Апорт
Тыныштықтың құлаққа кеп тұр үні,
Кешіреді бағбан сендей ұрыны.
Күзгі бақта алма көрсең, үзіп ал,
Таңдайыңда қалар тәтті шырыны.
Ай осылай дөңгеленер толғанда,
Күн қызарар батар кезі болғанда.
Иісі қандай күзгі қызыл апорттың,
Шырын нәрін көп сақтайды соңғы алма?
Күн жып-жылы.
Бәйтеректер тік те ұзын.
Өткен уақыт түсірмепті тіпті зіл.
Сап-сары бақ.
Көгілдір тау, Көк аспан.
Соңғы алма мен еңкейген Күн қып-қызыл!
* * *
Көктем көктем болған соң тез өтеді,
Өткеннен соң оны адам сөз етеді.
Әр көктемде дән сеуіп, ағаш егіп,
Адал еңбек еткенге не жетеді?!
Жаз келеді, жаз да рас, тез өтеді,
Өткеннен соң адамдар сөз етеді.
Жарқын жаздың хош иісті бақтары бар,
Аралауға бақтарды не жетеді?!
Күз дейсің бе ол-дағы тез өтеді,
Өткеннен соң адамдар сөз етеді.
Күз болған соң мәуесі, жемісі бар,
Жеміс жинап алғанға не жетеді?!
Қыстың күні қысса да тез өтеді,
Өткеннен соң адамдар сөз етеді.
Аппақ қардың үстінде аман-есен
Жерді басып жүргенге не жетеді?!