Құлпырады Құлсары
(Жылыой ауданының 80 жылдығына)
Бүгін, бүгін Құлсарының нұр шағы,
Сексен жылдық желкілдейді жыр сәні.
Қарашүңгіл – кәрі атасы жебеген,
Құлпырады қызыл-жасыл Құлсары.
Басып өткен бұл өмірде нық қадам,
Құлсарыдан кімдер, кімдер шықпаған?!
Өтебаев, Өтесінов, Мұқашев,
Мұнай-газдың аталары – мықты адам.
Көз тартады мұнаралар қырдағы,
От – моншағы нұр төгетін – сырлары.
Әлем бүгін атын білген ұлдары –
Ұзақбайы,
Балтабегі,
Нұрланы.
Қаламастан бұл өмірдің жеңілін,
Аямастан төгілгенін терінің.
Туын көкке желбірете білді олар,
Тәуелсіз Қазақ Елінің.
Бұларменен алаулады жалын жыр,
Бұларменен танымым бір, қаным бір.
Соғыстан соң ашқан дүние есігін,
Құрдастарым бұл.
Дала сәні қызыл-сары гүл болар,
Асыл ғана қан базарда пұл болар.
Жаңа-жаңа тәй-тәй басқан ел үшін,
Мұнай әнін әсем шырқай білді олар.
Көгере де білді және сынды олар,
Шын ұландар қиын сәтте шыңдалар.
Бұл шежіре талай әлі тыңдалар.