Жеңеше
Бар ғой орны тағдырға да өкпенің,
Еркелетер туған ағам жоқ менің.
Көз алдымда жүрмегесін айтамын,
О, жеңеше, айып көріп сөкпегін.
Болуы үшін саған әр кез жат қайғы,
Ағай жоқ деп айтуға да батпаймын.
Біз дегенде ет жүрегің елжіреп,
Жат жандарға жанарыңда жатты айбын.
Жүрген жоқсың орын таппай, от таппай,
Жүрсің бізге бір адамды жоқтатпай.
Бір бөтенге кеш бұйырып кетсең сен —
Егілермін көздің жасын тоқтатпай.
Бақытыңды тіледік біз, тіледі ел,
Қуанышың әр жүрекке гүл егер.
Үмітіңмен жанымызды жұбат та,
Түңілгенше ортамызда жүре гөр.
Бізге дағы оңай екен деме сен.
Алыстама, ақ батаны елесең.
Күтіп өткен жастық шағың үшін де
Аға атынан қарыздармыз, жеңешем.
Бар ғой орны тағдырға да өкпенің,
Сол соғыстан бері ағам жоқ менің.
Сол ағаның көзіндейсің,
Басқаға
Қия алмаймын, о жеңешем, сөкпегін.
* * *
Күндер өтіп барады құйындатып,
Әр нәрсені ойлайсың миың қатып.
Бақыттысың деп мені күндемеңдер,
Түсінгенге бұл бақыт — қиын бақыт.
Жанашыр керек екен жас балаға,
Жоқ еді менде атағы асқан аға,
Нағашым да жоқ еді ақыл айтар,
Құм ішінен келгенмін астанаға.
Күйінемін кейбіреу сөз қылғасын,
Өмірімді тәңірім тоздырмасын.
Күресіп, арпалысып төктім мен де,
Бір адам төгетұғын көздің жасын!
Тоқимын күні-түні жыр-кілемді,
Жырымның өзегі — ащы, сырты — реңді.
Күлуім керек шығар дегенмен де
Бір адам күлетұғын күлкіні енді.
* * *
Біздің жақты білгің келсе сен егер,
Әрбір үйге есік қақпай кіре бер.
Үлкендерге ізет — бізде бір өнер,
Отырғанда үлкен келсе — түрегел.
Түрегел де алдыменен қол ұсын,
Ол отырсын, отырасың сонысын.
Айтқаныңды істете бер кішіге,
Ал үлкеннің сөзін тыңдау — борышың.
Еңбек етіп, көретін ел өз күнін,
Тілеуі адал, тірлігі де тез, мығым.
Көрген, білген әңгімеңді айта отыр,
Қазақ қатты түсінеді сөз құнын.
Асқа қара, ұлы емессің дәмнен сен,
Қайқы табақ ет келеді сәлден соң.
Қарпыта же, өкпелейді үй іші
Ішпеймін деп, жемеймін деп бәлденсең.
Бұйымтайды айтпассың не айтарсың,
Үй иесі жүзіңнен-ақ байқар сыр.
Мәрт көңіліне, мәдениетіне қалайда
Ішіңнен сен риза болып қайтарсың.