10.07.2021
  176


Автор: Абыл Тілеуұлы

Қайыпалдыға айтқаны

Қайыпалды бірде Абылға кездесіп:


- Мен туралы сыртымнан сөз айтатын көрінесің, көзімше айт – депті.


Сонда Абыл тайсалмастан балай дейді:


Қызыл тіл Жиреншедей тілім тақсыр,


Қызыл тіл – өнер алды, білім, тақсыр.


Баймағамбет өзіңнен артты десе,


Ұстайды сонда сенің жының, тақсыр.


Қолдаған сол сұлтанды губернатор,


Өзгеден артық па еді дінің, тақсыр.


Хиуаның қонышына кіріп кеттің,


Бір уыс болмаса игі ед күнің, тақсыр?!


      Қайыпалды мені тілдедің деп, Хиуа үкіметінің салған салығына қоса  Адай руына 60 атан айып тартқызамын депті. Себебі Хиуа үкіметінің салық жинаушы әкімдерінің бірі Қайыпалды болған. Халық оны хан деп ұққан. Абыл алпыс үйден алпыс адам ертіп, Қайыпалдыға қайта барыпты. Өзі былай депті:


Заманақайым болар жер зыңыранса,


Тау құлап, тас қаңбақтай жұмаласа.


Алдыңа алпыс Адай келіп тұрмыз,


Келе ме ханнан қорқып, қорғаласа?! 


Арғы атаң – хан Нұралы, әкең – Есім,


Кетірдің бұйқыт елдің берекесін.


Құландай қырда өскен Адай едік,


Адайға салық деген салдың кесім. 


Адайдың салық салдың мойынына.


Шыдамай Адай сенің ойыныңа,


Алпысы адуынды атқа мініп,


Жармасты жарақтанып сойылына.


Оу, тақсыр, тура қарап, дұрысыңды айт,


Абылға алпыс атан салдым деген


Әзілің әнеукүнгі қойылды ма?


Жасанып келген жігіттерді көріп, Абылдың сөзінен сескеніп, Қайыпалды:


- Адаймен әзілдесер жәйім бар еді, жорта айтып едім, - деп құтылыпты.





Пікір жазу