07.07.2021
  201


Автор: Күләш Ахметова

Көше

Көше — толқын, айналған қатты ағысқа,
Табылғандай таныс та, жат дауыс та.
Біреу түсіп келеді "Волгасынан"
Біреу мініп жатқанда автобусқа.
Көше — толқын, жатқандай Арыс тасып.
Біреу мығым, біреулер шалыс басып,
Жаңа ғана екі адам айрылысқан
Жолмен екеу келеді қол ұстасып.
Алғандай-ақ көшеден шабыт анық,
Құс сайрайды бұтақта жағы талып.
Бесік алып біреулер өткен жолмен
Бара жатыр біреулер табыт алып.
Бәлкім, бір жан тыныштық тапты бүгін,
Тыңдашы анау сәбидің шаттық үнін.
Бір көшенің бойында-ақ байқарсың сен
Қаттылығын өмірдің, тәттілігін.

Кеше емес пе еді айдынның шулап жатқаны,
Қаңқылдап қаздар қанатын еркін қаққаны.
Қалғаны қалай құлақта сусыл, бақта мұң?
Қалғаны қалай құлазып қамыс қап-қалың?
Мамырдың таңы мап-майда түгі май татып,
Келеді қашан қаз даусыменен қайта атып?
Бар кездеріңде бағаламадық па, кеттіңдер,
Кеттіңдер бірақ қадірлеріңді байқатып.
Толқыған кезде балқыған нұрға батқан дән,
Тізілуші еңдер ақ айдын алқа таққандай.
Кеттіңдер неге?
Онсыз да мына даланың
Табиғи көркі таусылып бара жатқанда.
Сендерсіз, әне, сары белдерден асты Күн,
Сендерсіз елім жинап та болды астығын.
Сендерсіз бірақ айдынның бауыры — тас бүгін,
Сендермен кеткен мазасыз шағы — жастығы.
Кеттіңдер ерте, алдарыңнан да күтті ме ел,
Жәрмеңкесі өтіп, жәутеңдеп қалды құтты көл.
Қайырлы жазда қаңқылдап, қаздар, қайтыңдар
Қайтыңдар аман, қайтыңдар бәрің түп-түгел!





Пікір жазу