09.07.2021
  256


Автор: Айтуар Өтегенов

Ару жемнің жағасында Ақмешіт...

Ару Жем – ау,
Ару Жем –Жан дертіме дәру Жем!
Менің Мысыр Шәрімсің.
Намысымсың, Арымсың.
Дәмі аузымнан кетпеген,
Менің, менің алғашқы,
Гүл махаббат – балымсың.
Жүректегі жалынсың,
Ұмытылмас әнімсің.
Қажеттерім өзіңнен,
Табылмасын, табылсын.
Жарылайын ағымнан,
Менде, менде жүрек бар,
Өзіңді аңсап сағынған.
Менде, менде тілек бар,
Нұр арманға бағынған.
Сүңгігенмін, жүзгенмін қасиетті суыңа,
Бекет – Атам шомылған.
Шынымды айтсам егерде,
Мінім де бар аздаған,
Тереңіңе тұңғиық кетіп қала жаздағам.
Осы тұстан о, ғажап,
(Етем оған мінажат),
Тұратұғын тек қана жаһұт пенен лағылдан,
«Алтын Адам» табылған.
(Қасиетіңді туған жер жөндеп жырлай алмасам,
Шапалақпен аяусыз тартып жібер жағымнан).
Ару Жем – ау,
Ару Жем –Жан дертіме дәру Жем!
Тудың небір алыпты,
Соның бірі – Пір Бекет оқытсам деп халықты.
Сенің, сенің ең әсем ақ қайраңды жағаңнан,
Ақмешітін салыпты...
О, Ақмешіт, Ақмешіт!
Сен айшықта тегімді,
Сенде жатыр бақ – несіп.
Сен тербеткен елімді,
Аялаған ақ бесік......
91-дің күзінде етуге бір мінажат, келіп едім басыңа,
Балдызымды,
Бажамды
Және асыл жарымды ертіп алып қасыма.
Қасиетті мешітің төмпек болып құлаған,
Мұны көріп талайлар көз жастарын бұлаған.
Қасиетсіз заманда қасірет шегер бұл адам.
Құлап жатқан сайғақты тіктеп қайта шаншыдым,
Айтсам егер бүкпесіз осы менің бар шыным:
Желмен сыбдыр сыңсыды тоғайлықта құба тал:
«Ұмытылу шағында қасиеті мол бұл атаң».
Қаптап өрді үстіңнен судан қайтқан бір отар.
Ұшты бір топ пыр етіп қарабауыр-бұлдырық.
«Қуырдақтар кетті-ау» - деп қойды бажам күлдіріп.
Кәрі болар шамасы қара жылан қып-қысқа,
Сумаң қағып асықты көп қауымнан бір тұсқа.
«Аруақтар көрінер жылан болып» - деуші еді,
Әлі ұмытар емеспін, әлі ұмытар мен соны.
Қуанғанда ұмытып, қайғырғанда еске алар,
Бұл адамдар беу, сені.
Күн көзіне мүжіліп сайғақ ағаш қуарған,
Баяғыда айырылған топырағың құнардан.
Атыздардың бойдағы бар ылғалы суалған.
Жібек жолы ең бір кезгі жұрнақта жоқ ізіңнен,
Мұңаяды үн- түнсіз күмбез тамдар мүжілген.
Осы кезде о,ғажап, ұшып өтті төбемнен,
Бір топ аққу тізілген.
(Жалғанар деп түйдім мен жібек жібім үзілген),
Құлап жатқан сайғақты қара жерге шаншып ем,
Бойлап жүре берген-ді,
Жанарымда қуаныш ойнап жүре берген-ді.
Тік шаншылған сайғаққа ақ орамал байладық,
Ақ тудай ол желбіреп, көңілімізді жайладық......
Тағы келдім.
Ақмешіт келтірілген қалпына,
Күмбіздері күн сүйген салтыма сай, салтыма.
Пірдің ата- анасын қос күмбез ғып шалқытқан,
Кең Жылойдың әкімі Төкен неткен алтын, ә?!
Төкен аға басынан көп оқиға, көп қызық,
Мұқалмастан өткізіп.
Ата үшін нұр істі тастаған ғой орындап,
Бұрық -сарық еткізіп.
« Иман жүзді жігіттер тосты қайыр-қолдарын,
Мен тек қана оларға нұсқап бергем жолдарын» -.
Дейді ағам күлімдеп нұр жүзімен жайдары.
Шынында да ағаның тым бөлек-ау тойнағы.
Жасағанды астамдық алғызбайтын жағадан,
Оның кесек мінезін түсінбейді көп адам.
Ей, ағайын айтарым ісіңе адал, мият бол,
Тұңғыш меценаты қазақтың-Жомарт* бабам сияқты ол.
Пірім Бекет мешіті- берер бәрін тілесең,
Өсіріңдер бұл жерге хош иісті гүл әсем.
Аттарынды бәріңнің атай алмай барамын,
Жылойлық жомарт жігіттер,
Ата қолдап әрдайым, ақ жүрекпен жүр есен !!!

*Жомарт – Есімханның заманындағы бір соғыста әскерді тамақпен, көлікпен, қару-жарақпен жабдықтап, «Хан сыбағысы» аталатын қалмақ ханынының қолға түскен асыл бұйымдарын олжа бөлісі кезінде Ханнан қалап алатын Адай руының көсемі.





Пікір жазу