Тұз күмбездері
Төсіңді
Кім теспеді,
Кім кезбеді,
Аш бөрідей жортумен бір кездері.
Атырауым, көп сырды бүгіп қапсың,
Тосқауыл боп қалың түз күмбездері.
Ал, ұлдарың таниды көре біле,
Маржан ғана құяды зереңіне.
Сол маржанды,
Қызғаныш пейіл ме екен,
Жасырыпсың жеті қат тереңіңе.
Дегенсің ғой түсінем,туған далам:
Жетпей қоймас арманға қуған балам,
Қазір барып жасайды бір сілкініс,
Кабель-жылан қойнында сумаңдаған.
Мұрат үшін көрмеген жасап әлі,
Ұлың тұрар кеудеде тасып әні.
Қыз бұрым боп өрілген бір дария,
Құрсағыңнан жарыққа асығады.
Осы сәтте бұрқанып туласаңыз,
Фонтан,
Фонтан,
Ура! – деп шуласамыз.
Атырауым келер ме ең қыз қалпыңа,
Мына біздей жұмысшы ұл тумасаңыз.
Сенің атың мақтаныш бұл күндері,
Бұрын мұндай бақ қону мүмкін бе еді.
Сенің шашбау,
Моншағың,
Шолпыларың,
Самалалар жайнаған нұр түндегі.
Демеші енді, төсімді кім кезбеді,
Құпиясын ашпаған бір кездері.
Мұхиты боп мұнайдың сыр ақтарды,
Бізге бүгін тұз асты күмбездерің,
Күмбездерің сарқылмас жыр көздерім.