08.07.2021
  148


Автор: Айтуар Өтегенов

Еркіндік самалы

Қандай жұмсақ еркіндіктің самалы
Кеуделерге бірлік отын жағады.
Емін-еркін төрт түлігің жайлауда,
Бұлақ қырда емін-еркін ағады.


Шіркін-ай, Еркіндіктің Самалы бетіңе жұп-жұмсақ тиеді. Аймалап өтеді. Тынысың кеңейіп, кеудеңді кере дем аласың. Ән салғың келеді. Аспанға самғауды аңсайсың.


Бұл Еркіндік Самалы (бас әріппен жазылатын) біздің бетімізді қашан желпіп еді? Білем. Есімнен кетпейді. Әлі күнге дейін көз алдымда. Ол 1991 жылдың 10-шы желтоқсаны болатын...


Республиканың бүкіл халқы бірауыздан Президент етіп сайлаған Нұр-Ағаның өз қызметіне кірісуіне арналған Республика Жоғарғы Кеңесі сессиясының салтанатты мәжілісіне қатысуға шақырылғанымды естігенде қуанышымда шек болған жоқ. Өйткені бұндай рәсімге қатысу бақытына ие болу әркімнің маңдайына жазыла бермейді.


Осы салтанатты мәжілісте тұңғыш Президент депутаттар мен әр облыстан келген өкілдер алдында тұңғыш рет Ант қабылдауы тиіс екен.


Алып ұшқан көңілді кенет су сепкендей басып тастаған хабар келді. Әлгі біз ұшатын рейс жанармай жоқтықтан Алматыдан Ақтауға ұшпай қалыпты. Мәссаған... күнделікті қарапайым рейс болса бір жөн. Тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Президентінің Антын алуға бара жатқан білдей бір өлкенің өкілдерін әкелмек самолетті астанадан ұшырмай тастауды қай саққа да жүгіртіп, алып ұшпа әңгімелер желісіне айналдыруға болатын еді.


Бұл жерде біздерді бастап бара жатқан жетекшіміз — Маңғыстау облыстық Кеңесі Төрағасының орынбасары Дүйсенбі Әріпов сабырлылықпен «бұлай болуы тиіс емес, астанаға ұшудың бар мүмкіндігін қарастырамыз» , — деді. Хабарды күтуге тура келді. Қай тараптан болса да, Алматыға бағыт алатын өзге рейс жоқ болатын.


Жетекшіміз облыстағы аэрофлотты басқаратын адамды іздесе таптырмапты, сөйтіп Алматының аэропортына бір-ақ шығып мән-жайды түсіндіріпті. Сонымен ұзын сөздің қысқасы, Сочи-Атырау — Жамбыл — Алматы маршрутымен ұшатын самолетті Атырау емес, Ақтауға бұрғызыпты.


Қырсыққанда қымыран іриді дегендей, әлгі самолеттің салонында бәріміз түгел сиятын орын болмай шығыпты. Бізден төрт адам қалуы керек болды. Бұл жерде де әлгі жетекшіміз маймөңкелемей, бірден облыстың да өз алдына территориялық әкімшілік екенін, бұл адамдардың жай сапармен емес, республика өміріндегі саяси мәні бар жиынға кетіп бара жатқанын, сондықтан да ешкімнің де қалуына болмайтынын аэропорт қызметкері пысықай жас қызға түсіндіріп (ал әлгі жас қыз тым паң еді), егер мәселе шешілмейтіндей жағдайда экипаж командирін өзіне жолықтыруды өтінді. Осы жерде бізбен бірге Ақтау қалалық Кеңесінің төрағасы да ұшқалы тұр еді. Өкінішке орай, ол қалалық Кеңестің төрағасы ретінде шешімділік таныта алмады, оның есесіне аэропорттың өз заңы бар, оларға әкімшілік жүргізе алмаймын дегендей сыңай танытты.


Не керек, бәріміз де әлгі самолетке сыйып кеттік. Еркіндіктің алғашқы самалы бізге осылай тұңғыш рет аэропорттың пысықай кішкене қызын ұғындырудан бастап есті.


Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісі түс қайта, сағат 3-те Республика Сарайында өтеді екен. (Бұл бұрынғы В.И. Ленин атындағы мәдениет сарайы) «Қазақстан» қонақ үйінің дәл жанында. Бұрынғы «Қазақстан» мейрамханасын кәрістер арендаға алыпты.


Кәрістердің ұлттық тағамдары ғана даярланады екен. Біз арнайы талон бойынша осы мейрамханадан тамақтанатын болдық. Иіліп-бүгіліп тұрған даяшы жас қыздар мен жігіттер. Келушілерге қызмет етудің адам таңғаларлық үлгісі бар. Әрі тамағы да дәмді болып көрінді...


Салтанатты мәжілістің де мезгілі жақындады. Атақты сарайға адамдар легі ағылуда. Сарай алдында ұлы Абайдың алып ескерткіші тұр. Жанында топ-тобымен суретке түсушілер. Біз де суретке түстік.


Абай атаның ескерткіші жанына тоқтаған машина ішінен бір топ адам ақ сары бас қошқарды түсіріп жатты. «Президент Ант беріп жатқан кезде құдай жолына шалынатын құрбандық», — деді әлдекім.


Жоғарғы Кеңестің салтанатты сессиясы да ашылды. Уһ, бұл күнге де жеттік-ау. Кейін осы мәжілістен берген репортажында «Егемен Қазақстан» былай деп жазды: «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бұл мәжілісін көрген де арманда, көрмеген де арманда. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Ақ киізге отырғызып, хан көтеру халқымыздың санасында қалғанмен, көзден бұл-бұл ұшып еді. Міне, өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Қазақстанның жарқын күнін армандап өткен, сол үшін күрескен мың-мыңдаған айтулы азаматтардың, жүздеген қайраткерлердің көкейіндегісі орындалды».


Төрағалық етуші Президент Нұрсұлтан Назарбаевты өзінің құрметті орнына отыруға шақырды. Бүкіл зал тік тұрып, қол соғып қарсы алды.


Президент Республика Конституциясына және егемендік жөнінде Декларацияға қолын қойып тұрып, халық алдында салтанатты түрде Ант берді.


«Біздің көпұлтты республиканың халқына қалтқысыз қызмет етуге, праволары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал орындауға салтанатты түрде ант етемін».


Президент өз орнына барып, сахна ашылып, оркестр Республика гимнін орындады. (Өз гимніміздің дербес тұңғыш ойналуы болар, бұрын ең алдымен Одақ гимні ойналатын). Оркестр гимн ойнап болған соң, торғын сахна жаймен ысырылып, жабылып келе жатты. Сахна әуелі жоғарыда ілулі тұрған Республика туын қақты. Әрине, бұл ешкім күтпеген оқыс, келеңсіздеу оқиға. Ту отырған Президенттің үстіне қарай қисайып құлап келе жатты. Осы сәтте Нұр-Аға аса сергек, шапшаңдықпен туды құлатпай ұстап қалып, өз тұғырына түзетіп қойды. Сөйтіп, ту құламай қалды.


Осы көрініс жөнінде «Комсомольская правда» өзінің 11 желтоқсан күнгі 285-санында былай деп жазды: «А после обеда состоялось торжественное заседание Верховного Совета Казахстана, на котором Н. Назарбаев дал клятву Президента. Во время заседания нынешний, с серпом и молотом Флаг республики, чуть не свалился со своего постамента, Назарбаев едва успел его подхватить. Так что, если верить в приметы, в Казахстане скоро будет утвержден и новый флаг».


Ал «Егемен Қазақстан» газеті өзінің 11 желтоқсан күнгі 284-санында осы көріністі былай тұжырымдады: «Ел өміріне тосын оқиғалар болып жататын сияқты, бұл жиында да күтпеген оқиға болды. Республика гимні ойнағаннан кейін, сахна жабыла бергенде, шымылдық Қазақстан туын қағып, Ту қисая берді. Бірақ Қазақстан Туы құламады. Оны Президент Нұрсұлтан Назарбаев құлатпай ұстап қалды. Алғашқыда «ойпырмай» дегізген осы оқыс сәттен біз үлкен нышан байқадық. Нұрсұлтан Назарбаевтың ешқашанда, ешқандай сәтте де Қазақстан Туын қисайтпайтынына кәміл сендік».


Иә, салтанатты мәжіліске қатысушылардың бәрінің де көкейінде «Туды құлатпай ұстап қалды, Нұрсұлтан ешуақытта да қазақ Туын қисайтпайды, қазақ Елі өсіп-өркендеп, тарих сахнасында өзінің елеулі орнын алуы тиіс» — деген ой-пікір, берік сенім кетті.


Иә, Қазақстанның жұлдызды сағаты соқты. «Өз еркімен өзгеге бодан болған елден асқан сорлы жоқ», — деген екен Сенека. Дәл айтқан. Ал біз 70 жыл бойы Россияға өз еркімізбен қосылдық, бодан болдық, рахатқа жеттік деп бөркімізді аспанға атып мақтанып келдік емес пе? Неткен сорлылық. Енді осы сорлылықтан арылатын, өз бетімізбен күн кешетін мезгіл жетті. Мейлі, мемлекетіміздің қаз басқан кезеңі болсын, бір сүрініп, бір тұрармыз, бірақ уақыт төреші ер жеткізеді ғой, мейлі, бүл кезең атып келе жатқан таңымыздың рауаны болсын, шығып келе жатқан күн бәрібір таң атырып, сәскесін, шаңқай түсін алға тосады емес пе? Демек, біз — болашағы бар халықпыз. Өмірден ерте кеткен ғажап ақын досым, марқұм Кеңшілік Мырзабеков «Әр халықтың тарих сахнасына шығатын өз кезеңі болады, мың жылдық мерзім ішінде әлгі халық ең шарықтау биігіне шығып, қайтадан құлдырап, өзінен төмендегі халықтар қатарына түседі де, екінші бірі биікке көтеріледі. Қазақтың болашағы алда, өйткені біздің мемлекетімізге 500-ақ жыл, ал алда әлі 500 жылдық жол жатыр ғой», — дейтін. Сол күні дәуірлеу жолына бастар көшбасшы, көсемімізді біз тағына отырғызып қайтқанбыз.


Күнге бет алған керуен кетіп барады. Ол — Қазақстан атты талай азап пен тозақты бастан кешірген көнбіс халықтың, сол азап пен тозаққа мойымаған, рухын әркез биік ұстаған халықтың керуені. Ләйім, Еркіндік Самалы беттен ескен сапары сәтті болғай!





Пікір жазу