09.07.2021
  614


Автор: Сүгір жырау Бегендікұлы

СӘТТІҒҰЛ МЕН СҮГІР


Ескелді Сүгір Бегендікұлының сөз өнеріне қабілеті жаңадан таныла бастаған кезде әйгілі Сәттіғұл ақынмен екеуін бір-біріне айдап салушылардың тілімен қайта-қайта мазалай бергесін Сәттіғұл ақын Хорезмдегі Сүгірге өлеңмен жұмбақ жазып жібереді.


Сүгір келген хатты оқып қараса, өзі жұмбақ өлең де, жұмбақ түгелдей Құран сөзіне құрылған екен. Ептеп арабша сауаты болғанымен Сүгірдің Құранға тісі батпаса керек, бұл хаттың шешуін сұрап сол кездегі атақты ғұлама оқымысты Қызылсудағы Көрпе Размағанбет ахұнға алып келеді. Размағанбет жұмбақтың жауаптарын бірнеше кітаптарды ақтарып қарап шешіп береді. Оны өлеңге келтіріп өрнектейді де, Сүгір жырау жауабын Маңғыстаудағы Сәттіғұлға жолдайды. Мынау сондағы Сәттіғұл ақынның Сүгірге жұмбақ хаты екен:


Сәттіғұлдай ағаңнан


Көп сәлем шайыр Сүгірге,


Харазым, Хандық – әр құрал


Елімді кезіп еңселеп


Қосылдым талай дүбірге.


Болғаннан соң жақыным,


Саған айтар ақылым:


Мойныңды бұрып, көз салып


Болмайтын жерге үңілме,


Шамасыз жерге шарқ ұрып


Тоғыңды шайқап бүлінбе,


Абыл мен Нұрым, Кенже Ақтан


Осы үшеуі болмаса


Кім бар еді, шырағым.


Ағаңнан артық бүгінде?


Айтысам депсің әр жерде,


Бұл айтқан сөзің шын болса


Жоқ екен ақыл інімде,


Төңіректе ақын көп


Өнерің болса тіліңде,


Тәрк етілген Әзәзіл


Масағам деп білімге –


Үлкендік алма көңілге.


Үлкендік алсаң көңілге


Таптырар жазым түбінде,


Мына жұмбағымды шешіп көр


Бейімің болса ілімге:


Жаратқан Алла бір еді,


һәмменің әлін біледі,


Біреуді біреу ғайбаттап


Сыртынан сөйлеу күнә-ді.


Он төрт қабат жер мен көк


Ұсталып немен тұр еді?


Он сегіз мың ғаламда


Ең әуелі қосылып


Некелескен кім еді?


Қайымға дейін қанша еді


Бұл заманның сүрегі?


Иәжуіж бен Мәжуіж


Бұлар кімнен дүреді?


Неше мезгіл кәрленіп


Ысрафил сүргін үреді?


Алланың досты Мұхаммед


Көкке шығып кезгенде


Көлігінің түсін айт –


Нешік еді реңі?


Хызыр, Лияс пайғамбар


Әліге дейін тірлікте


Неліктен өлмей жүр еді?


Ғаршыны неден жаратқан,


Оның нешеу еді тіреуі?


Сүлеймендей патшаның


Бұйрығынан босанып


Періште, құстар жын менен


Неше жылда жүреді?


Жиырма тоғыз әріпте


Не сөз еді «Нұн» деген?


Білікті болсаң, шырағым,


Бұл сөзім саған «біл» деген,


Біле алмасаң бұл сөзді


Ысыменен тын деген,


Маған қарап үндеме,


Осыларды шешіп бер


Және мағынасын жырменен,


Сегіз арыс Адайдан


Сен де алыпсың көрт-қоспақ


Осы сөзді білмесең


Адамға керек көт қыспақ,


Ар көрмей, бала, сұрап ал


Шерлерің болса білмеген...


Сүгір жырау бұл хатқа былайша жауап қайтарады:


Он сегіз мың ғаламда


Жаратылған көп мақұлық,


«Құлым» десе, Жасаған


Сарайлы пейіл толмақлық,


Жеделге мінген «жеңем» деп


«Сөздің парқын білем» деп


Керегі қанша ғайбатлық?


Ғалымдар айтса дұрысын –


Жеделдің орны тозақлық,


Абыл мен Қабыл екеуі


Бір анадан тумақлық.


Көктен қылыш енгенде,


Әнбиелерге бергенде


Алпыс, үш еді ылым-бап,


Мұның несін шеш дедің –


Дүниенің тұтқасын


Тұрғандай менің тілімде-ақ,


Жыр айтуға келгенде


Орта емес шығар бүгінде


Сіздің бақтан біздің бақ


Бізге шеш деп тастадың


Он төрт ауыз бұл жұмбақ,


Бұл айтылған сөздерің


Оқыған жанға ортақ зат,


Көңіліме сөзің көрінді


Әжептәуір сып-сыйдақ.


Кімнің жақсы-жаманы,


Кімнің жүйрік-шабаны


Лаухыда бұрын сызылмақ,


Жақын адам алжасса


Ара алшайып бұзылмақ.


Қарағантүп, Бозашы,


Қызылқұмнан бер қарай


Несібе айдап желіпсің,


Ең әуелі ініңе


Некеленген кім депсің.


Некеленген кім десең –.


Некеленген әуелде


Тәблият пен Жәблият,


Осылай дейді қаулият,


Пормыларын сұрасаң:


Бір пормысы жыландай,


Бір пормысы шаяндай,


Мұның несін сұрадың –


Оқулы жанға аянды-ай.


Артық санап жүр едім,


Алдымдағы ағамды


Шариғаттан – алыстан


Жұмбақ шеш деп тіледің,


Өлтіремісің білмесем –


Бұқараның бірі едім.


Жаралып еді үш рет,


Иәжуіж беді Мәжуіж


Қайдан шықты десеңіз


Адам-ата нысанның


Шәһуәтінен шығып ед.


Хызыр, Лияс пайғамбар


Әбуһуд–мәнуді ішіп ед.


Ғаршыда тіреу төрт еді,


Жазулы тұр Құранда,


Иәумә изем Сәмәнйя


Хадис ортасында Құранның


Соның нышан-шерті еді.


Ысрафил сүргін десеңіз


Үш мәртебе үргенде,


Ғарасатқа айдап жүргенде


Құл болып таулар ұшар ма?


Адамзат, хайуан қысырап


Сәбилер бойдан түсер ме?


Қарап тұрсам, мысалға:


Жақын ағам жат болып


Ақыретті біл деп қысар ма?


«Нұн» деген сөзің нұр болар,


Жаратылған «нұн» мен деп


Бұл айтқан сөзің шын болар,


Жер аймағын көтерген


Мүйізінің ұшында


Яһуда өгіз сол болар.


Артыңда жеткен ініңді


Не қылғаның мыжыңдап,


Жүк салдың ауыр балаға,


Сұрағасын бұйымдап


Сөз қайырып жатырмын,


Жазығым жоқ ед ағама...


Сәттіғұл ақын бұл хатты алып оқыған соң інісінің жазықсыз екенін аңдапты, дегенмен оны тағы да сынау үшін екінші рет жұмбақ жолдайды:


Маңғыстау деген аймақтан


Екінші саған .бір сұрақ:


Далбақа менен Жалбақа,


Бұлардың шәрі қай жақта?


Заманы қатар іні едің,


Алматау менен Қаратал


Білгір болсаң, бұ не еді?


Үйілген қызыл құмдар бар,


Кімдерден қалған белгі еді?


Лаухы менен махфузда


Әуелі не зат сызылды?


Не себептен түрленді.


Ақ пенен қара, қызыл-ды?


Әзіреті Нұхының


Заманында су тасып


Қауымы қалай бұзылды?


Дәлектер қалай көгерген?


Суда жатқан әупілдер


Оны кім суға жіберген?


Ертедегі пайғамбар


Патшалық құрды нешеуі?


Бұл айтқан сөзін күнә емес


Бергі жерден айтылған


Иәжуіж, Мәжуіж бұл емес,


Молдалардың айтқанын


Тыңдамаған жөн емес,


Осы сөзді шешем деп


Талайлар болған келемеж...


Сүгір жырау бұл жұмбаққа


былайша жауап жолдапты:


Сәтекем сөздің иесі еді,


Дарияны енді кешелі,


Екінші айтқан жұмбақты


Басынан бастап шешелі,


Артыңнан жеткен ініңді


Көп сынадың-ау, шешенім.


Жалбақа ме Далбақаң


Болған жандар деседі,


Мекендеген зат дейді


Аспан мен жердің арасын,


Адамзаттары дулаған


Қозғалып қойдай шулаған,


Шәһәрлері бар дейді


Зәмүрзатпенен булаған,


Қолды-аяққа тұрмаған,


Аспаннан тіреп қаққан жоқ,


Үстінен байлап тартқан жоқ


Өзі жүрген кідіріп,


Осы сөзді шеше алмай


Талайлар қалған мүдіріп


Магнит бұлты сияқты


Аспан мен жердің арасын


Өзі жүрген жүгіріп


Осылай болған зат еді.


Екі сөзің Алматау –


Ол Маңғыстаудың аты еді,


Қаратал деген дария


Әркімге болған жария


Әзіреті Нұхының


Заманында су тасып


Бір жерлерді қыр етіп,


Бір жерлерді ой етіп


Жер бетінде жатқан қызыл құм


Ұйытып кеткен сол дейді


Жер тәңірін той етіп.


Һәмме, жаһан, адамзат


Көп қалды дейді қырылып.


Борқай деген аралдан


Каспийге құйған бұрылып


Шілікті, Құрша – қос қапы


Сол күндер қалған жырылып,


Су ішінде жатқан әупілдек


Перғауынның бастығы,


Пайғамбарларды қырам деп


Суға түсіп кеткеннен


Шыға алмай қалған түбінде


Жатыр дейд содан әупілдеп.


Сәлем де шайыр тарланға,


Көңіліме келді азырақ


Екі рет жұмбақ жазғанға;


Мұңал түгіл Жаулы едік,


Бірге туған ауыл еді,


Сіздіңменен бәсім жоқ –


Ішінен Бекет-пір шыққан


Біз Адайдың сауыры едік.


Дұғай сәлем, тарланым,


Әуелі тиген өзіңіз,


Айтқанға, аға, шамданба,


Жаратқан Алла – Жаббар Хақ


Бұл дүниенің жүзінен


Үлес алды әркім бақ.


Отыз ауыз менде жұмбақ бар;


Бәрі тегіс шешілсе


Менің түбім сарқылмақ...


Сәттіғұл ақын бұл жауап хаттарды оқып шыққан соң бұл іс өзін де, інісі Сүгірді де айдап салуды арадағылардың ісі екендігін түсініпті, сонымен бірге інісінің жауабына да риза болыпты...






Пікір жазу