09.07.2021
  224


Автор: Айтуар Өтегенов

Бір өзіңді...

Бір өзіңді теңедім,
Сүйдіретін Гүлге мен.
/Сенен басқа неге бұл,
Сұлу барын білмегем/.
Бір өзіңді теңедім,
Күйдіретін Күнге мен.
/Сенен басқа неге бұл,
Жылу барын білмегем/.
Бал күлкіңе теңедім,
Ләззатын жер көктің.
/Сенен басқа неге бұл
Шаттық барын көрмеппін/ .
Алданыппын бекерге,
Деген ойлар жалғасты...
Бірақ теңеу жетер ме
Махаббатқа алғашқы.
***
Еріктен тыс, еріктен,
Қарай берем класта.
Мен өзіңе неліктен
Ғашықтығым рас па?
Түсінбеймін өзім де,
Ынтығамын неге тым?
Үзілістің кезінде,
Бірге тұрғым келетін.
Алма бетің жанады,
Ерітеді тәнді не.
Сахнада саласың,
Тамылжытып әнді де.
Мүмкін мені баураған,
Сол әдемі ән бе еді?
Қос бұлақтан аумаған,
Бұрымың да сәнді еді.
Қылығың да сәнді еді,
Қыз Жібексің аумаған,
Талай естен танар ма.
Мүмкін мені баураған,
Оты мол қос жанар ма?
Арман қуып аңсаған,
Нұр сәулеге бөленем...
Өкінішім –
Мен саған
Бола алмадым Төлеген.
***
Армандап келем:
Кеудеме алау жақсам-ау,– деп,
Жұлдыздай жарық ақсам-ау, – деп.
Отаным үшін...
Боран тәрізді,
Ажалдың аузын жапсам-ау,– деп.
Ай қабақ ару құшсам-ау, – деп,
Ләззат-шарап ішсем-ау,– деп.
Зерлі аспан кеңістігіне,
Еркін бір самғап ұшсам-ау, – деп.
Арманға әсте
Гүл жастық деген маусым бай.
Аққудың әуез даусындай.
Түспеспін енді биіктен,
Арманым менің таусылмай.
Бақытым-ау,
Сәтінде сен жолыққан,
Терең деген теңізің де келмес еді тобықтан.
Өр қиялым аспанменен жатар еді таласа,
Тауларың да көңілімнен болар еді аласа.
Ақ жүзіңнен көмескі боп қалар еді Айың да...
Әнге салып тұрар еді ақ балтырлы қайыңдар.
Сырлы күй боп кетер еді маңайдағы үн біткен,
Ашар еді қауыздарын бақтардағы гүл біткен.
Кездеспей-ақ, келесің ғой,
Асыл бақыт тек әттең,
Басыма кеп қонарыңды күтіп жүрмін тағатпен.





Пікір жазу