СҮГІРДІҢ ӨСИЕТ–ТОЛҒАУЫ
Қарайған халық келіп жиылғасын,
Кеудеден алуан жырлар құйылғасын
Сүгірдің өз басында еркі бар ма
«Сөйле» деп көп жамағат бұйырғасын.
Бұл күнде қатар-құрбы, теңім бар ма,
Қолымнан сарқыт ішкен келін бар ма?...
Бісміллә-раһман-раһим –
Әуелі сөздің сарасы,
Атамыз Адам-Жабалдан
Жаралғалы бер қарай
Малғұн-шайтан мәуіттің
Болмаған қабыл тобасы,
Жақсы менен жаманның,
Жүйрік пенен шабанның
Жер менен көктей арасы.
Қалмайды ажал кезектен
Және де мысал айтайын
Дүние жисаң, әлеумет
Біреудің хақын жемесең,
Алланың берген тағында
Талайдың гәуһәр-нұры бар,
Және бір мысал айтайын:
Біреулер бай ғой, байқасаң,
Біреулер жарлы, мысалы,
Байға көңіл салынба,
Жарлыларды жылатып
Байлықта әлек бар дейді
Болмаса зекет малында.
Құр байлықтан не пайда
Күнінде ішіп-жемесе?
Төрдегі тұрған ақ сауыт –
О да бір күн тұл қалар
Ақ денеге кимесе,
Белдеуде тұрған арғымақ
Жайыменен тең болар
Кезентіп ерлер мінбесе,
Сұлудың көңілі жер болар
Артынан бала ермесе,
Ағаның көңілі жер болар
Басынан кетіп базары
Артынан іні ермесе.
Жолдас болың жақсымен –
Бұ да зәмзәм суындай,
Сусағанда қандырар
Азамат ерлер шөлдесе.
Мұхамбетке үмбет болғандар
Иманға көңілі толғандар
Лә илаһа иллалла
Мұхамбеттің шарғы жолынан
Сөйлесін тарлап Сүгірің
Яхұт-маржан соңынан,
Шығара гөр, Жасаған,
Сүрінген күні пендеңді
Лаулаған тозақ торынан,
Ахиреттің күнінде
Салған күні таразы
Көп шығар деп күнәмді
Ахиреттен қорынам.
Лә илаһа иллалла
Мұхамбет расулалла
Сынап бізді жібердің
Ырзық қылып иманға,
Көңілім кетті аспалап
Арқасында Адайдың
Мол дүние жиғанға,
Халқым берген мол ырзақ
Арашады болар ма
Қызыл таңда көз жұмып
Шыбын жанды қиғанда?
Жастыққа тисе жұмыр бас
Қалармыз бір күн налынып,
Ағайын-тума, қарындас
Қамығарсың бізді сағынып.
Бауыры суық қара жер
Мамықтай жұмсақ боларсың,
Жатарсың-ау бір күн үстімде
Әміре топырақ жамылып,
Күрмелген күні қызыл тіл,
Қырық қадам қабірден
Адамдар кейін қайтқанда
Мүңкір-нәнкір қасыма
Жақындап келіп тергесе,
«Сөйлесейік, Сүгір деп
Не деп жауап бересің
«Жинаған дәулет мүшелі
Тегістеп жауап бер десе?
Адай тіккен шаңырақ
Ал, енді ырза боларсың,
Сексенге келіп қайран жас
Қаруым кетті құлданған,
Қолыма алсам домбыра
«Қайран дауысы Сүгірдің.
Құлағыма келді» деп
Жеңгелерім де көп еді
Нар мая дай ырғалған,
Балдарым да көп еді
Дабысымнан үлгі алған,
Құшақтап аттан түсіріп
Сөзімнен нұсқа-жол алған,
Жарылғайд-дағы Жасаған
Құлым десе айтқан дұғамнан.
Өзім де болжап жатырмын –
Салыстырсам, көп екен
Сауаптан қылған күнәміз,
Алла, Нәби-Мұхамбет,
Біз – күнәһәр пендеңбіз,
Барған күні алдыңа
Өзің назар салмасаң
Жанған оттай сөнгенбіз...
...Кешегі жастық күнінде
Молдалар айтса алыстым,
Бірталай жерге барыстым
«Күнәлі жалғыз мен бе? – деп,
Тексерер мені сен бе? – деп
Күнә болса жыршылық
Абыл мен Қабыл екеуін
Жеті түрлі сазбенен
Кеудесіне сыйғызып
Туғызған мына мен бе? – деп.
Алланың берген ақ сөзін
Айтпа дейсің халқыма,
Қанша бір молда болсаң да
Ақылың пәмді өлшеулі
Осы бір жерің жөн бе?» – деп
Мұсылманға салынған
Сегіз жұмақ сарай бар,
Жеті тозақ және бар:
Біріңді тозақ –өлгенде
Кірлеген көңілдініңнен,
Екінші тозақ болад дейд
Сүйексіз қызыл тіліңнен,
Үшінші тозақ және бар
Некесіз алған жарыңнан,
Төртінші тозақ және бар
Зекетсіз берген малыңнан,
Бесінші тозақ және бар
Қарасы көп басында
Ағаң менен ініңнен,
Алтыншы тозақ және бар
Ағайынды сыйламай
Желденіп көңіл ісінген,
Жетінші тозақ болад -дейд
Теріс қылып-ісіңнен.
Көтерілмей топырақтан
Қиналад дейді пендесі,
Сол уақыттар болғанда
Жылайды дейді, қарағым,
Қайғыланып һәммесі,
Ашылад дейді көңілдің
Құлһуалла пердесі.
Сол уақыттар болғанда
Айтады дейді бір Алла: –
Ей, күнәһар құлдарым,
Білмедің бе дүниенің
Азырақ, ермек қылғанын.
Бес уақыт намаз, отыз күн
Ораза, намаз тұтсын деп,
Ризық қылдым білсін деп –
Сонда да мені білмедің.
Екі аяқты қондырдым
Өле-өлгенше тірлікте
Пырақ қылып жүрсін деп –
Сонда да мені білмедің
Сені жаяу қылмадым
Жүйрік бердім астыңа
Өле-өлгенше көсілтіп
Жорғасын мына мінсін деп,
Жәннәттен алып мал бердім
Сорпа ішіп, етін жесін деп,
Аузыңа маржан тіс бердім
Қиналмай рахат көрсін деп,
Қойныңа салып жар бердім
Раушан ойнап күлсін деп,
Ұл менен қызды мен бердім
Өріс қылып тірлікте
Барып-келіп жүрсін деп,
Жеті қат көктің үстіне
Түрлі жеміс шығардым
Шырынын татып жесін деп,
Ауру бердім тағы да
Аспалаған пендеге
Кәлимаға тілі келсін деп,
Үстіңе мына ақ сауыт
Он екі қабат кигіздім
Күнге күймей кисін деп,
Дәреттеттім үстіңді
Жұмаққа таза кірсін деп,
Әмірімді білсін деп –
Сонда да мені білмедің,
Дегеніме жүрмедің,
Сәбидей алдым балаңды
Тозаққа жақын барғанда
Атасы менен анасын
Арашалап алсын деп.
Қабаты қалың қара жер
Әуелден сенің анаң ед –
Анасын келіп емсін деп.
Сегіз жұмақ-пейіште –
Біріншісін байқасаң:
Әліп мен мүйім, құн деген,
Екінші жәннәт, байқасаң –
Құлқуалла бір Алхам,
Соның қалпын байқасаң,
Тар лахат – жалғыз сымменен
Ысырат-майдан күнінде
Алдыңда тұрған құрма бар
Пайғамбар мінген пырақтың.
Реңі иман мұң деген,
Қолындағы асасы
Інжіл ғайып мұң деген,
Мәриям, Жақып, Ыбырайым,
Смағұл менен Ысқақтар
Жүгіріп шығар алдыңнан
Смағұл жатқан жерінен
Жәннәттің суын шығардым
Пендесі келіп ішсін деп,
Арапа таудың басында
Адам-ата, һауа-ана
Екеуін қатар жатқыздым
Баурынан сені өнсін деп.
Аспалаған көңілі
Сен де пақыр пендесің
Соларға тіпті сенбеген»...
...Адайда Сүгір мен едім
Ортасында халқымның
Осылай сөйлеп көлбеген,
Ырза бол Алла, Мұхамбет,
Бес парыз намаз, ораза
Өтей алмай артыңнан
Көңілім бүгін сарқылған,
Басыңнан бағың кеткен күн
Қатын-дала, қара орман
Жаныңды алып қала алмас,
Перзентің тәтті болғанмен
«Керек еді-ау атам» деп
Орыныңа бара алмас,
Ағайын-тума, қарындас
«Сүгірді бізге қалдыр» деп
Арашалап ала алмас.
Бүктетілген нарыңды
Үш жерінен буарсың,
Бұйыртса Тәңір тар лахат
Бір құман сумен жуарсың,
Тірлікте Сүгір болсам да
Әзірейіл шылбыр салған күн
Қоштасып Адай, қоярсың..
Сол күнге, егер, шын болса
Шығады дейді алдыңнан
Сәби кеткен пенденің
Махшардағы баласы,
Жатқан шығар әркімнің
Тоғыз ай он күн толғатқан
Арулап сүйген анасы,
Біреудің кетті арманмен
Әлдилеген баласы,
Біреудің кетті арманмен
Інісі мен ағасы.
Қысылған жерде қолдаған
Баршаның Алла панасы,
Қас жаманға бақ қонса
Жақсыға жұғар жаласы,
Әлсіздерге бак қонса
Қағбаның салған қаласы,
Әзәзіл малғұн шайтанның
Ахирет күні болғанша
Қалмайды бізден қарасы,
Сөзімді қате демейді
Алхамға тілі айналған
Мұсылманның баласы.
Махшар күні болғанда
«Келдің бе Сүгір, енді?» деп
Алдыңнан шығар екпіндеп
Бастап шаш пен қасыңнан,
Сол уақытта көңілің
Қара жердей басылған.
Атағым менің Алашқа
Алпыс бес жыл шашылған.
Бұл Адайдың ішінен
Нарларын алдым ырғалған.
Қалы кілем, қара нар
Мамық төсек жамылдым
Жақсылардан үлгі алған.
Аға мен жеңге, аман бол,
Бұл кетіпті бұ күнде
Томағалы жорғаңнан,
Келіндерім, аман бол –
Тіршілікте көз көріп,
Шай құйып беріп алдымда
Ибалықпен бүгілген,
Дауысымды есітіп
Артымнан талай жүгірген,
«Сүгір келді» дегенде
Ағаларым да көп еді
«Сағынып қалдым, шырағым,
Келмей неге кеттің?» деп
Құшақтап аттан түсірген,
Жеңгелерім де көп еді
Атымды айтпай, ұялып
«Салқам бала» деп атаған,
Асылы едім арудың
Алқаны көрсе жасарған,
Келіндерім де көп еді
«Қайнаға келген екен» деп
Тұлабойын жасырған,
Сары самаурын, ақ құман
Төгілген маржан қасынан.
Құдіреті күшті бір Алла
Баршаға ырзық-дем бердің,
Он төрт қабат аспан-жер
Артық-демсіз тең бердің,
Үміті еткен өзіңнің
Қабаты қалың қара жер
Алты қанат ақ орда,
Бәсеке-бәйгі қалынып
Тар лахат күні болғанда
Бір Алла нұрын төгер ме
Жалынсам, қызыл тілімнен?
Сүгір шайыр атандым –
Ат пенен шапан, нарларын
Тауысыпты деп талайлар
Айтады өсек ізімнен.
Қапыл дүние, қараңғы
Болмайсың жолдас бізіңмен,
Таразыға салған күн
Арашалар адам жоқ
Қызыл тілім күрмеліп
Қиынға шарғы салған күн
Не қылсаң да, Алла, еркің бар
Пейілі кеткен пендеміз –
Көреміз–дағы пазылдан.
ШЕЖІРЕ ЖЫР
Әуелі, Алла, жараттың
Аспан мен жерді пәм етіп,
Алты мыңдай міллатің
Көк миуалы көгерттің
Жер жүзіне сән етіп,
Жебірейіл періште
Жетпіс жыл билеп адамды
Бізге Құран ал деген,
Әзіреті Нұхының
Уақытында су тасып
Мұсылманның баласын
Кемeгe барып сал деген.
Әузі деген кәпірге
Кемеге мінбе, қал деген,
Періштелерге бұйырып
Әузінің терісін ал деген,
Асық жілігін кәпірдің
Дарияның бетіне
Көпір қылып сал деген,
Терісінде сол күнде
Төрт үлкен дария бар деген
Дарияның атын айтайын:
Жайхұн, Шайхұн, Мін, Парап
Нұхыға түгел ал деген.
Ай менен күнді жараттық
Реушен жарық шамменен,
Ыбырайым, Кенған екі ауыл
Алжасып дінге таласқан,
Кенғанның бір әулеті
Іше берген арақ-шараптан.
Ыбырайымның әулеті
Келемесін қайырып
Ақан таудың етегі
Арапа бізге болсын деп
Алты тақта Араптан
Әжі барып дәм татты.
Әжі білімді бұлақтан
Он сегіз мың ғаламды
Сонда Сүлейменге сұратқан.
Мұсылман, кәпір бірігіп
Араласып жүргенде
Құлшылық үшін құдайға
Мұхамбетке үмбет болғанда
Бір діндегі халықпыз,
Атамыз Әнес саһаба.
Мұсылманның баласы
Жүз жиырма бес таңбалы
Осы отырған көпшілік
Сол Әнестің аумағы.
Арабтар асып кетіпті
Мекке, Мединә болад деп
Мұсылман діннің қақпағы,
Асанқайғы, Қазтуған
Алты жұрт кеткен бұл жерден
Әнестен туған Жабыл-ды,
Түп атамыз Майқы би,
Жайылхан мен Сейілхан.
Сейілханның баласы
Сегіз арыс түрікмен
Ахалтеке, Ерсары,
Айладыр, Шәуміт дегізген
Әуелі туып егізден
Түмен деген кісіні
Кіндікі-ата дегізген,
Ат мініп, қару асынған
Айладыр деген батырға.
Шәудір деген бір ауыл.
Қазақ пен Қалпақ бір туыс
Жақын екен арасы,
Қазақ пен Қалпақ – екі ауыл
Алау батырдың баласы,
Қалпақ екен ағасы.
Қалпақтың келіп алған жер
Әмудария сағасы,
Төменгі жер ер Сұлтан
Мұның көлігі қалған жер
Әр шаһәрдің қаласы.
Қоңырат, Шымбай – екі шәр
Бұл Қалпақтың салған қаласы.
Ағарыс пенен Жанарыс,
Кішісі – атам Бекарыс –
Үш ананың баласы.
Қарабайырлы Ғания,
Сауран менен Сыр бойы
Көшпелі болып сахара
Қырға шығып кетіпті
Кіші Жүздің баласы.
Жалайыр мен Дулат-ты
Ұлы Жүздің баласы,
Арғын менен Қыпшақ-ты,
Қоңырат, Найман – төрт ауыл
Ортаны мекен етіпті.
Қатықсыз қалмақ жерінен
Білімді би, төремен
Тап сол жерде айрылып
Әлімұлы, Байұлы,
Табын, Тама – Жетіру
Төмен қарай бұрылып
Тарбағатай тауынан
Қатықсыз қалмақ жауынан
Бері шығып кеткенде
Сауранға келген ел екен,
Мекен еткен жері екен.
Сонда екі арасын бітірген
Хайбазы деген хан екен.
Кіші Жүздің ішінде
Мейірлі шалдар бар екен,
Алшыннан бергі кейінгі
Нәдірқожадан туған жеті ауыл
Тама, Табын, Кердері,
Рамазан, Тілеулі,
Жағалбайлы Керейт пен
Міне, осымен аршылған,
Тастамай айтсам артынан
Құлақта үні сарқылған
Шығам ба бүгін шаршыңнан.
Қаракесек, Әлім, Шөмекей
Майлыбай Әлім ағасы-ай,
Алты аталы Әлімнің
Би Шолпан дейді анасы-ай,
Жоғарыдан келінген
Жосаба менен Қосаба
Әлім мен Шөмен алады.
Арғын, Самал – екі су
Тама, Табын алады,
Жағалбайлы, Кердері
Жайыққа таман барады,
Қарабау мен Қаракөл
Есентемір, Беріш ел,
Ысық, Шеркеш – Байұлы
Кең қонысты алады.
Ұран «Бақай» Қаратаз –
Жастабан, Шарғи, Келдібай
Бұлардың қоныс еткен жер
Атыраудың сағасы.
Жәнібек хан кезінде
Салдырған шебер алдырып
Аштархан деген қаласын.
Кіші Жүздің баласы
Мекенсіз болып тұрағы
Сонда Адайдың баласы
Жетпіс үй екен шамасы,
Қонысына өкпелеп
Қырға қарай салады,
«Егізім Адай көшпе» деп
Аласақал Алаша
Байұлының баласы
Артынан қуып барады.
Тыңдамады айтқанды.
Оқ-дәрісін текшелеп
Шетінен бір шығам деп
Есболай, Шотан, ер Есек
Маңғыстаудың үш түбек
Бұл Ноғайлының жері екен,
Қонып алып Адайлар
Құдықтың көзін ашады,
Манағы келген жетпіс үй.
Төрт мың үй болып жасады
Төрт төрткілдің басында
Мекен етті ел болып
Алпыс жыл қадам басады...