09.07.2021
1877
ӨМІРІМЕ РИЗАМЫН
Біреу мені даттаса да, мақтаса да,
Біреу сынап, енді бірі жақтаса да.
Өміріме ризамын, шүкір етем,
Кей арманым мақсатын таппаса да.
Біреу мені ренжітсе де, қуантса да,
Құзға итеріп біреуі, жұбатса да.
Өміріме ризамын, шүкір етем,
Қатал тағдыр сүріндіріп, құлатса да.
Мұңаймаймын "байлық қолда болмады" деп,
Бұл өмірім "жайнамады, оңбады" деп.
Өміріме ризамын шүкір етем,
Керегі тек "амандық" болғаны деп.
Ел қатарлы демалысқа бармасам да,
Әр күнімді үйде отырып жалғасам да.
Өміріме ризамын, шүкір етем,
Биік шыңға қанат қағып, қонбасам да.
Басқалардай сауық-сайран құрмасам да,
Көңілім түсіп, кейде налып, жыласам да.
Өміріме ризамын, шүкір етем,
Кей адамдар шаттығымды ұрласа да.
Мен сондаймын, әр күніме тәубе етем,
Болмаса да әрбір күнім бал мен шекер.
Өміріме ризамын, шүкір етем,
Тағдыр жолы мұңайтса да күннен бетер.
Сыйластықтан танбаймын, мейрімдіктен,
Аулақпын мен өзімшіл, менмендіктен.
Өміріме ризамын, шүкір етем,
Алла мені қолдап әркез мейрімді еткен.
Жібек Искакова