09.07.2021
  194


Автор: Айтуар Өтегенов

Қазақ елі

Өткен мыңжылдық,
Бізге не берді?
Талай қынжылдық,
Талай көгердік.
Қазақ жел есіп айдары,
Батыры, бағланы, билері, байлары.
Ту ұстап жадырап, сүт беті қаймағы,
Ұлы даланы еркін жайлады.
«Сүйем деп сұлу қыз,
ішем деп қымыз».
(Білеміз бұлардың қызықты буын біз),
Желіге құлын байлады.
Ұл туса келіні, көкпар сап тойлады,
Қайтадан желбіреп көк бөрі байрағы.
Сөйтіп біз әр жақтан әр ру жиылып,
Ортада бір көлге бұлақ боп құйылып.
Ақбоз ат шалынып, ақ киіз оранып,
Аллаға сыйынып,
Ұлт болып ұйыдық.
Ай тұрды төбеде күлімдеп қиылып.
Сонан соң...
Біз талай сеніп қала жаздадық,
Бірақ... қайта маздадық.
Өзгеге бодан боп көніп қала жаздадық,
Бірақ... үміттен көз жазбадық.
Жұлқыстық,
Қырқыстық,
Қастастық,
Достастық,
Таластық,
Жарастық.
Қол созып ғасырдан ғасырға
Әйтеуір әрі астық.
Сөйтіп өткен мың жылдың жартысы,
Біз үшін Өмір мен Өлім тартысы
Болыпты.
Мен соны ұқтым.
Соңында толыстым, толықтым,
Бұғаудан босанып,
Қайта жасарып,
Бақпен, Бақытпен жолықтым.
Міне, енді
Үшінші мыңжылдық келіп тұр.
Төгем деп Қазаққа көрік-нұр.
Ей, Алла! Қыдыр түн өзіңнен тілерім,
Келіндер құрсағын бос қылмай,
Барыстың етіне жерік қыл.
Болады бұл ғасыр:
Енді өрлеу, өркендеу,
Өмірді көркемдеу.
Атанып алаштың арысы –
Азия Барысы Қазағым гүлдейді,
Гүрлейді Ертеңдер...





Пікір жазу