Кенен
Дақпыртына даңқтың бөленбеген,
Өзі тарих, өмірі — өлең Кенен.
Мезгіл өзен,
Барарсың болашаққа
Әніңді алып өзіңнің кемеңменен.
Жүрегіңнен туғызып сөз бен әнді,
Бозторғайдай жырладың боз далаңды,
Сұлу сөзің жараның бетін сылап,
Нәзік әнің сезімді қозғаған-ды.
Домбыраның құлағын жиі бұрап...
Көп өзгерді көңілдің күйі бірақ.
Қашан дағы тағдырдың асулары
Асуынан Қордайдың қиынырақ.
Қоңырауы Қордайдың күмбірлеген,
Тыңдаттың ба майысқан мың гүлге өлең
Тіл қатқандай жұлдызға жұлдыз көкте
Мұңдастың ба бір кезде бұлбұлменен?!
Бітірмей-ақ өнердің ордаларын,
Биіктеді өлеңің — қолда барың,
Үлкен ұстаз — табиғат,
Үйрендің бе
Көлден, таудан, аққудан сонда бәрін?!
Көкейінде көненің бір ән сыздар,
"Көк шолаққа" мінгесті ұнамсыздар.
Әнші шайыр дер еді түркілерің,
Шансонье дер еді француздар.
Әнге толып өмірде көкірегің,
Өтіп едің, көтерді ақыры елің.
Шаттықты да, мұңды да көркемдеген
Бір өзің бір аймақтың театры едің!
Домбыраның келтіріп не бұрауын,
Иітіп ең ананың омырауын.
Қағылып тұр Қордайдың асуынан
Қалып кеткен далаңда қоңырауың.