08.07.2021
159
Таң шапағына құштармын
Мен даланың қызымын Ел деп туған,
Шөлдеп туғам көктемге гүлдеп тұрған.
Жыр боп құйған жаңбырмен жаным бірге,
Табиғатпен тамырлас келбет — тұлғам.
Мен даланың қызымын алды жарық,
Жазда шыққан бүршікпін талды жарып.
Жапырағыма жарығын төгіп тұрар,
Аспанымда бір жұлдыз мәңгі жанып.
Біздің патша көңілді бағалар кім?
Арғыны, бергіні ойлап шамалармын.
Бабалардың бойымда көгі оянып,
Басады даналығы Аналардың.
Өмірімді өлеңнің ойы қашап,
Сыртта — құрмет, үйімде — дайын ошақ.
...Үйлесім болу керек дүниеде,
Бақыт та болу керек бойыңа шақ,
Астарланып мұң қалса іште әркімнен,
Күн нұрымен, күлкіммен тыстармын мен.
Таулардың тасасына кідірмейтін
Таң шапағына жанымдай құштармын мен.