас болғаны ғой. — Бұл сөзді ол қинала айтты. Асығат тағы үн-түнсіз ойланып тұрып қалды. Сосын барып, — қалқам, ұлы сөзде ұят жоқ бірдеме сұрасам, шыныңды айтасың ба? — деді қысыла.
— Айтамын, сұраңыз.
Асығат сұрарын, сұрамасын білмей тағы дағдарып қалды. Дегенмен аздан кейін өзін-өзі зорлай;
— Қалқам, Жұлдыз екеуіңнің қатынастарың болып па еді? — деді.
Еркебұлан қызарып кетті.
— Болған, — деді даусы әзер-әзер шығып.
— Онда сен ертең Бийскіге жүруің керек.
— Жүре алмаймын.
— Неге?
— Мен бүгін-ертең жобамыздың тағдырын шешуім керек. Шешпесем жолдастарым алдында ұят.
Ол институтта болған оқиғаны әкесіне бастан-аяқ айтып берді де:
— Олардың біздің жобамызға таққан қарғыбауын үзбей, мен еш жаққа кетуге тиісті емеспін!
— Қалай үзбексің?
— Госстройға барам. Үлкен кеңес шақыруларын талап етем. Не жобаларды белгілі архитекторларға көрсетем. Қайткенде де шындығына жетем. Шамам келгенше күресем. Көне архитектураның әдемі үлгілерін пайдаланғанда тұрған еш қатенің жоқ екенін дәлелдеймін. Онсыз мен жолдастарымның бетіне қарай алмаймын. Осылай етуге, қыруар жұмыс істеген серіктерім алдында борыштымын.
— Күрескенің дұрыс, — деді әкесі, — өзіңді орынсыз айыптатып қойғызуға болмайды. Бірақ екі қабат келіншегіңді де сонау ит өлген жерде қаңғытып қоюға қақың жоқ. Оны алып келуің керек.
Еркебұланның көңілі жылып кетті. Жұлдыз менен екі қабат болуы мүмкін-ау деген ұғым Еркебұланның ойына да кіріп шықпаған. Енді солай болуының да ғажап емес екенін түсінді. Сөйтсе де:
— Жұлдыз менің келіншегім емес қой, — деді Еркебұлан айтатын сөз таба алмай.
Еркебұлан мен Жұлдыздың ғашықтық аңызына әйелінен әбден қанық және Жұлдыздың ұялғанынан қашып кеткенін білетін Асығат:
— Сенің келіншегін! Сенің! — деді.
Еркебұлан не дерін білмей:
Сонда қасындағы жігіт кім? — деп төмен қарады.
— Итім білген бе! — деді Асығат. — Оны барған соң көрерсің. Қыздардың қасында жүрген адамдардың бәрін күйеуі екен деу дұрыс емес. Кім білген. Және Қайназардың сөзіне сену де оңай дүние емес. Тек Жұлдыздың Бийскіде болғаны шын болсын. Ол да шағын қала емес. Қызды іздеп табу да оңайға түспес. Қайткенмен де барып іздемесе болмайды. Көшеде көргені рас болса, әрине, Қайназар оның адресін білмейді. Өзіңе іздеуге тура келеді.
Екеуі әрі-бері сөйлесіп, Еркебұлан мұндағы жұмысын бітіргеннен кейін Бийскіге жүрмек болды. Қалай болғанда да Жұлдызбен бір жолығу керек еді.
Осы кезде өз бөлмесінен Қырмызы шықты. Уколдан кейін қатты ұйықтап қалған екен. Әйтеуір, Еркебұланның көп кешігіп келгенін білмеген тәрізді...
— Немене, осыншама неге ерте тұрдыңдар? — деді ол күйеуі мен баласына таңдана қарап.
Еркебұлан абақтыдан шығып, бұрынғы күйіне қайтадан түскеннен бері Қырмызы да біркелкі жөнделіп қалған. Өткен кездегідей жылай беруін де қойған. Тек әлсін-әлсін ұстай беретін көкжөтелі мен көзіне бір көрініп жоқ болып кеткен Жұлдыздың қайғысы ғана жүдетіп жүрген.
— Біз әлі жатқан жоқпыз, — деді Асығат.
Әлсін-әлсін күйеуі мен баласының басына түсетін қиындықтан әбден запы болып қалған Қырмызы жұлып алғандай:
— Неге? — деді үрейлене.
— Жай, әшейін. Ананы айтып, мынаны айтып, әңгімелесіп отырып қалдық. — Сосын әйеліне қарады, — қалай ұйықтадың?
— Бүгін, құдайға шүкір.
Асығат енді Еркебұланға бұрылды.
− Күн әлі шыққан жоқ. Сен бірер сағат көзіңнің шырымын алдыр...
Бағанағыдай емес, көңілі сәл тынышталайын деген Еркебұлан басын изеді.
— Сөйтсем сөйтейін...
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
Алматы әсіресе соңғы жылдары керемет әдеміленіп кеткен-ді. Қазақстан астанасы алып жатқан он алты мың гектар жердің жеті жарым мың гектарына ағаш егілген. Сондықтан бұл қаланы жасыл қала десе керек-ті.
Ертеңіне кешегі институттың техникалық кенесінің шешімін дұрыс емес екенін айтып, Еркебұлан барған Мемлекеттік құрылыс комитетінің жауапты қызметкері, жас архитектор алдына жайған ватман қағазындағы сызықтары мен стол үстіне реттеліп қойылған макеттерге ұзақ қарап отырды да:
— Сұлулықты тым жақсы көреді екенсің, — деді күлімсіреп.
— Иә, ондай ауруым бар, — деді Еркебұлан, — сұлулық адамның эстетикалық сезімін, рухани байлығын өсіреді ғой. Ал біздің, әсіресе творчество адамдарының міндеті жас ұрпақтың сол сезімін тәрбиелеуге жәрдемдесу ғой.
— Ал сенің сондай ойынды институт басшылары қате дей ме?
Еркебұлан сәл кідіре сөйледі.
— Жоқ, менің ондай ойымды емес, сол ойымды іске асыру үшін қолданған творчестволық шешімімді олар басқаша түсінеді.
— Көне архитектура үлгісін жаңа орталыққа пайдаланғаныңды айта ма?
— Иә.
— Сол да сөз бе екен, — деді Мемлекеттік комитеттің жауапты қызметкері. — Жақсы ойдан мынандай жақсы жоба туса — ол қалайша қабылданбайды? Дегенмен бұл мәселенің басқа жағдайы бар. Жаңа ауданның мәдени-қоғамдық орталығының жобасын жасатып отырған қалалық Советі ғой. Мына жобадағыдай құрылысты салдыруға олардың бөлінген қаражаттары жете ме екен? Және сол қаражатты Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы бекіте ме? Бекітсе, қай жылдың жоспарына кіргізді екен? Орталықты қай мезгілден салдырмақшы? Бұл мәселе менімше әлі жоғары жақта қаралып бітпеген мәселе тәрізді еді. Соңғы кездегі жағдайдан ақпарым жоқ. Жарты жылдай шетелде болдым. Бар білетінім, мен бар кезде осы орталыққа жоба жасауға жоспарлау комиссиясының ақшаны әлі бекітпегені есімде.
— Бұл мәселе әлі шешілмеген мәселе болса, сонда біз не істеуіміз керек? — деді Еркебұлан тұнжырай.
— Мүмкін шешкен мәселе шығар, мен анығын білмеймін,- деді жауапты қызметкер. — Демек, бұл жоба қалалық Советтің тапсырмасы ғой, заң бойынша соны солардың техникалық советі қарауы керек. Солар бекітуге тиісті. Әрине, мына жобаның ерекшелігін, қызықтығын еске алып, біздің кеңестің де қарауына болады... Сөйтсе де қалалық Советтің бекіткені дұрыс шығар...
— Сонда біз қалалық Советке баруымыз керек пе? — деді Еркебұлан «тағы да жүреді екенбіз ғой» деп ренжігендей.
— Жоқ, сендердің өйтіп әуре болуларыңның қажеті жоқ. Қалалық Советпен өзім келісемін. Тек техникалық кеңес болады деген күні бір-екі сағат бұрын келіп, мына хаттарды жұрт көретін жерге дұрыстап жайып қою сендердің шаруаларың...
Он бес күн еткеннен кейін қалалық Советтің техникалық кеңесі болды.
Көпшілік жобаны өте жоғары бағалады.
Техникалық кеңестің қорытындысының соңғы сөзін қалалық Советтің председателі айтты.
— Бұл жобада ешбір қателік жоқ, бәрі де жақсы, дұрыс, көркем, көңіл толарлық дүние,- деді өзінің әдеттегі сабырлы даусымен, — Біз бұны қабылдауға тиістіміз. Бұнымен қатар жаңа социалистік қалаға, мәдени-қоғамдық орталыққа, көпшілікке жаңа социалистік эстетикалық талғам беретін архитектураның жаңа үлгілерін ойласақ деген пікірдің де жаны бар. Бұдан, әрине, біздің бүгінгі көріп отырған жобамызды жарамайды деген ұғым тумауға тиісті. Бірақ адам баласының алға жүру процесінде іздену ең басты қасиет. Сондықтан мына дарынды жастарға, − ол Еркебұландар отырған жаққа қарады,- болашақ жұмыстарында, архитектура өнерінің біз білмейтін жаңа өрнектерін іздесіп, сондай тың жолдарды да ашсын. Өйткені біздің салатын үйлеріміз, мәдени-қоғамдық орталықтарымыз, тек мына жас архитекторлар зерттеген осы жаңа ауданмен ғана бітпейді ғой.
Председательдің сөзін Қайназар бөліп жіберді.
— Бірақ бұл жобаның қанша тұратынын байқадыңыз ба? — деді ол. Бұл оның кейінге сақтап келген ең ақырғы дәлелі еді, — бұл үш орталықтың құнына түседі.
— Иә, ол солай, — деді председатель даусын көтермей, — бірақ біздің қаламыз ондай қаражат таба алмайтын кедей қала емес. Мәселе мұнда тұрған жоқ, қажет десе мұндай жобаға одан да көп ақша табамыз. Ал мені қуантып тұрған осындай еліміздің ұлттық көркемдік ерекшелігін түсіне білетін дарынды архитектордың баршылығы. — Жұрт ду қол шапалақтады.
Қалалық Советтен келе жатқан Еркебұлан кенет тоқтай қалды. Өз көзіне өзі сенбегендей:
— Жұлдыз... — деді үні әзер шығып.
— Иә, менмін ғой, — деді дәл қарсы алдында пайда болған қыз.
Иә, бұл Жұлдыз еді. Сол баяғы қалпыңдай, қос бұрымы тобығына дейін түсіп, қыпша белі қыналып, жасқа толған үлкен екі көзі қуаныштап нұрланып, не жыларын, не күлерін білмей үн-түнсіз тұр...
— Япырмай, сенейін бе, сенбей бе...
— Сен! Сен! — деді кенет Жұлдыз қарсы жүріп. — Мен Жұлдызыңмын ғой!..
Жан-жақтарынан өтіп-кетіп жатқан жұрттан екеуі де ұялмады, құшақтар айқаса кетті.
Дүние шіркін бұларға адамның бойын балқытып, жүрегін елжіретіп әкетіп бара жатқан ән секілді көрінді.
— Мен сені сондай сағындым, — деді Жұлдыз екеуі қатарласып жүріп келе жатқанда.
— Сенемін оған, Жұлдыз, сенемін, — деді жігіт, — өз басымнан өткен қасірет.
— Онда неге іздеп келмедің?
— Қайдан? Қайдан сені іздеп табатын едім?
— Қайназар саған айтпады ма?
— Қайназар?..
— Иә, Қайназар.
Жұлдыз Қайназардың бұны алғаш рет іздеп келгенінен бастап, соңғы жолы Еркебұланның кісі өлтіріп, сотталып кеткеніне дейін естіртіп, содан кейін Бийскіге келмей кеткенін қоса, әңгімесін бастан-аяқ тегіс айтып берді.
Жаңа ғана қуанышы қойнына сыймай келе жатқан Еркебұлан үн-түнсіз томсара қалды. Ол енді ғана бірдемені түсінген тәрізді. Және Қайназардың қылығына түсінген сайын, жүдей берді.
— Жаныңдағың кім еді? — деді Еркебұлан әлден уақытта.
Жұлдыз түсінбей қалды.
— Қайдағы жанымдағымды айтасың? — деді ол. Еркебұлан енді оған бір жігіт екеуінің қолтықтасып бара жатқанын Қайназардың көргенін айтты.
— Қайназар Бнйскіге тағы келген екен ғой, — деді Жұлдыз таң қалып. — Маған неге жолықпай кетіпті?
— Сені бір жігітпен көрген соң...
— Жігітпен? — Жұлдыз енді түсінді, — Жоқ сен жаман ойлама, ол Әбілқасым ғой.
Жұлдыз енді Әбілқасымның оқиғасын айтып берді. Өзінің қайғылы кезінде оның ағасындай болғанын, толғағы ұстаған шақта Әбілқасымның перзентханаға апарғанына дейін жасырған жоқ.
— Ол әлі сол Бийскіде... — деді Жұлдыз, сосын екі көзі жаудырай Еркебұланға қарады. — Менің адалдығыма сен! — Кенет тағы да махаббатын жоғалтып алайын деп тұрғандай жылап қоя берді. — Сенсейші... Сенесің бе?
— Сенемін, — деді Еркебұлан, — махаббатымызға опасыздық істемейтініңе сенемін! Екеуміздің махаббатымыз үшін қандай қасірет болса да көтере алатыныңа көзім жеткен!
Дәл осы кезде Жұлдыз өзін дүниедегі ең бақытты адаммын деп сезінді.
Бұлар бір жетіден кейін, Бийскіге бірге барып, бөбектерін алып келмекші болды.
Ертеңіне Еркебұлан Қайназармен кездесті. Анау осы бетпе-бет кездесуді өзі де күткендей екен.
— Жарайды, жолдас едік қой дейсің, — деді бір сәт Қайназар, — Ал жолдастық деген не екенін білесің бе өзің? Жолдастық деген бірін-бірі сыйлау, жолдас деген адамыңның көңілін қалдырмау, ренжітпеу. Өзіне қиын болып тұрса да ренжітпеу, жанына орынсыз жара салмау, шын жолдас бірінің қатесін бірі жасырмас болар. Жұлдызды көргенімді, сөйлескенімді саған айтпағанымды − менің мойныма айып етіп тақпақсың, жолдас емес пе едік дейсің?! Қандай жағдайда жүргеніңді өзің білесің. Ал сенің сондай жағдайыңда, мен саған Жұлдыз сенен қашып, Бийскіде жүр десем не болар еді? Жараңның бетін тырнағандай болар едім. Мен сені аядым, сосын айтпадым. Сондай-ақ сенін қатеңді көрсеткеніме мені айыпты санайсың. Шын жолдас бірінің-бірі адасқанын, қателескенін жасырмауы керек, «дұшпан күлдіре айтады, дос жылата айтады» дегенді білмейтін бе едің? Жұрт сенікі дұрыс десе жаны ашығандықтан айтып отырған жоқ, әзір болса да салынбайтын аудан үшін жігіттердің тауын шағылдырмайық, мейлі, мәз болып жүре берсін дейді. Сен соған мәзсін. Мені айыптайсың.
— Тұра тұр, тұра тұр! — деді Еркебұлан шыдай алмай. — Ең алдымен жолдастық деген не, оны қайсымыз қалай түсінеміз, соны айырып алайық. Сен айтқанды, сөз жоқ жолдастық, егер соны жолдасың шын жүрегімен, шын жаны ашып істесе. Ал өтірік жаны ашыса, тіпті өзі сенбей тұрған қатені қате деп жала жапса қалай болады? Жолдастық — алдымен екі адамның бір-біріне деген адалдығы. Адалдықсыз жолдастық та, достық та болмайды. Ал адалдық деген — рухани тазалық. Онсыз сен жолдасын үшін майданда да жан бере алмайсың. Оның қатесін жанын ашып көре алмайсың, оған шын жүректен жәрдем ете алмайсың. Сенің қатең осы рухани тазалығыңның жоқтығы, екі жүзділігің, ішіңде жатқан бақ-күндестігің, көре алмастығың. Ал менің қатем, сенің сондай адам екеніңді білмей келгендігім. Жұлдыздың Бийскіде екенін саған жаным ашығандықтан, жараңның аузын тырнағым келмегендіктен айтпадым дейсің. Сөз болғанына болайын. Жанын ашыса, сол үшін арақ ішіп жындануға таяу жүргенімде: «Сен босқа күйінбе, Жұздызыңды Бийскіде көрдім»,- деп неге айтпадың? Жұлдыздың жоқ болып кеткені маған ауыр тиіп жүргенін білмейтін бе едің? Білетінсің! Маған достық ақыл берудің орнына қайдағы жоқ адамдармен таныстырдың өзіңнің де ақшаңды, олардың да ақшасын аяған жоқсың маскүнем боп жынданып өлсін дедің, енді түсіндім...
— Өзің ішкің келіп тұрған соң, ішсін дедім. Күйігін арақпен бассын дедім.
— Жарайды, мен күйігімді арақпен басайын-ақ. Ал Жұлдыздың күйігін немен баспақ болдың? Өзі не істерін білмей жүрген адамға «Сенің Еркебұланың маскүнемдікке салынып, жынданып кетті», — деумен бе? Сенің жаның ашығаны осы ма?
Қайназар тағы сөзін бөліп жіберді.
— Иә, осы! Осы! Жұлдызды аядым! Сендей маскүнем үшін қайғырғанша, шындықты естігі, сенен біржолата күдерін үзсін дедім.
— Міне, шындыққа енді таядың, — деді Еркебұлан. — Жұлдызды аяғаның үшін емес, оны менен бездіріп, өзіне қарату үшін айттың. Сол себептен маған да оның Бийскіде жүргенін емес, жанында жігіті бар екіқабат Жұлдызды көргеніңді айттың. Және қандай кезде айттың? Маған қайдағы бір идеологиялық қатені жапсырып, көңілімнің бір жүдей қалған кезінде айттың! Жұлдыздың өкінішімен басы дел-сал болып кетсін дедің.
Қайназар Еркебұланды үшінші рет бөліп жіберді.
— Жарайды, бәрі де сен айтқандай-ақ болсын. Сонда осының бәрін мен не үшін істеді дейсің? Жұлдызды жақсы көргенім рас. Бірақ одан үміт үзгенімде де, саған өзің ойлағандай, жолдастық қолымды берген жоқпын ғой. Тіпті, абақтыға кесілгенде де көрген нәрсесін көрмедім деп айтты деп ойлайтын шығарсың? Жарайды, солай-ақ болсын. Сонда осының бәрін не үшін істедім? Алғашқы бір сөзінде бақкүндестіктен, көре алмастықтан істедің деп қалдың. Сен шын солай ойлайсың ба? Менен асып кеткен неменең бар? Құдайға шүкір, институт директорының бірінші орынбасары сен емес, менмін. Мен саған емес, сен маған бағыныштысың. Ал дарыным артық дейтін болсаң, оны да дәлелде. Бәріміз бәйгеге түскен конкурста дарынды болсаң, қайда қалдың? Бәйгені кім алғаны есіңде шығар? Жоқ Еркебұлан, мен сенің ештеңеңді де қызғанбаймын.
— Жоқ қызғанасың! Қызғанғанда қандай! Екеуміз бала жастан бірге өстік. Енді түсіндім, сен сол жас кезіміздегі бір түн әуре болып сен әзер шешкен есепті, мен бес минутта шешетінмін. Сені іштей уландыра бастаған бақкүндестік, көре алмастық сол күннен басталған секілді. Ішіндегі сол күндегі кішкентай қызғаныш құрты бірте-бірте бойыңды жайлап алған үлкен жыланға айналған. Сен менің өзіңде жоқ ақ көңілділігімді де, кең пейілділігімді де, тіпті Жұлдыздың мені жақсы көретінін де қызғанасың. Тіпті менің жер басып жүргенімді де көре алмайсың. Өйткені сенің екі жастық үлкендігіңе қарамай екеуміз қатар өстік. Біріміз - бойында еш кір, былғаныш сақталып тұра алмайтын, ағынды өзен тәрізді болсақ, екіншіміз - бар жамандықты бойына сақтаған, тұнып қалған, ағар жері жоқ қара су екенбіз. Сен сол қара сулығыңа тарттың. Енді түсіндім, еш жаққа аға алмадың, өзіңнен-өзің тұрып борсыдың. Ал сондай сасық сулы қара су жанынан мөп-мөлдір боп ағып жатқан өзенге қызықпай ма? Қызығады. Қолынан анау ағынды өзен болуға табиғи жаратылысы жібермесе, ол қара су не істейді? Бар болғаны қызғану болады. Және қолынан сол ағынды судан өш алу келмесе, ол қара су немен көңілін басады? Борсиды, сасық иіс жан-жағындағы жұртты үркітеді, қорқытады.
Қайназар орнынан ұшып түрегелді.
— Жетеді!- деді ол ақырып. — Тоқтат енді!
— Өзім де қазір тоқтаймын, — деді Еркебұлан өзін-өзі әзер ұстап. — Саған бүйтіп күнде келіп керілдесіп жүре алмаймын, аяғына дейін тыңда! Жаңа сен мен қызғанатын ештеңең де жоқ, сен емес, мен директордың бірінші орынбасарымын, мен емес, сен маған бағыныштысың дедің. Әрине, сен бұл сөзіңе өзін сенесің. Ал сөзіңнің қаншалық құнсыз екенін уақыт көрсетер!
Қайназар тағы шыдай алмай қалды.
— Сонда сен мені ақымақсың демексің бе?
Еркебұлан кенет езу тартып күлді.
— Неге? Сен ақымақ болуға тиісті емессің өйткені жаңа өзің айттың ғой, директордың бірінші орынбасарымын деп... Ал бірінші орынбасар...
— Сен енді жоғарғы орындардың менің бірінші орынбасар етіп көтергенін де бетіме салық етіп баспақсың ба?
— Қойшы, сені кім көтергенін мен білмейді дейсің бе? Мәселе, сенің көтерілуіңде емес, сол көтерген жерге дұрыстап отыра білуіңде. Ал сен...
— Иә, мен?
— Сол отырған жеріңді бағалай біл. Білмейтінің болса білуге тырыс. Біздің өзара конкурсымызда бірінші орын алдым екен деп өзіңді дарынды санама. Конкурстағы жұмысын бәрімізге де қызық көрінген. Және Алматының жағдайын - жерінің сейсмикалық құбылыстарға тәп екенін ескергенің де ұнаған. Жаман жұмыс емес еді. Бірақ жақында ғана есіме түсті... Сенің «Ардагерлер сарайың» Қазандағы Сүйінбике мұнарасының көшірмесі. Көшірмесі болғанда жай әншейін, тек көлемін жалпайтқан көшірмесі. Өзіңнің ақыл-ойыңа тән тіпті жаңа еш нәрсе қоспапсың. − Кенет Еркебұлан тоқтай қалды. Ашу үстінде өзінің кешегі жан жолдасына осыншама ауыр сөз айтқанына өзі де өкінгендей, сәл үндемей кідірді. Сөйтті де қайтадан сөйлеп кетті. Бірақ бұл жолы алғашқы кезіндегідей емес, өзі де бір айыпты адамдай қинала сөйледі. − Анау біздің жобамызға жапқан қате деген жалаң туралы мен еш нәрсе айтқым келмейді. Ондай қатенің барлығына өзің де сенбейсің. Тек көңіл тарлығынан болар, тіпті жұртқа да жала жауып отырсың. Тек ақырғы айтарым, саған мұндай сөздерді айту маған оңайға түскен жоқ. Бұл өзіме де батады. Әсіресе, кішкентайымнан жолдас көріп келген адамның жолдасым емес екені, бүгінгі күні оны біржолата жоғалтқаным қатты батады. Бірақ айтуға тура келді. Мен жоғалтқанмен, сен өзіңді өзің жоғалтпасын дедім. Әлі де уақыт бар, әлі де ойлануыңа мезгілің жетеді. Ал қош бол, мен кеттім.
— Тоқта, тоқтай тұр! — деді кенет жалынғандай Қайназар, шығып бара жатқан Еркебұланға.
— Жоқ — деді Еркебұлан, — осы ақырғы сөйлескенім болсын. Ертең менің бөлімім Москвадағы метро жобалау институтының қарамағына көшеді. Біз енді сенің бұйрығыңа бағынбаймыз.
Қайназар үн-түнсіз тұнжырап отырып қалды. Кенет ол қолына ұстаған қарындашын сарт еткізіп, екеуміздің жолдастығымыз осылай бітті дегендей, екі қолымен қақ бөлді де, лақтырып жіберді.
Жаңағы Еркебұлан айтқан ауыр сөзден тіпті із қалмағандай, Қайназар сәл күлімсіреді. Күлімсіреуінің себебі бар еді, бүгін жұмыс сағаты аяқталар кезде нағашысы бұған телефон соққан. «Сенің директорыңды пенсияға жіберетін болды. Ана Еркебұлан жолдасыңның бір дұрыс жобасын бұрысқа шығармақшы болған көрінеді. Және сені де шатастыра жаздапты. Ал оның орнына жігерлі жас маман деп өзіңді бекітпек»,- деген.
«Еркебұлан мейлі не десе о десін. Ары таза сол-ақ жақсы архитектор аталсын, ал мен директор болайын. Тек тезірек бекітсінші түге...»
Еркебұлан үйіне келсе, әкесі де, шешесі де бір түрлі көңілді екен. Соңғы екі жылда бұл екеуінің мұндай қабақтары жадыраңқы болғанын көрген емес Еркебұлан. «Қандай жақсылық хабар естіді екен бұлар? Әлде Жұлдыздың келгенін білді ме екен?»
— Қалқам, — деді шешесі, — біздің үйде бүгін үлкен жақсылық бар. Әкең дәрігерге көрінген екен.
— Иә?
Енді әкесі сөйледі.
— Сенің көңіліңді жүдетпейік деп айтпап едік, осыдан екі жыл бұрын маған дәрігерлер операция істеуге жат деген. Ішіңді індетіп келе жатқан кесел бар, егер дер кезінде операция істетпесең, әрі кетсе екі жылға жетпейсің деген. Операция істетуге жүрегімнен қорықтым. Екі рет инфаркт болғаным бар ғой. Және бөтен себептер де болды... Содан осыдан бір жеті бұрын дәрігерлерге қайта көріне бастап едім, олар бүгін бар анализдерді тексеріп, құлантаза жазылып кетіпсің деді. Сірә, ана жылы қателесті ме олар, әлде азын-аулақ емделгенімнің арқасында ма, әйтеуір, кеселден мүлдем айығыппын...
Еркебұланның көңілі кенет толқи жөнелді. «Әке-шеше болсаң осындай бол! Мені аяп, екі жыл бойы әкем қандай күйде жүргенін айтпай келіпті. Ал мен, олардың өз қайғылары жетпегендей істемегенім бар ма? Жоқ, жоқ, мұндай адамдарды құр ғана сыйлап қою аз, бұларға құдайға табынғандай табыну керек. Осылардай болу өмірдегі ең үлкен арманым болсын».
— Көке, апа, мені кешіріңдер... — деді ол жыламаса да, жылардай боп қамығып. — Мен білген жоқ едім.
Әкесі оның иығына қолын салып, өзіне қарай сәл тартып құшақтады.
— Сен не айтып тұрсың? — деді Асығат. — Сенің қайтадан бұрынғы күйіңе келгеніңнен артық бізге қуаныш, жақсылық жоқ. Мүмкін сенің қайта адам болғаның бізді кеселімізден жазған шығар. Қарашы, шешең қазір қандай жасарып кеткен, көзінде қуаныш ойнайды — Енді екеуі Қырмызыға қарады. Ол бұл кезде қуанғанынан көңілі босап кетіп, екі көзінен аққан жас бетін жуып, жылап тұр еді. Бұны көрген Асығат сасып қалды. — Түу, сен де жоқты шығарып... — деп келе жатты да, Еркебұланға бұрылды. — Ал енді бүгін саған айтар қуанышты хабарым бар. Бүгін мен архитектура институтына кездесуге барғанымда Жұлдызымызбен жатақханада бірге жатқан бір жас қыз сенің папаң екенімді естіп, маған Жұлдызымыздың Бийскіде екенін айтты. Міне адресі.
Еркебұлан қызарып кетті.
— Көке, ол осында, — деді ақырын сөйлеп, — кеше келген.
Тағы да шық моншақты нұрға бөленген, жасыл көктем келді. Жер бетін жапқан қызғалдақты, сарғалдақты көк орай шөп ду етіп көтеріліп қалған.
Көктөбенің басында қолында кішкентай бөбегі бар Жұлдыз бен Еркебұлан тұрған. Таңертеңгі мезгіл еді. Талғар белесінен қызыл алтын табақтай болып көтерілген күн жер бетіне алтын сәулесін аямай төгіп, жоғарылап таза, сұлу қаланы осы сәтте бұрынғысынан әдемі, керемет сұлу етіп көрсеткен. Жана ғана күн шығар алдында бұлар Асығат пен Қырмызыны жаз бойы аунап-қунап дем алып қайтуға баяғы өздерінің аулына поезбен шығарып салған. Бұрынғыдай емес, көңілденіп қалған шешесі Қырмызы Жұлдызына:
— Осы бөбегіңді өзіммен бірге алып кетсем қайтеді? — деп, пысылдап ұйықтап жатқан нәрестеге қараған.
— Әкетсеңіз, әкетіңіз. — Жұлдыз күлген.
— Қарай гөр ойларын, — деген Асығат та күліп, — Жұлдызындай тағы жоғалтып алып жүрсең, екеуміз біржолата жүрегіміз жарылып өлерміз.
Әке-шешелерін шығарып салғаннан кейін, түні бойы жұмыс істеп шыққан Еркебұлан, Жұлдызы мен кішкентай бөбегін алып, таксимен осы Көктөбенің басына келген. Болашақ Алматы салынатын Алатауды бөктерлей созылған батыс-теріскей жағының таңертеңгі мезгілде қандай екенін көргісі келген. Міне қазір Жұлдыз екеуі сол Көктөбенің басында тұр. Қандай келісімді, қандай бақытты сурет.
Ләззат — көктем, жан құлпырған сән кіріп,
Тас қуанған тамырында қан жүріп.
Бұл дүниенің шын қызығы тек сонда,
Сүйе білсең, күйе білсең мәңгілік, —
деп ақын әкелері айтқандай бұлардың да махаббаты мәңгілік болса екен!
Кім қайғысына күйе білсе, мәңгілік махаббат солардікі. Бұл Адам ата, Хауа анадан бері келе жатқан қағида.
Сұлулыққа көрсеқызарлық ететін Қайназар секілділерге ешкінің құйрығындай шолақ махаббат та жетеді. Өйткені олардың өздері шолақ ойлы, шолақ арманды. Бар тілектері дәрежесін өсіру, өзгелерден жоғары тұру, Қайназар да осындайдың бірі. Ол қазір нағашысы арқылы институттың директоры болды. Бұл да өмір деген ұлы ағынның, сәл ағысы бәсеңдеген бір бұрылысында пайда болған заңдылықтың әсері еді.
Дегенмен Жұлдызға қолым жетпесе де, арман еткен дәрежеме жеттім деп ойлады Қайназар. Осындай жұртты басқарар креслода отырсам, талай Жұлдыздар табылады деп ойлайды тағы ол.
Бишара шын махаббат пен уақытша ләззаттың қандай айырмасы бар екенін білмеді. Білгісі де келмейді...
Еркебұлан мен Жұлдыз сонау батыс пен теріскейіне қарап созылған, ал күнгейінде тау құшағына кіріп кеткен көгілдір қаладан көздерін әлі алар емес. Кенет Еркебұлан батыс-теріскей жаққа қолын созып дауыстай қалды. Жұлдыз жалт бұрылды. Еркебұланы түні бойы жұмыс істеп қажыған адамдай емес, екі көзі ұшқын атып күлімдеп, екі беті қызара түскен. Үлкен бір шабыт үстінде тұрғандай.
— Мына ескі Алматыдан да сұлу, ана жақта жаңа Алматы болады! — деді ол теріскей-батысты меңзей. — Ақ мәрмәр тастардан қаланған зәулім биік үйлер, алты машина қатар жүретін, ортасында Абай проспектісіндей ағаш, фонтан отырғызылған, кең көшелер тұрғызылады. Жаңа Алматының жаңа сәулеті болады! Ол кешегі өзім жасаған жобадағы керуен сарайлардың жаңартылған түріне тіпті ұқсамайды. Жаңа социалистік стиль керек. Мен бүгін сол стильді тапқандаймын,- ол енді Жұлдызға сонау батыстағы алыстағы көкжиекті нұсқап, жаңа жобасының қандай болатынын көрсетіп, ауаны қолымен тілгілей тік, қиғаш сызықтар жүргізіп, дәл қазір айтпаса ұмытып қалардай, асыға сөйлеп кетті. Әлден уақытта барып тоқтады.
Жұлдыз ерінің құлпыра түскен жүзіне қарады.
— Бұл қандай қуат! — деді Жұлдыз таңдана. — Ал түнімен көзің ілінген жоқ...
Еркебұлан да Жұлдызға сүйсіне қарады.
— Бұл саған деген, Алматыма деген махаббаттан туған шабыт! —деді ол кенет ақырын сөйлеп. — Бұл махаббат мейрамы!