Нан мен күн
Ақ күлшеге қол созады балбөбек,
Алтыннан да, гауһардан да ол бөлек,
Ақ аспандай дастарқанды ашады
Күн сияқты қып-қызыл нан дөңгелек!
Секем алып, кей хабардан, кей күннен,
Анамын ғой, махаббатпен, мейіріммен
Тәтті нанға қолын созған сол сәби
Шаттық әнін жоғалтпаса деймін мен.
Күн күлшелер жарық қылып не түнді,
Күн нұрымен жетім көңіл жетілді...
Нан көтеріп үйге кірген әйелдер,
Күн көтеріп келе жатқан секілді!
* * *
Өкініш — у,
Өткен күннің сол уы
Солғындатты шаттығымды, күлкімді.
Мүмкін еді бұдан жақсы болуы...
Бұдан жаман болуы да мүмкін-ді.
Өз уым — бал,
Басқанікі жат енді.
Өзімдікі —
Бастан кешкен бар өмір.
Жөндер едім, әттең, кейбір қатемді,
Барлығы да қайталанса және бір.
Қазіргі сәт қайталанбас,
Шынымен,
Қайталанар қайырмасы әндердің.
Бүгілмеудің қамын жедім күнімен,
Түңілмеудің мектебін де меңгердім.
* * *
Жайын ой жалмап, жұтардай,
бастаған істі біте алмай,
Үйдегі шамың жанса да,
іштегі шырақ тұтанбай;
Өзіңе сезім бағынбай,
жеткізбей бәрі сағымдай,
Үзілген жібің жалғанбай,
іздеген нәрсең табылмай;
Таба алмай мұның демде ебін,
тағдырын шолып пенденің,
Кеудеңе сыймай кеткендей
әлде махаббат, әлде мұң;
Ешкіммен ойың жұптаспай,
құлазып, жақты тіпті ашпай,
Ашыған удай жаныңды
жақындарың да ұқпастай;
Беймезгіл күңгірт кеште бір,
өкініш түсіп еске кіл,
Бораннан ыққан қасқырдай
ұлиды-ау иі бос көңіл...
* * *
Жанымның нәркес мұңдарын
Жасырып көмгенімді,
Көлденең келген бітімге
Біртіндеп көнгенімді
Сіздер білмесе деп ем.
Бекзада туғанымда да,
Бейкүнә құндағымда да,
Армансыз шалқымап ем...
Сонда да өмір дейтұғын
Жалғызға, жалқыға мен
Жарқырап қарасам деп ем.
Қайтеді тарпаң дүние
Шаттықтың шанағын теуіп,
Қайсардың намысын иіп?
Иілмей басың тұрғанда,
Өмірдің мәнісі — биік!
Сіздер түсінерсіздер...
* * *
Қаншама сан сұқтанып келбетіңе
Қалың қолмен ала алмай жау жылаған.
Алтын елім, айдыны тербетіле,
Тауы асқақтап, орманы маужыраған!
Ерлерге даңқ — ұрпаққа жер қалдырған!
Ақ бесігін құшақтап құлай білген.
Солар үшін — тәңірден, таңнан, нұрдан
Бұл даланың бақытын сұраймын мен!
Сескенбеймін біреудің жаласынан,
Қарасынан қадалып жанар тіктеп.
Басын тігіп қорғаған бабасынан
Баласының кім айтты жаны артық деп?!
* * *
Ұмытуға бола ма сол дауысты —
Өз елінен таппаған қорғанысты?
Желтоқсанның дауылы шайқағанда
Құлатпады арулар ар-намысты.
Ұмытуға бола ма тірі тұрып —
Шыңғыртқанын аруды жігіт ұрып?!
Қарындастың шырылдап жылағаны
Қандастарға батпай ма түбі түрік?!
Бар жұмбағын әлі ашпай тұр-ау сол маң?
Жүрегімнен — қорлықтан қырау шалған —
"Кімдер екен сол қайсар қыздар?" — деген
Кетер емес бір дауыс сұрау салған...
* * *
Заман қайда, заң қайда бір қалыпты
Тұлға болғым келмейді жырға мықты.
Жырын беріп, басқадан жұрдай қылып
Алдап келген сияқты бір халықты.
Халық кейде — көзі жоқ бір көбелек,
Отқа түспей, өртенбей жүр ме бөлек.
Өлең жазғым келмейді өзім үшін,
Тіл білмейтін ұрпаққа жыр не керек?
Жұртым, неге қабағың тұнжырады?
Туған жерде — әлемнің нұр жұмағы.
Шын жыр, әні жүректің сыңғырамай,
Сылдырайды аяқтың шынжыры әлі!
* * *
Жадыңда ма?
Жауың кім? Бүлік — қас кім?
Кіммен діндес, кіммен дос, ғұрыптассың.
Жүрегіңе далаңның даусы жетсе,
Мәңгі бақи ойларсың, ұмытпассың.
Бұтағына жармасып өлі үміттің,
Кімге сендің?
Кімдерден нені күттің?
Бір тарының сыйғызып қауызына,
Айырғанын еркіңнен неге ұмыттың?
* * *
Қайран елім!
Қонақжай, қайырымды.
Құндағынан жүрегі бай, ұғымды.
Толқындары қатерлі дарияға
Қалтылдатып салдың-ау қайығыңды.
Қандай болдың алам деп ұлық тілін?
Шұрқырайды жоғалған ғұрып — құлын.
Тізе бүгіп отырып қалдың қанша?
Арманыңның уыстап суық күлін?
Дәуірлеген кездері болған, өткен.
Батырлары бас тігіп, қорғап өткен,
Қайран елім, бытырап, тоз-тоз болып,
Он миллион қазаққа зорға жеткен!
* * *
Кейде таудан биік көңілің басылар,
Кейде көзден жас бұлағы жосылар.
Кейде жаның кей жаманға ашынар,
Бірақ соны ұмытуға да болады,
Ұмытпайтын, ойлаңдаршы, несі бар?
Кейде мықты ақымаққа бас ұрар,
Кейде біреу арыз, дауға асығар.
Кейде бір дос дұшпаныңа қосылар,
Ұмытуға болады ғой, болады
Жүрегіңді ауыртқанмен осылар.
Қаяу болса,
бар қуаныш құрып па?
Ұзақ шыдап тұра алмайды суық та.
Суысқанмен достасарсың жуықта.
Ұмытуға болатынды ұмыт та,
Ұмытуға болмайтынды ұмытпа!
* * *
Бәрін көріп тұрса да заты халық,
Сатылады-ау дегенді сатып алып,
Қалағанын біреулер алу үшін,
Қасиеттіден аттайды дәті барып.
Жалғандықты ашады жалған әлі,
Жүрегіме түседі таңбалары.
Қорқытады мені осы —
адам үшін
Қорқынышты ештеме қалмағаны.
* * *
Аққа күйе жаға сап, жақпағанда,
Аямайтын көңіліңді таптағанда.
Қайран адам, басына күн туғанда,
Қандай шебер өзі-өзін ақтағанда!
Кейде біз де алдаймыз, алданамыз,
Қиялы екен адамның — арман, аңыз.
Кейде біз де шындықты бүгіп тұрып,
Біреу жалған сөйлесе — таң қаламыз
Шындық деген иемене, анықталық,
Жетпей, қуып келеміз өліп-талып.
Алдайды адам алдымен өзін-өзі,
Соған да өзі жүреді сеніп қалып.