Аңыздарға сенемiн
Кiм айтты саған,
Аңыздың бәрi жалған деп,
Адамда рас орындалмаған
Арман көп.
Кiм айтты саған
Құжаттың бәрi
Шындық деп,
Адамда рас сызатты көңiл
Мұңлық көп.
Әдiлдiк те,
Ақиқат та
Ертегi мен Аңызда,
Сондықтан да ие болған ол мәңгiлiк маңызға.
Телеарна анау күндiз-түн
Ақпарат шашқан көпiрiп,
Мен бiлсем егер солардың…
Көбi Өтiрiк.
Уәкiлдерiң де ауданда
Әкiм қонағы…
Жоғары жаққа саналы түрде, саналы
Жұмсартып қана…
Жазуға әбден болады.
Мен берген цифр
Министрiңдi мәз қылар,
Солай, солай…
Жалғасар сапар, жол әнi.
Тiзбек те тiзбек өтедi сосын күн есен,
Құжат дегенiң
Архив дегенiң мiне сол…
Адамзаттың пәктiгiнiң желбiреткен желегiн,
Мен тек қана Ертегi мен Аңыздарға сенемiн.
***Бұл Өмiр тұрады:
- Қамығулардан, жабығулардан,
Торығулардан, зарығулардан.
Бағынатындардан, жағынатындардан.
Қаскүнемдерден, маскүнемдерден.
Алдаулардан, арбаулардан,
Зорлаулардан, зарлаулардан, қарғаулардан.
Есептерден, төсектерден, өсектерден,
Өксiктерден, өгейлерден, кедейлерден,
Сорлылардан, қорлылардан, темiр торлылардан.
Аумалы-төкпелiлерден, дүниеге өкпелiлерден.
Жоқ!
Бұл Өмiр тұрады:
- Армандардан,Ләззатқа қанғандардан.
Алау боп жанғандардан.
Үгiттерден, үмiттерден.
Батырлықтардан, батылдықтардан, татулықтардан.
Сенулерден, берулерден, жақсы көрулерден.
Махаббаттардан, шапағаттардан.
Алғыстардан, дана ойлы жалғыздардан.
Ақ тiлектерден, сүйенгiш тiректерден
Ғашық жүректерден.
Жомарттардан, мырзалардан,
Дүниеге ырзалардан.
***Наурыз,Наурыз,Наурыз!
Сен келсең, гүл атар бауымыз.
Сен келсең, жасарып Жер-Ана,
Сен келсең, асқақтар тауымыз.
Сен келсең, ағайын көрiсер
Шаттықты, қайғыны бөлiсер.
Арада өкпе-наз жойылып,
Сен келсең, араздар келiсер.
Сен келсең, көк кiлем - кең дала
Наурыз - шаттығым сен ғана.
Сен келсең,
Тамшалы тамсанып,
Сен келсең, шалқиды Шерқала.
Сен келсең, Ақтауым арайлы,
Аққу боп қанатын тарайды.
Мұнара көкпенен таласып,
Маңына паңдана қарайды.
Елiмнiң шығарып шырайын,
Құбырда тулайды мұнайым.
Бәрi де келедi еңбекпен,
Бiздерге бақ берсiн құдайым.
Тарихы тым терең бұрыннан,
Сыр шертсем аз ғана жырыңнан.
Наурыз, сен келген сонау жыл
Маңғыстау облыс боп құрылған.
Бұлбұлдар ән салар, тыңдашы,
Жүректер ғашық жыр жырласын.
Сен келсең, күн мен түн теңелер,
Қош келдiң, Наурызым – Жыл басы!!!