10.07.2021
  202


Автор: Айтуар Өтегенов

Өкініш

Салған менi ақжелкендi Арманға,
Туған жерге – Жем бойына барғанда.
Түстi есiме бiр елесi бал күннiң,
О, несi екен,
О, несi екен,
Бәрi ұмыт боп қалғанда?
Кiм-кiмге де артар өмiр мол жүгi,
Алтыншыда оқитынмын сол жылы.
Бiр аруана сатып алды бiздiң үй,
Түркменстан жаққа бастар – жол жыры.
Жасырмастан жас парлаған көзі мұң,
(Кiм түсiнер хайуанның сезiмiн).
Жерсiнбедi Жемнiң суын, мол отын,
Темiр кiсен қажытса да төзiмiн.
Тұсау – темiр. Жел бұйдасы – темiрден,
Азуға сап талай оны кемiрген.
(Мiз бақпаған бiрақ әлгi темiрлер).
Сәл босанса қашатұғын шығысқа,
Құтылсам деп мына тосын өңiрден,
Жоқ боп шықты, әлгi аруана бiр күнi,
(Дүрбелеңге салып бiздi құрғырың).
Шешем шықты аруананы iздеуге,
Мен де шықтым мойныма iлiп дүрбiнi.
Жағаладық ұзақ күнге Жем бойын,
Жем бойында тоғайлықтың өн бойын.
Бақашыдан, Шыңдауылдан әрi астық,
Аруана жоқ тоғайларда кең қойын.
Болған шақта, болған шақта кешкi ымырт,
Жатты алдымда ескi атыздар... ескi жұрт.
Бiр кездерде болса болар, ал қазiр,
Қалған бәрi, қалған бәрi ескiрiп.
Кенет маған дедi шешем:
– Тоқта, ұлым!
Осы жұртта береке мен тоқтығың.
Сен туған жер – мына жатқан ескi жұрт,
Туған жерсiз бәсiң төмен, жоқ құның.
Аунашы, ұлым, жетi мәрте жұртыңа,
Жасың ұзақ, биiк болар шоқтығың.
Аң-таң тұрдым...
Болды өзгеше сөйлемiм,
Басыма да келдi одыраң ой менiң.
– Мына жұрт па?
Не бар дейсiң осында,
Ондай дiндар ырымды, ана, қой, – дедiм.
“Бiлгендiгiң емес, ұлым, бұл бiрақ.
Туған жерге махаббатсыз,
Жаның жүрер құлдырап.
Кiшiреймес едiң жұртқа еңкейсең”, –
Дептi ару Жем сонда ағып сылдырап.
Ұғынбаппын, оны мына мен – маубас,
(Ұғынуға керек боп па молдау жас).
Тағы келдiм, тағы келдiм сол жұртқа,
Ағалық пен Балалығым, ал, даулас!
Жем суынан қанбастан кеп iшемiн.
Ақ шағылға – құмына да түсемiн.
Туған жерге деген ыстық махаббат,
Сонау,
Сонау Аруанаға үздiрткен де кiсенiн!
Өзгешелеу көңiлiмде бүгiнгi ән,
(Кiнәлi өзiм көбiн кештеу ұғынған).
Жүргендiгiм жыр-көштiң ең соңында,
Сәби кезде сол жұртқа,
Аунамағандығымнан!





Пікір жазу