09.07.2021
  247


Автор: Айтуар Өтегенов

Шөжеп сұлу

Даттау күпір әруағын өлгеннің,
Мақтау күпір мырзалығын бергеннің.
Бір-біріне оқ кезеді садақтан,
Екі әйелі батыр Тәңірбергеннің.
Екеуі де қызы еді тектінің,
Екеуі де сұлу еді жоқ міні.
Екеуі де бір-бірінен ассам деп,
Бір тарқатып, бір өргенді кек тінін.
Жеткен сөздер мынадай сыр шертеді,
Екеуі де еркек үшін өрт еді.
Бәйбішесі болса да сәл байсалды,
Ал тоқалы тым өр еді, ерке еді.
Сол еркелік, сол еркелік, еркелік,
Бал денесін өрекпітті өртеніп.
Ел таңырқар жасатты оған бір тойды,
Енді содан азғана сыр шертелік:
Бұл өмірден көп еді оның алмағы,
Тоқал атын жою еді арманы.
Бекбике ме, салуалы бәйбіше,
Ал Шөжептің тоқал аты қалмады.
...Үш күн бойы қалың елді тойлатты,
Үш күн бойы он боз бие байлатты.
Үш күн бойы бозбала, бойжеткенге,
Алтыбақан ойнатты.
Қамшы астында сабы күрең; тобылғы,
Боз биенің ақ сүтіне шомылды.
Сосын шығып қалың жұрттың алдына:
Кешір — деді, — менің мұны-онымды.
Мен бір бақта жұпар атқан гүл едім,
Үзілдім де, бірақ қайта түледім.
Тоқал деген кемсік аттан құтқарып,
Бәйбіше деп атасаңдар тілегім.
Тәңірберген болып өтсін тәңірім,
Соған ғана енді қалған өмірім.
Орындаймын екі етпеймін ешқашан,
Оның айтқан әмірін...
Деді халық Шөжеп сөзін құптасып:
(Қазы асап, дөнен қымыз жұтқасын).
— Дұрыс Шөжеп, Тәңірберген үшін сен,
Қыз Жібексің, Гүлбаршынсың, Құртқасың.
Бақыт сыйлар болсын саған алда күн,
Тек кермексіз өмірің сүр, бал татып.
«Ханым» деуге лайықсың бүгіннен,
Әлгі анау... қалды атың...
Той тарқады, той тарқады, тарқады,
Сыйға алып, бір тай, бір-бір марқаны.
— Жаппар Құдай тілегімді — берді — деп,
Шөжеп сұлу кеңге салды арқаны.
Әркімдерде әртүрлі ғой ой шұбар,
Жылқышы бар, түйеші бар, қойшы бар.
— Қайдан келе жатсың деген сауалға,
Былай депті (әлгі бетпақ) тойшылар:
— Талай қызық, талай шұжық көргенмін,
Болмау керек еш өкпесі ерге елдің.
Ерке тоқалы еріккеннен той жасап,
Батыр Тәңірбергеннің...
Содан келем, ха-ха-ха!





Пікір жазу