08.07.2021
  160


Автор: Күләш Ахметова

Ас

Жасқанып жағынбаған жанға тірі,
Бататын қаһарланса ханға тілі.
Жеріне жау тигенде жағаласып
Сыпатай — сынға түскен ел батыры.
Сол батыр — заманында жоталы шың,
Мезгілі белгілеген беталысын.
Арудың арулығы — батыр үшін,
Батырдың батырлығы — Отаны үшін.
Бұрқылдап сулы жерден бұлақ шығар,
Бұлақтан алар, бәлкім, қуат шынар.
Батырға ғасыр асып берілген ас —
Қойылған тірілерге сұрақ шығар!
Ер өтсе қалмайды еш ұмытылып,
Еленер бір заманда күні туып.
Батырлар қорғап өткен бұл даланың
Қалды ма сұлу көлі, суы тұнық?!
Жұбаныш болам ба деп жылағанға,
Бауырына басып жерді құлағанда.
Батырлар шейіт болған елін сүйген,
Сол елдің діні аман ба, тілі аман ба?
Тілеуші ем бұл даланы мұң баспауын,
Жараспас жақсылармен сырласпауым.
Апалар, айтыңдаршы, келе ме өсіп,
Ұғымтал, парасатты бір жас қауым?
Ақынға келсеңдерші жақын бері,
Қояйын сұрағымды сәтіндегі.
Сендер — бай, халық — кедей, себебі не,
Әр жердің, айтыңдаршы, әкімдері?!
Бұл тойда Асекең жоқ, "шалғайда" екен,
Ақбоздың шашасын шаң шалмай ма екен?!
Бір батыр дүйім елді қорғаса да,
Дүйім ел бір Ерді ақтай алмай ма екен?!
Аруақ ырза ма екен бүгінгі асқа?
Рухы аспанға ұшып ұғынбас па?
Бұл күнде бұрынғыдан ұғым басқа,
Барады біздің дәуір бұрылмасқа.
Біз ырза бүгінгі той, бүгінгі асқа,
Жақсы ауыл, ылғи жақсы ырым баста.
Үлкендер, бізге бата беріңіздер
Байрағы батырлықтың жығылмасқа!





Пікір жазу