08.07.2021
  219


Автор: Айтуар Өтегенов

Астана әсері

Астана қаласына жолымның түскені биыл ғана. Қазақстан Республикасының Ұлттық медициналық ғылыми орталығына облыстық денсаулық сақтау басқармасының квотасымен баратын болғандағы қуаныш шексіз еді.


Кептен жүрек сырқатымен ауыратын маған деген бұл көмектің қайтарымы жоқ десе де болғандай. Орталықтың кардиология бөлімі дәрігерлері жылы қарсы алып, медицинаның соңғы жетістіктермен жабдықталған аппаратқа түсіріп құзырымызды анықтап берді...


Менің айтпағым, әрине бұл емес. Негізгі айтайын дегенім Тәуелсіз Еліміздің жаңа астанасының күн сайын сәулетіне сәулет, көркіне көрік қосып келе жатқанын өз көзіммен көріп, тамашалағаным еді. Мені аэропорттан қарсы алған өзі архитектор, құлсарылық ақын інім Таубай Сақтағанұлына айтқыссаңыз әлемде бұндай қаланы соңғы 20-30 жылда ешқандай мемлекет тұрғыза алмайды. Бұл тек Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана қолынан келген ғажайып керемет. Сәулет тарихында дәл Астанадай космостық жылдамдықпен қысқа мерзімде дүниеге келген қала жоқ екен.


«Такси ұсталық» дегенімде Таубай інім мені өзінің асып-төгіліп жататын ақкөңілімен тағы таң қалдырды: «Жоқ, аға, автобуспен барамыз. Қайда барсаңыз да Астанада тек автобусқа мініңіз. Экскурсия болады. Әйтпесе аласа, терезелері қараңғыланған жеңіл машиналардан қаланың сән-салтанатын тамашалай алмайсыз», — дегені. Дәл солай болды. Астанаға қоныс аударғанына онша көп болмаса да қаладағы біткені бар, бітпегені бар алып ғимараттарды қойша өргізді. Арасында өзінің «Нұр-Астана» атты өлеңінен бірер шумақ қосып қойып «бұл өлеңнің әні де бар, өзім шығарған», — деп қояды. Ақкөңіл ақын Атырау даласының азынап соғатын ақ еспе желіндей сөздерімен бойдағы сырқатты да жазып жібергендей. Біткен іске деген адал пейілімен ғана қуана қарайтын адамдардың бәрі де Таубай інімдей болса ғой, шіркін! Қалаға деген әсем әсер маған да өлең жолдарын туғызған. Ол мынау еді, қадірменді оқырман:


Жап-жас қала — Астана,
Үлгі-өнеге басқаға.
Қалауын тапса қар жанып,
Гүл өседі екен тасқа да.
Тағдырына сынаған,
Мойымайды шын Адам.
Қайсар мінез танытып,
Бас сәулетші Нұр-Ағаң.
Тамсандырып халықты,
(Жанып тұр-ау, жанып тұр).
«Мың бір түн» де айтылар,
Жауһар шаһар салыпты.
Кең тынысты алабы —
Даңқы асып даланың.
Әрлендірген лала гүл,
Нұр сәулетті қала бұл.
Келер шалқып көсілгім:
Жағасына Есілдің.
Астананы көшіру,
Көрегендік шешім бұл.


2009 жыл.





Пікір жазу