Таң
Төгіл, шуақ!
Даланың көркін құрап,
Желмен ойнап желбіре, желпін, құрақ!
Жұмыр Жердің жүрегін дүрсілдетіп
Жүгіріңдер, еркін жел, еркін бұлақ!
Суы — сылқым даланың, бұлты — сылаң,
Бәрі ғажап өлкеде бұлқысын ән!
Құстар әнін тыңдатып үй тұсынан,
Алма бақтар оянсын ұйқысынан!
Таңның нұры!
Ай жүзін жасырасың.
Төгіл!
Жарық үміттер жасымасын.
Ақ сәуледен тәж киіп басына шың,
Алтын шапақ далаға шашырасын!
Қуансын деп жарыққа қарап бәрі,
Асығады ТАҢ нұрын таратқалы.
Қандай бақыт — далада бидай толқып,
Тыныштықпен Еліңнің таңы атқаны!
Адамдарды таңдантып, мәңгі ойлантып,
Ұшқан құстай зулайды, самғайды уақыт.
Мына шексіз ғаламда
ӨЗ ДАЛАҢ мен
ӨЗ ОТАНЫҢ болғаны қандай бақыт!
ТАҢ келеді.
Бойында қанша нұр бар!
Өз Еліңдей ел болмас жер шарында.
Отандастар!
ОТАННЫҢ жаңа ТАҢЫН
Ерте оянып, қуанып қарсы алыңдар!
ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ!
Қандай таң!
Тамылжыған, жарқыраған,
Гүлдердің жұпар иісі бұрқыраған,
Ақ маржан атқақтайды әр тұмадан,
Сайрайды тату құстар көк тоғайда,
Тоғайдың бер жағында жарқын алаң.
Алаңды жарып өтіп еркелікпен,
Тау суы көбік шашып сарқыраған!
Тар арна Күн нұрымен шағылысып,
Жатқандай ағып өтіп алтын одан.
Тойлаған ұлы таңды құстар құрлы
Білмейді-ау тіршіліктің парқын адам!
Алатау таңғажайып тәж кигенде
Жүрек пе шалқымаған, толқымаған?!
Мөлдіреп жаңа туған кәусар дүние
Табиғи салтанатпен сән құраған.
Қарсы алып атқан Таңды, шыққан Күнді
Бақыт қой көру деген әр күні аман!
Осы бір жер жаннатын қимас едім
Берсе де орнына оның жарты ғалам!
Қандай таң! Тамылжыған, жарқыраған!