СҮГІРДІҢ МАҢҒЫСТАУҒА КӨШІП КЕЛЕ ЖАТЫП АЙТҚАНЫ
Қолыма қалам алдым жан барында,
Сәулетті екі көзде шам барында,
Ішінде мен халқымның Сүгір едім
Кешегі қалқа-жамал ән барында.
Туған жер, ана сүтің – затың қымбат –
Көз жасым мұңайғанда төгіледі,
«Келдің бе, Сүгір балам?» – дегендей-ақ
Жел қағып Ғайып – Ерен даусым шықса.
Жасаған, айып еттім сенен кетіп,
Туған жер – Қызылсу мен дөңнен кетіп
Жарыққа сәрсенбі күн келген жерім
Жоғарғы Елеғажы – Ешкіқырған
Бауырынан ана сүтін емген жерім.
Кешегі Тасастау, Қайнар, айран тақыр
Келгенде жеті жасқа жел көтеріп
Артына ғұламаның ерген жерім,
Келгенде он алтыға тамам етіп
Ырғалтып Адай-нәсіп көрген жерім.
Айналып сексен жаста қайта көрдім –
Қалмапты бізбен бірге ойнап-күлген
Кешегі базары қымбат аға-жеңге,
Қарындас, бірге өскен інілерім...
Ассалаумағалейкүм,
Оғыландыда атам Бекет сен едің,
Баба түкті шашты Әзіз
Тигізген тілге себебін,
Оғыландымен келулі Шопан-ата,
Қошқар ата әулие
Қараман ата пірлерім,
Оғыландының басында
Әкем жатыр Бегендік,
Әкемнің көріп бейітің
Көңіліме келді бір қиял,
Талпынған көңіл, бір Құдай
Жад етсем, Жаббар берер ме?
Абыл мен Ақтан, Нұрымдай
Талай жерде сөйледім
Байбақтыда Сырымдай.
Сәтекем еді жасы үлкен,
Бәлиде жүйрік Қашаған –
Бұларға кімнің таласы?
Бүгіліп бұлар кеткен жоқ
Олардан озып кеткен жоқ
Алты Алаштың баласы.
Жетімекте Аралбай
Араб, түркі, парсының,
Сәулесі еді шаршының.
Артынан жалғап сөйледім
Тигізді бізге қарымын,
Қасірет күннің салқынын.
Кешегі қиын күндерде
Жиырма жеті жасымда
Қамқа бөрік басымда
Келінберді, Құдайке –
Адайдың екі баласы
Талай өрдің қасымнан.
Ол қызықтың бірі жоқ –
Өттің-ау дәурен басымнан
Қиындық заман болғасын
Тағам таппай тарылып
Қыдырдым дүние сабылып,
Несібем айдап кеткесін
Алыста сенен жүрсем де
Тілегім менің сенімен.
Шапағат берген жер қандай,
Туып-өскен ел қандай,
Қартайсам да сағынып
Құрбы-құрдас, тең қандай?
Енді жоқ менің арманым,
Ағамен жеңге, қарындас
Ортасында шарладым.
Саламат-есен жүргенде
Ағайын-тума, қарындас,
Бауырларым өзалдан
Сүгір келді дегенде
Көрген жандар қуанған
Қолға шұбар ту алған
Бегендікұлы мен едім.
Туған жерім Маңғыстау
Алтынға сені теңедім,
Топырағың қымбат ежелден
Терезең биік көп елден
Ішінде батыр әр алуан
Есекмерген, Нұретбай
Таутайлақты өлтіріп
Жезтырнақты шөгерген,
Атағозы, Бердібек
Аяғын заман келтірген,
Әреттің ұлы ер Төлеп
Жауды көрсе шерленген,
Өмір менен Темір бар
Шапса қылыш кеспеген.
Балуанияз, Тұрмамбет
Ерегескен дұшпанға
Жалғыз шауып ұмтылып
Жаудан жесір айырған,
Он бес жасар ер Шабай,
Бұл Адайдың ішінде
Ер Қармыс пен ер Қонай,
Осылардың қайраты
Өшіккен жауды қайырған.
Иса, Досан ерлерім,
Оқ өтпеген зерлерім
Жібермеген Алаштың
Алдына дұшпан келгенін,
Айтпай ма Сүгір көргенін?
Кешегі заман-күн қайда,
Әттең Тәңір, қайтейін,
Елу менен алпыста
Тұлабойы тұңғышым
Есқуаттың зарпынан?.
Қарағым, қалқам, алтыным,
Саламат-есен саумысың?
Бүгін байтақ кең алқа
Ақ шымырау шалқыған,
Қарамаяның тауынан.
Сөйлеген Сүгір мен едім,
Тыңдаған халқым сен едің.
Сауаптан өткен күнәм көп
Тигізген жанға себебін.
Басыңнан бақыт ауған күн
Халқың кетер жат болып.
Алла деген құлдарға
Жеткізед дейді шапағат,
Қалың халқым аманат,
Қартайған күні Сүгірдің
Аға мен жеңге, бауырым,
Бәрің де болың саламат.
Хорезм, Қалпақ, қарт Арал,
Бәйбішем қалды артымда,
Атағым шығып алшаңдап,
Рауна, Көне, Тәженнің
Ұзарттым талай жерлерін,
Қайнысы болдым қадірлі
Алқалаған жеңгенің.
Халық ақыны атанған,
Алқаны көрсем жасарған,
Сауаптан қылған күнәм көп,
Бұл Адайдың ішінде
Жеңгелерім де көп еді
«Салқам бала келді» деп,
«Жырлар ма екен енді?» деп
Құлпырып талай сыйлаған.
Ағаларым да көп еді
Жорға мініп ырғалған,
Келіндерім де көп еді
«Қайнағаның дауысы
Құлағыма келді» деп.
Балдары талай жұбанған,
Інілерім де көп еді
«Сағынып қалдық, аға» деп
Жылауыма оралған,
Қыздарым да көп еді
Сары самаурын, ақ құман
Ақ дастархан алдаран,
Бәтиха алып бүгілген,
Ізімнен талай жүгірген.
Жаңылта көрме, Жаббар Хақ
Жез таңдайлы тілімнен,
Өлшесем шашым жетпейді
Көп екен елден алғаным,
Саламат болың Сарыарқа.
Маңғыстау туған шаңырағым
Сенің үшін садақа
Жеті шүде біреуін
Жолыңа сенің арнадым...