10.07.2021
  156


Автор: Айтуар Өтегенов

Бір өлеңнің өңделген үш нұсқасы

(Алғашқы нұсқа)
Балаң жігіт қонақ қызбен оңаша бөлмеде бірге қонып шығады. Сол сәттегі жігіттің алай-түлей сезімі арада біраз күн өткеннен кейін өлең тудырды...

Сезімнің ұрып толқыны,
Гүлдеткен мені нұр болдың.
Кездескен сәттей сол түні,
Келеді ылғи бір болғым.
Екен бе сырым бұл ғана,
Телміре саған қараппын.
Мас болдым балғын тұлғаңа,
Ішкендей буын шараптың.
Екеуміз болған бөлмеге,
Күмбірлеп кірген күйме едің.
Батылым барып мен неге,
Мен неге сонда сүймедім.
Айта алмаған сөзім көп,
Қызарып таңда аттты ғой.
Дегендей: «сүйші өзің кеп»,
Шөліркеп ернің жатты ғой.
Содан бері жыл өтті,
Қоясың кейде үндемей.
Жарқын бейнең жүдетті,
Ойлаймын күндіз-түн демей.
Жиналған қыздар ішінде,
Бейнеңде сенің көп бөлек.
Сол жасықтық үшінде,
Жүресің бе әлде өкпелеп.

(Екінші нұсқа)
Он сегіз жастағы балаң жігіттің бал сезімін автор отыз жасында одан әрі тереңдете мөлдірете түскісі кеп былайша өңдеді. Өңдеген жоқ, алғашқы өлеңді аяусыз белінен қызыл сиямен екі сызды да қайта жазып шықты.

Сезімнің тоғы, толқыны
Ұрғылап.
Жүрек солқылы,
Басылмай, жібек шашылмай.
Бір жаттық сәулем есте ме,
Тәңірден тілеп таптырмас
Оңаша бөлме сол түні.
Қол созым жерде толықсып,
Жатқан қыз мені жөн ұқшы!
(Жігітке қыз жолықса,
Осындай шақта жолықсын)
Түскеніме жанға жарының,
Өртеніп күйіп барамын.
Бойдағы қанды тастарды,
Іңкәрлік деген шарабың,
Ес-түсссіз мені мас қылды.
Басқандай көрік өр төсің,
Шыжғырып шыдам ерітесің.
Кетерме есім ауысып,
Төзімді болдым тауысып.
Бұрынғылардың жолы – деп
Көтерсем бе екен көрпесін.
Қол соза жаздап қалдымда,
Алқына демді алдымда,
Орныма қайта құладым
Малшынып терге бұладым.
Ұяттан лаулап жандым да.
Бағынбай бірі, бағынып,
Сан ойлар жатыр ағылып.
Өзімді өзім тілдеймін,
Қыз ойы қандай білмеймін:
«Тағылық, – деп, – бұл тағылық»
Сан ойлар жатыр ағылып...
Қамады деймін ол неге,
Қонақ қызбен бір бөлмеге?
Аппақ қар жауып ақпанда,
Ақ көрпе шатыр жапқанда.
Қу жеңгем... жо-жоқ, ақ жеңгем,
Құр-р-ған қақпан ба?
Мәрттікке шіркін ұсау бақ,
Төсектен қанша түс аунап.
–Кезеніп шыққан көк белге,
Аңшы емеспін ғой құс аулап –
Деп басып іштей өзімді,
Сезімді қойдым тұсаулап.
...Бірақта жоқпан көз ілген,
Соғысып шықты сезімдер.
Сезбедің бе, сездің бе,
Ермін бе, әлде езбін бе,
Қол созым жерде түнеген,
Жауабын қалқам өзің бер?!

Қол созым жер
(Үшінші нұсқа)
Автор тағы бірде қолжазбалардың арасынан осы өлеңді тауып алып (дәл жыл мезгілі есінде жоқ) қырнай түскісі келді ме, олпы-солпы артық тұстары бар деп ойлады ма, тағы да қол тигізді. Бұрынғы тақырыпсыз өлеңге енді «Қол созым жер» деп тақырып қойды.

Сезімнің тоғы, толқыны
Ұрғылап.
Жүрек солқылы,
Басылмай,
Мәрмәр тасындай.
Сен жаттың еркем толықсып,
Қол созым жерде сол түні...
Қол созым жерде...лала гүл,
(Алаулап, лаулап барамын)
Жігіт боп қалған баламын.
Тамырда қаным тастырды,
Есімді алды. Мас қылды,
Іңкәрлік деген шарабың.
Басқандай көрік өр төсің,
Деміңмен бір сыр шертесің.
Бір ерлік есіп кейпімнен,
Деймін мен іштей деймін мен:
«Бұрынғылардың жолы деп,
Көтерсем бе екен көрпесін».
Қол созым жерде... лала гүл,
Жігіт боп қалған баламын.
(Түскені-ау жанға жарының,)
Еркімді алып от төсек,
Қол созып жаздап қаламын...
Аппақ қар жауып ақпанда,
Ақ көрпе шатыр жапқанда.
Қамады екен ол неге,
Қонақ қызбен бір бөлмеге?
Қу жеңгем...жо-жоқ ақ жеңгем,
Құр-р-ған қақпан ба?
...Батылдық жетпей түн соңы,
Ұласып кетті ақ таңда...
Жүрекке бір нұр септіңде
Көрінбедің көп күнге.
Көремін жиі түсімде,
Сол жасықтық үшінде,
Өкпелеп әлде кеттің бе?

Араға мезгіл салып, автор осы өлеңге жиі-жиі шұқшиып неге өзгерту-өңдеулер енгізе береді екен. Өйткені өлеңге кейіпкер болып оңаша бөлмеге бір қонған қонақ қыз қазір ақынның сүйікті жары. Бір кезде белінен бір тартқан алғашқы өлең жолдары балаңдығына қарамастан қазір оның көңілін көбірек мазалайды. Өйткені ол қайта келмес жалын жастықтың өз дауысы, өз үні болатын.





Пікір жазу