АҢДАМАСҚА АРНАУЛЫ
Бісміллә – сөздің анасы-ай,
Сөзімнің дұрыс сарасы-ай,
Әйелді осал демеңдер,
Әулие, шайхы, пірлерің
Һауа-ананың баласы-ай,
Бұл сөзді жалған демеңдер
Хисса-әнбия кітапта
Тұрған шығар расы-ай.
Ағузы біллә сөзге бас,
Жоғалды асыл гәуһар тас
Бұл сөзімнің иесі
Кешегі өткен Аңдамас,
Аңдамас емес шын аты
Аты төре Бибі екен,
Мейманға асқан тамағын
Бөліп-бөліп жейді екен,
Сол себепті атаған
«Аңдамас мырза» дейді екен.
Айтамын жауап толғаудан
Мұраты асыл болғаннан,
Асылың ару шандозсың
Адайға мәлім болып ең,
Айдамас-салқам адина
Әл-ләзинә әмәну
Еткен сөзім фәтиха,
Тамұқта дозақ жоқ дейді
Шашулы сүрең сахиға,
Тарыққан күні жәрдем ет
Әйелдің пірі Фатима.
Ретіменен сөйлейін
Таба алсам сөздің қошығын,
Еш адамнан кем емес
Демесе әйел асылың,
Айман, Шолпан, Қыз Жібек
Олар да сөзге тәсібім,
Олар да кетті дүниеден
Басынан бақыт хайт болып,
Ендігі туған балдарға
Қалсын деп жаздым бәйіт болып.
Асылдан киім киініп
Отырған төрде белсеніп,
Аулыңа қонақ келгенде
Алдынан шыққан теңселіп
Көшкен күні фәниден
Қара орман қалды еңселіп,
Артында балдар-пақырға
Қиын болған секілді
Балабай мырза-сахиға.
Қиын болмай не қылсын,
Ондай жан қайдан табылсын,
Еншісін алып шыққалы-ай,
Ұялы терек болғалы-ай,
Тірліктегі келбетін
Азырақ айтып толғалы-ай.
Атанды елге паң болып
Дәрежелі жан болып,
Көргендер оны көп айтты,
Мейманға еткен жабдығын
Тірлікте шайқап әз етті,
Денесі сұлу нәз етті.
Жарасар бәйіт құлқыңа
Бай баласы Балабай
Ғашық болып өзіңе
Қарамай алды әйелден
Ләззәт қымбат қырқыңа.
Сұлулығын сұрасаң
Көзінің алды мұнарған,
Көргендер шыққан құмардан,
Қазық өкше, күміс бас
Былғары сәнді етікпен
Шашбауың теуіп шұбалған,
Орамал аққа зер салып
Жібектен көйлек шығарған,
Қынай түрме буынып
Сұлулығы сыналған.
Тазалығын сұрасаң
Ерте тұрған азаннан,
Беденін пәктеп тазарған.
Қызметін бітірген,
Жиналып келіп абысын.
Санайтын ба еді бөтенге
Абысын түгіл алысын.
Мырзалығын сұрасаң
Қой етін бөліп аспаған,
Тәңірім желсөз бергесін
Аянып Сүгір не қылсын.
Асылдан киім киінген,
Көргендер көзі сүйінген,
Қайраңға біткен жас талдай
Үлкендер келсе үйіне
Сәлем етіп иілген,
Қонақ келсе үйіне
Қызмет еткен күніне,
Тайланған дүние көп жасау
Болады бұған кім ие?
Екеуінің байлығы
Тең бе екен сол күнде
Арқаның Қобда, Жемімен,
Әуелі бұйрық болыпты
Дүниеге келмекке,
Екінші бұйрық болыпты
Уақыт жетсе өлмекке.
Адамзаттың өмірі.
Бір күні сынған шытынап
Терезе әйнек шөлмек-ті.
Жан қысылып жатқанда
Үміт етті көбірек
Үш күн бұрын алдымен
Келіп тұрды қасына
Иман айтар молдасы,
Қасында Ноғай атасы.
Дүниеден өтер деп
Сарсаң болды бір басы.
Аңдамас атты аруың.
Ауырып жатып сөйледі
Сәлем айтып елдерге,
Қатар-құрбы, теңдерге,
Уақытында келмеген
Балабай атты ерлерге,
Жәрдем сұрап жанына
Жалынды шайхы, пірлерге: –
Жанымды құрбан етейін
Бұрынғы өткен дүрлерге,
Уақытымыз біткесін
Қарамай кетіп барамын
Қазына-жасау гүлдерге,
Үш баланы тапсырдым
Атеке, ене – сіздерге.
Разы болың біздерге.
Жұбайыма көп сәлем
Артымда қалған үш бала
Алдына aп атқа міндірсін,
Ұмыттырып ойынға
Жылатпасын, күлдірсін,
Жеті жасқа жеткесін
Мұратына жеткізіп
Артымнан Құран оқуға
Ғылымның хәрпін білдірсін.
Атеке, ене аман бол,
Қайнаға, жеңге, қайны інім,
Денсаулық баста тұрғанда
Еділге жүзді жайыным,
Алдымнан шыққай, Құдай-ай,
Қаріп пенен қасірге
Қолымнан берген қайырым.
Дәуренім, өттің бастағы
Алты қанат ақ орда
Артымда қалып барасың
Тігілген той да жастағы,
Күннен күнге мынау дерт
Жүрекке келді аспалы,
Санаулы күнім таусылды –
Адам шіркін біле ме
Басқа келген маусымды?
Қараңғы көрге барғасын
Естімей қалай жатармын
Өлгенде көрген құлыным
«Мамалаған» дауысыңды?
Жан тәсілім етерде
Балалар үзді жұлынды-ай
Өсірген сипап құлындай,
Алладан келген ақ бұйрық
Тыңдасын ба мұңымды-ай?
Сақтасын Алла саламат
Жазуменен фазылдан,
Көз жұмылып кеткесін
Шопан-ата басынан
Лаһат көрі қазылған,
Елі-халқы жиналып
Ортасынан шығарды
Айрылып асыл арудан.
Сол уақыттар болғанда
Жиырма күнге толғанда
Балабай, келді қойынан.
Ақ ордасы қалыпты
Базары тарқап – қаңырап,
Нар мая, інген шулап тұр
Ботасы өлгендей аңырап,
Шыдасын бұған не қылып,
Көзден жас кетті ағылып,
Балдарын көріп тұра алмай,
Өзгеге мойнын бұра алмай
Лаһаты қайда мұның деп
Көмгендерден сұрады-ай.
Қарсылық етпей Аллаға
Оқыта берді Құранды-ай.
Сол күні жатты күнімен,
Ертеңіне түнімен,
Арғымақ атын бекітіп
Аңдамас сұлу қасына
Балабай келді лекітіп.
Басына келіп сөйледі: –
Бір Жаратқан Құдайым,
Асыл жардан айрылып
Келіп тұрмын атпенен,
«Аңдамас салқам» атантып
Қойып едім баппенен,
Жатырмысың аман-сау
Жаңа отау – жеріңде
He дейсің келген еріңе?
Асыл мақпал, ақ ұштап
Орадың түрме беліңе.
Амалым бар ма, қайтейін
Сызылған қысқа деміңе?
Сонау алыс Жаңғақтан
Жете алмай қалдым шалығып,
Көре алмай қалдым жабығып.
Көңілде арман қалмас ед
Дидарыңды көрсек жолығып.
Ардақты ару, асыл жар
Үш балаға, жарыңа
Кетіпсің тастап қарамай...
Осыны айтып, егіліп
Жылады сонда Балабай. –
Қоя алмай қалдым тасыңды-ай
Қосылғаймыз махшарда,
Қашанғы тұрам басыңда-ай?
Осылай деп Балабай
Ортасынан Құранның
Құлһуалла аятты
Үш қайтара оқыған,
Кейін қайтып қапа боп
Еліне қарай шоқыған.
Балабай және сөйледі:
–Мен аулыма барайын,
Балдарымды алайын.
Арыдан ойлап қарасам
Жақсының алған талайын,
Ақ некелі жарымды
Барғанда бізге көрсеткей
Жаратқан Алла Құдайым.
Қазына-мүлік шашуға
Жете алмай қалды қысқа қол
Көріскенше күн жақсы,
Ахиреттік жолдас, аман бол.
Осылай деп мырза зауық еткен
Соңынан алған әйелін
Сем емес деп қауіп еткен,
Қауіп еткеннің белгісі –
Жетім қалған балдарды
Кезек-кезек әуп еткен,
Тағы бір, сұлу тағы алды
Ноғайдан туған Балабай,
Адал сүт емген жан екен
Жеткізді құдай балаға-ай.
Меймандары үзілмей
Ақ орданы қамады-ай.
Бұл сөзімнің аяғы
Осымен тамам болады-ай.
Осы сөзді айтқанда
Алдыма салды бас малын
Содан таңдап мен алдым
Дулығалы сар нарын,
Бір кілемді бір алдым,
Төрт түсті тағы түйе алдым
Қаншама алсам да беретін –
Одан көпті алуға
Өзім де тіпті ұялдым...