09.07.2021
  493


Автор: Сүгір жырау Бегендікұлы

СҮГІР ХОРЕЗМНЕН КӨШЕРДЕГІ ЕЛІМЕН ҚОШТАСЫП АЙТҚАН СӨЗІ

Кешегі Маңғыстаудың жерлерінде,


Cap, Қопа, Еділ, Жайық өрлерінде


Адайда аршындаған Сүгір едім


Халқымның алқалаған шеңберінде.


Ішінде мен Адайдың Сүгір едім,


Жалғаншы, өтеріңді мен білмедім,


Соғысқа кеткен құлыным күйігінен


Байқадым өнерімнің көнергенін.


Есқуат, еске түссең буыным босап


Білмеппін заманымның өзгергенін.


Айналып, қалған халқым, келе алмасам,


Хош болың һәм тілектес көз көргенім.


Сыйлыққа ат мінгізіп, шапан жапқан


ЬІрзамын аға-жеңге, іні-келін.


Белгілі ат дүбірлі Сүгір едім


Кетіп тұр бойдан қажар, кемеңгерім.


Аман бол, көре алмасам, Адайлары»,


Келмесін жас өмірдің абайладым..


Адайда Абыл, Нұрым, қарт Қашаған,


Кешегі Сәттіғұлдай болмасам да;


Елу жыл мерекеңді амалдадым.


Бүгінде дәм-тұз тартып бізді мынау


Аударып атақоныс – туған жерге


Балдарға кәрілік жайын хабарладым.


Күнінде топқа түскен томағалы


Арғымақ аршын жүйрік болсам-дағы


Бұл күнде бәсім кеміп, шабандадым.


Кешегі Хорезмнен көшерімде


Аралап ел-жұртымды бара алмадым,


Бірге өскен құрбы-құрдас, замандастым


Қоштасып, бәтихасын ала алмадым.


Анаңнан туғанда әуел жетеу едің,


Жетеуден қалған жалғыз Өтелгенім –


Айрылып құлынымнан қала алмадым.


Тәңірім басқа мынау салғаннан соң


Мәшінге бар жүгімді тиеп қойып


Сәбидей жан-жағыма алаңдадым.


Көз көрген көңіл-тату азаматтар


Қартыңның ескерерсің хабарларын.


Бірінші, енді аман бол Келінберді,


Құдайке – Адайдың екі баласы,


Өзгені айтып не қылам


Әр рулы елдердің


Өткен шығар күнінде


Бұлбұлдай шайыр данасы,


Бәлен-байтақ десек те


Сөзімді қате деген жоқ


Дидарыма кез келген


Кіші Жүздің баласы,


Ар жағын бөтен демеймін,


Қазақ түгіл, байқасам,


Алшын мен Кеншін – екі ауыл,


Өзбек пен түрікмен мен көрдім


Бұлардың да талай саңлағын.


Баяндап айтсам, жігіттер,


Көп болды бізбен қоштасып


Мәжіліс -дудың қалғаны.


Хош-аман болың арттағы


Келінберді, Құдайке –


Халқымның асыл шаңырағы.


Мен халқымның ішінде


Қанатымды қағып сермедім,


Халқымның болдым елу жыл


Еділ менен Жайықтай


Шалқыған дария ермегі,


Базарым баста тұрғанда


Таңқы емес едім – құрылық,


Көргенім жоқ ед, жігіттер,


Мәжіліс бастан бұрылып.


Бүгіндері, не пайда,


Біз құрыққа түскен құлыңбыз,


Не болса да көрерміз


Жасаған–Жаббар бір Алла


Әзіретке жүгініп.


Артта қалған балдарым,


Талаптаның талпынып,


Кеудеден кетпей дыбын жан


Қартайды қартың тартынып,


Құдіреті күшті Алланың


Сапырған мұхит сулары


Қаһарланған күнінде


Қалады екен бұ да сарқылып.


Жас та келді, мінеки,


Жетпіс беске – ұлғайып,


Заманым қайда бұрынғы?


Көп көрдің-ау, Жасаған,


Тұлабой тұңғыш Есқуат –


Әлдилеп сүйген ұлымды.


Қарағым қолдан кеткесін


Көңілден саулық бұзылды,


Кәріліктің шағында


Көз алдымда елестеп


Шығара алмай жүрмін ойымнан


Тірілей кеткен құлынды.


Хош-аман болың, қалған ел,


Жиналып басың, алқаңда


Бәтихаңды алған ел.


Қоныстың алды туған жер:


Жетібай, Өзен – Маңғыстау


Ақ Кетіктен бер қарай


Егескен жауды қуған жер.


Айналып туған Жеріме


Сапар шектім, жақсылар –


Біздер кімнің шекіресі,


Болмаған екен ажалға


Ешкімнің дауа-шарасы;


Кешегі өткен, қарасам


Әбубәкір Кердері


«Мен қазақпын» дегенге


Болыпты сыйлы данасы,


Сол Әбубәкірдің алдында


Адайда өткен Абылым –


Талай жерге таралған


Сөзің мен даңқың–дабылың,


Соның да шыққан соңынан


Жаманадай Нұрымым,


Іздегенмен таппайсың –


Тақыр бір жерде орыны,


Бәрін айт та бірін айт –


Таңда махшар күнінде


Алдымнан шығып аман-сау


Жолығар ма екен құлыным?..


Қашаған өтті шайырдан


Егескен жауын майырған,


Алашқа даңқы жайылған,


Сол Қашекемнің соңынан


Қарт Сәттіғұл кешегі


Халқына қылған базына


Заманының сазынан,


Айтпасам да болар ед,


Көңілге келіп бір қиял


Жалғастырдым тағы да,


Он екі перзент, қарасам:


Артында қалған бірі жоқ,


Алшаңдап жүрген асылдың


Өттің-ау басынан дүние-боқ.


Сол Сәтекеммен замандас,


Кезінде болған қаламдас


Бәубекте өткен Елібай


Сөйлеген сезді желіп-ай,


Көсемнің даңқын таратқан


Маңғыстаудың жеріне-ай,


Алғидың ала дөңіне-ай.


Ешкім де олқы дей алмас,


Таба алмадым Елеке,


Сөзіңнің, сірә кемін-ай.


Сол Елекемнің соңынан


Ескелді Сүгір мен едім,


Қайнарлы бұлақ-көл едім,


Алдыма шықса біреулер


Тілменен талай бөгедім,


Мен тізгінімді бермедім.


Аңсаған аға-жеңгелер,


Ендігі жерде еркімді


Өздеріңе бергенім,


Сарқылып, балдар, шөлдедім...


...«Ауылға Сүгір келді» деп


Ордасын талай сайлаған,


Сар самаурын, ақ құман


Ақ дастархан алқаған


Ағалар, енді амал бол


«Келді ме, – деп, – жыршылар?


Жеңгелерім де бар еді


Ботадай көзі жайнаған.


Тал шыбықтай бұралған,


Маржандай тісі құралған,


Талай бір менің үстімде


«Салқам бала келді» деп


Шыға алмаған құмардан,


«Жырлашы, қайным» дегенде


Талай жерде жырладым


Әзіл айтып кеңінен,


Әзілдеуші едік-ай жеңгемен,


Інілерім де бар еді


«Сүгір ағам келді» деп


Ат шаптырып, айқайлап


Сүйінші салған еліме,


Таратқан кенің даңқымды


Ырысты байтақ жеріме.


Көңілі құрғыр мастанып,


Біз жүре беріппіз, жігіттер,


Халқымның берген деміне...


...Келіндерім де бар еді


«Қайнаға келді» дегенде


«Реңін қалай көрем?» деп


Алыстан тұрып болжаған,


Құралын көптің жинаған,


Сызылып талай сыйлаған,


Құрбыларым да бар еді


«Қона кетші, құрдас,» деп


Талай бір жанды қинаған.


Қыздарым да бар еді


«Шай құйып беріп атамның


Бәтихасын алам» деп


Қыпша белі қайысқан,


Саусақтары майысқан,


Алты қанат ақ орда,


Біз кеттік, енді, аман бол,


Айрылып қалып барасың


Біз сияқты күнінде


Шабысы жүйрік арыстан,


Әлі де үміт етемін


Өзімдей бала туар деп


Шаршамайтын шабыстан...





Пікір жазу