07.07.2021
  123


Автор: Тұрсынай Оразбаева

ГЕТЕ ЕМЕНІНІҢ ЖЫРЫ

Бухенвальд концлагерінде фашизм жауыздығынан қалған белгінің бірі – кесілген алып еменнің түбірі бар. Кезінде «Гете емені» деп аталған бұл ағашты фашистер кесіп, тұтқындардың басын шауып тұратын дөңбек жасаған.

Жауыздықтың қан тамыры басталғандай бір менен,
Қарайсыңдар сұсты көзбен, жиренішті түрменен.
Ей, Адамдар,
Қараңдар да ұғыңдаршы жайымды,
Қанға бөккен шірік түбір – бір кездегі сырлы емен...

Қанға бөккен шірік түбір...
Беу, қандай ем бір кезде!
Көргендердің қатары кем, қазір мүлдем жұрт өзге.
Жапырағын төгілдірген емен ем ғой көрікті
Сұлу әлем саздарынан тебірене сыр сезген.

Тыныш дүние рақатына толықсыған емен ем,
Ақша бұлттар, алуан құстар қалықтайтын төбемнен.
Саяма кеп кеуде кере жыр оқитын Гете ақын,
Мені мақтап бейбіт өмір белгісіне теңеген.

Сүйсінетін жиі келіп, тамашалап қарайтын,
Құптағандай ақ шуағын төгуші еді арай Күн.
Жаны жарқын жайсаң жандар жырын тыңдап ақынның
Ұзақты күн төңірегімде сейіл құрып, тарайтын.

Бар маңайды шапағатты сал сезімге ұйытқан,
Түнгі ауада қайталанып тұрушы еді сүйікті ән.
Мамыражай тіршілікке ажар берсем дегендей,
Рауандап атушы еді сүт сәулесін құйып таң.

...Амал қанша кең деп келген әлем кейде тар екен,
Тағдырымды тәлкек етер тас бауырлар бар екен.
Қамқоршымыз деп жүретін адамдардың ішінде
Зұлым жандар зомбылығын енді мәңгі зар етем.

Келді бір күн ала құйын, қара түнек сұрапыл,
Талқан етіп талайлардың тіршілігін, мұратын.
Мені-дағы түбірімнен кесіп дөңбек жасады,
Сұм жендеттер адамдардың басын шауып тұратын.

Өмір – өлім тұрды алдымда арпалысып, айтысып,
Мен екенмін дүниенің мыңқ ете алмас байғұсы.
Шер – наламды адамдарша сездіре алмай шарасыз,
Түбірімнен мүлде аударып кетсе дедім жай түсіп.

Төңірегімде адамды адам қырып жатты тынбастан,
Шаттық жырын алмастырды реквием, мұң дастан.
Бақтар гүлін, ақ таң нұрын оқ түтіні бүркелеп,
Гүлзар әлем жатты бықсып қан иісі мен күл басқан...

Күндер өтті.
Талқан етіп тас бұғауын азаптың,
Бұлттан шыққан күндей күліп келеді қайта Азаттық.
Ақ тілеулі абзал жандар қолға ап өмір тұтқасын,
Күні батып қараң болды қара ниет кәззаптың

Емші – уақыт тіршілікке жаңа тыныс, от берді.
Қалды бірақ сол күндерден жан түршігер көп белгі.
Соның бірі мына менмін, қаны тұнған талайдың
Маған қарап ойлаңдар да еске алыңдар өткенді.

Ей, Адамдар,
Не ғаламат тауқыметті көп көрдің,
Шүкіршілік, қазір бәрі жақсылықпен шектелді.
Бал бақыттан, рақаттан бас айналып, көз тұнса,
Маған қарап ойлаңдар да,
Ұмытпаңдар өткенді!





Пікір жазу