07.07.2021
  146


Автор: Күләш Ахметова

Тәуелді дүние

Көктемді сонша күткенде —
Құйылып көктен құт демде,
Аз ғана күнде, аз күнде
Өріктер гүлдеп біткен бе?!
Жақындай түсіп тау енді,
Төгеді жасыл әуенді.
Бір құдіретке әуелгі
Тәкаппарлар да тәуелді.
Аққан сулардың ғұмыры,
Асқақ шыңдардың ғұмыры,
Жаққан оттардың ғұмыры,
Шапқан аттардың ғұмыры...
Тәуелді. Ұшса — бұлтың да
Айбары ғана сыртында.
Қаңғыған бұлттың бағыты
ЬІшқынған желдің ырқында.
Өріксіз бақтар көріксіз,
Қанбасаңыз да көріп сіз,
Ұзағырақ гүлдеуге
Бақтағылар да еріксіз.
Дүниенің гүлдер дер кезі,
Өрікке ұқсайды жар көзі...
Адамда, тауда, гүлде — жоқ,
Алдамшы мынау дүниеде
Бостандық деген бар ма өзі?
* * *
Мезгілі заттың жеткенде
Далиған әлем қалай тар?
Кінәлі күн бе,
Көктем бе,
Таусылды бүгін талай қар.
Қартайған шығар қатты қыс.
Әлсіздік сөзін кім тыңдар?
Тіршілік деген —
Қақтығыс,
Өкшеңді соғар дымқыл қар.
Өмірге ғашық тіршілік —
Ұмтылды Күнге қарай тал.
Ұзамай қызыл гүл шығып,
Аз ғана күндер ән айтар.
Боранның басып зор үнін,
Қатты қыс қалай тез өткен?!
...Өзгертіп заттар орынын,
Келеді бәрі кезекпен.
* * *
Тәкаппар қарап,
Таныс бақ
Кеудесін көкке керіпті.
Бұтағы тұрған қар ұстап,
Қайыңдар қандай көрікті.
Ақ қарда тысқа шықсаң-ай,
Тізілген ағаш тік сапқа
Біріне-бірі ұқсамай,
Біріне-бірі ұқсап та...
Туған жер,
Сенде жүз үміт...
Құлпырар төсің таяу күн.
Қар жауғанда да қызығың,
қараймын саған, аяулым!
Сен үшін бөлдім ұйқымды,
Жақынсың қалай мұншама.
Бұлтың да маған сүйкімді
Бұлыңғыр тартып тұрса да!





Пікір жазу