Бұқар жырауша
Өзге тілдер бас болып,
Сайран салған санаға.
Жанарына жас толып
Тілім қап тұр жағада.
Өгейсітіп өз тілін
Өлімші еткен заман-ай.
Иман қалып жайына,
Дінсіздік тұр жайыла.
Иеговаға иланып
Ұл-қызың жүр жайына
Бұл қазақтың жайы ма?
Діннен тайған заман-ай.
Өзге елде сұлтан боп,
Безе қашқан жерінен.
Ұлтсызданған ұлтан көп
Ер жеткізген еліне
Түкіретін төрінен
Ай, заман-ай,заман-ай.
Тек өз қамы толғамы,
Елдің болмай қорғаны
Ұлың елді қорлады.
Қырық үйден тыйым жоқ
Қызға көңіл толмады.
Шашсыз, қассыз бүгіннің
Жібегі мен Қорланы.
Ақшасы көп қалталы,
Сөз жүргізген заман бұл.
Маңдай термен тапқанды
Тойымсыздар қанап жүр.
Әр қадамың ақылы
Болған бүгін заман пұл.
Арамданып адамдар,
Соқыр жұртты қанау бар.
Арандалып адамдар
Әділетсіз қамау бар.
Көтерілген үмітпен
Желбіремей жалаулар,
Ай,заман-ай,заман-ай.